Жер тағдыры: ортаға салар ойлар бар

Қазақ елінің тарихында жер мәселесі ерекше орын алады. Ахмет Байтұрсынов тілімен айтқанда, бұл күнде қазақ қажетінің арасында ең бірінші – жер мәселесі («Қазақ», 1913 ж.). Расында,  жерге қатысты әрқилы дау-дамай мен зорлық-зомбылықты көп көрген халқымыздың жанды жерінің бірі де – жер мәселесі.  Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамда дау-дамай туғызған нормативтік актілеріне мораторий жариялаған болатын.

Мәселенің мәнін шешу үшін жер реформасы бойынша комиссия құрылып, өткен сенбіде алғашқы отырысын өткізді. Көпшілік комиссия отырысына зор үміт артқаны жасырын емес. Өйткені оның құрамы ел аманатын арқалаған елжанды азаматтардан құралған. Алғашқы отырысқа комиссия мүшелерінің 70-і қатысты.
Отырыста пікірін білдіргендер ішінде бірі жерді сату, жерді жалға беру дұрыс десе, енді бірі қарсылық танытып жатты. Комиссияға мүше фермерлердің көпшілігі жерді сатып алуға ниетті, олар Жер кодексіндегі өзгерістерді қолдайтындықтарын жеткізді. Ал Үкімет мүшелері жерді экономикалық айналымға шығарудың артықшылықтары хақында әңгіме өрбітті. Бірқатар қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жерді сатуға қарсылықтарын білдірді. Бір айта кетерлігі, отырыста негізгі мәселе «ауылым – алтын бесігім» демекші, жерді сату, не сатпау жайы ғана емес, ауылдың әлеуметтік жағ­дайы, ауылшаруашылығының ахуа­лы, фермер­лердің талап-тілегі тұр­ғы­­сындағы өте ауқымды, кешенді мәселе­лермен өрбіді.
Алқалы жиынды комиссия төра­ғасы, Премьер-министрдің бірінші орын­басары Бақытжан Сағынтаев жүр­­­гізіп отырды. Ол өз сөзінде: «Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс ту­дыр­­ған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Бірақ экономикамыздың, ауылша­руа­шылығының дамуына жер рефор­масы­ның қажеттігін де мойындауымыз қажет» деді.
Комиссия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Төраға-сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жер реформасына қа­тысты мәселенің талқылануына жарты жыл уақыт бар екендігін, осы ретте комиссияның әрбір мүшесі, не болмаса белгілі бір топтың, партияның, қоғамдық ұйымның, үкіметтік емес ұйымның өкілі өз пікірлерін жазбаша немесе ауызша комиссия отырысында талқыға салуы керектігін атап өтті. Әрбір пікір ескерілуі керектігін, Заңның әрбір бабы бойынша Елбасының айтып отырған тапсырмасы халықтың ортасына барып түсіндірілуі тиістігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол жер мәселесіне қатысты ортақ шешім шығаратын редак­циялық комиссия құрылуы қажеттігін қолдады. «Бар­лық облыстарда біздің комиссия сияқты әкімдіктің жанынан қоғамдық кеңес­тер құрылды. Жергілікті деңгейдегі қоғам­дық ұйым мүшелері халықтың ой-пікірін облыс әкімдеріне сол ­кеңес­тер арқылы жеткізуде» деді М.Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар ол: «Жер біздің халқымыз үшін мате­риал­дық игілік қана емес, аса үлкен рухани байлық. Ол біздің ең қасиетті құн­дылығымыз – тәуелсіздігіміздің қай­наркөзі. Сондық­тан жер туралы пікір алысуымыз еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақ­тауға жұмсалу керек. Біз «жеріміз бай» деп отыра бермей, оны күтіп, баптап, ел игілігін, халық байлығын еселеуге жарата алатын азаматтардың қолына бе­руіміз керек» дей келе, қабылданатын заң­ның басты мақсаты осы екенін атап өтті.
Комиссия отырысында Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Асқар Мырзахметов шетел­діктер жерді, тіпті Қазақстан азамат­тарынан да сатып ала алмайтынын, мал жайылымдары да жекеменшікке өте алмайтынын айтты. «Жер шетелдіктерге сатылмайтыны жаңа да, мұның алдында да айтылып жатыр. Бұл жерде тағы бір мәселені айтқым келеді. Егер де шетелдік компания немесе шетелдік азамат жерді Қазақстанның резидентінен сатып алғысы келетін болса, оны қазір ­нотариус арқылы ресімдеуге тыйым салынған» деді А.Мырзахметов.

