АБАДАН, ӘУЕК, ЖАЛ…

Төрехан МАЙБАС,
этнограф-жазушы

Иттің сегіз, шошқаның тоғыз туатынын екінің бірі білсе керек. Иттің абадан туатынын кім естіген? Соған орай бұл жердегі әңгіме абадан жөнінде болмақ. Бұл не қылған абадан, ол қасқырға қатысты айтылмаушы ма еді деген заңды сауал туады.
Қазіргі уақытта абадан сөзі көшбасшы мағынасында түсініледі, қолданылады. Жөн-жосықсыз қолданатымыз да бар, әсіре мағына артатынымыз да бар – оған түсіністікпен қарағанымыз дұрыс.
Абадан байрақты деп айту бар. Мына шешен жұртының меншіктеп жүрген байрағында қасқырдың суреті бар. Түбіміз көктүрік болған соң солай болып тұр.
Біздің байрағымыздағы қасқыр жай қасқыр емес – абаданы.
Қасқыр қоғамдасып өмір сүретін тағылар. Сондықтан үйірі болады. Қасқырдың үйірін әуек дейді.
Қасқырдың жалғыз жортатындары болады. Қазір оларды көтермелеп жүргенімізбен кешегі шалдар оларды бұралқы деп тұқыртатын.

Бұралқылар көп өмір сүре алмайды. Оның толып жатқан себептерін тәптіштемей-ақ негізгі бір-ақ себебін айта кетелік. Әдетте бұралқының өмір сүретін, аң аулайтын, демалатын аумағы бола бермейді. Сондықтан олар басқа бір әуектің жеріне (аумағына) кіруге мәжбүр болады. Ал әуектер өз аумағына басқа жалдарды кір­гізбейді. Кірген жағдайда талап тастайды.
Бүгінде АҚШ-тағы ­Йеллоустоун ұлттық бағын екінің бірі біледі. Сондағы қасқырларды 1926-35 жылдар аралығында құртып бітеді. Сол-ақ екен шиебөрілер қаптап кетеді. Олар кеміргіштерді құртқанымен үлкен аңдарға әлі келмейді. Соның салдарынан ауруларының саны күрт артады. Жағдайды түзеу үшін 1990 жылдары баққа 66 дала қасқырын жібереді. 2005 жылы олардың саны 118-ге жетеді. 2012 жылы аулауға рұқсат береді. 2015 жылы бақта он әуек болған.
Сол он әуек тоғыз жүз мың ­шаршы метр­ге қожалық жасаған. Бақтағы қасқырдың саны екі есе артуы үшін ширек ғасыр керек болған. Жаңадан бірді-екілі әуек пайда болған. Өйткені жоғарыдағыдай себептерге байланысты жаңадан әуек құру оңай болмайды.
Әуекте кемі екі қасқырдан отыз жалға дейін болады.
Жал деп қазақ қасқырды айтады. Көкжал деген сөз көк қасқыр деген сөз, осыған сәйкес ақжал деген ақ қасқыр, қаражал деген қара қасқыр, қызылжал деген қызыл қасқыр деген сөз.
Мына Шет өңірінде Ақжал деген кеніш бар. Соның тарихын жазушылар жалдары ақ болып келетіндіктен Ақжал атанған деп жазыпты. Шын мәнінде, онда ақ қасқырлар көп болған.
Жал қасқырдың тек арланында ғана болады. Қаншығында болмайды. Олай болса ақжал дегенде әуелде ақ қасқыр мағынасы, соңынан барып арлан мағынасы түсініледі.
2013 жылы Саха елінде тосын уақиға болды. Төрт жүз қасқырдың басын біріктірген әуек бір жарым мың халқы бар ауылдың қотанына шабуыл жасаған. Үш күннің ішінде қырық бас жылқыны қырып салған. Сонан барып ұсақ әуектерге бөлініп, тарап кеткен.
Мұндай уақиғаларды Сетон-Томпсон көп жазушы еді. Сене қоймаушы едік. Онымыз бекершілік екен.
Қазақ баласы жыртқыш аңдарды жі­ліктегенде ұрғашысын қаншық, еркегін арлан, баласын күшік деп жіліктеген.
Қасқырдың қаншығын шулан деген. Моңғол жұрты оны шона дейді.
Еркегін… Ауызекі тілде арлан деп жүрміз. Елімізде аты жер жарып жүрген «Астана арланс» деген бокс клубы бар. Соның клубтық туында қасқыр бейнесі бейнеленген. Осыған қарап ел арлан деген атауды қасқыр деп қабылдап жүр. Бұл да біздің надандығымыздың бір белгісі. Соны көре тұра үндемейміз. Негізі жал. Ол жөнінде жоғарыда айттық.
Әуек болған соңы оның басшысы, көшбасшысы болады.
Мына орыс ағайындар әуекті стая, көшбасшысын вожак дейді. Вожагы, әрине, арланы, сонда шуланы әуек басқара алмай ма деген ой оралады. Бәлкім, ол ағайындар шуланның да әуек басқаратынын білмейтін болар?
Жоқ, біледі, алайда мағынасын әбден тарылтып алған.
Олар әуекті басқаратын ұрғашы қасқырды да вожак дейді.
