Ұлт ұлымен ұғысу

Зәмза ҚОҢЫРОВА,
ақын, көсемсөзші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жастығымның жалауын жықпағанмын.
Қаһарынан ешкімнің ықпағанмын.
Мұқағали мүддесін қорғап жүріп,
Досы болдым Олжастай отты ағаның.

1973 жылдың жазында сүйікті ақы­нымыз Мұқағали Мақатаевты Жазушылар ода­ғының мүшелігінен шығарып жіберді дегенді естіген кезде, ҚазМУ-дің журналистика факультетінің 2-курс студенті болатынмын.
Кешегі Алаштың ардақтылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел, Жаһанша Домұхамедовтердің, ағайынды Арон, Бақытжан Қаратаевтардың көзін көрген пікірлес, Тәтенің Оразымен құдандалы, Мұстафа Шоқай,Ұзақбай Құлымбетовпен, кейінірек Ілияс Есенберлинмен дос болған. 37-жылдың нәубетінен де құтылмай, осы азаматтармен қатар ұлттық идеясы үшін «халық жауы» атанып, Сібірдің де дәмін татқан, Әлихан Бөкейхановтың арқасында ертерек ақталып, аман қалған, біз шала-шарпы оқыған «Капиталды» жатқа білетін білімді, сөзге шешен өз әкем Молдабай Қоңырұлы жарық дүниеге адам болып келген соң, ішкен-жегенге мәз болмай, халқыңның кәдесіне жарап, адами өмір сүруді – өмірімен де, сөзімен де өсиеттеп отыратын. Ахмет, Міржақып, Мағжандардың өлеңдерін, Мұстафаның сөздерін маған жаттатып, «Олардың уақыты келеді. Бірақ кітаптарын өртетіп жіберген шығар. Сол кезге осы сөздерді ауызша жеткіз. Мен жете алмаспын. Сен көресің. Ертерек аузыңнан шығып кетсе, кімнің сөзі дегендерге, Абайды білмейсің бе, дей сал. Ешкім дауласа алмайды. Әзірше, Абайды 100 пайыз білген адамды көрген жоқпын» дейтін. Шынында да, талай сынап көріп едім, көкем (мен әкемді көке дейтінмін) біліп айтқан екен.
Міне, осындай әкеден тәлім алған мен – сондай зиялыларын көзінен тізіп алып кетіп жатқанда қайда қараған – деп олардың замандастарын іштей кінәлап, Н.Асеевтің: «Почему Испания в небо смотрела? Когда вели Гарсия Лорку к расстрелу» деп келетін өлеңін өз көңілімнің назы ретінде айтып жүретінмін. Өзін өмірде көрмесем де, өлеңін жаттап өскен замандасымын ғой бірауыз сөзімді айтар едім. Аузыма қақпақ – елу екіге келгенінде туған жалғызы менің диплом алғанымды, ел қатарына қосылғанымды көруді армандап жатқан қатты науқас көкемнің үміті ақталмауы, мені университеттен шығартып жіберуі мүмкін екендігі болды. Кешегі халқы үшін қан кешкен қазақ зиялыларына, Алаш көсемдеріне неге ара түспеді деп қалың қазаққа кінә артып жүріп, өз замандасыма ара түсер кезде сылтау іздегенім қалай? Сонда мен де жау келгенде тасаға тығылып, жау кеткен соң бөсетін құр кеуде болғаным ба? Көкем маған: «Сен бүкіл түркі жұртын біріктіріп, берекелі ел еткен Ер Едігенің ұрпағысың. Түркі жұртының түп қазығы қазақ халқы үшін жауаптысың. Егер менің балам болсаң, әр ісің өнеге тұтарлықтай болсын» деуші еді ғой. Өзімен ақылдасайын деп түйдім.