«Көптеген әлемдік тәжірибені қорытындылай келе, жер реформасы ешқашан өндірісті төмендетпейді, керісінше, әрдайым тиімді нәтижелерге алып келеді. Уақытша пайдалануға берілген жерге қарағанда, жер иелері өңдеген жердің өнімділігі жоғары» деген Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бұл орайда бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды.
Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың айтқан уәжі қисынды болды. Мәселен, ол әр адамға сатылатын жердің мөлшерленген шегі болуы тиістігін алға тартты. Осы ретте сенатордың «Жерді шетелдіктерге жалға беріп, жерге инвестиция әкелуіміз керек. Бірақ та ол қандай шетелдіктерге, кімге берілуі қажет? Осыны анықтауымыз керек. Мәселен, Франция, Германия, Израиль, Дания сияқты дамыған елдердің инвесторлары келіп, бізге инвестиция салатын болса, неге оларға жер бермеске?» деді сенатор. «Бірақ шетелдіктер өздерінің инвестициясымен келсін. Олар өз адамдарын әкелмесін. Жұмысшылар біздің қазақстандықтар болсын. Қазақстанның азаматтары болсын» деген тұжырымы мәселенің мәнісін ашып бергендей болды.
Жиын барысында Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов, Жақсылық Үшкемпіров сынды белгілі тұлғалар күн тәртібіндегі сауалдардың өзекті екеніне тоқталды. Туындаған барлық мәселелерді бірлесе шешуге баса мән берді. Экономика ғылымының кандидаты, комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжанның ұсыныстары комиссия жұмысын қолдау бағытында өрбіді. Ол жер реформасына қатысты туындаған дау-дамайды ақылмен, сабырлылықпен шешу керектігін алға тартты. Саясаттанушы Берік Әбдіғали болашақта ынталандыру тетіктері арқылы ауылға ақша салуға, азаматтарды көшпеуге, ауылда қалуға ынталандыру жобаларын қарастыру қажеттігін ескерді.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жер реформасы не үшін жасалғанын әуелі жастарға түсіндіру қажеттігін, жастар арасында сауаттылықты дамытуды тілге тиек етті. Жиын барысында жерге байланысты көптеген өзекті жайттар қозғалды. Сала мамандары мен сарапшылар өздерінің нақты көзқарастарын білдірді.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехни­калық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев жерді жалға беру институтын сақтау керектігін мәлім етті. Ал «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр жекеменшіктің басымдығы туралы түсіндірді. Осы орайда ол жер реформасы аясында туындаған проблеманы ешбір қатерсіз шешуге шақырды. Мұны «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіп холдингінің жетекшісі Темірхан Досмұхамбетов те қолдады.
Жер реформасы бойынша комиссия­ның отырысында «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Баба­мұратов өз ойын ортаға салды. Ол «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ секілді тек ауылшаруашылығы мақсатында ғана несие беретін мемлекеттің қатысуындағы банк қажет екенін тілге тиек етті. Д.Бабамұратов ауыл маңындағы жерлер жалға берілмеуі керек деді.
