Қос қайраткер

Бақалыдан шыққан қос қайраткердің бірі едің, Мұқа! Тірі болғаныңда 20 мамырда сексен жасқа толар едің. Өкініштісі сол елу тоғыз жасыңда бақилық болдың.
Мұхтар Ғалиұлы Арын 1936 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келді. Алматы шет тілдер институтын бітірген соң, институтта оқытушы, аға-оқытушы, доцент және кафедра меңгерушісі, 1974 жылы Абай атындағы КазПИ-дің оқу ісі проректоры, 1980 жылы оқу-ағарту министрлігінде бөлім басшысы, 1983 жылы Ақтөбе пединститутының ректоры, Ақтөбе өңірінің «Абайы» атанып, өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Институттың ішкі-сыртқы қызметінен бөлек, қоғамдық жұмыстарға араласты. Ақтөбедегі «қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымын басқарды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты. Еңбектегі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мұхаң туралы жазылған естеліктерді оқып түсінгенім, Мұхаң өзі басқарған институтына Құдайберген Жұбановтың есімін алып беруге еңбек сіңірген, айтуға оңай, қаншама өтініш жазылып, биліктің есігі қағылды, қанша рет тер төкті, жүрек сыздады. Мұхтар институтты қолға алғанда 18 факультет бар болса, бәрінен де қазақ бөлімін және қазақ тілі мен әдебиеті факультетін ашты. Алматыдан ғалымдар шақырып, түрлі тақырыптарда лекция оқытқан, сөзім дәлелді болу үшін еңбек ардагері Кеңес Нокиннің естелігінен үзінді.

Мұхтардың тұсында Ақтөбе педагогика институты сөздің шын мағынасында зиялылардың оқу орнына, қарашаңырағына айналды. Бұл оқу орнынан қазақтың ұлттық рухының самалы есе жөнелетін. Тартымды кездесулер, жақсы да әсерлі кештер, ғылыми конференциялар жиі өтіп тұратын. Институт Ақтөбе өңірінің рухани орталығына айналды.
Ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері болған бала Мұхтардың әкесі Арын «халық жауы» деген жаланың құрбаны болғанда Мұхтар үш жаста, ал он бір жасында анасынан айырылып қиындықтың бар тауқыметін басынан өткізген. Әкесінің туған ағасы Ғалидың қолында тәрбиеленген. Бұл азамат нағыз молда әрі өткен тарихтан хабары мол, салт-дәстүрімізді аялаған, айналасына беделді болған. «Менің бойымда жақсы қасиет бар болса, сол адамның бойыма сіңіргенінен болар». Ғали аруағы риза болсын деген ниетпен төлқұжатыма «Мұхтар Ғалиұлы Арын» деп жаздырттым дейтін.
Онжылдықты Бақалыдан (Алматы облысы, Сарқан ауданы) бітіріп КазГУ-дің математика бөліміне түсуге келдім. Қабылдау бітіп кеткен, не істерімді білмей, Комсомол (Байтұрсынов) көшесімен жүре бердім. Дзержинский (Нау­рызбай батыр) көшесіне жеткенде оң қол жағымдағы зәулім үйдің тақтайшасындағы жазуды оқи бас­тадым. Қасыма ұзын бойлы қара торы әйел келді.