Бір-ақ кесіп, альфа-самка дейтіндері бар. Біздің түсінігімізше, біріншіден ол – шулан, екіншіден ол – бөрте. Әуекті шулан басқарғанда оны құртқа дейді. Олай болса үшіншіден ол – құртқа.
Орыстар башкир деп жазатын жұрт бар. Шын мәнінде, ол башқұрт – басқұрт деген сөз. Бүгінде Башқортстан деп жазып жүр. Құртымыздың, қортымыздың, көртіміздің, гөртіміздің түбірі бір – құрт. Олай болса бұл жерде басқұрт сөзі бас шулан болып шығады, алайда оған жалы да, шуланы да бағынатын болғандықтан ол басқұрт болады.
Бала кезгі ертегі есіңізге түскен болар.
«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Ертеде өткен Қызылқұрт елінде…» деп басталатын біз тыңдаған ертектердің бірі. Олай болса мұндағы ертек оқиғасы қызыл қасқыр елінде өткен.
Осы құрт сөзі қазақ аруына тікелей қатысты.
Қазақ ең әдемі қызын – сұлу деген.
Ең сұлу қызын – ару деген.
Бетіне ноқат түсіп, іші білінген қыз­дарын – бөрте деген және оларын ең сұлу деп өбектеген.
Іші-сырты бірдей қыздарын – құртқа деген.
Қарақыпшақ Қобыланды батыр жары есімінің Құртқа аталатынын әлі ұмыта қоймаған болармыз.
Қысқаша қайырғанда орыс ағайын­ның альфа-самкасы осы.
Ермек Тұрсыновтың «Шал» туындысында Шалдың қасқырға айтатыны бар «әй, Құртқа, осы сен менің соңымнан неге қалмайсың?» деп. Демек, бұл жерде әуекті абадан емес құртқа басқарып тұр.
Керісінше, әуекті қасқырдың жалы да басқарған. Оны абадан деген.
Вожагымыз осы – абадан.
Ал қасқырдың жалының альфа болуы, болмауы құртқаға байланысты.
Әуектегі қаншықтардың барлығы кү­шіктей алмайды. Күшіктейтін тек қана құртқа.
Қалғандары құртқаның бөлтіріктерін асырап, тәрбиелеумен айналысады.
Бөлтіріктерінің әкесін құртқа өзі таң­дайды. Оны бөрі дейді. Альфа-са­меціміз осы бөрі.
Әуекті абадан басқарғанда абадан – альфа-самец. Ал альфа-самка – бөрте бола­ды.
Қасқырлардың қарығуы ақпан айын­да өтеді. Оны қазақтар әспеттеп бөрі­сырғақ дейді. Бабаларымыздың бірнәрсе білгендігін осыдан-ақ байқай беріңіз. Қасқыр сырғақ демейді, бөрі­сыр­ғақ дейді, өйткені бұл сырғақта болашақ бөлтіріктердің әкесі-бөрісі анықталады.
Мұндай жұптар тұрақты болады.
Бөрте 63 күн көтереді.
Бөртенің құртқа болмауы мүмкін. Алайда құртқа міндетті түрде бөрте болады.
«Шалдың» негізгі оқиғасы үш күнді қамтиды. Алайда онда уақыт, кеңістік ұғым­дары әбден милықтырылған. Көкек­тің ортасына қарай қасқырлар күшіктеп бі­теді. Ал фильмде Құртқа қыста күшіктеп жүр.
Бөрте апанда күшіктейді.
Туғанда бөлтіріктерін соқыр туады.
Бөлтіріктерін қарақұлақ туады.
Ит те күшігін тоғыз апта көтереді. Ит пен қасқырдың түбі бір екендігін осыдан-ақ пайымдауға болар.
Оның да күшігі соқыр, саңырау болып туады. Бір аптадан соң көзін ашады, тағы үш күннен кейін ажырата бастайды. Қазақ атамыз ырымға жаман деп жалқы күшік тапқан ит пен күшігін атып тастаған.
Күшіктің құлағы екі аптадан кейін естиді. Қасқырдың құлағы тік келеді де, иттікі салбыраңқы. Шуланның күшігі тек бір арланнан, ал иттің итақайының кү­ші­гінің атасын бір Алладан басқа ешкім білмейді.
Қасқыр жоғарыда айтқандай күшігін алпыс үш күн көтереді. Қасқыр да сегіз туа береді. Негізінен тақ туады. Нешеу туатыны тағы да құртқаға байланысты. Жемтік көп болатын жылдары көп туады да жылаңқы жылдарда шектейді. Соның өзінде жалқы тумайды, кемі қосар туады.
Қосар деп қазақ бір ұрғашы, бір еркек төлді біледі. Олай болса қосардың біреуі ұрғашы болады да, екіншісі міндетті түрде еркек болады.
Құртқаның бірыңғай не ұрғашы, не еркек туатыны болмайды.
Жаңа туған бөлтіріктің көзі көк болады. Сегіз айдан кейін сарғыш тартады. Көзінің көктігін өзгертпейтіндер де болады. Оларды боркөз дейді, бұл бөрі көз деген сөз. Бөрілер негізінен осы боркөздерден шығады.
Көк көзді мақұлықаттар бола береді. Төрт түлікке қаратып айтқанда көккөз түйе немесе бие деп айтпайды, шағыр дейді. Бабаларымыз оларды жаратпаған. Со­ған орай шағырдан үйір салмаңыз деген.