Осы ойымды көкеме айтып едім. Асқақ мінезді дегдар көкем: «Адамның сөзі өлгені – өзі өлгені. Адамдық болмысың қалап тұрса, ойыңдағы сөзіңді ірікпе. Қол-аяғың балғадай зауытқа барсаң да күн көресің» деді. Сондықтан өмір бойы өзімнен – сөзім қымбат деген ұстанымымның үдесінен шығуға тырысып келемін. Көкемнен рұқсат алған соң неден жалтақтайын. 1973 жылдың 29 тамызы күні Жазушылар одағының сол тұстағы басшысы Әнуар Әлімжановтың кабинетінде мәжіліс болып жатқан кезде, «жиналыс» деп жібергісі келмеген хатшы қызға: «Маған да осы төрт көздері түгел отырғаны керек» деп, жиналыстың үстіне кіріп барып: «Мен, Зәмза Қоңырова КазГУ-дің журналистика факультетінің 2-курс студентімін. Баса-көктеп кіргенімді ғафу етіңіздер. Жырын жаттап өскен ақынымыз Мұқағали Мақатаевты Жазушылар одағының мүшелігінен шығарып жіберді дегенді естідік. Жазушылар одағының 400 мүшесі бар көрінеді. 400 Мұқағали жоқ. Мұқағалиды одақтан шығарғанда одақ кім үшін жұмыс істейді? Кеше Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді ақтағанда – Сталин жасаған қылмыстан жазықсыз жапа шекті дедіңіздер. Ол сырттан жабылған жала болса, бүгін сол қылмысты тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында өздеріңіз жасап отырсыздар» дедім. Тура «Ревизордың» сахнасындағыдай мылқау тыныштық. Ешкім маған жауап та берген жоқ, ұрысқан да жоқ. Біраз адам отыр екен. Бірақ мен көзілдірігінің үстінен сүзе қараған Әнуардан басқа ешкімді түстеп көрген де таныған да жоқпын. Қашанғы тұрайын, бұлар мені түсіне алған жоқ деп, көңілім қалып шығып кеттім де, ақынға ақын жақын ғой солар түсінер деген оймен Қадыр мен Олжасты іздедім. Қадыр орнында жоқ болып шықты. Біреу: «Олжас әне тұр» деді. Қасына барып: «Аға, сізбен сөйлесуім керек еді» деп едім. Бірдеңе деген секілді болды да, әрі қарай жүре берді. Аңыз ақынмен алғаш кездесуден толқыңқырап тұрдым ба, сөзін естімей қалдым. Елемегендей жүре бергеніне шамырқаныңқырап: «Аға, алдымен адам, сосын ақын деп келдім» дедім. Өзім де ойламаған жерден даусым қорғасындай салмақты шықты. Көргеннің көзі тоятын көрікті, әлемге аты жайылған ақынға ғашық болып, аяғына оратылып жүретін көп қыздардан болмысы өзгешелеу, салмақты шаруамен келген адам екенімді сезді ғой деймін, Олжас қайтып келіп: «Мені Алматыда өтетін Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясына байланысты секретариатқа шақырып жатыр. Күте тұр» деп өз кеңсесінің күту бөлмесіне кіргізіп, жаңа ғана мен кіріп шыққан бөлмеге кетті.
Күту бөлмесінде біраз адам бар екен. Менің көзім хатшы қыздың орындығында отырған, бірақ отырысы, өзін ұстауы құр­метті қонаққа ұқсаңқырайтын, кең маң­дайынан жарыла түсіп, ақ тамақты аймалай жайыла келіп, аршын төске жете бере жығылған мойыл қара шашы биік қабақ, аясы кең қара көзбен әсем үндесіп, ақша жүзін одан әрі көріктендіре түскен сұлу қыздың күлгенде түгел көрінген аппақ тістері ертеректегі ақындардың: «Күрек тісін ақситып, сұлуды сүйер ме еді» дегенге саятын өлеңдерін еске салып, қиял қанатында бірер ғасыр ілгерірек өткен ақындармен бірге солар ғашық болған апаларымыздың ауылына кетіп қалсам керек (кейіннен білгенімдей бұл сұлу қыз шынында хатшы емес, араб тілінің маманы, белгілі сыншы, аудармашы-жазушы Ислам Жарылғапов ағамыздың қызы Жанар екен). Біреу иығыма қолын салған кезде, селк етіп жалт қарасам, Олжас ақынның өзі, атып тұрдым. Иығымнан демеген күйі кеңсесіне алып кірді де, бір орындықты ыңғайлап: «Отыр, – деп, өзі төрге озып бара жатып; – ал жұмысыңды айта бер» деді. Мен: «Екі түрлі жұмысым бар. Бірі – тәтті, бірі – қатты. Қайсысынан бастайын» дедім. «Тәттісінен баста, қаттысынан бастасаң, тәттісіне жете