102 жастағы ардагер

Айтбай Әлібайұлы Сүлейменов – Ұлы Отан соғысының ардагері. «Қызыл Жұлдыз» орденінің, сон­дай-ақ Ұлы Отан соғысының І дә­­ре­желі орденінің иегері. Ол кісі бір ғасырды артқа тастап, бүгінде 102 жасқа аман-есен жетіп отырған абыз қария.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Сүлейменовтер әулеті
9 ма­мыр – Ұлы Жеңіс мереке­сі күні Айтбай ағаның шаңыра­ғында бас қосады екен. Айтбай ақсақалды мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіреді. Игі тілектерін арнайды. Сый-құрмет көрсетеді. Ұлағатты әңгімесін тыңдайды. Батасын алады.

Бәрі де жарасымды… Мұндай кезде ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауына айналып отырған абыз қарияның жанарына қуаныштан жас үйіріледі. Жан жары Райхан апамыз осыдан біраз жыл бұрын дүние салған екен. Сүлейменовтер бүгінде үлкен әулетке айналған отбасы десек, артық айтқандық болмас. Ұл-қыздары, олардан өрбіген ұрпақтар өз салаларында үлкен жетістікке жеткен білікті мамандар, айтулы қайраткерлер, ардақты азаматтар.
Ал енді Айтбай Әлібайұлының Ұлы Отан соғысының ардагері, қарапайым еңбек адамы, тұлға ретіндегі орны қашанда бөлек. Сөзіміздің басында айта кетейік, ол Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі. Соғыста алған орден-медалдерінен басқа бейбіт өмір кезінде алған Еңбек Қызыл Жұлдызы медалі кеудесінде жарқырап тұр. Жалпы, марапаттан кенде емес. Елге сіңірген еселі еңбегінің арқасы ғой. Сұрапыл жылдарда қан майданда жаумен арпалысты. Бұл туралы сәл кейінірек.
Айтбай Әлібайұлы 1931-34 жылдары Свердловск қаласындағы жұмысшылар факультетінде тәлім алған. 1934 жылы Ресейдің Урал индустриалды институтына оқуға түседі. Бұл оқу орны ол кезде УПИ деген атпен танымал болды. Ардақты азамат білімге деген құштарлығымен оқу орнын инженер-металлург мамандығы бойынша үздік бітіріп, еңбек жолын Медногорск мыс балқыту зауытында бастапты. Бірден металлургия цехының ауысым басшысы болып тағайындалған. Ұлы Отан соғысы басталғанда, бір жылдан кейін қысқа мерзімді дайындық курсынан өтіп, лейтенант шенінде майданға аттанады. 220-шы атқыштар дивизиясының танкіге қарсы артиллериясын басқарады, яғни командирі болады. Берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындап, біліктілігімен көзге түседі. Жалындап тұрған жас жігіт 1944 жылы аяқ астынан ауыр жарақат алып қалады. Жарақатынан ІІ топтағы мүгедек атанады. Бірақ жау оғы тәнін жараласа да, оның жанын, намысы мен жігерін жаралай алмаған еді. Жарақатынан айыққан соң Ленинград қаласындағы Ижорск зауытында мартен цехында еңбек етеді.
– Неміс әскерлері ең алдымен танкіге қарсы қорғаныс шептерін бұзуға әрекет жасайтын. Сондықтан біздің батареяға қиын тиді. Әрбір жан алысып, жан беріскен шайқастарда взводымыздан 3-4 жауынгеріміз қаза тауып, дәл осынша адам жарақат алатын. Біздің шеп маңызды рөл атқарғандықтан ол үнемі жаңа жауынгерлермен толығып отырды, – дейді ардагер. Оның Смоленск қаласынан бастап Витебскідегі ауыр шайқастарға дейінгі жолды жүріп өткені бүгінгі ұрпақ үшін аңыздай айтылатын ақиқат.
