Мамыра-жай мамыр

Мамыр – қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың үшінші айы, яғни григориан күнтізбесінің май айына сәйкес. Жыл айларының ішінде мамыр ең сұлу, табиғаты тамаша гүлге бөленген көктемнің дер кезі, шаруа айы (Б.Әуетов). Бұл ай шаруалар үшін – қадірлі ай: жауын-шашын көп болып, шөптің бойы көтеріледі; жан-жануарлар түлеп, өсімдік гүлдейді. Әжелер барлық ауру-сырқатқа ем болады деп зауза майын жинайды.

Халық мамыр айын былай деп жырлаған:
Жұлдыз аты тағылған,
Айы зауза туады.
Дала көкке малынған,
Гүлге алуан тұнады.
Аққу құс пен үйрек, қаз,
Бекімеген топшысы.
Балапаның үрпек бас
Мамыр дейді шақты осы.
Әні, күйі көп үнді,
Ерекше тұр, сыңайы.
Мерекелі, көңілді
Май – көктемнің соңғы айы.

Көк шығып жерге балауса,
Тояттады мал біткен.
Жан-жануар исініп,
Мамырлап тірлік жан біткен.
Қазақ тілінде ай аттарының бірнеше нұсқасы сақталған. Қазіргі қолданыстағы ай аттары әр жүйенің ішінен құрастырылған жиынтығы деуге болады. Мәселен, мамыр айы кеңес дәуірі кезінде әдеби тілде май делінді. Мұқағали Мақатаевтың шығармаларында «Мамылжыған мамырдан май тамып тұр» деген жолдар кездеседі. Ал ай аттарына қатысты шыққан еңбектерде мамыр айы шаруалар тілінде сәуір, аңшылар тілінде құралай айы деп аталатындығы көрсетіледі.
Мамыр атауының шығу төркіні көктемгі табиғат құбылыстарының ерекшелігіне сүйенеді. Қазақ сөздігінде бері­луі бойынша, мамыр сөзі «1. Күн­тізбелік жылдың бесінші айы, көк­темнің үшінші айы; жайма-шуақ кез; 2. Жылқының аяқ ауруы; 3. Үйрек, қаздың балапаны» деген мағыналарды білдіреді (1). Бұл сөздің күнтізбедегі ай атауы ретінде қалыптасуын сөздікте келтірілген үшінші мағынасымен байланыстыруға болады. Себебі қазақ күнтізбесін зерттеушілер, көлге қонған қаз бен үйректің бабына келіп, семіріп, балапанданып, мамырлап қалу құбылысымен байланыстырады; яғни құстардың семіріп, ұша алмай, мамырлап қалған сәтімен теңестіреді. Б.А.Куфтин бұл мамыр сөзін «ақсақ» мағынасымен түсіндіреді. Яғни құстардың балпаңдап, жүре алмай, ақсап қалу бейнесін таныту мақсатында қолданған болса керек. (2).
Жалпы көктемнің басты белгілерінің бірі – жыл құстарының ұшып келіп, жұмыртқа салуы, сайраңдауы, көлдің сәнін келтіруі. Мамыр айы осыған орай аталса керек. Шынында да, осы айда аққу, қаз, үйрек құстары балапандарын ұядан ұшырады. Бұған негіз болатын тағы бір дерек – халықтық таным-түсінікте осы айда туылған нәрестеге «Мамыр» есімі қойылады (3).
Тілімізде мамыр сөзінен қалып­тасқан мамыр болды «бақуатты, жанға жайлы тұрмыс кешті», көңілі мамыр болды «көңілі жайланды», мамыра-жай «жайма-шуақ, жадыраңқы қалып, күй», мамыра/мамырасын «жадыраңқы, жайма-шуақ», мамырлау «баяу қозғалып, жай басу, тояттану; біртіндеп тоқтау, басылу; қоңыр, жағымды дауысқа салу (ән айту)» сияқты қолданыстар бар (1). Бұл тілдік қолданыстар «жайбарақаттылық, жанға жайлылық, жайма-шуақ кез» деген ортақ ұғымды білдіреді.
Сонымен қатар мамыр айында аспан әлемінде мынадай құбылыстар болып жатады:
– мамыр айының орта шенінде Таразы, Үркер, Сүмбілелер жатып қалады. Осы кезде күн бататын жақта самаладай төрт жұлдыз – Босаға жұлдызы жарқырап тұрады.
– Үркер мамырдың 10-ында батып, сол батар алдында жаңа туған аймен тоғысады. Бұны есепшілер бір тоғыстың айы деп атап, оны жылдың басы етіп белгілеген.
– 14 мамыр мен 21 маусым аралы­ғынан басқа уақыттарда Үркер жұлдыз шоғыры (Торпақ шоқжұлдызының құрамында) түнгі аспанда үзбей көрініп тұрады.

Мамыр айындағы табиғат амалдары

Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бстайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны – мамыр айының аяғында соғатын суық жел. Өйткені осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады.

Құралай салқыны – григориан күнтізбесі бойынша 15-18 мамырда кіріп, 25-28-інде яғни он күнде аяқталатын амал. Бұл кезде қатты ұшырма жел соғып, салқындық болады. Мезгіл-мезгіл нөсерлетіп, кей жылдары қар аралас жаңбыр жауады. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады. «Құралайда Шуан жайылып өліпті» деген аңыз бар: «Ертеде осы бөкейлікте өмір сүрген Шуан деген бай осы құралай амалы кезінде малын бағып жүріп, боранға ұшып өліпті, ыссылағандай сезініп, үстіндегі киімін бір-бірлеп шешіп тастай беретін көрінеді. Шуан байды да солай шашылған киімінің ізімен тапса керек. Ол жақтағы Шуанша жайылған деген мәтел содан қалған екен».

Әдебиет
1. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет. 1055 б.
2. Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филол. ғыл. канд… авторефераты. – Алматы, 2008. – 26 б.
3. Аманжолов С. Қазақтың әдеби тілі. Алматы, 1995. – 216 б.

Бетті дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алма

    Мақала жақсы жазылған, мамыр туралы қызықты жайларға қанық болдым. Осы сияқты мақалалар көбейе берсін сүйікті газетімізде.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.