– Бала, бұл институт өте жақсы мамандар дайындайды, неміс бөліміне түссең өкінбейсің, мектеп мұғалімі болып шығасың, – деді. Сол ұзын бойлы қара торы әйел атақты драма театрдың артисі Қалибек Қуанышбаевтың қызы Жамал Қалибекқызы Қуанышбаева екен. Институтта неміс бөлімінде сабақ береді екен. Кейін ол менің туған апамдай әрі досымдай болды, талай рет дастарқанынан дәм татып, әңгімесін тыңдадым. Ауылдан келген біз көрсек, білсек деп жүреміз ғой. Бұл үйдегі отырыс маған біраз рухани азық берді. Аттестатымда бір төрт, қалғаны бес болғандықтан институтқа емтихансыз түстім. Бірақ есіл-дертім ҚазГУ-дің математикасына бару. Келесі жылға дейін оқи берейін дедім. Жасымыздан тәртіпке, жауапкершілікке үйренгендіктен жақсы оқып кеттім. Сол жылдары институтымызға орыс драма театрының режиссері М.И.Гольдблат келді. Өз ісіне берілген, бізді баурап әкетті. «Зұлымдық пен махабатты» қоямыз деді, маған Фердинанттың рөлін берді. Сәтті шыққан болу керек, газеттер мақтап жазды. Проректор А.П.Комаров неміс тілінің грамматикасынан лекция оқитын, «сен бала тілді дұрыс меңгере бастадың, жақсы оқысаң Мәскеуге жіберем» деп жігерлендірді. Сол күннен бас­тап математикаға түсейін деген ойым­нан арылдым. Неміс тілін бар ынтаммен меңгере бастадым. Калинин қаласында неміс грамматикасының саласынан диссертация қорғадым. Иә, Мұхаңның өмірінің есігі осылай ашылған еді…
Талай жылдар дәмдес болдық. Дастарқан басында қазақ хал­қының арғы-бергі тарихы, ұл­тымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпының озығы мен тозығы, отбасындағы тәрбиеге дейін әңгіме болады. Тәрбие демекші, Мұхаңның отбасындағы тәрбиесі ұлттық санамызға негізделген. Жазғы демалыста балаларын елге жіберетін. Ауыл тірлігін көріп, шаруашылығына көздері қанып, жақсылардың әңгімесін тыңдап, туған-туыстың жақындығын сезсін дегені. Сондықтан Ерланы мен Нұрланы екі тілді бірдей меңгерді, ауылдың да қаланың да тәрбиесінен сусындады. Мұхтар тәрбиесін Райхан жалғастырды, немерелері де өз тілінде оқыды, Абайы домбырада күй шерткенде айызың қанып, бәрекелді деп тамсанып отырасың. Отбасының қазығы Райхан дастарқаны мол, шуағы мол, мейірімді ана, сүйікті жар. Мамандығы – дәрігер. Мұхаң­­­ның жеке дәрігері әрі рух­тан­­­дырып отыратын ақылды серігі. Туған-туысқа есігі ашық.
1983 жылдың жазы ол кезде Какең Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология хатшысы кезі. Бүгін Мұхтар кеңсеге келіп кетті. Саған сәлем айтты. Амандық болса 1-2 күнде Ақтөбеге ұшады, сондағы пединститутқа ректор болып бекітілді. Ырғызымды, Ақтөбені сағындым. Барайын десем маңдай тіреп баратын үй жоқ деп едің, енді Мұхтар мен Райханның үйіне барасың. 1985 жыл ғой деймін. Какең іссапармен Ақтөбеге барып Мұхаң басқарып отырған институтты аралап, Мұхаңның үйінде болды.
– Мұхаңның басы толған идея, сол идеясын біртіндеп іске асырып жатыр. Облыс басшыларының да пікірі жақсы, бірақ қай жерде де қызғаншақ, көре алмайтындар бар, Мұхаңның кейбір істеген істерін ұлтшылдық деп айыптағысы келетіндер байқалады, абай бол дедім. Қорқып жатқан жоқ, батыл қимылдайды.
– Ақтөбе өңірінде талантты жастар көп, оларға көңіл бөлінбей басылып қалған, солардың рухын көтеріп, көмектесіп, зиялы қауымның өкілдерімен кездестіріп жатырмын. Әлі де алда талай істер күтіп тұр деп отыр.
Мұхаң үйге келгенде Бақалы ауылы мен Ақтөбе қаласы көшіп келгендей қуанысып қалатынбыз. Кәкең Мұхаңды еркелетіп «жүрек қалай, сыр беріп жүрген жоқ па, сен байқашы, жүрек құрғыр мотор ғой, анда да, мында да шауып жүрсің, қап дегізбесін» – десе:
– Ой, Кәке, сіздің моторың­ыз­дан менің моторым осал емес. Өзіңізді байқаңыз. Сол кезде екеуінің қөзқарастарында бірін-бірі жақсы көретіндігі, сен аман жүрші, бізді қапыда жылатып кетпеші дегендей сыр жататын. Аман көріскендеріне мәз болып қалатын.
– Ал Ақтөбең аман ба, қызметің қалай, сен сол елді қимай жүрсің-ау деймін, ел жаққа қашан келесің? – дейтін Кәкең.