Қазақ итбегілері қасқыр алады деп, боркөздерді бөлек тәрбиелеген. Көзі көк болып туатындардың қасқырмен бір шатысы бар деп білген. Қазақ итінің бөрісоғарлары осылар. Түбі – қасқыр.
Ыстықта қызыл ет болады деп, қырық күн шілдеде тазыны аңға қос­пайды.
Қыс шілдеде тартып семіретін қасқыр жаз шілдеде жатып семіреді. Бұл уақытта қасқыр бөтегесі бөртіп семірген құстарды торуылдайды. Әсіресе олар дуадаққа өш келеді. Дуадақ жерден көтерілгенше орнында басып қалады.
Жемтік жейді, өлексе жейді деге­німізбен итке қарағанда қасқыр таза. Қазақта жүріс алған адамға қаратылып айтатын жалап деген сөз бар. Иттің тісі тиген жерді де жалап деп айтады.
Ал бөрте бөлтіріктерін апаннан тыс­қары жерде қоректендіреді. Онысы апан айналасы лас болмасын дегендік. Ауру-сырқаудан да тыс болады.
Барлық жыртқыштар сынды жал да құсып жемдейді. Жеті аптада бөлтіріктер етті сүйектен ажыратып жей алады. Сегізінші аптада бөлтіріктердің қорегі тірідей келе бастайды.
Көп ұзамай бөрте оларды емізуден бас тартады.
Бөлтіріктердің қасқыр тірлігі басталады. Қоңыр күзде олар да жалдың қатарын толықтырады. Топтасып аң қағуға жарайды.
Қазан айында «абадандық» үшін төбелес, қырқыс басталады.
Қасқыр шамамен күніне жарты пұттан астам ет жейді. Қорек іздегенде күніне екі жүз шақырым жер өте алады. Су жоқ бол­ғанда мұз қаршиды. Қарда тұз жоқ бол­ғандықтан оны жалай қоймайды. Өлек­семен де қоректене береді.
«Шалда» әуек Шалдың пәрменімен «Гарринчасын» тартады. Ал әуекте сегіз жал жүр. Ол айтып отырған сегізімізге жетпейді. Қасқырдың қасақы тағы екендігі белгілі. Олай болса олар бір қоймен шектеле алмайды және олар кем дегенде «отардың» жартысын қырып салу керек еді.
Ұлығанда бастарын қосады. Жер аумақтарын белгілейді. Аңға шығады.
Ит аяғын жастанып ұйықтайды. Қасқыр да солай басын кезек-кезек екі ая­ғына қойып ұйқысын қандырады.
Бөрі жортады.
Ит шаңытады.
Ит құйрығы сымпыл келеді. Ит қабады, талайды, қасқыр ауыз салады. Иттің бұ­ралқысы тіміскеленіп жүреді. Қас­қырдың бұралқысы жалғыз жорта береді.
Ит талайды, қасқыр тартады.
Кәрі төбет бапылданды.
Қазақта негізінен итбегі деген сөз жоқ. Бәлкім, болған шығар. Жадымыз қысқа ғой. Ұмытып қалған болармыз. Тілімізде атбегі, құсбегі тіркестері бар. Олай болса итбегі тіркесі неге болмайды. Бұл сөзді бірінші рет «Көрлеуіт» хикаятымда пайдаландым. Кейін «Итбегі» деген әңгіме де жаздым. Бүгінде елдің бәрі итбегі деп жазады.
Жатыр деп тек адамға қаратып айтатынымыз белгілі.
Қарамалға қаратып үйі дейді.
Түлкіге қаратып айтқанда да үйі дейді. Түлкі үйігеді ғой.
Итке қаратып ұйы дейді. Ит ұйығады.
Қасқырға қаратып қары дейді. Қасқыр қарығады ғой.
Табиғатына байланысты шуланға қара­ғанда жалы өлім-жітімге көбірек ұшырайды. Сондай себеппен әуектің абадансыз, әрі-беріден кейін бөрісіз қалатын күндері болады.
Бұл жағдайда әуек (құртқа) бөріні ауыл­дан іздейтін болады. Бөріге иттің бәрі жарай бермейді. Құртқа боркөзді іздейтін болады.
Ел итті қасқырдан тараған деп біледі, әрі-беріден кейін қасқырдың азғыны деп біледі.
Шын мәнінде, ит қасқырдың емес, шиебөрінің тұқымы. Байқайсыз ба, бөрі сөзі алдымыздан тағы шығып отыр. Бұл тегін емес.
Арқада он сегіз мың жылқы біткен Адамбай, Тұрсын деген шалқұйрықты байлар өткен. Сол Адамбайдың Құтпан деген бөрібасары болыпты. Соны шүйқұлақты деп отырушы еді. Бұған қарағанда шиебөріміз шүйбөрі болса керек.
Қасқырдан тарайтын ит тұқымына кәдімгі төбет пен орман төбеті – лайка жатады. Қасқырды бір алса осы төбеттер алады. Өйткені түбі бір.
Қасқырды ғылыми тұрғыдан жілік­тегенде иттұқымдас деп тәпсірлейді. Қасқыр тұқымдас деп айтпайды. Олай болса қасқырдың түп атасы ит пе, әлде иттің түп атасы қасқыр ма – оны зерде­лейтін уақыт әлі алда деп білу керек…
Әлгі әуек (құртқа) ауылдың төбетін өзімен бірге алып кеткенде бес-ақ күнге алып кетеді. Өйткені бөрісырғақ бес күнге созылады. Бес күн бойы төбет абадан да болады, бөрі де болады.