алмай қалармыз» деді күліп. Қадыр мен Олжасқа да жолығу мүмкіндігін ойлап, қолтаңба алайын деп екеуінің де кітаптарын ала шыққанмын. Орысша жазатындықтан күндеушілері басқа тағатын кінәлары болмағандықтан Олжас қазақша білмейді дейтін өсектерін сол кезде де жамыраған қойдай жаңғырта өргізіп жүретін. Жазғандарын оқыған адам қазақ деп соққан жүрегінің лүпілін сезініп, қазақша сөйлейтіндердің көбісінен қазағырақ, елім деп елжіреген жанымен үндесіп отыратын ақынның қай Олжас екенін өзімше сынап көрмек болып, өзінің түпнұсқа кітабы мен Қадыр аударған «Атамекен» кітабын алғанмын. Екі кітапты үстелдің үстіне қойдым да: «Тәттісі – өзім оқып білген Олжас пен аңыз Олжас­ты бірге қосып танысайын, сәті түссе қолтаңба алайын деп едім» дедім. Ақын риза кейіппен: «Келістік, ал қаттысын көрейік» деді. Әнуардың алдында айтқан сөзімді қайталап шықтым. Даусым да өзгеріп кетті. «Өзін танисың ба?» деді ойлана, қаттырақ айтылған сөзге реніштің орнына жүзі нұрланып. «Жоқ. Ақынның өзін тану шарт емес, өлеңін оқу керек» дедім. «Онда, Мұқағалидың бір өлеңін оқып берші» деді мейірлене қарап. Дауға дайындалып отырған басым, күтпеген қолқадан сасқалақтаңқырап, аузыма алғаш түскен бір өлеңін апыл-ғұпыл оқи бастадым. Қолымен ишара жасап тоқтатты да: «Сен ақынның мықтылығын дәлелдегің келіп отыр ғой, сондықтан асықпай тыңдаушыға жеткізетіндей етіп оқу керек» деп өзінің мәнерімен бір өлеңін оқып берді де, жаңағы өлеңді үйреткеніндей етіп қайта оқуымды сұрады. Мен оқыдым. Өзі оқыды, тағы маған оқытты. Мен өлеңді ойындағыдай оқып шыққан кезде: «Мұқағали Москвада Әдебиет институтында оқып жатыр. Ол менің досым ғой, қолдан келген көмегімді аямаймын. Өзің енді жоғалып кетпе, екеуміз дос болайық, сен маған қазақ ақындарын таныстырасың» деді. «Субъективті болады деп ойламайсыз ба?» деп едім. «Мен сенің объективті болатыныңа сенемін» деді ризашылық раймен. Сондықтан 43 жыл бойы қандай жағдайда да, тіпті ағаға да, өзіме де тиімсіз болса да, объективті сөйлеуге тырысып келемін. «Аға, автограф» дедім, ертелі бері қазақша сөйлесіп отырсам да, қай тілде жазар екен деген қызығушылықпен «Атамекенді» ұсынып. «Кімге жазамыз?» деді кітаптың бетін аша беріп, атымды ұмытып үлгергенін білдірмей. «Зәмза» деп едім. «Зәмзагүл шығар!» деп қайталап сұрады. «Әкем қойған атым Зәмза, гүлді сіз қосып берсеңіз қарсы емеспін» дедім мен де күліп. «Досым Зәмзә-гүлге Олжас – ағадан, 29 авг. 73 ж.» деп жазып, кітаппен қоса қыркүйектің 4-9 аралығында өтетін Азия, Африка жазушыларының халықаралық Ү конференциясына шетелдік қонақтармен тең дәрежеде түгел қатысатын шақыру билетін берді. Сөйтіп, Азия мен Африканың 55 елінен, Еуропаның социалистік мемлекеттерінен, халықаралық үш ұйымынан өкілдер қатынасқан халықаралық конференцияға жалғыз студент болып қатысу бақытына ие болдым. «Қазақстан әйелдері» (№11қараша, 1973ж.) журналының осы конференция­дан жазылған мақаласының ортасына «Конференцияға қатысқан Бланчи Ла Гума (Оңтүстік Африка одағы, сол жақта) мен Нцанбура Нгуги (Кения) Қазақтың мемлекеттік университетінің студенті Зәмза Қоңыровамен ескерткіш суретке түсуге тілек білдірді» деген мәтінмен үшеуміздің суретімізді жариялады. Әнуар аға да «Жазушылар одағына келіп тепсініп тұрып бізге ақыл айтатын кім ол? Студенттеріңді тыйып ал!» деп ректорға хабарласудың орнына, керісінше сыйлап кетті. Олжас аға менің рухани еркіндігімді, бала жүрегімнің балаң бұлқынысын үлкен ерлікке балап, «Орлан» – «Қыран» деп ат беріп, өзі маған достық қолын ұсынды. Оқудан шығартып жіберуіне бейіл болып барып, ақ ниетіме табысқан қазақтың ұлы ұлдарынан аға тауып қайттым. «Аққа Құдай жақ» деген осы болар.
