Еліне еңбегі сіңген

Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев қайтыс болғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. С.Құбашевтың ұзақ жыл түрлі мемлекеттік органдарға қызмет істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқанын атап өтті. Осының өзі ардақты азаматтың еңбегін бағалағандық, зор құрмет. Сағидолла Құбашұлы бірнеше облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев және Семей облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарып, басқару жұмыстарында шыңдалды. Ол Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, жас буынды тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. 

Сағидолла Құбашев – қоғамдық жұмыста ерекше орны бар және елі­міздің сайланбалы органдарында ең көп сайланған тұлға. КСРО Жоғарғы Кеңесінің ХІ шақырылуының депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 7 дүркін депутаты, жергілікті кеңес­тердің 18 рет сайланған депутаты, СОКП-ның VI съезінің, ХІХ партия конференциясының, Қазақстан Ком­партиясының IX съезінің деле­гаты,Қазақстан Компартиясының мүшелігіне 8 рет, жергілікті партия комитеттері мүшелігіне 1954 жылдан 1989 жылға дейін 35 жыл бойы сайланған.
Оның еңбегін Отаны жоғары баға­лады. Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ( 4 рет), Халықтар достығы ордендерімен және 10 медаль­мен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен (3 рет), ВДНХ-ның Алтын медалімен (5 дүркін) марапатталды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарының Құрметті азаматы атақтары бар. Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, ғылым кандидаты.
Қазақта «Таза адам» деген қасиетті сөз бар. Осы Сәкеңе арнап айтылғандай. Өзінің ар-намысына, адамгершілік қасиеттеріне кір келтірмеді.
Өзі айтқандай, «Мен осы жұмыс­тар­да үлкен тәжірибе мектебінен өттім, мемлекет жұмыстарының көп қырын және жауапкершілігін үйрендім. Рес­публика көлемінде өтіп жатқан жағ­дай­ларды, өзгерістерді көріп, біліп жүр­дім. Соңғы кезде тікелей ­аралас­тым» («Адам өмірі адаммен», Өлке, А.2003.136-бет). Бірақ «Арпалыспен өткен екі жыл» деген тарауында: «… Ме­нің кадрлар жөніндегі ұсыныстарым бірінші хатшы Г.В.Колбиннен де, КОКП ОК-нің бөлімдерінде де сирек, өте қиындықтармен ғана қолдау табатын болды. Сенімсіздіктерден арыла алмадым, бұл ауыр жүк болды» деп өкініш білдіреді.
С.Құбашев Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосты, үлкен істерді атқарды. Ақтөбе қаласының көркі өзгерді, мәдениет, спорт сарайлары, басқа да ірі нысандар іске қосылды. Медицина, педагогика институттарының, ағарту, денсаулық сақтау салаларының базалары нығайтылды. Ақтөбе облысы республикамызда бөлек орны бар ірі облыстардың біріне айналды.«Біз, Шолпан Халелқызы екеуміз, өмір жолымызды әңгіме етсек, алдымен Ақтөбені еске аламыз. Ақтөбеде бай тұрған жоқпыз, бірақ, өте көңілді, ақ жарқын адамдармен бақытты өмір кештік» дейтін Сәкең. Сол азаматтардың бірі – мен едім. Өзім ардақ тұтатын, ардақты азаматпен 9 жылдай бірге жүріп, кісілік қатынаста болғанымды, оның басшылығымен облыстық оқу бөлімін басқарғанымды үлкен абырой және құрмет санайтынымды, оның адамгершілік, азаматтық, өзгермейтін санаткерлік қасиетті көзқарасы, орынды ақыл-өлшемдері, білімді ой-пікірлері, шынайы достық қатынастары ұмытылмайды. Маған тәжірибе мектебім, қаперімде жүретін еңбектегі ұстаздарымның бірі болды. Ол Ақтөбе елін рухани жаңарт­қан, халқының сүйіктісі, ел ағасы атанған еді.