Иттің абадан болатын жері осы.
Иттің бөрі болатын жері де осы.
Қазақ итті қасқырдың азғыны деп біле­тінін айттық. Қасқырға тән бекзада қасиеттердің барлығы да итте кемшін, не жоқтың қасы.
Қазақта «ризамын азу тісіме» деген мәтел бар.
Итті ақылды хайуанаттар қатарына апарып қосып қоятынымыз бар. Рас, ол ақылды, алайда қасқырдан ақылды емес. Ең ақылды деген иттің парасаты үш айлық қарақұлақтың ақылынан аспайды.
Дене тұрқыларында да айтарлықтай айырмашылық бар. Ең алып деген төбетіңнің өзі қасқырдан кемі екі есе кіші болады. Итке қарағанда қасқыр тарамыс болып келеді. Соған орай кей халықтар ит етін тұтынғанымен қасқыр етін тұтынбаған.
Әуелде осындай мәтел бар ма еді деп ойланасың? Бар болған соң айтылады да. Тістің бәрі мықты. Алайда азу тістен мықтысы жоқ. Жыртқыштардың барлығы да азу тісті болып келеді. Олардың күн көрісі осы азу тісіне байланып қалған. Өйткені осы азу тістерімен қорғанады, қорегін табады.
Азу тіс жаугершілік замандағы қазақ баласының алтыншы қаруы болған. Қолға түсіп қалғандай болса, шимаңдай байлаған арқан не жіпті осы азу тісімен шешкен. Қайырып айтқанда азу тісін түйнеш ретінде пайдаланған.
Ит тістейтін мақұлықат. Оның жағы­мен қоса жаратылатыны осы азу тістері. Оның өзі барлық иттерде шыға бермейді. Қасқырға қарсы түсетіні осы табиғи азу тістілері. Ит қасқырды осы азу тісімен алады. Осындай иттің қасқыр алғанын көрген қазақтан жоғарыдай мәтел қалған.
«Ризамын азу тісіме» деген.
Қазақ аңшылары қасқырды алаөкпе болып қуа бермеген. Жағын қарыстырып алған. Аңсақ ініміз Кісімнің Дәулеті айтады. «Нивамен» қасқырға шығыпты. Алақұйын боран еді дейді. Содан жалдың біреуін көріп қалады. Бірақ жалтарып алдырмай қояды. Содан бір жазыққа шыққанда көлікпен басып өтеді. Жаны шыққан болар деп жалды іздесе жоқ болып шығады. Әрі іздеп, бері іздеп, табылмаған соң қайтады. Көлігін гаражына қойып демалады. Ертеңінде машинасының әр жерін қарамай ма? Сөйтсе машинаның астынан жал көрінеді дейді. Қасқыр машинаның бамперінен тістеп айырылмай қойған ғой, соңынан жағы қарысып қалыпты. Әзер айырып алдық, – дейді ініміз.
Жақында көзіме бір мақала түсті. Қасқырға ит салыпты. Соны авторы салбурын деп алыпты.
Ал кеп ойланайын. Өздері салбурын деп өткізіпті. Салбурын десе салбурын. Себебі қасқыр алғанды салбурын дейді. Құспен қасқыр алғанды.
Ал итпен қасқыр алғанды естімеппін. Өйткені ит қасқырды ала алмайды. Қандай ит болсын. Өйткені иттің азу, жақ күші қасқырдан кемі екі есе кем болады. Қасқыр иттің жағын ұсатып жібереді.
Жақында бір әңгіме естідім. Есті әңгіме екен.
Үстіңгі қабаттағы үй ит асырапты. Әлгі үйдегі иттің шуаш исі астындағы үйге жетсе керек. Негізінен иттің қо­ламта исіне екінің бірі шыдай бермейді. Содан астындағы үйдің иесі көршісіне итіңді құрт деп айтады. Көршісі оған мәу демепті. Содан қоярда-қоймай жүріп қасқыр майын тауып алып, көршісінің балконына жағады ғой. Сөйтсе әлгі ит балконнан қарғып кетіпті…
Елдің бәрі білетін, ретін келті­ріп қа­зақтың Ахаңы-Ақселеуді боқтай­тын, хатшы Шайдаровты, прокурор Күз­гібековты, директор Аймағанбетовты сөзден тосылдыратын Жынды Ысқақ бар. Лақап аты әлгіндей болғанымен бұл кісі нағыз ұтқыр, тапқыр сөйлейтін тілмар болған. Оның үстіне шидің басы-теуітті шитімен алған мерген, аңсақ адам болған екен.
Сол кісі жаз айларының бірінде жойдасын алып, сойып, терісін шарбаққа жая салады ғой. Содан ауылдың барша иті ауыл шетіне шығып алып, ауылға қарап үреді дейді. Әлгі шуылдақтар солайша бір ай бойы ауылға жолай алмай жүреді.
Осыған орай ауылда неше түрлі әңгіме жүреді. Ауылымыздың қасқыр алатын иттеріміздің түрі осы ма деген?
Бұл әңгіме Ысқақ ағамызға да қатыс­ты еді. Өйткені ол кісі де қасқыр алатын төбеттер мен тазы ұстапты. Содан тағы бір күні тірідей қасқыр алыпты. Онысын ауылға алып келіп, ауызын буып қоя береді ғой. Сонда бір ит те жақындай алмапты.
