Этнографпен әңгіме

Этнографпен әңгіме(Соңы. Басы өткен санда).

– Осы «Алпыс екі қоңыр» күйі қашан шықты, авторы кім, қалай жетті бізге?
– Мәселен бізде «Шыңырау» деген күй бар. Бұл күйдің мағынасы ежелгі аңыз бойынша мынаған саяды. Мазмұны өте терең. Шыңырау дейтін Қыран құс. Шыңырау жылда бір жұмыртқа табады. Оны бір қанаты бар айдаһар келіп жеп кетеді. Бұл жылда қайталанады екен. Ең соңғы жұмыртқасын дүниеге әкелгеннен кейін не ол, не мен өлуім керек деген сертке бекінеді Шыңырау. Аспандағы айқаста қанаты бар айдаһарды жеңіп, жерге түсіреді. Сонымен ұрпақ аман қалады. Күй осылай басталады. 1952 жылы Қытайлар Шың Дау деген өлкеден екі қанаты бар айдаһардың сүйегін тапты. Сонда Қытай зерттеушілері былай деп жазды: «бұл жануарлар осыдан жиырма-жиырма бес мың жыл бұрын болған екен». Демек сенің «Шыңырау» деген күйің соның замандасы екен ғой. Бірақ бұл күйдің иесі белгісіз. Қазақтың ән, күй, жырлары сансыз көп. Солардың ішінде ел аузынан түспей келе жатқан жырлар – жөргек жыры, бесік жыры, жар-жар, көрісу, сыңсу, беташар, жоқтау, гөй-гөй, бәдік (мал дертін көтеру), телу (төл телу), жарапазан, тағы басқа жырлар мен күйлерінің авторлары жоқ. Ал, қалың қазақ бұл ән-жырларды жатқа біледі. Оған музыка аспабаның сүйемелі керек емес. Шаңқобыз, сыбызғы, домбыра, қылқобыз сияқты дәстүрлі аспаптар арқылы ойналатын – «Қаражорға», «Сұрмерген», «Бөкен жарғақ», «Бұлғын-сусар», «Бозінген», «Нариген», «Тарғыл бұқа», «Сарыөзен», «Шыңырау», «Шаһимаран» және тағы басқа көптеген қазақ күйлерінің авторы белгісіз. Осы күйге байланысты бір әңгіменің реті келіп отыр. Ұлы жүзде Албан елінің ішінде Елікбай тайпасынан шыққан Қожеке деген күйші болған. Ол Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романындағы 1916 жылғы Қарқарада болған ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі – Серікбайдың жұбайы Көкшегірдің әкесі. Қожеке күйші ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Боро-Тала және Іле аймағын көп аралаған екен. Осы адам күй шерткенде айналадағы естіген ел-жұрт тегіс жиналып, күй тыңдайды екен. Кейде артынан қалмай еріп жүретін болыпты. Жылап отырып алады екен. Манчжурия империясының тұсындағы ел тағдыры, жер тағдыры, күйінген елдің болашағын күй арқылы түсіндіргенде, тыңдаушылар арасынан жылап-сықтайтындар, аһылап-үһілеп ауыздарынан әртүрлі сөз шығатындар көбейіпті. Мұны жергілікті Өкіметке жеткізетін алаяқтар мөлдіретіп, түрлентіп, мың құбылтып жеткізгендіктен жергілікті Өкімет пен Қожеке күйші арасында саяси қақтығыстар басталады. Жергілікті Өкімет Қожекеге бірнеше рет ескерту жасайды.
– Үкіметтің не жұмысы бар жай күйшіде?
– «Домбыраңды таста, күйіңді тартпа, елді жинап алып, Үкіметке қарсы шығып жүрсің» дейді ғой. Күй тартқаннан басқа жазығы жоқ. Ел тарт деп, қаумалаған соң тартады да бейшара. Жазықсыз Қожекені бірнеше рет абақтыға да жабады. Осыған ашынған ел де, күйінген Қожеке де күй шертуді мүлде тоқтатпай, жасырын жағдайға көшеді. Алайда бұл да қайта-қайта ашылып қалып, Өкімет қаһарына мініп, Қожекені ұстап, қазіргі Іле аймағы, Күре деген жерде отқа қақтап өлтіріп тынады.
– Дәл осындай дерек бар ма аға?