Сәкеңнің өмірінде жұбайы Шолпан Халелқызының орны бөлек, жаны сергек, жан-жақты білімді, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мал маманы, шебер де іскер. Ол көп жыл еліне еңбек етті. Оның Сәкеңе деген зор қамқорлығын көре алдық, қашанда өз орнын, өз жауапкершілігін қатты сезінетін, отағасының сенімді көмекшісі болды. Үлкен мәдениетті адам. Әркез үйлесімді ғана киініп жүретін, ол бағалы қымбат нәрселерге әуестенбейтін. Өмірде қанша бейнет көрсе де налымайтын, халық жауының қызы атанып, қорлық көрсе де мойымайтын бір керемет ерекше жаралған жан болатын. «Біздің отбасында 6 бала өсті, Шолпан екеуміздің артық киім киюге, қымбат дүние жинауға мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан да болар ұл-қыздарымыз өз қатарынан артық киінуді, қымбат нәрселерге үйір болуды үйренбеді. Ерекше көрінбеу, қарапайымдылық, сөзі де, ісі де үйлесімді болу – алған тәрбиелері» дейтін Сәкең.
Шолпан мен Сағидолла балала­рының бәріне жоғары білім берген. Тұңғыш немересі Нұртастың (екі инс­титут бітірген, полковник), өз тегіндегі Сағиджанның (ҚазМУ, АҚШ-та оқыған заңгер) немерелер арасында алатын орны ерекше, оларға қалған немерелері де еліктеп, үлгі алып өсіп, өркендеп жатыр. Шөберелер де ержетіп, үміттерін ақтап келеді. Сәкең ұрпақтарына берген тәрбиесінің нәтижесін көрді, оларға дән риза еді.
Өмірінің соңғы күндері жеті сайын телефон арқылы сөйлесіп, хал-жайын біліп отырдым. Сәкеңнің қайтты деген хабарын Нәйлә хабарлады. Мына қаралы хабар маған аспаннан ашық күнде жай түскендей болды. Өзім сенгенмен көңілім сенер емес. Шіркін-ай, бір жеті бұрын ғана сөйлесіп едім. Қайда асықты екен? «Шолпанға баруым керек-ті» көп айтатын еді. Ауыр қайғың, қайран досым-ай, аяулы қимасым-ай!
Суық хабар әп-сәтте қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарады. Қаралы митинг өтті. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеделхатын жариялады. Қаралы жиында қазақ әдебиетінің классигі Ә.Нұрпейісов, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі С.Шаухаманов, Қазақ үкіметі төрағасының бұрынғы орынбасары Ш.Жәнібеков, генерал З.Камалиденов, Ақтөбе облысынан профессор Қ.Әлішев, тағы басқалар қоштасу лебіздерін білдірді. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарынан, Алматы қаласы мен Астанадан көп адам қатысып, қалың ел аяулы азаматты соңғы сапарға үлкен құрметпен шығарып салды.
Қайын атасының ақылынан, қайын енесінің ақ ниетінен бастау алатын ұлы қасиеттерді бойына дарыта білген, аяулы жары Нәйләнің ыстық сезіміне бөленген Сағитов Абайдың ауыр қазаға қайғыра жүріп, осы ұлы адамды ақтық сапарға шығарып салуда­ғы ұйымдастырушылық, біліктілік және тапқырлық істеріне халық өте риза болып, алғыс сезімдерін білдіріп, оған шын жүректен ұзақ ғұмыр тіледі. Осындай тілек-бата Сәкеңнің немерелері Нұртасқа да, Сағиджанға да арналды. Әке алдындағы парыздарын адал орындаған қыздары Нәйлә, Әлия, Айяға, Үмітке, Гүлшатқа, олар­дың күйеулеріне, немерелері мен шөберелеріне ел өте ризашылық білдірді.
ХХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, шешен, көсемдігі де бар Сағидолла Құбашев еліміздің, ұлтымыздың тарихында биік орны бар зиялы азамат екені шындық. Ол өз заманында көрінді, танылды, халқына жанқиярлықпен еңбек етті. Мәңгілік Ел – ұлы дала елінің келешегіне үміті зор еді. «Өз байлығымызға өзіміз иеміз, өз жолымызға түстік» деген патриоттық және оптимистік пікірін білеміз. Бұл пікірлері Тәуелсіз Қазақ елінің асыл арманы. Сағидолла Құбашевтың есімі қазақ елінің тарихында бірден-бір өз орнын алуға тиіс. Сондықтан, Сәкеңнің есімі Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей қалаларының кейбір нысандарына беріледі деген сеніміміз мол.
Сәкеңнің бақилық өміріне де қырық күннің шамасы болыпты. Жәннатта нұрың шалқығай, алдың өзіңе, артың ұрпақтарыңа қайырлы болғай, иманың жолдас болғай!

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,
профессор,
Ақтөбе облысының
Құрметті азаматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.