Айтбай ақсақал соғыс жылдарын көп еске ала беруді ұнатпайды екен. Өз ұғымында соғысты – жанкешті әрі азапты еңбек, әрбір азамат үшін ауыр сын деп қабылдайды. Міне, осы сындардың бәріне үлкен төзімділік, темірдей шыдамдылық қажет. Айтбай Әлібайұлы командир ретінде сол төзімділік пен шыдамдылық қасиеттерді жауынгерлерінің жүрегіне ұялата білген. Соғыс деген өмір үшін арпалыс. Тіршілік үшін күрес. Жеңіс үшін жанпидалық қылу.
Айтбай ақсақалдың осынау сұрапыл соғыста қалай жараланғанын, сол сағаттардағы арпалыс­тар туралы бір-екі ауыз тоқтала кетсек артық болмас.
Витебск түбінде жан алысып, жан беріскен ауыр шайқастардың бірі жүріп жатады. Жау қолы ентелей түсіп жақындап келеді. Кейбір майдандастарын тұтқынға алды. Алайда бұлар неміс армиясын жақындатпады. Оқты қарша боратып, бас көтертпейді. Бірақ сарбаздардың бәрі қатты жараланып, біразы ажал құшады. Командир Айтбай жау шебіне оқ бағыттап тұрған сарбазының жантәсілім болғанын байқайды да, дереу соның орнына барып тұрады. Дәл сол кезде қорғаныс қалқанына снаряд тиіп, оның ұшқындары көзіне, қолы мен аяғына, кеудесіне тиеді. Ауыр жарақаттанады, бір көзіне айтарлықтай зақым келеді.
Аман қаламын ба, өмірімді жалғай аламын ба деген күдік пен үміттің арасында жатқанда жас жауынгердің жүрегіне сенім мен қуат берген сүйікті жары Райханның хаттары болыпты. Ол жұбайынан келген сағыныш хаттарын сол жақ қапталындағы қалтасында сақтап жүріп­ті. Алғашқы көмек көрсеткен дәрігері: «Сені құтқарып қалған не екенін білесің бе? Бұл – хаттар. Сүйікті жарыңның махаббатқа толы хаттары. Қайғырма, сен әлі жүз жасайсың» деген екен. Дәрігер бір нәрсені жүрегі сезіп айтқан болар…
Сол кездегі өмірден сыр шертетін сарғайған хаттарда былай деп жазылған екен: «Айтбай! Мен қазір өзің шексіз жақсы көретін кішкентай балапандарымызды бағып-қағып өсірудің қамымен күн кешудемін. Сендер болсаңдар, Қызыл Армияның барлық жауынгерлері неміс басқыншыларымен күрестегі ұлы шайқас жолындасыңдар. Жарқыным, жалғызым, сенсіз маған да, балаларымызға да өмір сүру қандай қиын екенін өзің білесің. Дұшпанды тізе бүктіріп, аман-есен оралуыңа тілектеспін. Райхан».
Жан жары Райханның хаттары майдан шебінде күн демей, түн демей арпалысып жүрген Айтбайдың жігеріне жігер қосқаны сөзсіз. Олар дүниеде барлық қиындықты озбырлық, зұлымдық емес, Отаныңа, отбасыңа, жан жарыңа деген махаббат сезімі жеңетінін дәлелдей білді.
«Қазір санамда соғыс туралы естеліктерім көп сақтала қойған жоқ. Бәрі де уақытпен ұмытыла бастайды екен ғой. Жұбайым Райхан журналистерге берген сұхбаттарымның қиындыларын көзінің қарашығындай сақтап жинап жүретін. Менің ерекше айтайын дегенім, майдандағы алған ордендеріміз, медальдеріміз – жанқиярлық ерліктің куәсі дер едім. Осыны бізден кейінгі ұрпақтарымыз ұмытпаса екен. Жұдырықтай жүрегіміз тек қана Отан деп соқты. Ел-жұртымызды жаудың қанды тырнағынан азат ету керек болды. Бізде мұнан басқа мақсат та, арман да болған жоқ» дейді Айтбай Сүлейменов.