– Иә бұл болған жайт. Осы дерек Тауфих Жексенбиевтің естелігінде де жазылған. Ал, күймен елді дүрліктіріп, күй тартып ақыры өзі өліп тынған Қожекенің артында қанша күй, қандай күйлер қалды ол жағы беймәлім. Бұл зерттелуге тиісті тақырыптың бірі. Қазақ мәдениетінде ән мен күйдің қоры мол. Бірақ олардың саны мен авторлары түгелденбей келеді.

Домбыраның тарихы тым тереңде

– Қазақтың жанына жақын, өзімен бірге сан көшті артқа тастаған, талай қилы заманда серігі болған қасиетті саналған қара домбыра жайында да біраз ой қозғап жүргеніңізден хабардармыз?
– Егер адам баласының ән мен күйі шыр етіп жерге түскеннен басталады дейтін ғұламалар тұжырымын еске алар болсақ, халқымыздың да бұл өнері, оның музыкалық аспаптары қарт қазақпен бірге жасасқанын аңғару қиын шаруа емес. Әр ұлттың қоғамдық дәуірімен оның мәдениеті де қатар жүретіні белгілі. Мәселен, тілі, ділі, діні, рухы сондай-ақ салт-санасы мен бедері айқындалған сайын оның ән-күйі, өлең-жыры да өркендей бермек. Солармен қатар түрлі музыкалық аспаптардың да дами берері сөзсіз. Қарапайым түрден күрделі деңгейге өтіп, белгілі бір халықтың мақтанышына айналады. Мәселен қазақтың сыбызғы аспабы бір түтік – бес тесікті. Ал қылқобыздың құрылымы одан күрделірек: бір шанақ, бір мойын, бір бас, екі құлақ, бір тиек, бір адырна ішінде жылқының бір жұп қыл ішегі тартылған. Қазақ халқында бұдан да басқа үскірік, ысқырық, шаңқобыз, келіқобыз, сазсырнай, тоқылдақ, дап, даңғыра сияқты ұлттық аспаптары бар. Әрқайсысының үні, дыбысы, ырғағы, дірілі, сырылы, ызыңы болатыны өз алдына, олардың үлгісі, мүсіні, өлшемі, тұрақты сыр-сипаты және бір-біріне ұқсамайтын аты-жөні бар. Қазақтың ұлттық аспаптарының қайсысы қай дәуірде туындап, қашан, қалаай қалыптасқанын кесіп айту қиын. Дегенмен, олардың бір уақытта пайда болмағаны анық. Халқымыздың қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен жұбанышын күй арқылы жеткізген, домбыра қарттың да жасы белгісіз. Мен 1986 жылы тамыз айында Алматы облысы, Майтөбе жайлауының Қызыл кезең деген жерінен сурет таптым. Суретте адамдар бір-бір сызықпен бейнеленген. Олардың түгелдей билеп жүргені байқалады. Ал, алдарында домбыра жатыр. Домбыраның басы сол жаққа, шанағы адамдардың оң қол жағына қаратылған. Демек сол замандағы адамдарда дәл бүгінгідей домбыраны оң ұстай білгенін аңғаруға болады. Домбырада шанақ, мойын, бас, екі құлақ, екі ішек бар. Бұл музыкалық аспаптың да мойнына қазіргі кездегідей үкі тағып қойған.
– Сіз тапқан тарихи тас мұражайда қай жылы жәдігерлікке айналды?
– 1988 жылы бұл тас Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық муызка аспаптар мұражайына әкелінді. Тастың ұзындығы – жүз отыз сантиметр, ені – сексен сантиметр, қалыңдығы – алпыс сантиметр, өңі – қара, кәдімгі қайрақ тас. Сол тасты мына музейге алып келгенде Кемел Ақышев бастаған бір топ археология ғалымдарына көрсеттік. Сонда зерттей келе, мына бедерлі суреттер біздің жыл санауымызға дейінгі төрт мың жыл бұрын сызылған екен деген қорытындыға келді. Алты мың жылдың алдында ата-бабамызда домбыра бар екен. Алты мың жылдың алдында күй шертіп, би билейді екен ғой – деді. Мөлшермен он-он бес мың жыл бұрын осы домбыра атты музыка аспабын қолға алып күй ойнаған біздің ата-бабаларымыздың аты-жөні кім болды екен?