Содан жігіттер бәстесіпті.
Ит қасқырды ала алмайды депті.
Сонда Ысқақ ағамыз алады депті.
Өйткені ағамыздың жас кезінде ауыл иттерінің қасқыр алғаны болыпты. Оның тұқымы ағамызда болса керек. Шамасы онысы боркөз-ау. Азған-ау шамасы…
Тағы да бір жойдасынды алып келеді. Басқасы басқа, әлгі «боркөзі» де жа­қындай алмайды қасқырға. Ызаланған ағамыз әлгі жойдасынды тірідей сойыпты.
Сонда да бір ит жолай алмады дейді.
Көргендер айтады. Тірідей сойғанда да қасқыр дыбыс шығармапты.
Құсқа құс салғанды саят дейді. Мұ­нымен заманында көбінесе қыз балалар әуес болған.
Аңшылыққа да сыймайды. Аңшы­лық болған соң-ақ оның артында қарын қамы жатады.
Тон үшін, тымақтық пұшпақ үшін түлкі қағу, қоян қағу бар. Оны шалдыру дейді.
Тұзақпен, қақпанмен алғанды түсіру дейді.
Ертеде ағаларымыз іштері пысқанда қасқырды итпен талатуға шығатын. Іні­ше­гіміздің айтып отырғаны сол ма деймін.
«Ісі ілгерілегеннің иті ат үстінен оттайды» деген де мақалымыз бар.
Ит – жеті қазынаның бірі. Ит аузын­дағысын иесіне жырып берген. Бабаларымыз да қарыз болып қалмаған. Ол аузындағы адалымен бөліскен.
Ол адалы – ешкі түлігі еді. Күнделікті ішіп-жемінде қой өзінен аспаған. Ал ешкінің жөні бөлек. Оны іш қатырады деп қазақ баласы түлік ретінде өсіре қоймаған. Осыған орай етін жаратпаған. Адал бола тұрып. Есесіне итке қиған. Алайда ит те ешкі етін жемейді. Сол ешкі етін итке жеуді үйреткен. Ешкі етін жеген итке ермен жегізген. Ерменді, жалпы, ешкі мен қой жеген. Ал ермен ешкі майын қатып қалса ерітеді, әйтпесе қатуына жол бермейді. Мақал осыған орай туған.
«Тілімізде қасқыр ішікті, ит аяқты» деген де мәтел бар. Мәтелдің «қасқыр ішіктісі» біршама түсінікті болғанымен «ит аяқтысы» еріксіз тосылтады.
Қасқырдың терісін илеп, ішік тіккен. Сыйлы қонақ келгенде аяқ астына қасқыр терісін тастаған. Аттанғанда қасқыр ішік кигізген. Қасқыр ішік кигізу үрдісі бар болғанымен елдің бәріне бірдей қасқыр ішік киізе бермеген.
Мұндай құрметке қырық жастан асқан ер-азаматтар ғана бөленген. Себебі еркектің жілік майын ағызып жібереді деп есептеген.
Ал «ит аяқтының» жайы басқаша. Итаяқ деп әдетте итке ас салатын ағаштың қайыңынан тұтастай шабылған ыдысты білеміз. Ал айтып отырған атауымыз иттің терісіне қаратылып аталған атау. Иттің терісі ішікке жарамағанымен аяқтонға жарайды.
Сонымен итаяғымыз-итаяқ – тон. Ит терісінен жасалған етік. Мына сібір жұрты күні бүгінге дейін қысқы етікке ит терісін пайдаланады, оларын унты деп әспеттейді. Олары суыққа төзімді келеді, суық өткізбейді. Тілімізде итен деген сөз бар. Бұл өзі ит тон деген сөзден шыққан. Сол итеніміз осы ит терісінен жасалған аяқ киіміміз, аяқтонымыз, унтымыз.
Иттің тағылануы болғанымен, қас­қыр қолға үйренбейді.
Жабайыланған иттер баршылық. Динго соған жатады. Дингоның әдепкі иттерден айырмашылығы, олар да қасқыр сияқты топтанып өмір сүреді.
Көзін ашпаған, қарақұлақтанбаған бөлтіріктерді асырағандар болған. Алайда олардың ешқайсы табиғатынан аспаған. Адам көзі тайған жерде қасқырлығын істеген.
Қазақ баласының төрінде ит жатқан. Оның өзінде тазысы. Тазының бәрі де таза бола бермейді. Қанша жерден жуып-шайып тазалағанмен ит исі шығып тұрады. Алайда туа тазасы болады. Ит исі болмайтын. Оларды әлеке деген. «Әлекедей жаланып» деген сөз тіркесі соған орай айтылған. Мал дәрігерлік сауаты бар, жөн білетін ағайындар айтқанымызды қуаттайды. Олардың айтуынша, ондай иісті тері безі шығарады. Кей жағдайда сол тері бездері жетілмей қалады. Тазының таза болатыны содан. Соған орай ит жалаңшақ болады.
Осы әлеке сөзін теріс түсінушілік бар. Тазының жүйрігі деп. Шын мәнінде, ол тазының тазасы.
Иттің жәутігін бабаларымыз ноқай деген. Біраз түркі жұрты итті ноқай дейді. Қазақтың «әй, ноқайының» әр жағында ит екенсің мағынасы жатыр.