Бүгінгі таңда оқ тескен бума хаттардың бір данасы ғана Айтбай Әлібайұлының өзінде, ал қалғандары Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск және Киев қалаларының мұражайларында сақтаулы тұр. Зайыбы отағасына тылдағы өмірді, онда да жақсы жайттарды жазуға тырысқан. Махаббат пен сезімге толы хаттарда балаларымен бірге оны асыға күтіп жүргені баяндалады. Ерінің тағдырын сезсе де, оның көңілін аулау үшін өз басындағы қиындықтарды еш қозғамаған. Екеуінен туған Бекет атты ұлдары дифтериядан қайтыс болғаны жанды күйзелтетін ауыр соққы болды.
Соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы Айтбай Әлібайұлы Алматыға көшіп келіп, осы қаладағы Алматы машина жасау зауытында (АЗТМ) еңбек етуін жалғастырыпты. Болат балқыту цехында табысты жұмыс жасап, артынша осы цехтың беделді басшысы болады.
Ол кісінің цехтағы қызыл жалынға кеудесін тоса табан аудармастан 75 жасқа дейін жұмыс істеуі бойындағы еңбекқорлық қасиетін байқатса керек. Ардақты әкесінен осындай тәлім алып өскен балалары да мұны бірінші кезекте атап айтады. Мәселен, ұлы Батырбек Сүлейменов бір сөзінде: «Біз оқу демалысы кезімізде зауытта болат балқытушы, темір өңдеушілерге шәкірт болып жүретінбіз. Бір жарым айдай еңбек етіп, азын-аулақ қаражат та табатынбыз. Әкеміздің тәрбие берудегі ең басты қасиеттерінің бірі ол – балаларына еңбек ете білуді үйренткенінде деп ойлаймын» деді.
Білікті маман, айтулы шебер басшылық еткен жылдары цехтың жұмысы жоғары қарай өрлеп сала береді. Болат балқыту цехы заманға сай құрылғылармен әрі жаңа технологиялармен жабдықталып, өнімділік қуаты арта түседі. Айтбай Әлібайұлының жетекшілігімен цехтың көрсеткіші Жапония, Германия секілді елдерінен асып кетеді. Кеңес Одағы көлеміндегі әріптестерін де бәсекеге қабілеттілік жағынан шаң қаптырып кеткенін сол кездегі БАҚ жарыса жазып жатты.
Бұл шақтарда Сүлейменов басқаратын цех биіктен көрінді. Көптеген елдерден әріптестері үйреніп, тәлім алу үшін келеді. Айтбай ақсақалдың өзі бұл жөнінде былай деп еске алды: «Адал еңбек еттік. Сапалы жұмыс жасауға тырыстық. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Өнім көлемі артып, Отанымыздың болат балқыту саласындағы едәуір нәтижелерге қол жеткіздік. Мұның бәрі ұжымыңды бір ортақ мүддеге – елге қызмет ету мүддесіне бағыттай білудің арқасы шығар. Қиындықтар болмай қойған жоқ, болды. Бірақ алдына биік мақсат қоя білген адам оның бәрін қайтсе де жеңіп шығатынына сендік. Бізді соған жетелеген осындай жігер, қайрат, намыс» дейді.
Айтбай аға 70 жасқа толған шақта оны мерейтойымен Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Алексей Маресьев, КСРО Ауыр машина жасау министрі С.Афанасьев құттықтаған екен. Бұл даңқты қазақ азаматына деген құрметтің белгісі екені сөзсіз. Болат балқытуды кәсіп еткен тұғырлы тұлғаның болмыс-бітімі де өмір сынақтарында шарболаттай шыңдала түскені байқалады. Жүрісі нық, қолы қайратты, жадысы мықты. Бір сөзбен айтқанда, қайыспас қара нар!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.