Бүгінде қоғамымызда жер игеру мәселесі жиі айтылып келеді. Бұл жөнінде де әртүрлі көзқарастың бар екені аян. Осы орайда қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім ауылшаруашылық жерлерін қазақ азаматтары өздері-ақ игеріп кете алатынына сенімді екенін жеткізді. Ал саясаттанушы Айдос Сарым Жер кодексін жетіл­діру керек деген ойын білдірді. «Меніңше, бізге өзіміздің модельді табу керек. Бәрінен бұрын, егер де шетелдіктердің қатысуы алаңдатса, онда бұл мәселені шешу керек. Сонымен қатар өзімізге де қатысты бағыттарды шешу маңызды. Бизнеспен айналысуға ниетті адамдарға байланысты мәселенің шешімін жасау қажет. Бүгін билік өкілдері барынша сабырлық танытты деп ойлаймын. Егер талқылаулар алдағы уақытта да осы арнада жалғасса, нәтижеге қол жеткізіледі» деді ол.
Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстанда жерді жекешелендіруге асықпау қажет деп санайды. Себебі шаруалардың көбі оған әлі дайын емес. «Жекеменшік – нарықтық экономиканың негізі. Ауыл шаруашылығында оның салмағын бағалау тіпті мүмкін емес. Себебі жалға алынған жерге банк несие бермейді, соның кесірінен дамуға қолбайлау болып отыр» деді А.Перуашев.
Алқалы жиында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев комис­сия шешімдерінің халыққа дұрыс жеткізі­летіндігін атап өтті. «Жер – халқымыздың қа­зынасы. Оны бәріміз білеміз. Басты ұстанымды негізге алып жұмыс істейміз деген ойдамын. Қазір барлығы ашық түрде өтуде. Журналистер осы жерде айтылған пікірлерді халыққа жеткізетіндігіне сенемін. Бірақ біз сөздің мән-маңызын ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан барлық мәселені талқылай отырып, қалың бұқараға мән-жайды түсінікті түрде жеткіземіз. Біз өз тарапымыздан осында қабылданған шешімдердің халыққа дұрыс жеткізілуіне бар күшімізді саламыз деп уәде береміз» деді министр.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, жер реформасы бойынша республи­ка­лық комиссия отырысын Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев қорытындылады. Комиссия жанынан түрлі салалар бойынша 4 жұмыс тобы құрылатындығы айтылды.
– Менің ойымша, біз бүгін жақсы кеңес өткіздік. Шамамен 7 сағат үзіліссіз жиын өткізілді. 75 адамның 70-і қатысты. 5 адам дәлелді себептермен келе алмай қалды. Бір адам отырысқа қатысудан бас тартты, ол «Арлан» үкіметтік емес ұйымның төрағасы Макс Боқаев. Бірақ ол мүлдем келмеймін деген жоқ. Оның өз талабы бар, бірақ ол жеке сипатта. Алайда, оған біздің есігіміз әрдайым ашық, – деді Б.Сағынтаев. Комиссия төрағасы бүкіл Қазақстан халқының пікірлерін жинақтап, бір шешім шығаратындарын, бұл орайда ең бірінші түсіндіру мәселесі қолға алынатынын атап көрсетті.

