Бірлігі жарасқан берекелі елміз

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні Алматыдағы Астана алаңында болып, қалың жұртшылыққа жүрекжарды тілегін жеткізіп, құттықтау сөз сөйледі.

– Қазақстан халқының Бірлігі күні баршаларыңызды, осындай көктемнің жайма-шуақ әдемі күнінде шын жүректен құттықтап, бар жақсылықты тілеймін! Бабаларымыздан қалған «Бақыт қонып, қыдыр дарыған!» деген аталы сөз, қасиетті бата бар біздің халқымызда. Бұл – бірлігі жарасқан, бейбіт күн кешкен берекелі елге берген бағасы. Сол бірліктің арқасында ата-бабаларымыз ішкі-сыртқы жау­лардан ұлан-ғайыр жерді сақтап, кескілескен ұрыстарда жанын аямай, қасық қаны қалғанша өз Отанын қорғап қалды. Бірліктің арқасында «Мемлекет боламыз!» деп ауызбіршілікпен қазақ хандығын құрды. Сол бірліктің арқасында біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Мінекей, ең алғаш Алматыдан басталып, күллі әлемге жарияланған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын салтанатты түрде атап өтейік деп отырмыз! – деп құттықтауын бастаған Мемлекет басшысы татулықтың арқасында талай белестерді бағындырған Қазақ елінің өткен тарихынан да сыр шертті.
– Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» деп бас­талады. Бірліктің негізі осы сөздерде түйінделген. Біз 25 жыл бойы тең әрі тең құқылы адамдардың мемлекетін құрып жатырмыз. Бұған, әсіресе, дағдарыс жағдайында қол жеткізу оңай болған жоқ.
Дегенмен, ширек ғасыр ішінде ел экономикасын 20 есеге арттырдық, ешбір ел жетпеген биікке қысқа мерзімнің ішінде қол жеткіздік. Қазір қазақтың даласында да, қаласында да – жаңа ел, жаңа ұрпақ, жаңа буын. Адам танымастай болып өстік, кісі қызығардай болып өндік, осы күніміз үшін Аллаға тәубе! Осы жылдардың ішінде Қазақ дүниеге әйгілі ұлт болды. Еліміз әлем картасынан өзінің орнын ойып тұрып алды. Жаңа ұрпақ тәрбиеледік. Өшкенімізді жақтық, жоғалтқанымызды таптық. Жаңа астанамызды салдық. Қазақстанның әрбір түкпірі адам танымастай өзгерді. Алматы қаласының осыдан 15 жыл бұрынғы кейпін қазіргі жаңа келбетімен салыстыра алмайсың. Алматы бүгінгі таңда – Риммен бірдей дәрежеге жетіп, халық саны да, елдің әл-ауқаты да жаңа деңгейге көтерілді. Біз осы уақыт ішінде жастарымызды әлемнің әр түкпіріне жіберіп, оқыттық. Мыңдаған мектептер мен ауруханалар салдық. Соның арқасында халқымыздың өмір сүру жасы 64-тен 72 жасқа дейін ұзарды. Бұл дегеніміз – ең басты мүдде, ең негізгі меже. Себебі, әрбір іс, әрбір жақсылық халық үшін жасалады. Тәуелсіздік алған уақыт ішінде еліміз үш бірдей дағдарыстан өтті. Тарих үшін 25 жыл деген қас-қағым сәт. Алайда, біз көп жетістікке қол жеткіздік. Дүниеге мәлім болдық. Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының қабырғасында желбірейді. Үнімізді күллі әлем естіді. Қазақстанда дүниежүзінің азаматтары жиналып, өздерінің мәжілістерін өткізетін болды. Әлем бізге сеніммен қарап, араағайындық келіссөздер жүргізуді бізге сеніп тапсыратын болды. Осының бәрі тыныштық пен тұрақтылықтың жылы ұясына айналған елде орындалатын ізгі мақсаттар, – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекет басшысы қоғамдағы ынтымақ пен татулық, береке-бірлік жеңіс­­терге жеткізетінін де тілге тиек етті.
– Тыныштығы бұзылған елдерде не болып жатқанын өздеріңіз көріп, біліп отырсыздар. Быт-шыты шығып, кісі қаны төгіліп, аузындағысынан айырылып, ілгері басудың орнына кері қарай кетіп жатыр. Әр таңда әлемге тарайтын ақпаратқа көз тіксеңіз, Иракта, Сирия­да, әлемнің басқа да мемлекеттерінде ондаған, жүздеген адам оққа ұшып, опат болып жатыр.
Мұның бәрі – бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың болмауынан туындап отырған келеңсіз көріністер. Біз осы бірлігіміз бен берекемізден айырылып қалмауымыз керек! Әсіресе, дәл қазір дана Абай атамыздың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!» деген ұлағатты сөзін естен шығармауымыз керек болып тұр. Біздің қазіргі алға қойған мақсатымыз – «Шикізат экономикасынан өңдеу экономикасына өту». Халықтың жағдайы қиындап кетпеуі үшін дағдарысқа қарсы шараларды күн ілгері ойластырдық. Осының бәрі индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыруға жаңа екпін түсіруге алып келді. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша 7 мың шақырым жол салынатын болады. Бұл, бізден кейінгі келешек ұрпақтарымыз үшін жасалып жатқан игіліктер. Қазір томаға-тұйық тым-тырыс отыратын кез емес. Жан-жағымызға жіті қарап, әр қадамымызды есеппен басатын заманға тап келдік. Дүние солай толқып тұр. Алмағайып бұл кезеңнен де көбеміз сөгілмей өтуіміз үшін бізге жұдырықтай жұмылған ауызбіршілік, ыстық ықылас ауадай қажет!
Елімізде тыныштық салтанат құрып отыр. Біздің біртұтас ұлтымыз барлық мейрамды бірге мерекелейді. Мен халқымды дәл осы қалыпта көргім келеді және сол үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсап келемін де. Біз көздеген мақсаттарымызға – азамат­тар­дың бұдан да жақсы өмір сүруіне міндетті түрде қол жеткіземіз. Ол үшін жастарымыз біздің тәуелсіз жолымызды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы, елдегі бірлікті, достық пен тыныштықты сақ­тауы қажет. Бұл – әр адамның міндеті. Қазақстанымыздың 25 жылдық Тәуел­сіздігі жасасын! Еліміз аман болсын! Елдігіміз баянды болсын! Мәңгілік Қазақстан – Мәңгілік Ел болсын! – деді Елбасы.
Бұл күні қала жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлаған әр ұлт­тың этномәдени бірлестіктері болды. Олар қазақ әндерінен шашу шашып, өз тілдерінде Қазақ елі туралы шы­ғармалардан үзінділер оқып, елдің татулығы жөнінде қойылымдар сахналап, ұлттық биді мың бұрала билеп барша жұртты баурап алды. Сонымен қатар қала ипподромында ат жарыс, қыз қуу, теңге ілу және тағы басқа ұлттық ойындар ойналып, қазақтың тұрмыс-салтына арналған көрме ұйымдастырылды. Елдің бірлігі, ұлттың ұйытқысы осындайда көрінсе керек.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    аи

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.