– Оныңыз рас, Кәке, Ақтөбе халқы мені туған баласындай көреді. Қызметімді бағалайды. Ол жақта «сен басқа жақтан келдің» деп бөлу жоқ. Үлкені баласындай, кішісі ағасындай көреді. Алматыда бір-екі-үш күн жүріп қалсаң, сағындық, денсаулығың қалай, ауырып қалған жоқсың ба? деп, құрақ ұшып жатқан үлкенді-кішіні көргенде жаның жадырап елге риза боласың. Қимай жүрмін. Аудандарға бара қалсаң, әр үй әкесі келгендей күтеді. Кезекке тұрады. Уақыт тарлықтан бара алмай қалам десем, ең болмаса табалдырықтан басыңды сұқшы, отырмай-ақ қой деп қиылады. Кейбір отбасының тіршілігін көргенде жаның ашиды, бірақ тұрмысым нашар деген сөз ауыздарынан шықпайды. Халықтың көңілі бай, соған риза боласың. Менде қарап жүрмеймін, бала-шағасы бар, анда-мұнда шыға алмайтын отбасына көмегімді беремін. Балаларын байқаудан тыс институтқа қабылдатам. Қайда барсам да, өзің қол ұшын берген кешегі бала оқыған жігіт болып алдыңнан шыққанда, өзіңді бақытты деп санайсың. Ондай кезде өзіңнің ауруыңды ұмытып кетесің. Бәрінен де ауыл ақсақалдарының әңгімесін тыңдағанда жазылмаған кітап дерсің. Шіркін-ай, бәрін қағазға түсірсең, бір керемет шежіре болар еді-ау. Әсіресе, Ұзекең (Ұзақбай Құлымбетов) туралы көп әңгіме естідім, кейбіреуін жазып алдым. Ақтөбеге келіңдерші, Ұзекеңнің көзін көрген қарияларды жинап, бір жақсы отырыс өткізейік, – дейтін.
– Ал Ақтөбенің амандығын біл­дік, енді Бақалының жаңалығын айтшы. Ауыл ақсақалдары аман ба, мен ел жаққа жете алмай сағынып жүрмін, менің жұмысымды білесің ғой, жоғары бастықтан шығып кете алмайсың, – деп Кәкең өз пікірінде білдіріп қояды.
– Ел өзіңді сағынады. «Ызғар» романыңды ауыл ақсақалдары клубқа жиналып, дауыс ырғағы жақсы мұғалім қыздар мен жігіттерге оқытып тарасады, – деп отыр. «Бұл кітап – біздің жастық шағымыз, көрген қиындығымыз. Кәкімжанның ол кезде 13-14-тегі кезі, өзі де біз көргенді басынан өткізді. Қазір бәрі ұмыт болды. Өміріміз кітапқа айналды, бұған да шүкір. Жазылмаған, белгісіз кеткен қаншама тағдырлар бар» дейді.
Кәкең Мұхаңды жиі іздеп жататын, хабарсыз ғой өзі, аман болсын деп алаңдап, Ақтөбеге телефон соғатын. Мұхаң туралы сөз қозғалса, сағаттап сөйлеп кететін. Ол таза жанды, айналасына ғана емес, бір көрген адамына да жақсылық жасаушы, жасаған жақсылығын сатпайтын, мен істедім демейтін, жоқ, болмайды деген сөз аузынан шықпайтын ерекше азамат деп, мақтанышпен әңгімелейтін. Анау Кеңсайдағы марқұм Жүкеңнің (КазПИ-дің ректоры болған ғалым Жұмабеков Жүнісбек) мүсінін тұрғызды. Туған-туысының, жолдас-жораларының қызметін Мұхаңның бір өзі атқарды. Мұндай жүкті азаматтың азаматы жасайды. Жүкең де, Мұхтар десе ішкен асын жерге қоятын, жігіттерді жер-жерге бөлмейтін, тура жүретін азамат, екеуінің мінез-құлқы жарасқан ағалы-інідей еді. Мұхаң Жүкеңнің рухы алдындағы парызын орындады десе, менде Кәкең әңгімесін бөліп, «Мұхаң екеуің адамға жақсылық жасаудан ұқсайсыздар ғой» десем, осы сіз, қызықсыз, екеуміз туыс емеспіз бе. Ішкен суымыз, жұтқан ауамыз бір, Бақалының қара сирақ баласымыз. Біліп қойыңыз, біздің бойымыздағы бар жақсылық туған топырақтан таралған» дейтін.