Тағы бірде кітаптың бетіндегі суретке көзім түсті. Таңбалы тасты фотоаппаратпен түсірген екен. Үлкейткіш әйнекпен (лупа) қарап отырсам, кәдімгі түйеге мұрындықты мінер жағынан қамшылар жағына қарай өткізіпті. Бүгінгі ХХІ ғасырдың қазағы да солай жасайды. Мұрындыққа екі жағынан тығырық қойыпты. Бүгінде дәл солай тығырық қойып отырмыз. Оған апарып бұйданы жалғапты. Бүгінгінің қазағы да осылай жасап отыр. Осыншама анық байқалып тұрған сурет – ата тарихымыздан сыр шертетін секілді. Алтың мың жылдың алдында түйені дәл осындай дәрежеде игеріп отырған халық – ол біздің ата-бабамыз. Осыны біз анықтасақ, бізге зияны тие ме? Әлде орыстар қарсы шыға ма? Шықсын қарсы. Кәдімгі ат арбалардың небір түрлері кездеседі. Екі дөңгелекті арбаға екі ат, үш ат жегілген. Екі мың, үш мың, төрт мың жыл деп жазылған. Сонда есептеп қарасақ, алты мың жылдың алдында садақ бар екен, арба болған екен ғой. Соның бәрін жасаған біздің ата-бабамыз емей кімдер? Осы секілді байлықты біз жоғалтып алып отырмыз. Мына көрші отырған орыстар алтынды қалай жинады дейсің ғой? Олар үш бағытта жинапты.
– Мұны да айта отырсаңыз?
– Біріншісі бүкіл Қыпшақ (қазақ — авт) даласындағы бейіт қазылсын, екіншісі жерден металл ретінде қазып алынсын. Үшіншісі сауда жолымен алынсын деген. Осы үш бағытпен орыс алтыны жиналып отыр. Ең алғашқы бағыты біздің ұшы-қиыры жоқ сахарамыздағы моланың бәрін қаза отырып, алтынымызды тонап кетті. 1719 Петр патша жарлық шығарған. Сонау Сібір мен мына қазақ даласындағы бейіттер қазылсын. Алтындары түгел Петербордағы мұражайға өткізілсін деп. Оның алдында Гагарин деген генерал-губернатор болған. Сібірдегі және Қазақстанның солтүстігіндегі, сондай-ақ Шығысындағы қорғандардың бәрін қаздырып, Сақтар дәуіріндегі алтындардың бәрін жинап, қорытып, сатып, өз пайдасына жаратқан. Бүкіл Қазақстанның территориясындағы қорғандарды құртып, бейіттің ішінен табылған жарамды нәрсенің бәрін сыпырып кеткен. Бүкіл бір полктың әскерін жұмылдырған. Сонда ол артельде төрт мың адамнан болған. Қызыл әскерді пайдаланған. Міне осындай да сұмдықтар болған, қарағым! Біздің қазақтың жамбасында «Көк таңба» бар. Бұл таңба бізде, қырғызда, якуттарда және моңғол халқында бар.
– Аға осы Сіз айтып отырған «биологиялық көк таңбамызды» неге сирек сөз қыламыз?
– Сәби туған соң екі жасқа дейін көгеріп тұрады. Осыны ЮНЕСКО-дан өткізіп, иелік жасауымыз қажет. Біреулер айтады, сонау америка жерін мекен еткен «майяларда» бар дейді. Бұл халық бір кездері Беринг бұғазы арқылы өткен дейді ары қарай. Бұл «Көк таңба» біздің биологиялық таңбамыз. Түркі тілдес халық екені рас болса да, ұйғырда, түрікте, башқұртта, өзбекте, татарда, бұл таңба жоқ. Осы ерекшелік неге қазақта бар дегенге жауап іздеп едім, өзім мынаған тоқтадым. Мына Алтай тауының өзінің биік нүктесі бар. Сол шыңға шықсаң күн мен ай қатар тұрады. Неге ол басқа жерде бірге көрінбейді? Және соның маңайындағы Курчатовтың іргесінде жер шарының кіндігі тұр. Осындай бір ғажап нәрсе бар. Бәлкім осыған да байланысты ма екен, ол жағын ғылыми түрде дәлелдеу қажет. Міне, қарағым біз осындай да қасиетке ие халықпыз. Үрімжіде шығатын «Шың-Жаң» газеті тілшілерді аймақтарға жіберіп тұрады. 1954 жылы Үндістанға қарай асатын Күйлұн тауының теріскей жақ бөктеріндегі Хотан, Яркен аймақтарына барып келген ұйғыр тілшісі Яркен аймағының бір алыс қыстағында «құйрықты адамдар тұрады екен, жас балаларының құйрығын көрдім, кәдімгі маймылдың құйрығындай, жіңішке, ұзын, тобығына дейін түсіп тұрады екен» — деп келді. Мұны көріп келген тілші Ахмет Тохсұн. Міне осындайда халықтар мекен етеді.