Бабаларымыз жыртқыштарды да жынысына қарай жіліктей білген. Олардың еркегін – арлан, ұрғашысын – қаншық, баласын – күшік деп атаған.
Арыстанның арланы – қамбар.
Қазақ есепшілерінің күн қа­йыру жүйесінде Ай мен белгілі бір Жұлдыздың кездесуі бар. Соның алғашқысы – Қамбар тоғысы. Осы Қамбар жұлдызы Аймен бес рет тоғысады. Алғашқы рет айдың тоғыз жаңасында тоғысуы – тоғыздың айы (қазан айы) атанған. Келесі кездесу айдың жеті жаңасында өтетіндіктен ол жетінің айы (қараша айы) деп белгіленген.
Осы ретпен Қамбардың Аймен бес жаңасында кездесуі – үштің айы (қаңтар), бір жаңасында кездесуі – бірдің айы (ақпан) деп аталған.
Қамбар тоғыз жүйесі бойынша жыл басы ақпан айының бірінші жұлдызы. Осындағы Қамбар жұлдызы деп отыр­ғанымыз Арыстан жұлдызы.
Арыстанның қаншығы – қаншыр.
Қаншырдың бастапқы мағынасы қан ішер болса керек. Өйткені аңға арыс­танның қамбары емес қаншыры түседі. Ал қаншырдың «қаншырдай қатып қалған», «қаншырдай қатпа» сынды ауыспалы мағыналары да оның аңға түсуімен байланысты. Себебі қаншыр үнемі аңға түсетін болғандықтан бойына артық ет жинамайды.
Арыстанның күшігі – шөншік.
Кей жерде шөншікті шөнжік деп жұмсартып айту да кездеседі.
Жолбарыстың қаншығы – өлекшін.
«Күшігін асыраған өлекшіндей, азғындап шөктің, Сара, жылдан жылға. («Біржан – Сара» айтысы).
Күшігі – сарымақ.
«Саптыаяқтай еріндім, сарымақтай азулым» (Бұқар Жырау).
Жолбарыстың арланы – айбар.
Осындағы ай түбірлі сөзде көне түрік тілінде айығ түрінде кездеседі. Бұл – ашулы, жауыз деген сөз.
Аюдың арланы – айтыс.
Жалпы, аю сөзі жоғарыда аталған ай түбірінен шыққан. Хакас тілінде айдас – күшті, ірі, мықты мағыналарында қолданылады. Бәлкім, айтыстағы тыс сөзі тіс шығар. Сонда ай – тыс «қорқынышты тісті» деген ұғымын бермей ме?
Қаншығы – кірекей.
Күшігі – қонжық.
Барыстың қаншығы – таутан.
«Алма апаннан аланды, таутан алар балаңды» /Мәтел/.
Күшігі – алан.
Арланы – барсақ.
Ел ішінде «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке» деген мәтел бар. Осы мәтелде жансақтық орын алған. Дұрысы: «Таутанын тастап барсақ (барысақ), жаға болар ішікке».
Барсақ қазіргі ұғыммен қарайтын болсақ барынша сақ (аң) деген мағынаны білдіреді. Шын мәнінде, барыстың қырағысы (сағы) арланы емес өлекшіні.
Қарсақтың қаншығы – мырсақ. Кей жерде мыршақ деп айтушылық та бар.
Қарсақ атауы аң атауы ретінде кейінде қалыптасқанға ұқсайды. Қарсақ деген сөз аңның ұрғашысына қаратылып айтылған сөз. Ендеше, жоғарыдағы барсақ пен осы қарсақтың бастапқы мағынасы өзгерген бе дейміз.
Күшігі – жәутік.
Жәутік нашар деген сөз. Әдетте қарсақ­тың күшігі әлжуаз болып туады. Тілімізде жаман – жәутік тіркесі бар. Осындағы жәутік сөзі нашар деген мағынаны білдіреді.
Сілеусіннің қаншығы – ілбісін.
Ел ішінде ілбішін деп айту да кездеседі.
Күшігі – інсін.
Түлкінің қаншығы – қанжыр.
Тіліміздегі қанжырық сөзі осы қанжырмен түбірлес болар. Тура мағы­насы – түлкінің қаншығы мағынасында да айтылуы әбден мүмкін.
Күшігі – жаутаң.
Арланы – алтын.
Алтынның тура мағынасы – бірінші айлакер. Көне түрік тілінде ал – айла, тын (тұң) – бірінші. Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген тұңғыш сөзінің мағынасы – бірінші деген сөз.
Борсықтың арланы – борақ.
Қаншығы – сасық.
Күшігі – әзборақ.
Борсық та күшігін соқыр туады. Әзборақтағы «әз» соқыр деген сөз.
Күзеннің арланы – шақар.
Қаншығы – шашал.
Күшігі – безек.
Мәлімнің күшігі – мәулен.
Мысықтың еркегі – мыршым.
Ұрғашысы – мырсын.
Күшігі – соқыр.
Ең соңында айтарымыз, қасқырға қаратылып айтылған бір мәтел бар. «Бөлтірігін алма шуланның, шұрқан салар қораңа» деген.
Қасқырдың кекшіл тағы екендігін білеміз. Оның ішінде шуланның, оның ішінде бөртенің кекшілдігі әлемет. Бұлар нағыз қырыпсалдар. Соған орай қазақ аңшылары апаннан күшік алса бәрін алған. Көз алдарында күшігі жүрсе кегін ұмытпайды деп.