1974 жылдың қаңтарында Олжас ағамыз ауруханаға түсіп қалды да, Мұрат Әуезов, бала кездегі досы Рашит деген азамат, т.б. достары көңілін сұрауға бармақшы болды. Мен де бірге барайын десем, «Сен қыз баласың, әйелі келіп қалса,түсінбей қалуы мүмкін, әуелі өзімен келісіп алайық, сосын сені келесі жолы апарамыз» деді. Қатты шамырқанған мен: «Өзі ұсынған достықты – қыз, ұл деп бөлетін болса, таңдау өзінде деп ағама да, өз ағамды өзімнен қызғанып намысыма тиетін болса, жұлып алып қазақтың бір қызына бере саламын деп айтты деп, жеңгеме де сәлем айта барыңыздар» дедім де, бұрылып кетіп қалдым. Ертеңіне Рашит университетке іздеп келіп: «Олжас сенің сөзіңді естігенде, әуелі рақаттана күліп алды да: «Зәмза – Қыран ғой. Ол айтса, істейді. Оны тоқтатуға тырыспаңдар. Одан да басқаларға түсіндіріп қоярмыз. Келе берсін» деді. Енді өзің-ақ бара берсең де болады» деді.
Бірде барсам, жылы жүзді, көгілдір көзді сұлу келіншек отыр екен. «Сәлеметсіз бе, жеңеше» деп қол беріп амандасып едім, ол да: «Сәлеметсіз бе, сіз Зәмзагүл боларсыз, – деді жұмсақ жымиып, қолын ұсынып жатып, мені бәрі келін дейтін, жеңеше дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Бұл сөз қандай мағына білдіреді» деп сөзіме қызығушылық танытты. «Ағадан үлкендер келін деп атайды, ал кішілер жеңеше» дейді деп түсіндірдім. Екеуміз ағадан бірге шығып келе жатып, Маргарита жеңешем: «Сырттай таныстырғанда қатқыл мінезді деп сескеніңкіреп жүрсем, жайдары, жұмсақ мінезді екенсіз. Үйге жүріңіз, шай іше отырып жақынырақ танысайық деді. Мен де келісе кеттім. Сөйтіп отбасымен де тез араласып кеттік. Жеңешемнің бұл ақылына Олжас ағам да дән риза екенін байқадым. Шынында да, жеңешем ағамыздың бағына Құдай бере салған абзал жан. Әйтпегенде, артық сөз, оғаш мінез түгіл, тіпті маған дейінгі көңіл күйдің әсерінен болған қатқыл қабақтың мен келгенде жадырамауының өзін жүрегіме өте жақын қабылдап, жараланып қалатын қорғансыз, жалаңаштау жанымды қорғау үшін қайтып олай қарай беттемейтін мен секілді шікәмшіл адаммен 43 жыл достығына қылау түсірмеген менің өзі танып «Қыран» деп ат берген рухани еркіндігіме, сол еркіндіктің тірегі шалт мінезіме, риясыз адал көңіліме аға-жеңгемнің алғаусыз ақ ниетімен табысқан сыйластығы, шынайы сезімі.
Елін әлемге танытқан қазақтың Олжасымен пікірлес дос болып, үй ішімен жақын араласқан кезімде байқағаным – абзал әкеміз, қазақ баспасөзіне зор еңбек сіңірген журналист-жазушы Әбдуәли Қарағұлов шыққан әулет те, аяулы анамыз Фатима Насыржанқызы шыққан Беделбаевтар әулеті де адамды қызметі, пайдасы бар-жоғы, бай-кедейлігіне қарап алалау деген түсіне де кірмейтін қасиет иелері, текті әулет екен. Тек туралы айтқан соң, сәл әріден бір мысал келтіре кетсем, артық болмас. Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан дегендей, Фатима анамыздың бабалары – әсем қаламыз Алматының жоғарғы жағында, асқақ Алатаудың баурайында мекендеген, нақтылап айтсақ, атақты Медеуіміз – Медеубайдың жайлауы болса, одан төменгі жердегі Беделбай сайы – өз заманында елге танымал текті әулет Фатима Насыржанқызының атасы Беделбайдың жайлауы. Дәлірек айтсақ, кіші Алматы өзенін құрайтын Кім асар секілді кішігірім өзеншелердің бірі Беделбаевка болып әлі өз атымен аталады. Қазіргі «Просвещенец» санаторийінің маңайы. Яғни Алматы қаласының іргесін қалаушы байырғы тұрғындар.
