Қазақ-түрік лицейінің мерейі

Жуырда Алматыда «Үркер» бел­гі­сімен марапаттау рәсімі өтті. Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, 9-11 сынып оқушыларына салтанатты жағ­дайда «Үркер» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

Аталған төсбелгіге қала бойынша 2015-2016 оқу жылында жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың 77 жүлдегері ие болды. 77 жүлдегердің 16-сы қазақ-түрік лицейінің оқушысы болғандықтан, марапаттың арнайы көшпелі символы – «Үркер» белгісі осы лицейге берілді.
Қазақ-түрік лицейі бұл марапатты үшінші рет иеленіп отыр. 2012 жылы, 2015 жылы және 2016 жылдары оқушылардың республикалық және халықаралық олимпиададан жеткен жетістіктері үшін марапатталды. Атап айтсақ, 2015-2016 оқу жылында қалалық пән олимпиадасынан 33 орын, республикалық пән олимпиадасынан 6 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль және халықаралық жоба жарыстарынан 26 жүлделі орын алды. Алматы қаласында өткен IOI-2015 Халықаралық информатика олимпиадасынан жүлдегер атанып, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырзамен кездесті. Сәуір айының 12-14 күні Павлодар қаласында өткен академик Ә.Бектұров атындағы ІІ Халықаралық химия олимпиадасынан 3 оқушы және VI Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсынан І орын жүлделерімен оралды.
Қала басшысы Бауыржан Байбек бәсекеге қабілетті, Тәуелсіз еліміздің ертеңгі үміт артар мақтаныштарына айналатын оқу озаттарына құрметті марапат – «Үркер» белгісін табыс етіп тұрып ата-аналар мен ұстаздардың орасан еңбегі бар екендігін айрықша атап көрсетті. Өз кезегінде, қазақ-түрік лицейінің оқушысы Ғалымжан Балтабай қала басшысына мектеп оқушылары атынан алғыс білдірді.

Ақтамберді Жанарбекұлы

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.