Қазақ қан тазалығын сақтаған

– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатамыз. Осы сөз қайдан шыққан?
– Бұл ертеде шыққан сөз. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға қисыны келмейді, соны тозығы бар дейді. Озық дәстүрлеріміз – ол сенімен бірге жасасып, саған өзінің рухани азық ретінде пайдасын тигізіп жатса, онда оны озық дәстүрге жатқызамыз. Құсбегілік туралы көп еңбектендім. Құсбегілік өте жақсы ғылым. Мұны озық дәстүрге жатқызса болады. Кеңес үкіметі қазақтың асыл тұқымды жылқыларын жоюға аз қалды. Енді қайтадан осы жылқыны көбейте алмай жатырмыз. Бірақ жылқы малын көбейтуге халықтың ниеті зор. Осыны озығы бар дәстүр десек болады. Бір кездері кәдеге асқан дәстүрлеріміз уақыт өте келе жарамсыз болып қалады. Өмір өзі түлеп, жаңарып, заман өзгеріп отырады. Жаңа дәстүрлер, жаңа салттар кіреді. Бұл да бір өмірдің заңдылығы іспеттес.
– Ойыма тағы бір дәстүріміз оралып отыр. Көне дәстүрдің бірі. Бүгінде мұны да жоғалтып алдық. Соның кесірінен жылаған қыз бен жесір әйелдердің саны артып, қаншама отбасының шырқы бұзылуда. Әйтседе қазақтың «Әмеңгерлік» дәстүрін әманда ұмытуға болмас?
– Өте дұрыс айтасың. Мәселен сенің ағаларыңның не болмаса жақын туыстарыңның біреуі қан жағынан жақын бірі жазмыштың жазуымен қайтыс болып кеткен соң әйелі артында қалады ғой. Осыны басқа жаққа жібермей жас әйел болғандықтан, кейде баласы да болады, сол үйренген ауылына қалдырудың ретін іздейді. Басқа жаққа қаңғыртпай, төркініне де абырой болсын деп қайын інісіне, жақын туыстарының біреуіне қайтадан қосып қояды. Осыны «әмеңгер» ғып алыпты дейді. Бұл дәстүр қазақта өте мықты орын алған. Әмеңгер болмаған жағдайда ғана әйел кетуге мәжбүр болады. Ал әмеңгер табылып тұрса, ол үлкен бе, кіші ме оған қарамайды. Оны басқа жаққа жібермейді. Сол үйдің отынан кіріп, күлінен шығып отырған қызындай болған келіндерін әмергерлікке алып қалады. Әмергерліктің көптеген салттарын білем мен.
– Соның біріне тоқталасыз ба?
– Мәселен қазақта «Ақтай жоқтау» деген сөз бар. Бір жақ құда түсіп қояды. Сол арада алайын деп отырған үйдің ұлы қайтыс болып кетеді. Енді қайтеді? Оның алам деп отырған қалыңдығы бар. Енді болашақ құдалар осындай жағдайға тап болған кезде не істеу керек? Мүлде сыйластықты жоғалту керек пе әлде байланысы жалғаса бере ме? Енді аралас-құралас болып қалған ағайын-туыс секілді екі үйдің қарым-қатынасы арта береді. Ал енді сонда өзінің тигелі отырған о дүниелік болып кеткен қалыңдығын қалай іздейді? Әлгі қыз өзінің өлген болашақ жарын жоқтайды. Үйінде отырып өлген күйеуін жоқтауды қазақтар «Ақтай жоқтау» дейді. Міне, әмеңгерліктің осындай сырлары бар. Бұл жалпы керек нәрсе. Осы дәстүрді қайта дамытар болсақ, қазақтың берекелі отбасыларының саны артып, халқымыз көбейер еді.