Отызыншы жылдардағы аштықта халық қайырымсыздықтан да емес, аштық­тан есінен ауысардай жағдайға жеткен қаңғыбастардан сескенген. Жұрт әлгілерді үйіне кіргізуге қорқатын кезде, Фатима ана­мыздың атасы Беделбай әбден жау­раған, ашыққан бір топ адамды аяп, үйіне кіргізіп, тамақтандырып, бойлары жылынып, тынықсын деп қонуға қалдырған ғой. Сөйтсе, әлгілер жұрт ұйқыға кеткен кезде тамақты, киімдерді алып кетпекші болады. Осы сәтте ғайыптан оянып кеткен Беделбай ақсақалды еш шімірікпестен мерт қылып кете барған. Олжастың адал сүт емген, адалдыққа, адамдыққа тәрбиеленген адамның өмірлік ұстанымын ешқандай көрген қиындық та, қиянат та өзгерте алмайтынын, арамдыққа баулынғанның адалдыққа табыспайтынын жырлаған:
Аярлыққа еріп кетсең сүмеңдеп,
Айта алмаймын ертеңіңе сенем деп.
Ана сүті арамдыққа суарса,
Сиыр сүті ала алмайды сені емдеп, – дейтін өлең жолдары ұяда алған осы тәрбиенің әсерінен туған. Иә, сол бір қайғылы оқиға да ананың сүтімен сіңген, атаның қанымен келген қасиетке сызат түсіре алмапты. Фатима анамыз да барын жұртқа бөліп бергісі келіп отыратын қолы ашық, жомарт, мейірбан жан еді.
Олжас аға да, Маргарита жеңгем де досымыз деп таныстыра тұрса да, сұраушыларға дос деуге ол кісілерді өзіме биіктеу көріп ағам десем, әке жағынан ба, шеше жағынан ба деп жанымды қоймайды. Рухани аға дегенге түсінбейді. Бір жолы қатты ренжідім. Атадан бірге тумасам да, Құдай – осы пендем жалғыз еді деп, жұрттың бірге туған он ағасына татитын бір аға беріп еді, бәрібір ешкім мойындамайды екен деп налыдым. Біреудің риясыз күлген бір сәтінің өзін көтере алмайтын көр көкіректердің-ақ айтқаны болсын деп екі айдай ол үйге жоламай кеттім. Бір күні ойламаған жерден Олжас ағаның мектепте оқитын үлкен қызы Мәдина қоңырау шалып: «Зәмза апай, сіз мамама ренжіп жүрсіз бе?» деп сұрады. «Еш ренішім жоқ» деп едім – «Онда, бүгін кешке үйге келіңізші. Ыстық көлге кетерлерінде папам мамама «Сен бірдеңе дедің бе? Ол неге келмей кетті?» деп ренжіді. Бүгін алдынан шықсаңыз, екеуі де қуанып қалар еді» деді. «Бөрі арығын білдірмес…» дегендей сырттай бақытты көрінуге тырысып, жарқын күліп жүргенмен, шындығында қиналғанда арқа сүйер бауырым жоқтығына налып, көйлексіз күпі кигендей қоңылтақ көңілмен іштей тығылып жүрсем керек, жылап жібердім. Қызметтестерім Жаппар Өмірбеков, Сәкен Иманасов, Әділбек Абайділданов ағаларым, Ақұштап апам, Ерлан Бағаев досым шошып кетті: «Не болды, үйде бірдеңе болып қалды ма?» деп естері шығып, бәйек болып жатыр. «Мені де біреулер іздейді екен» деп одан әрі жылаймын. Кілең ақындар ғой, менің жалғыздығым естеріне түсіп, олардың да көңілі босап кетті. Ерлан: «Зәке, жүр. Барға барып кофе ішіп, өлең оқиық. Бәрібір бүгін жұмыс істей алмаймыз» деп көңілімді көтеруге тырысып жүр. Кешке аға-жеңгем келгенде балалары, менің жолдасым бар – бәріміз жүгіріп, алдынан шықтық. Сондағы Олжас ағаның «Келдің бе?» деген сұрауы аралас мейірлене қараған қуанышты жанары, жоғарыдағы ақын аға-апаларымның, достарымның мен үшін көңілдері босап, бәйек болғандары әлі күнге жанымды жылытып тұрады. Сол күн есіме түссе әлі де бір жылап аламын. Мұның бәрі орта шелекке толтыра еселеп су құйып жібергенде асып төгілетіні секілді орта көңілімді толтырған қуаныштың жасы еді. Осы оқиғадан кейін Фатима анамыз: «Менің қайынсіңілім» деп құтқарып алатын болды.
