Қасиетті қазақ жері

Жақында республикалық басылымдардың бірінен «Қазақстандық азат етуші жауынгер» деген мақаланы көзіміз шалды. Берлиндегі Трептов саябағында орын тепкен, жеңімпаз кеңес жауынгеріне арналған, ұзындығы он екі метрлік қоладан құйылған ескерткішті кім білмейді. Онда оң қолына семсер ұстап, сол қолымен кішкентай қыз баланы көтеріп тұрған жауынгер тұлғасы бейнеленген. Солдаттың аяғының астында күлпаршасы шыққан фашистердің белгісі.

Мына қызықты қараңыз. Төрткүл әлемге танымал бұл жауынгер бейнесі біздің жерлесіміз, ақмолалық Иван Степанович Одарченконың кескін-келбетіне қарап салынған екен.
Иван соғысқа 1943 жылы 17 жасында Атбасар аудандық әскери комиссариатынан алынады. 9-шы гвардиялық армия құрамында Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлеріндегі ұрысқа қатысып, Берлинге дейін барады.
Енді жоғарыда тілге тиек еткен ең­селі ескерткіш жайына оралайық. «Жаз­дың бір күнінде Денешынықтыру күнін кеңінен атап өттік. Мен жақсы жүгірдім. Жанымдағыларды басып оздым десем де болады. Жолдас­тарыммен осы қуанышты бөлісіп жатқанымда қасыма Вучетич келді. Мен оның Вучетич екенін кейін білдім. Содан сүйрелеп мінбеге алып барды. Сол жерде бәрін түсіндірді. «Менен де басқа жауынгерлер бар ғой. Таңдаудың маған түскені қалай?» деп едім, «Сенің жүзіңде қарапайымдылықтың да, ойлылықтың да, қайсарлықтың да белгісі бар» деді. Сөйтіп, жарты жылдай бірге жұмыс істедік» деп еске алған екен кейініректе Иван Степанович. Бұл жерде Вучетич дегеннің әйгілі мүсінші Евгений Вучетич екенін еске сала кетейік.
Ескерткіш белгі 1949 жылдың 8 мамырында салтанатты жағдайда ашылады. Оған И.Одарченко да қатысады.
Бұл жерде айтпағымыз не? Айтпа­ғымыз – қазақ жерінің құдіреті. Әйтеуір жай жер емес, бір қасиеті бар. Бер­линдегі Трептов саябағындағы дүниежүзіне мәлім ескерткіштегі жауынгердің біздің жерлесіміздің түр-әлпетіне сай бейнеленуі елең етерлік-ақ жай. Өзге емес, қазақстандық жауынгердің таң­далғанын қараңызшы. Ғажап емес пе!
Қазақтың жері талай азаматтардың есімдерін әйгілетті. Даңққа бөледі. Мұн­дай мысалдарды ел өмірінен көптеп келтіруге болар еді.
Михаил Тимофеевич Калаш­ников. Ел білетін Калашников автоматының авторы. Бұл кісі де кезінде біздің елімізде – Матай стансасында тұрған. М.Калашников Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімге екінші рет сайлануына орай жолдаған құттықтау жеделхатында: «Өмірімдегі ең маңызды, үлкен конс­трук­торлық өмірге жолдама берген алғашқы тапанша – пулеметті құрастыру оқи­­ғасы Қазақстанмен байланысты. Мұны ешқашан ұмытпаймын» деп жазады.
Ұлы Отан соғысында Қара теңіз флотына басшылық жасаған адмирал Лев Анатольевич Владимирскийдің өзіміздің атыраулық екенін жұрт біле ме екен. Өзім туып-өскен Сыр өңіріндегі Қазалы топырағынан Геннадий Шляпин, Михайлюк Яков, Владимир Счас­тнов секілді Кеңес Одағының Батырлары шықты. Бұлардың үшеуінің жас кездерінде қазақ жігіттерімен тығыз араласқанын, қазақшаны қазақтан кем білмейтіндерін үлкендер сүйіспен­шілікпен айтып отыратын.
Қазақ жерінің қасиеті осындай. Бұл асыл топырақ ешкімді де бөтенсімеген. Құшағын ашып, бауырына тартқан. Біздің жерде туып немесе азамат болып қалыптасқандар ішінде кейін ауа­сын жұтып, суын ішкен топырақты ұмытқандар да кездеседі. Тіпті достыққа жат мінез-қылық танытқандар болды. Бірақ олар көп емес. Біреу, екеу… Бәрібір де жердің киесі ондайларды тәубеге келтіретіні анық.
Қазағымның жері. Бұл жай жер емес. Қасиет, кие тұнған топырақ. Өз ұл-қыз­дарынан басқа, кіндік қаны там­ған яки тағдырдың айдауымен тұрақтап қалған өзге ұлт өкілдері арасынан жарқын тұлға­лар­дың шығуы да бәлкім осы себептен.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.