– Қазақтың Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қасиеті турасында ой қозғасаңыз?
– Бабалықтан тараған ұрпақ Жеті атаға толды. Бірақ қыз алысып, қыз берісу дегенге әлі тоқтаған жоқпыз. Қазақтың Жеті атаны қолдауы өте жақсы заң. Мұны қазіргі Мемлекеттік Неке заңына кіргізу керек. Мұндай «жазылмаған» заң әлемде жоқ. Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Өйткені, олар Жеті атаны ұстанады екен деген. Және осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Сол Жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегеніміз – ол екінші ата. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді. Өте қасиетті заң бұл.
– Мұны қазақ халқы қай уақыттан бері ұстанып келеді?
– Мен айтайын. Шыңғыс ханның заманында тоғыз ата болған. Оның ар жағында қанша жылдан бері келе жатыр, оны айту қиын. Осы заңды сақтап қалу – біздің міндетіміз. Мұны заңдастырып, ЮНЕСКО-ға ұсыну қажет. Он ата, он бір атаны сақтаған рулар бар. Жиырма атаны сақтап отырған рулар бар. Бұл өте керек нәрсе. Мұны қалайда Неке заңына кіргізу керек. Өте қасиетті нәрсе. Мына Албан руының ішінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген болған. Әз Жәнібектің заманында өмір сүрген. Сол Әз Жәнібек Өтейбойдақты шақырыпты. Өзі дәрігер, өзі ғалым ғой. «Шипагерлік баян» деген үлкен еңбек жазған. Сол Өтейбойдақ арнайы барып сәлемдесіпті. Сонда Әз Жәнібек: «Өтеке, біздің халқымыздың дені сау, өмірінің ұзақ болуы үшін не істеуіміз керек» – дейді. Сонда Өтейбойдақ орнынан тұрып; «Ең алдымен мына қол беріп амандасуды тыйыңыз. Бар бәлені осы таратады деген. Екінші беттен сүйіп, сәлемдесуді тыйыңыз, бар бале осыдан. Үшінші Жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беруді тыйыңыз, бар балені сол таратады» — деген. Бұл төрт жүз жылдың ар жағындағы болған жайт. Неге біз өзіміздің ғалымның айтқанына көнбейміз. Шалпылдатып бетінен сүйіп жатамыз. Дереу қолымызды аламыз. Дастархан үстінде тіпті отыра алмай кетесің. Сен тамақ жеп отырсың ба, сенің артыңнан келгендер оған мән бермейді. Алқынып келіп қолын береді ғой. Неге керек соншалықты көргенсіздік. Бұл турасында «Қазақ сәлемдесуді біле ме?» — деген мақала да жазғам. Қазір біздің тектілікті сақтаудағы үрдісімізді бүкіл әлем мойындап жатыр ғой.
– Біздің қазақтың ұғымында «таза» деген сөз табиғаты бұзылмаған, қоспасы жоқ, алғаш жаратылған күйінде деген ұғымды білдіреді. Ал, бүгінгі күні осы «таза» деген сөзді қай нәрсеге телуге болады?
– Көне қазақта «таза алтын, таза күміс, таза темір, таза қымыз, таза сүт, таза бал» деген сөздер бар. Расында бұл сөздер қоспасы жоқ, нағыз табиғи дегенді білдіреді. Ал, әзіргі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды жылқы» дегені, түрлі-түрлі қандар қосындысы, алуан түрлі тек, нәсіл қосындысы. Көне қазақ тазы ит пен төбет ит арасында туғанды – дүрегей ит, моңғолдар – эрлыз нохай дейді. Қазақтар бие мен есек арасында туғанды – қашыр дейді. Қазақтар екі қан, екі тек, екі ұлттан туғандарды – «дүбәра, дүрегей, шата, қашыр» дейді. Моңғолдар – «құрлыз, эрлыз» дейді. Орыстар – «метис, гибрит», қытайлар – «әр-жаң-зи» деп атайды. Сонда бүгінгі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды» дегені кімді алдағаны? Өзін-өзі ме? Мақұл солардың айтқаны болсын делік. Солар мақтаған «таза қанды, асыл тұқымды» жылқылардың қазақ жылқысынан артық жері бар ма? Біздіңше «таза қанды» жылқы бүкіл әлемдік сүтқоректі жануарлар арасында ең сұлу болып аталады. Ол сұлулық жылқықұмарлардың мақтанышын қанағаттандырады. Шын мәнінде ол сұлулық сурет қана. Адамға еңбек ететін жылқы санатына қосыла алмайды. Әлемдік толғамда адам, дельфин, маймыл, ит, жылқы, осы бесеуі ақылды жануарлар деп аталады. Ал, осы қатарда «таза қанды» жылқының орны жоқ.