Ол отбасында маған бозөкпе студент деп шекеден қараған ешкім болған жоқ. Тең дәрежеде қабылдады. Ата-анасы Әбекеңмен, Фатима анамызбен жиі-жиі дәмдес болып әңгімесін тыңдадым. Әбекең кейде менен де ел әңгімелерін, ұлттық салт-дәстүрлерді сұрап, тыңдайтын да, осы қалай-ау деген тұстарын толықтырып отыратын. Менің әңгімені жан-жақты ашып, анықтап айтатыныма риза болып: «Міне, журналистің әр сөзі сенімді әрі түсінікті болуы тиіс» дейтін. Осы орайда өзім үшін мүлде күтпеген бір жайтты, санамда сәулелі із қалдырған қымбат бір естелікті де айта кетсем деймін. Жазушылар одағының бірінші қабатында орналасқан «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактормын. Өзінің екінші қабаттағы кеңсесіне шақыртып алмай, Олжас ағаның өзі қоңырау шалып: «Жұмыстан соң кешікпей үйге кел. Мәдинаны (тұңғыш қызы – З.Қ.) айттыруға құдалар келеді» деді. Келсем, Әбекең мен Фатима анамыз ертерек келіп отыр екен. Амандасып қастарына жайғасқан соң, Әбекең: «Құдалық сөзді сен ұстайсың» дегенде, ойламаған тұсымнан келген ұсынысқа абдырап, сауға сұрағандай Олжас ағаға қарап едім, аға да күліп, басын изеп құптағанын білдірді. Бас құда болып әйгілі жазушы Әлжаппар Әбішев келетінін, ол ағамыздың жастардың үлкендермен ауыздықтасқанын ұнатпайтын тік мінезін де білемін. Шындап сасайын дедім. Мүшкіл халімді байқаған Әбекең: «Қорықпа, өзім демеп отырамын. Алқалы топта сөз алып үйрене бер» деді. Құдалар келгенше менің де жүрегім орнына түсіп, дайын отырдым. Әлжекең алыстан орағытып сөз сабақтай келе бұйымтайын айтқан соң, мен де сөз орайына қарай жұптап отырған сөзімді тарата бастай беріп едім, күткенімдей: «Әбекең отырғанда саған не бар?» деп, Әлжекең сөзімді ортасынан тыйып тастады. Мен үндемей қалдым. Әбекең: «Қарындасым қазақы жол-жораны жақсы біледі. Салт-дәстүрімізді келешекке жалғайтын осылар ғой, үйрене берсін деп баулып жүрмін. Бүгінгі сөз ұстайтын құдашаң – Зәмза» деп жұмсақ қана жымиып еді, Әлжекең де өзгеріп сала берді. Кейін Жазушылар одағында кездесіп қалған кездерде сексендегі Әлжекең әзіл үшін топты жарып келіп, алдымен өзі қос қолын ұсынып, «Құдаша!» деп құрақ ұшып амандасады да, өзіміз ғана білетін жайтты еске түсіріп, рақаттана күліп алатынбыз. Әбекеңнің бағалауынан арқаланып, кейіннен де талай құдалық сөзді ұстап, бас құда болып та, асаба болып үлкенді-кішілі той басқарып та көрдім. Бірақ мен үшін бұл құдалықтың орны ерекше, Әбекең осылайша маңайында жүрген жастарды алқалы топты жарып сөз сөйлеуге, биігірек самғауға баулитын.
Бір жолы Олжас ағаның туған күнін үйінде тойлап отырып, сол үйден пер­зент­ханаға жол тартуға тура келді.Маргарита жеңешем ырымдап: Бұлай болуы тегін емес, перзентханадан өзіміз алып шығамыз. Біздің баламыз болады» деді. Сондықтан дүниеге жаңа келген қызымызға Олжас ағаның өкіл әке болуын, атын өзі қоюын өтіндік. Олжас аға әбден ойланып алып: «Баламыздың аты Шолпан болсын» деді. Жастық қой, сол кездегі «модный» бір есімді, немесе Сафо, Робия секілді көне тарих қойнауынан әлемге аты белгілі ақын қыздардың бірінің есімін күтіп отырған мен ауылда күнде естіп жүрген атты ұнатыңқырамай үндемей қалдым. Менің қабағымды байқаған Маргарита жеңгем сәл ыңғайсызданып: «Қарындасыңа ұнамаған секілді» деп белгі беріп еді. Аға: «Біріншіден – қазақтың ежелгі аты. Екіншіден – аспандағы жеке туатын ең жарық жұлдыз. Шолпан жұлдызындай сұлу әрі өмірі жарқын, бақыты биік болсын! Үшіншіден – көшпелі еліміз Шолпан жұлдызын бағдар тұтқан. Баламыздың өмірлік бағыты түзу болсын деп ырымдадым. Төртіншіден – әлемнің барлық елімен араласып кеткен заманда ешкім бұрмалай алмайтындай екі буыннан аспайтын қысқа, айтуға жеңіл болуы керек. Бесіншіден – Спанова Шолпан Балғабайқызы дегенде «пан» буыны арқылы атасының атымен, «л» әрпі арқылы әкесінің атымен үндесіп әдемі естіледі. Алтыншыдан – ішінде «л» әрпі келетін сөзде бір жылылық болады. Өзімнің екінші қызыма екі бірдей «л» әрпі келетін Ләйлә деген есімді қойғам. Сондықтан осы аты баламызға құтты болсын» деп түйді сөзін. Міне, осыдан-ақ Олжастың жай бір ат қоюдың өзіне қаншалықты жауапты қарайтынын және қандай жағдайда да өз сөзінен бас тартпайтынын байқауға болады. Атын өзі қойған өкіл қызы Шолпанды Франциядан арнайы келіп, өзі ұзатып, Шолпан қызының баласы Ескендірдің тұсауын да өзі кесті.
