Сарбас Ақтаев, жазушы: «Ана тілі» – халықтық басылым

«Ана тілі» – туған тіліміздің ғана емес, туған халқымыздың аман сақталуы үшін бел шешіп белсене күресіп келе жатқан жауынгер басылым. Ол алғашқы қадамынан бастап-ақ қазақ тілінің тазалығы, сөзіміздің сазы мен маңызын сақтап, оны мәні мен сәнін келтіре қолдану жөнінде ой қозғап келеді.
Кезінде бірыңғай тіл мәселесімен ғана шұғылданып келсе, кейін ол кәдімгі қоғамдық, саяси басылымға айналды. Оның әр нөмірін оқырман қызыға шолып, жанына азық алады. Еліміздің елдігі, халқымыздың тарихы, Алашқа әйгілі азаматтар жайлы да келелі-келелі мәселе қозғап, ойлы очерктер, танымдық мақалалар жариялауда. Айқарма беттерінде халықтың шөлдеп отырған мәселесі, тарихтың белді сәттері, бұрын көлеңкеде қалып келген мәселелерді қозғап, жақсы-жақсы мағлұмат беріп жүр.
Мен көбіне осы газетте шыққан өлеңдерді қызыға оқимын. Басқа басылымдардай емес, бұл сол өлеңді таң­дап, шын мәнінде поэтикалық қуаты бар, жұртқа айтары бар жақсы жырларды жариялайды. Жақсы ақын­дарды жұртқа таныстырады. Демек, бұл да оның жақсы жақтары.
Бұл газеттің балдырғандарға арналған бөлімі де бар. Онда да тәп-тәуір дүниелер жарияланады. Демек, бұл ересектердің ғана емес, жастардың, балдырғандардың да сүйіп оқитын басылымы деген сөз.
Газет жылдан-жылға кемелденіп, ойы тереңдеп, мәні артып келеді. Қазір бір кездегі «Қазақ тілі» қоғамының ғана мәселесін қозғайтын, соның ғана үні болып жүрген шағын басылым емес, бұл халықтық басылымға айналып кетті. Сондықтан ұлт басылымына жазылу – парыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.