Сырлы жүрек сазы

Ілия Жақанов есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Ол – композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан мен Қырғыз елінің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Композитордың әндері ел арасында жақсы танымал. Олар – «Әселім – әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық», «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері» және т.б. «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Ықылас», «Аққулар қонған айдын көл», «Қарабура» секілді бірнеше кітаптың авторы. Қазақтың атақты өнер иелері жайлы зерттеу еңбектер жазды. Жақында Алматыдағы Ұлттық кі­тап­ханада Ілия Жақановтың 80 жас­қа толуына орай шығармашылық кеш өтті.
Оны Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаров ашып, жүргізіп отырды.
Өнер иесімен жүздесуге мәдениет және өнер қай­рат­керлері, ақын-жазушылар және әнші­лер қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрінің орынбасары Ғалым Ахмедияров министр Арыстанбек Мұхамедиұлының Құттықтау хатын табыс етті. Ол алдымыздағы шілде айында Астанада мерейтой иесінің шығармашылық кеші өтетінін ­ха­бар­лады. «Төле би» қоғамдық қорының директоры Оралжан Масатбаев «Бауыр­жан Момышұлына – 100» мерекелік медалін табыстады.
Кеште Ілия Жақанов жөнінде пікір білдірушілер көп болды.
– Ілиямен студент кезімізде бірге оқыдық, қатар жүрдік. Оның тұрған пәтеріне өнер адамдары, ақын-жазушылар көп келгендіктен, «штаб» деп атайтынбыз. Оның үйіндегі келін де жайдары, келген кісіні қабағын шытпай қарсы алатын. Сол ән айтып, өлең оқып дуылдатып жататын кездерді сағынышпен еске алатын болдық, – десе жазушы Ғаббас Қабышұлы, ал ақын Абдрахман Асылбеков өз ойын былайша білдірді:
– Ілия Жақановтың шығарма­шылық кешіне келген жандарды үлкен театрға жиылған көрерменнен артық деп есептеймін. Ұлттық кітапханаға нағыз өнерді сүйетін азаматтар келіп отыр. Ілекеңмен ауылымыз жақын болғандықтан, көптен бері араласып келеміз. Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бірге қызмет еткен кезіміз де болды. Қазақ өнерінің майталмандары мен марғасқалары – Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мансұр Сағатов, өзге де өнер иелері музыка әлеміне жаңалық алып келген, ерекше жандандырған азаматтар болатын. Олардың бәрі өнерге бір-бірін қайталамай, өз жолымен, өз әуенімен келді. Ілия Жақановтың әндері де ешкімге ұқсамайтын, өзгеше туындылар болды.
Жазушы Еркінбай Әкімқұлов, – Ілиямен Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде оқып жүрген кезінен бері араласып келе жатқанын: «Іле­кең — қазақтың маңдайына біт­кен ком­­позитор, жан-жақты талант иесі. Бүгінгі Ұлттық кітапханадағы кездесу үлкен тойдың басы. Жас кезінде «Асылжан» атты ән шығарған еді. Бү­гін сонау Атыраудан Алматыға ке­ліп, шығармашылық кешін өткізіп отыр. Қандай баға берсек те, Ілияға жа­расатын үлкен талант» деген ойын білдірді.
Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов былай деді:
– Атыраудан Ілия ағамыздың 80 жасқа толған шығармашылық ке­шіне қатысу үшін келген едім. Ілия ағамыздың Атырауға баруы ерекше құбылыс болды деп айтуға болады. Елдің мәдениетке, өнерге деген құлшынысы артты. Атырау – Ілия ағамызға жаңа шабыт, күш-қуат берді. Сол өңірдің өнерін зерттеген талай кітаптары жарық көрді. Елбасымыз Атырау өңіріне барғанда да Ілия ағамыз елдің ақсақалдары атынан тілегін білдіреді.Zhahan-1
Сазгер Қалдыбек Құрманәлі ком­позитордың «Жайлаукөл кеш­тері», «Әселім», «Еділ-Жайық» әндері жө­нінде жылы лебізін білдірді.
– Ілекеңнің бүгінгі шығармашы­лық кешіне Шымкенттен арнайы келіп отырмын. Ән адамды тәр­биелейді, рухтандырады. Өткен ға­сырда Ілекеңмен қатар шыққан композитор – Әбілахат Есбаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовті ерекше атар едім. Ілия Жақановты не үшін құрметтеймін? Бұл кісі әнді көп жазған жоқ. Бірақ, бір адамға жетерлік ән жазды. Керең — еститіндей, мылқау – түсінетіндей, соқыр – көретіндей ән жазды. Мектепте оқып жүргенде көп айтатын әніміз – «Жайлаукөл кештері» еді. Осы әнді естіп, Жайлаукөлге барғымыз келді. Сол кезде жазда студенттер құрылыс отрядына Жайлаукөлге барып, масаға таланып қайтқан екен. Бұл – әннің құдіреті. «Әселім» әнін естігенде осы аттас қыздарға ғашық болдық. Бұл ән де сағыныштан туып, тыңдаушының жүрегін жаулап алды. «Еділ-Жайық» әні – Ілекеңді биікке көтерген бөлекше шығарма болды.
Кеш барысында әншілер ­Қайыр­жан Бердібаев, Алма Аманжолова ком­­пози­тордың елге кеңінен тараған әндерін орындап, жиналғандарға жақ­сы әсер қалдырды. Ілия Жа­қанов­тың өзі де ара-арасында сөз алып, әндерінің тарихы жөнінде әңгімеледі. Ән де шырқап, басқосудың мазмұнын арттыра түсті.
Кеште қатысушылар мерейтой иесінің кітаптары, музыкалық ең­бектері қамтылған «Дарқан дала дарыны» атты көрмені қызығушылықпен тама­шалады. Сондай-ақ осы жолы І.Жақановтың Астанадағы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Дүние, шіркін» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Нұркен СМАЙЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.