Сонымен мақаламыздың соңына жеткен сияқтымыз. Қазақ атамыз итті жеті қазынаның бірі санаған. Қасқырды да өзінен алыстатпаған. Терісін ішікке жаратса, қыл ақыры өтін емдікке пайдаланған. Шешелеріміздің омырауынан сүт шықпай қалғанда ит емізгендері болған. Итемген есімі соған орай қойылса керек. Қасқыр өтіне жерік болған аналарымыз да аз болмаған. Есті қазақ бекерден бекер қасқыр ауламайтын болса осындай себептері бар.

Қарағанды

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

17 Пікір

  1. Бағыс ЖАМБЫ

    ТАМАША ТАНЫМДЫҚ МАҚАЛА. ЕРТЕДЕ ТУҒАН НАҒАШЫМ ҚАБЫЛ СҮЛЕЙМЕНОВ «САРЫБҰЛАҚ»
    ДЕГЕН СОВХОЗДЫҢ ДИРЕКТОРЫ БОЛДЫ. 8-9 КЕЗІМ ЖАЗҒЫ КАНИКЛДА ҚОНАҚҚА КЕЛІП ЖАТҚАНМЫН. БІР КҮНІ ШОПАНДАРДЫ АРАЛАҒАНДА ГАЗ№ МАШИНАСЫНА МІНГІЗІП МЕНІ ДЕ АЛА КЕТТІ «САРЫБҰЛАҚТЫҢ» ЖЕРІ ТАУЛЫ ТАСТЫ КЕЛЕДІ. АЛДЫМЫЗДАН КЕЗДЕСКЕН ШОПАН ДИРЕКТОРҒА ҚАСҚЫРДЫҢ КҮШІКТЕРІН КӨРГЕНІН АЙТТЫ. НАҒАШЫМ МАҒАН ҚАРАП «ҚАСҚЫРДЫҢ КҮШІГІ КЕРЕК ПЕ» ӨМІРДЕ КӨРМЕГЕН МАҚҰЛЫҒЫМ БОЛСА ДА «КЕРЕК» ДЕППІН. БАРДЫҚ. ІННІҢ АУЫЗЫН ЖУСАНМЕН ЖАУЫП ҚОЙҒАН ЕКЕН. АРШЫП АЛТЫ КҮШІК АЛДЫМ. ШОПАННЫҢ ДОРБАСЫМЕН КЕШТЕТІП ҮЙГЕ КЕЛДІК. ЖЕҢГЕМ РӘБИҒАДАН ШИКІ ЕТ СҰРАП АЛЫП ТАМАҚТАНДЫРДЫМ. ШОПАН АЙТҚАН «ЖЕРДЕН ШҰҢҚЫР ҚАЗЫП БАҚПАСАҢ ЕНЕСІ АЛЫП КЕТЕДІ» ДЕП АУЫЗЫН ТАР ҚЫЛЫП ТҮБІН КЕҢЕЙТІП ТЕРЕҢ ШҰҢҚЫР ҚАЗДЫМ.ҚАРЫНДАСЫМЫЗ ЕКЕУМІЗ 10-12 КҮН ЕРМЕК ҚЫЛЫП ОЙНАДЫҚ КӨРШІ БАЛАЛАР ДА КӨРДІ КҮНДЕ ТҮН ОРТАСЫНДА ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛЫҒАН ДАУЫСЫ ЕСТІЛІП ЖҮРІПТІ. АҚЫРЫ КҮШІКТЕРІН АЛЫП КЕТІПТІ. МАҒАНДА, БАСҚАЛАРҒА КӨПКЕ ДЕЙІН ЖҰМБАҚ БОЛДЫ.ШҰҢҚЫРДЫҢ ТЕРЕҢДІГІ 1,5 МЕТРДЕН КЕМ ЕМЕС. АУЫЗЫ ЕКІ ҰЗЫН АУЫР ТАҚТАЙМЕН БЕКІТІЛГЕН. ҚАЛАЙ АЛЫП КЕТУІ МҮМКІН?

  2. Марғұлан Садық

    Бұл кісіні нағыз қазақы жазушы ретінде білуші едім.Бір жылдары «Жұлдызда» жыл сайын шығып тұрды. Ылғи ит, қасқыр жөнінде жазатын. Бәрі де мықты әңгімелер еді. Мынауысы да олардан кем емес екен.Оқып ырза болдым. Ешқандай кітаптан ала алмайтын білім алдым. Танымым атымен өзгеріп кетті.Бір мақаладан алпыс шақты жаңа сөз үйрендім.Бәрін білмесем де, біразы еміс-еміс есімде қалыпты.Төрехан бауырымыз шонаны жазып, шонайды жазбай кетіпті, итақайды да жазбаған.Шонай мен итақайдың мәні бір.Шыны керек, мен өзімді нағыз қаазқ деп санаушы едім. Төкеңнің мына мақаласын оқығаннан кейін бетімнің қызылы шыықты.

  3. Рахмет РИЗЫҚБАЙ

    Бір адамның осыншама білетіні мені таң қалдырды.Өзінің жазу стилі де бөлек екен.Тура миыңа құйып береді.
    Мен кәнігі аңшының баласымын. Менің әкем Ризықбай деген кісі бейберекет аңға шыға бермейтін.Оның ішінде қасқырға шыққанда күндер бойы дайындалатын.Әсіресе, олардың апанына бара қоймайтын.Өшігіп алады деп.
    Бір күні біздің ауылды қасқыр шапты. Әкем ауырып, төсек тартып жатқанды.Ел не істерін білмей әкеме келіп ақыл салсын. Сонда әкем оларға бара беріңдер,адалдарыңды арамдамайды деді.Расында да елдің малы аман қалды. Алайда біраз ит ауылда жоқ болып шықты.Кейін елдің бәрі сол иттерді қасқыр жеп кетті деп жүрді.Төрехан Майбастың мына жазбасынан кейін сол әңгімеге сеніп отырмын.Сөзімнің соңында осы автордың адресін бересіздер ме деп айтам. Қоятын біраз сұрақтарым бар еді.