Кәкең мен Мұхтар аналары жағынан туыс еді. Біріне-бірі тірек қана емес, елдің де тірегі еді. Елінің атын шығарған Бақалыдан шыққан қос қайраткер болды. Парламенттің депутаты, қоғам қайраткері, бірі – журналистердің ақылшысы, ақсақалы, жазушы-публицист, екіншісі, Мұхтар Арын –профессор, оқу ағарту саласында үлкен еңбек сіңірген ғалым, үш тілде еркін сөйлейтін ғажап азамат еді. Амал қанша, жазылмаған кітаптар, айтылмаған идеялар өздерімен бірге кетті.
…Әлі есімде 1989 жылдың 18 қазанында Мұхаң Алматыдамын деп телефон соқты.
– Мұхаңның жүрегі сыр беріп жүрген көрінеді, ертең үйге келеді, дайын болыңыз, – деді Кәкең.
Қазанның 19-ында кешке Райхан екеуі үйге келді. Кәкең Мұхаңды құшағына алып, біраз тұрды, «қорықтық» деді.
«Құдай сақтасын, қорықпаңыз, қазір тәуірлендім». Екеуі сол түні ұзақ әңгімелесті.
– Жақсы отырыс болды, 21-інде Ақтөбеге ұшамыз, – деді Мұхтар.
Қазанның 20-сында Кәкең жүрегі ауырып, ауруханаға түсті. 21-іне қараған түні қайтыс болды. Біздің отбасымыз үшін аспан жерге құлап түсті, жер құзға айналды. Шаңырағымыз шайқалып, тірегімізден айырылып, панасыз, шала-жансар күйде қалдық, сол көріністің ішінде өздерің болдыңдар. Қырқы, жылы, басына қойылған ескерткішті ашу – бәрінде өзің болдың. Кәкеңнің жылынан кейін мен өзімді еш жерге сиғыза алмай, ауылға барам дедім. Ақтөбеден Райханың мен Абайыңды ертіп, менен бұрын Бақалыға келіп, елді жинап, басшыларға айтып, менің алдымнан шығып, күтіп алдың. Ол күндер, жылдар елеске айналды.
Енді, Мұхаң жоқ дегенде, денем мұздап, көзімнен аққан жас жазып отырған қағазыма тырс-тырс тамады. Алпысқа жеткізбей ортамыздан алып кеткен сұм ажалға қарғыс айтам, қайтыс боларынның алдында үйге телефон соғып, амандық болса, 1996 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе халқына, басшыларға рақмет айтып, Алматыға біржола көшіп келем деп едің. 10-шы қыркүйек 1995 жылы сенің жарық дүниеден өткенің туралы хабар алдық. Япырау, шынымен Бақалының қос қайраткерінің сөнгені ме? Өмірде Кәкең мен Мұхаң біріне-бірі ұқсас деуші едік, өлімі де ұқсас болғаны ма?
Көз жасымызға ерік беріп, денеңді туған жеріңе қояды деген соң жолға шықтым. Жол ұзарып, қайғы бұлты қоюлана түсті. Одан шығар жол іздедім. Құлағыма «Ореке» деген үнің келді. Ұзекеңнің (Ұзақбай Құлымбетов –1937 жылдың құрбаны) жүз жылдығын Ақтөбеде, туған жері Ырғызда өткізу үшін комиссия құрылып, үлкен дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Басы-қасында өзім болам. Амандық болса, 1991 оқу жылында Ұзекеңнің құрметіне Ырғыздың мектеп бітірген түлектерін өз институтыма байқаудан тыс қабылдаймын. Ал Алматыдағы парт архивтен мәліметтер алу үшін тарих ғылымының кандидаты, доцент З.Амандосовты жіберем. Ол жігіт өзіңмен хабарласып тұрады. Уайымдамаңыз. Ұзекең тойы халықтың тойы болып өтеді.
Той басталғанға дейін Мұхаң Ақтөбеде не істеліп жатқанын маған хабарлап тұрды. Ақтөбеге барғанымда облыс басшыларымен бірге күтіп алды. Әке-шешемнің жұрағаттарын, көзін көрген ескі көздерді жинап, біразын үйіне шақырды.
Ұзақбайдың тойы болады дегеннен бері Әйтеке би, Ырғыз аудандарынан келген қариялардан кабинетімнің есігі жабылмады. Ұзекең үйінде болдық, оқуға түстік, қызметке араластық, ол кісі атылғанда біз де түрмеге түстік. Елге келген соң да түртпекке алындық дегенде көз жастары сақалдарын жуып кетті. Ұзекең туралы естеліктер молая түсті, бір кітап болады, – дедің.