Кеңес өкіметі қазақ жылқысын құртты
– Сонда аға, неге «таза қанды, асыл тұқымды» деп ерекшелейміз?
– «Таза қанды, асыл тұқымды» жылқының ең алдымен ақыл-есі кемшін келеді. Нағыз мәңгүрт. Өз тегін, өз қанын, өз нәсілін танымайды, тегін сақтай алмайды. Бұл оның ақыл-есінің кемістігі емей немене. «Таза қанды» жылқы тек қолда бағылады. Өріске жіберген соң, өзін-өзі асырай алмай, қыс кезінде қырылып қалады. Қолда бағу үшін бір айғырға бір адам керек. Өріске бағылатын қазақ жылқысының үш-төрт үйіріне бір жылқышы да жетеді. Үш-төрт үйірің жүз қаралы тұяқ. Сонда баптау тұрғысынан алғанның өзінде бірінен-бірі жүз есе қымбат. Айғыр өзі үйірге түсіп жиырма-отыз биені өзі қайырып, өзі иелік етпеген соң, «асыл тұқым» аталған жылқы табиғи өсім бере алмайды. Олар тіпті көбеймейді. Жылдың төрт маусымында кең далада өрістеп, өзі қалаған жүздеген, мыңдаған шөпті таңдап, басын шалатын, мөлдір бұлақ, ағын суды өрлей жүріп ішетін қазақы жылқының сүті, қымызы, еті, майы жұпар иісті, дәмді, құнарлы, нәрлі, емдік қасиеті мол тағам қоры саналады. Ал қолда бағылып, сасық қорада тыныстап, бес-он түрлі шөппен өмір өткізетін «асыл тұқымды» жылқының сүті, қымызы, еті, майы дәмсіз, жылқыға тән иіс жоқ, нәрі мен қуаты болмайды. Қазақы жылқының тезегі адамның бойындағы бірнеше түрлі дертке дауа. Ал, «таза қанды» жылқының тезегінде ондай қасиет жоқ. «Асыл тұқымды» жылқы салт мініп, ұзақ жүруге шыдамайды. Бес-он шақырым өрістеп қайтатын қойшылар үшін жарайды. Ал жиырма-отыз шақырым жердегі жылқыны қуғанда болдырып қалады. Міне «асыл тұқымды» жылқы ұзақ жолаушылыққа, ұзақ жортуға, жорыққа мінуге, соғысқа жарамайды. «Асыл тұқымды» жылқы аң аулауға, бүркіт салуға, салбурынға, аң қуалауға, түлкі, қасқыр, бөкен қуып соғып алуға шыдамайды. «Асыл тұқымды» жылқы лақ, көкпар тартуға келгенде оған да әлі жетпейді.
– Асыл тұқымды жылқыны бәйгеге қоссақ қалай болар екен?
– Отыз-қырық шақырым жерге зар желдіріп айдап барып, қайта жібергенде осы аралықты пәрменмен шауып өтетін бәйгелі жарысқа жарамайды, шапса өліп кетеді. Алпыс-жетпіс шақырымға айдалып барып, түпке түнеп, ертеңіне сол аралықты қайта шауып өтіп бәйге алатын жарысқа мүлдем жарамайды. Мыңдаған шақырымға дамылдап шабатын, жолға түнеп шабатын аламан бәйгеге осы «асыл тұқымды» деп отырған жылқыларың тіптен шыдамы жетпейді. Олардың аламан бәйгесі он бес-жиырма шақырым. Одан арыға шапса ат өледі. 1996 жылы Қырғыз елі Манастың мың жылдығын тойлады. Аламан бәйгені өткізетін жерді таңдағанда алғашында Анкара мен Таластың екі арасына жоспарланған болатын. Бірақ түрік елінде өзара қақтығыстар орын алып, Ашхабадпен Талас аралығы болып бекітілді. Ал осы аламан бәйгеге Орта Азиялық елдер, тіпті шығыстан жапондар келіп ат қосты. Әлемдік аламан бәйгеде бірде-бір «таза қанды» ат қосылмады. Сол аламан бәйгенің жарыс өткізу тәртібінің жүйесін жасасқандардың бірімін.