Олжас ағаның балажандылығының да, жұрттың бәріне жаны ашып тұратын мейі­рімділігінің де, дарқан көңіл жомарт­тығының да шегі жоқ. Қарапайым дос-туыстан ірге бөліп, лауазымды ірі тұлғаларға көңіл бөліп кету деген Олжас ағаның ешқашанда ойына кірмейді. Мен Олжастың даңқтың шыңында тұрған 37 жасынан 1973 жылдан дос болдым. Өзім білетін 1974 жылғы 38 жасынан 1994 жылғы 58 жасына дейінгі аралықта туған күнін әлемнің қай түкпірінен болса да өз отбасына келіп, өз үйінде жақын туыстарымен өткізетін. Сырттан үнемі бірге болатын – жан досы Санжар Оразұлы Жандосов, бала жастағы досы Геннадий Толмачев, кейіннен қосылған мен болатынмын. Кей-кейде басқа да бір-ер досы болып тұратын. 50 жастағы мерейтойын да үйінде тойлады. Бұл – әл-Фарабидің патшаның өзіне уәзірлікке шақыруын да қабылдамай бағбан болып өткені секілді ұлының күнделікті өмірдегі өзін қарапайым ұстауы­ның бір үлгісі болар.
Балажандылығы сол – үлкендеу бір бөлмесіне жайған дастарқанына туыс­тарын сыйғыза алмай жатса да, өзінің, туыстарының, менің балаларымызға бөлек толыққанды дастарқан жайғызып, өзі балалардың да көңілін тауып, екі ортаға тең көңіл бөліп жүретін. Кездесе қалсаң, алдымен балаларыңның жайын сұрайды. Дарқандығына келсек, Фатима анамыз бір сөзінде: «Қолы ашық. Біреу ақша сұрап келсе, қанша керек деп те сұрамайды. Барын үстелдің үстіне қояды да, «Керегіңді өзің ал» дейді. Қанша қалды деп қарамайды да ғой» деді. Оған өзіміз де талай куә болғанбыз. Жазушылар одағында айлық беретін күні қалтасы тайыз ақын-жазушылар, кейбір жолдастары Олжас ағаны жағалайтын. Бухгалтериядағы қыздар ағаны жағалағандарды көргенде «Ойбу, Олжас аға барын таратып беріп, бұл жолы да бос қайтатын болды-ау» деп қинала бастайтын-ды. Бірде Олжас ағаның үйіне үй ішімізбен, балаларымызбен қыдырып келдік. Үйге жақындай бере үйінің Виноградов көшесі жағындағы бұталардың түбінен тұғжыңдап, бірдеңе іздеп жүрген ағаны көріп: «Не іздеп жүрсіз? Біз де көмектесейік» десек, «Жұмыс істеп отырсам, осы жақтан мысықтың қинала мияулаған даусы шығады. Жаралы болса, емдетейін деп, соны іздеп жүрмін» деді. Үйінде тастанды мысықтар мен күшіктер, ерке балалар ойыны қанған соң, далаға тастап кеткен тасбақалар көп болатын. Соны көрген менің балаларым да көшедегі тастанды хайуандарды жинап әкеліп жүретін болды. Бұл жерде сіздің тәрбиеңіздің де әсері бар ғой дегенімде Фатима анамыз: «Өзінің табиғаты солай. Өсіп тұрған шөпті де аяп, мүмкін болса, баспайды ғой. Әкесіне ұқсаған. Сондай мейірімді адам еді. Олжасым өмір бойы жұрттың бәрін аяп жүреді» деген-ді. Иә, кейбірі елім деп елжіреген жанын түсіне алмай жаралап, қайбірі әдейі сүріндіруге тырысып жанына тиіп жатса да, «жарайды, олар түсінбей жүр ғой» деп, оларды да аяп, бет тырнап қарсыласып жатпайды. Өзінің бір сәттік үстіртін жақсы көрінуі үшін халықтың дәл қазіргі жағдайына түк пайдасы жоқ жалтырақ сезімге ермей, өзіне сенетін, сөзіне еретін халқын Қырғызстандағы, Украинадағыдай ұйыққа айдап обалына қалғаннан гөрі, өзінің түсінбеушіліктен туған реніштің құрбаны болғанын қалайтынын жақсы білгендіктен кейде өзім жауап беріп, кейде салмақтырақ сұрақтарға мынаған жауап беруіңіз керек деп қадалып отырып, сұхбат алғанымда да менің сұрағыма салмақты, нақты жауап береді де қарсы пікір иесінің атына бірауыз артық сөз айтпайды ғой. Кейбірі сонда да соңынан қалмай, тіпті мен секілді қарымды достың да қадірін түсіріп, аузын жауып қоймақшы болып, 43 жыл бойы үзілмеген пікірлес достығымыздың өзін өз бойларына өлшеп сан-саққа жүгіртіп жүретіндіктен кейінгі буын, озық ойлы жастар анығын өзімізден білсін дедім. Достығымыздың неден басталғаны, қалай өрбігені жөнінде 2007 жылы мамыр айында, өз үйімде Олжасты түсініп оқып жүретін жалынды жастар – жазушы Дидар Амантай, ақындар Әмірхан Балқыбек, Алмас Асылбеков, Бекжан Әшірбаевтарға Олжас аға мен Маргарита жеңгемнің алдында көзбе-көз отырып айтып бергенмін.