Ол кезде менің санамда қуаныш пен қайғы қарсыласып әңгіменің бірін тыңдап бірін шала түсіндім. Ұзекең тойының халықтық болып өтіп жатқанына қуаныш білдірсем, Кәкең өлді неменеге мәз боласың деген ой сап ете түскенде су болып ағып, мұз болып қатып, ойым шатасып жүрген кезім. Қайдан білейін, Мұха! Мол қазына өзіңмен мәңгілікке жер қойнына кететінін. Қазір өкініштен өзегім өртенеді. Дәл қазір сенің естелігіңе де, көмегіңе де зәрумін, өйткені Ұзақбай Құлымбетов 125 жасқа толып жатыр. Мен үшін де Ақтөбеліктер үшін де орның үңірейіп тұр. Ореке деген қоңыр жұмсақ үнің құлағымда. Мұхтар қайтыс болғанда көңіл білдірген зиялы қауымның сөздерінен үзінді.
М.Арынов белсенді және жемісті қоғамдық жұмыс атқарды. Республиканың халық депутаты болды. Есет батырдың, ғалым Қ.Жұбановтың, күйші-композитор Қазанғаптың, мемлекет қайраткері Ұ.Құлымбетовтың мерейтойларына арналған шараларға белсене қатыса отырып, халықтың тарихи-мәдени мұрасын қайтаруға және тұрғындарды рухани жағынан байыту, жастарға адамгершілік тәрбие беру ісіне жекелей зор үлес қосты. М.Арынов ұлы Абайдың шығармашылық мұраларын насихаттау жөнінде кең көлемде жұмыстар жүргізді делінген.
Кәкеңнің «мендей жолдасың бар, Мұхтардай қайның бар, не арманың бар?» деп әзілдейтін сөзі көңілімде. Сіздер мен үшін тірісіңдер деп өзімді жұбатам.
…Мұхаң сүйегін елге әкеліп, әке-шешесінің жанына қойған Райханға, Ақтөбе халқының басшыларына ел риза болды. Кейбір қариялар Кәкең сүйегін елге әкелмедің деп қалды. Мұхаң өлімі Талдықорған мен Ақтөбені бұрынғыдан да туыстастырып жымдастырып жіберді. Елдің көзінен аққан жас көл болды. Менің де көз жасыма тыйым болмады. Ел көшіп, жұртта жалғыз қалғандай көңілім құлазып, Алматыға қайттым. Кетерімде Ерлан мен Нұрланның, әкесіндей құрақ ұшып тұрғаны көз алдыма келді. Мұхаңның арамыздан өзі кеткенімен, көзі қалды.. Солар аман болсын, елі аман болсын, Бақалының топырағы қасиетті топырақ еді ғой, әлі талай Кәкеңдер мен Мұхаңдар дүниеге келер деген үміт көкірегімде жылт етті.
…Уақыт – емші. Бұл күнде Райхан екеуміз қол ұстасып, балалар басшы, Кәкең мен Мұхаңды үлгі тұтқан, қамқорлығын көрген Мұхтардың жолын қуған, неміс тілінің ірі маманы Қ.Ырысалды, профессор Амангелді қолдап, ауылға барып, ас беріп, азаматтарымыз­дың мерейтойларын еске алып, Мұхтардың кесенесіне дұға оқып, Кәкең атындағы мектепке, Қойлықтағы мәдениет үйіне соғып, тұрғындармен кез­десіп, үлкендердің алдында баяғы дағдыменен сәлем салып, арқамыздан жүк түсіп, Алматы­мызға көңілді қайтамыз. Иә, шү­кіршілік, кішкентай Бақалыдан төрт бірдей академик шықты. Мұхаңның баласы Арын Ерлан экономика ғылымының докторы, филология ғылымының докторлары Т.Сыдықов, Қ.Ырысалды, техника ғылымының докторы А.Бекбаев, Мұхаңның екінші ұлы белгілі хирург, медицина ғылымының докторы, ел елді аралап, тегін ота жасап жүр. Аты аталмаған жас ғалымдар, кәсіпкерлер өсіп келеді. Ағаларының, әкелерінің өнегесі ұрпағында деген осы.

Орынша Карабалина – Қазыбаева,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.