– Қазақ жылқысының жоғалуына не себеп?
– Өте дұрыс айтасың. Кеңес Өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты зерттеген орыс саясатшылары қазақты мүлде жүген ұстатып, жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы және басқа елдегі қазақтардың қолында жиырма миллионға жуық жылқы болған деген болжам бар. Ал осы жылқының көп бөлігі Қазақстан жерінде болған. Ата-бабадан мұра болып келген төрт түлік «падишасы» қасиетті жылқы түлігі Кеңес Өкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды. Жылқы түлігін іздеген қазақтарға «жылқы түлігінің падишасы» деп, «таза қанды, асыл тұқымды» жылқы бағуды ұсынды. Кеңес Өкіметі кезінде жетпіс-сексен жыл «әлпештеп» бағылған «таза қанды» жылқы саны он мыңға жетпеді. Қасиетті қазақ жылқысы өтеп келген сан салалы міндеттерді атқаруға шамасы келмеді. Осы екі түрлі жылқының табиғатындағы ерекшеліктерге көңіл аудармай жүрген қазақтар әлі де жетерлік. Империя кигізген құлдық ноқтаны сыпырып тастаудың орнына, бүкіл байлығын «таза қанды» жылқы бағуға жұмсап отырғандар бүгінде көптеп кездеседі. Он-он бес мың жыл бұрын өткен Мықтар елінде, жыл санауымыздан бес ғасыр бұрынғы Сақтар елінде, IV-XII ғасырдағы Көктүріктер елінде, тіпті, ХІІІ ғасырдан бастау алған хан Шыңғыс ұрпағы ақсүйектік жүйе билеген дәуірде де жылқы саны аз болмаған деген ойдамыз. Сонау Қиыр Шығыстағы Сахалиннен батыстағы Италия, Францияға дейін, сонау Түнсібірден оңтүстіктегі Үндістан, Араб әлеміне дейін жүз мыңдаған қолмен баруға мүмкіндік берген негізгі күш жылқы екені анық. Сонда біздің ата-бабалар қолында қанша жылқы болды екен? Бұған мөлшерлеп те жауап айтудың өзі қиын. Осындай жан қысылғанда ел аузындағы аңыздарда адам жанына медеу болады. Біздің Алакөлдің шығыс жағында бүгінгі қытай жерінде Барлық атты тау бар. Ежелгі қазақтың мекені ғой. Бүгінде найман елі, Қаракерей Қабанбай ұрпақтарының бір бөлігі сонда тұрады. Осы Барлық тауындағы Сарыбөктер жайлауының жотасында, биік жалдың дәл қыр үстінде шығыстан батысқа қарай созылған астау секілді ойыстау ұзындығы сегіз-он шақырым, көлденеңі бес шақырымдай науалау жерді қазақтар «Жусау» деп атаған. Жаздыгүні небір аңдармен төрт түлік мал ертемен өрістеп, мейірлене жайылып, түс мезетінде бір ыңғайлы жерге ыңырана келіп тоқтайды да, алаңсыз жата қалып, күйіс қайырады. Күйіс қайтармайтын жылқылар тұра қалып қалғып-мүлгіп тынығады, құлындар мен тай-тулақтар жата қалып ұйықтайды. Қоңыр аңдар мен төрт түлік мал табиғатындағы осы құбылысты қазақ халқы «жусау» деп атайды. Жер бедеріндегі «жусау» мен жануарлар табиғатындағы «жусау» атауының түп-төркіні бір. Жануарлар табиғатында болатын құбылыс атауын жер бедеріне бергені анық. Қасиетті Барлық тауындағы осы «жусау» атты жер туралы аңызда ертедегі жылқылы байлардың бірі өз жылқысын басқа ұрып санай алмай, осы астаушаға айдатып әкеліп, жусатады екен. Аталған «жусау» атты шұқыр жылқыға толса мал түгел, толмаса жылқы бөлініп кеткен шығар деп іздеу салатын көрінеді. Аңыз бойынша «жусау» атты науаға жылқы иіретін қазақтың жылқысының саны отыз-қырық мың мөлшерінде болса керек.
Қасымхан БЕГМАНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.