  4. Марғұлан Айтан

    Ассалаумағалейкум, аға! Оразаңыз қабыл болсын!
    Мен де Марғұлан есімді балаларыңыыздың бірі боламын. Теміртаулықпын.
    Жақында Мұқан деген ағамыздың үйінде қонақта болдық. Сол үйдегі ініміздің есімі де Төрехан екен. Содан Төрехандарды теріп кеттік. Сіз жөнінде біраз әңгіме қозғадық. Сөйтсек әлгі үйдегі ағамыз сіздің оқырманыңыз екен.Тіпті, сіздің осындағы курстасыңыз Зейнешев Мұрат деген ағамызды да біледі екен. Сіздер Алматының политінде, бір топта оқыпсыздар ғой.Кезінде орысша өлең де жазыпсыз.»Очи карие» деген.Жақсы өлең екен.
    Мұқан ағамыз баласына ырымдап сіздің есіміңізді беріпті.Сол Төрехан ініңізден өскенде кім боласың деп сұрасақ, Төрехан болам дейді.
    Қазірдің өзінде біраз нәрсе біліп қалыпты.Осы інімізді өз назарыңызға алсаңыз.
    Мақаланы бірнеше қайыра оқып шықтым.Оқып шықтым да таза мақұрымдығымды мойындадым.
    Әлгі қонақта болғандар сізді таза бай дейді. Олай босла жұмыстан кетіп неге осындай мақалалар жазбайсыз? Келер ұрпақ үшін…
    Артық кетіп атсам кешіірм сұраймын.

  5. Жақыт Смағұл

    «Бөлтірігін алма шуланның,
    Шұрқан салар қораңа…»
    Осындағы шұрқан сөзінің мағынасы ашыылмай тұрған жоқ па? «Шұрқан салар» тіркесін қалай түсіуніміз керек?
    Мен үлкендерден:
    «Қарақұлақ алма апаннан,
    Қи да қалмас қотанда»
    деген мәтел естіп едім.
    Осы екі мәтел үндес пе деймін…
    Бір жауап қайтарсаңыз.
    Рахмет.

  6. Алмас Айқын

    Екі мақалдың екеуі де шынымен үндес. Жақыт бауырымыз мәтел депті. Жаңа туған бөлтірікті қарақұлақ дейді. Бұл анық нәрсе. Оны мәтіннен көруге болады. Ал қойдың тұратын жерін қотан демеуші ме еді? Олай болса бәрі де түсінікті. Апаннан қарақұлақ алсаң қотаныңда ештеңе де қалмайды (деген сөз).
    Бұған қарағанда «шұрқан салардың» мағынасы «қыырп саладыға» келетін сынды.

  7. Жақыт Смағұл

    Иттің де жаңа туған күшігін қарақұлақ дейді.

  8. Сәбит Адамбиев

    Аға! Мақалаңызға тәнті болдым.Көп рахмет. Мүмкіндігіңіз болса менің мына сауалдарыма жауап беріңізші.
    1. Қасқыр киіктің етін жей ме?
    2. Қасқыр өлексемен қоректене ме?

  9. Тұрсын Дағаров Теміртау қаласы

    Қасқыр адам жейді деген не сөз? Улы болғандықтан алақаны мен аяғын жемейді дейді. Осы рас сөз бе?

  10. Жақыт Смағұл

    Қасқыр киіктің де етін жемейді. Өйткені олар ешкі етін жемейді.

  11. Жақыт Смағұл

    Қасқырдың тірідей адам етін жеді дегенді естімедім. Ал өлген адамды жеген деген әңгімені естідім.

  12. Мақсат Рахат

    Мақала жақсы екен.Шала байып қалдым. Рахмет.

  13. Мақсат Рахат

    Қасқырлар зияратқа сариды. Неге? Кім біледі?

  14. Алма Бақыт

    Бөстекі сөз жазбасаңыздаршы.Ұят емес пе?

  15. Алмас Айқын

    Мен білсем сарып шекараларын белгілейді. Қазақ зираттары шекаралық болып табылады ғой.

  16. Дария

    Не деген еңбек. Нағыз танымдық дүние.Қасқырлар адамды тірдей де жейді-аш болса. Улы болған соң басын, екі табаны мен алақандарын қалдырады. Ана жылы аялдама түбінде студент қызды жеп кеткен.Қасқыр өлексені де жейді.Ал өлген кісіні қомағай қара аюлар қыста суырып алып жеген, қақпақылдап ұрып құлатып, тұрғызып қайта құлатып ойыншықт қылғанын естігем.Аю меніңше асқан қомағай, жауыз, дүлей күш иесі. Қасқыр-қу, тәсілқой, залым,біраз ақылы бар тағы.Түсінбейтінім: күшікті болсын мал, адам баласын болсын неге қарақұлақтанып қалсын деп өсіңкіреуін айтады.Соған қарағанда, күшіктің немесе бөлтіріктің құлағы біртіндеп қараятын секілді…

  17. Алтай Шу қаласы

    Құрметті Төрехан Майбасұлы!
    Менің бабаларымның есімдері Бодық, Қодық, Шомық. Үлкендерден сұрасам төл атаулары дейді. Бірақ нақтылап айта алмайды. Соны сіз тарқатып бересіз бе? Алдын ала рахемт!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.