Бұл бір үзік сырды жазғандағы мақсатым – «Ақын болу шарт емес – азамат болу бо­рышың» деген ұстанымға толық сай келетін ақынның адами болмысынан, азаматтығынан, көп жұрт ақынға өзге ұлтқа үйленді деп те реніш білдіретін – алпыс жылға таяу не ақынның, не айналасының көңіліне жел болып тимеген ақынның өзі жеңгемізге арнаған бір өлеңінде:
Кім-кімнен де аямайсың қол ұшын,
Биязы деп ардақтайды ел іші.
Жұрт үшін сен кішіпейіл,
Ұяңсың,
Байсалдысың,
Тәкаппарсың мен үшін.

Елге деген ізет сіңген қаныңа,
Маған өрсің,
Оған бірақ налыман.
Жұрт алдында тәкаппар боп,
Ал маған
Құл боп тұрсаң,
Сол батпай ма жаныма!

Кішілікті ұлылыққа балаймын,
Әйтсе де, еске салма жөнін малайдың.
Ел алдында иіл-бүгіл,
Ал маған
Шалқая біл,
Мен соныңды қалаймын! – дегеніне өзім білген қасиеті түгелдей сай келетін ақылды, орнықты, атам қазақ айтатындай, Бибі Фатимадай ару жеңгеміздің адами және әйелдік қасиетінен де, ата-анасының өнегесінен де ақынын ардақтайтын ақпейіл қазағымды, қалың оқырман қауымды хабардар ету, халқымыздың болашағы жас­та­рымызға да осы қасиеттер жұғысты болсын дегендік еді. Осы жасаған жасымда өмірде көріп-білгендерімнен түйгенім, өз­гелер үшін жұмбақтау, жаратқан берген асқақ рухыңды, шынайы таза табиғатыңды тү­сінер ұлымен риясыз ұғысу шын бақыт екен!

«Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы және ұлттық сана мәселелері»

Жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Олжас Сүлейменов атындағы ғылыми-зерттеу орталығы және «Олжас кітапханасы» баспа үйінің ұйымдастыруымен қазақ ақыны, жазушы, ғалым және Халықаралық антиядерлік «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі, «ХХІ ғасыр адамы» атағының иегері Олжас Сүлейменовтің 80 жасқа толу мерейтойына арналған ғылыми-зерттеу конференция өтті.

Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик, техника ғылымының докторы Ғалымқайыр Мұтанов құттықтау сөзімен ашты. Дәстүр бойынша мерейтой иесінің иығына шапан жауып, ұжым атынан құрмет көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин жылы лебізін білдірді. Ақынның азаматтық қырлары жайында ой өрбітті. Белгілі қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов өз сөзінде тұғырлы тұлғаның ерекше болмысын тілге тиек етті. Рудаки атындағы Әдебиет және тіл институтының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сатторзода Абдунаби жазушы шығармашылығының түркі халықтарына тигізген ықпал-әсерін атап өтті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов қаламгер туындыларына ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Алқалы жиында В.Михайлов, С.Құттықадам, Б.Ғабдуллин және т.б. белгілі азаматтар ізгі тілектерін арнады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. төлеп

    Неге соңғы уақытта Олжас демей Алжас деп жүр ,атын орысшағ аударып алғанба.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.