Алматыдағы Зиялы   Қауыммен жүздесу

Жер мәселесіне байланысты алқалы жиын Алматыдағы «Достық» үйінде де өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты. Аталған басқосуға зиялы қауым өкілдері жиналып, өз ойларын ортаға салды.
М.Құл-Мұхаммед кейбір азаматтардың «Экономика дағдарысқа ұшырады. Бюджетке түсетін қаржы азайды. Соның орнын толтыру үшін жер сату басталды» деген алып-қашпа әңгімелерге түсініктеме беріп, бұл мүлде шындыққа жанаспайтын пікір екенін ашық айтты. «Реформаның басты мақсаты – жерді халқымыздың тұрақты табыскөзіне айналдыру деп түсінуіміз керек» деді Мұхтар Абрарұлы.
Сондай-ақ М.Құл-Мұхаммед енді бір топтың: «Қазақ жерінің жартысы сатылып кетті. Енді Үкімет қалған жартысын сатуға кірісті» деп байбалам сала бастағанына назар аударды. «Бұл да шындықтың ауылынан алыс жатқан өте ұшқары байлам. Қазақстандағы барлық жер қоры 272 миллион гектар. Оның ішіндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 100,8 гектарды құрайды. Ал Тәуелсіздігіміздің 25 жылында соның 1,3 миллион гектары, яғни 1,3 пайызға жуығы ғана жекеменшікке беріліпті. Айтыңызшы, жартысы мен 1,3 пайыздың арасы жер мен көктей емес пе? Үшінші мәселе жерді жалға беруге қатысты. Бүгінгі күнге дейін республикамыздағы жалға берілген жер телімінің көлемі 99,5 миллион гектарды құрайды екен. Осының тек 0,06 пайызын ғана шетелдіктер жалға алған. Міне, бұлтартпайтын шындыққа негізделген фактілер осындай» деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бүгінде жұртшылық арасында «жерді сатып алған немесе жалға алған қазақстандық алпауыттар оны қымбат бағаға шетелдіктерге сатып жіберуі мүмкін» деген алаңдаушылық жоқ емес. ­М.Құл-Мұхаммед жерді сатып алған немесе жалға алған қазақ­стандықтар оны өз бетінше басқа біреуге сата алмайтынын, бұған заңнамада көптеген тосқауылдар қойылғанын баса айтты.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары: «Кейбір шетел азаматтары қазақстандық қыз-келіншектермен жалған некеге тұру арқылы жер сатып алу мүмкіндігіне ие болуда» деп алаңдаушылық білдіруде. Міне, бұл – дұрыс пікір. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін заңда тиісті шектеулер қарастырылған. Атап айтар болсақ, жер Қазақстан азаматына ғана беріледі, ал егер олар ажыраса қалған жағдайда жер тек Қазақстан азаматының жекеменшігінде қалады» деді. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруден жасқанудың еш қажеті жоқтығын тілге тиек етті. Ал олардың жалға алған жерлерді аздырмай, тоздырмай ұстауына қатаң бақылау орнататын заң талаптарын енгізу керек деген пікірлермен толық келісетінін айтты.
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов алып-қашпа қисынсыз уәждерге ере бермей, жермен жұмыс істеу керектігі туралы да айтып өтті.
Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, академиктер Төрегелді Шарманов, Еділ Ерғожин, Әлия Бейсенова, Нағима Айтхожина, Досмұхамед Кішібеков, халық артистері Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Сәбит Оразбаев, заң ғылымының докторы Сұлтан Сартаев, жазушылар Дулат Исабеков пен Сәбит Досанов, қоғам қайраткерлері Иса Байтулин мен Талғат Мамашев, жазушы Бексұлтан Нұржеке өз ойларын білдірді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ зиялыларымен болған Алматыдағы дөңгелек үстелді қазақтың кең пейіліне қарай көл-көсір мол жер бұйыртты, енді қазақтар осыншама байлықты еселеп ел игілігіне айналдыра алатын жердің қадірін білетін ерлерге беруі керек деп қорытындылады.
Сонымен, барша қауымды толғандырған жер тағдырына байланысты маңызды екі жиын өтті. Халқымызда «Келісіп пішкен тон – келте болмас» деген ұлағатты сөз бар. Барлық түйткілдерді ой сарабына салып, шешкеніміз дұрыс. Жиналған көпшіліктің пікірі осыған сайды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Фрилансер

    «Жердің қадірін білетін ЕРЛЕР» кім екен сонда?

  2. Ғиззат Досжанов, Омбы - Алматы

    Фрилансер, дұрыс сұрақ қойыпсыз. Сізге бір ғана толықтырма қосқым келеді. Осы екі алқалы жиналысқа неге ҚАҚ «Азат» қозғалысы мен «Алаш» партиясы шақырылмаған? Олар кезінде Ел мен Жерді (мемлекетті де) қорғауға үлкен үлес қосқан. 1991 жылғы Оралда болған оқиғаны еске алыңыздар.

    Ғиззат Досжанов, биол. ғыл. канд.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.