Өмірі неге өзгеге

Әлбетте, ел ағасы туралы, әсіресе, ол танымал тұлға болса, пікір білдіру, адами, кәсіби жақтарынан дұрыс баға беру оңай шаруа деп айтуға болмас. Оның үстіне, мен бүгінгі сөз арнап отырған адам – Өмірзақ Озғанбаевқа әр кездері үлкен де, кіші де өз жүрекжарды ойларын молынан білдірген екен. Солардың қағазға түскен біразына үңіліп, ондағы мінездеме-бағаларға бас шұлғи, келісумен болдым. Қалайша келіспейсің, Өмекеңе сөз арнағандар, кілең адам жанының білгір инженерлері, сөз зергерлері, әлемге әйгілі қаламгер-қайраткерлер: Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Камал Смайылов, Қойшығара Салғара, Герольд Бельгер, Қайрат Жұмағалиев, т.б. болса.

Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын қазақтың Герағасы (марқұм Герольд Бельгер) Өмекеңе арнаған құттық­тауында: «…Ол негізінде мәдениеттің, ғылымның, білімнің адамы, осы салаларды ақылға қонымды және орынды саясатпен ұштастырады. Ол көздеген мақсатына асықпай, бірақ анық жететін, алысқа көз тастайтын, шынайылықтан алшақтамайтын нық сенімдегі адам» деген екен.
Немесе қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «…Өз бойындағы шапағат шуағын маңайына шашыратып, қалайда халыққа қызмет ететін адамдар болады. Олар сирек. Сондай адамдардың бірі, Өмірзақ інім. Өмірзақ жүрген жерінің бәрінде тек адамгершіліктің, адалдық пен азаматтықтың ізін қалдырып келеді. Адам баласының соңында қалатыны – отырған тағының биіктігі, байлығы мен мансабы емес, кейінгі ел-жұрты бағалайтын, көңіліне сақтайтын азаматтық істеген ісі, жан-жағына жасаған жақсылығы. Құдайға шүкір, Өмірзақтың соңында да осындай ел сүйсінер қасиеттер жетерлік…» деп жазған екен.
Ал қазақтың белгілі ақыны Темірхан Медетбектің:
«…Сөйлейді өзің жайлы өлең бүгін,
Сөйлетпей қоймас сенің кемелдігің.
Өзіңе жұртты тартып тұрады ғой,
Кеңдігің, Биіктігің, Тереңдігің» деген жыр жолдары тура баға екені даусыз.
Өмекең, қазіргі лауазымына келгенде әбден қалыптасқан саясаткер, ұстаздық, басқарушылық, мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлік жұмыстарында мол тәжірибе жинаған азамат, 200-дей ғылыми-танымдық мақаланың, 30-дан астам кітаптың авторы, сан түрлі марапат, оның ішінде «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.
Елбасының сарабдал саясатын қолдап, сенімді серіктерінің бірі болған кейіпкеріме қазіргі лауазым дәл уақытында тиіп отыр десе де болады.
Қазіргі ақсақалдардың ақсақалы болып жүрген кезең, Өмекең үшін, келесі бір сатылық кезең.
Мен таныған Өмекең, бұрынғы жиған-терген білім, тәжірибелік қорымен тоқмейілсіп қалмаған, ақсақалдық жасқа жетсе де бойында шаршағандық белгінің еш нышаны жоқ басшы. Тіпті ол кісінің өмірінде, қайраткерлік, қаламгерлік ғұмырында жаңа тыныс, екінші кезеңі басталғандай көрінеді.
Аса атап айтарым: Өмекеңнің көпшілік іс-шараларында жарқырап көрініп, елді сүйсіндіретіні: терең білімі, айтар ойы мен байламын дәл де нық жеткізетін қасиеті. Ерекше дауыстық үні, тыңдаушы аудиторияны сезінуі, өзін еңселі де тік ұстай білуі. Ол кісімен қатар жарыссөзге не баяндама жасауға шыққан талай жайсаң жандардың Өмекеңнің сөзінен кейін көрінбей, естілмей, тыңдалмай қалатын сәттерін сан мәрте көріп жүрміз. Сонымен қатар Өмекеңнің бір күнде бес рет сөз алғанда, сол бір тақырыпта қайталанбай, орынды да көркем сөз таба беретін шешендік шеберлігіне тәнтіміз.
Бітім болмысы, жиналған білім, өмірлік тәжірибе, шешендік қабілет басқаға бата беретін дәрежеге жеткізген еді. Еліміздің түкпір-түкпірінде қандастарымыз әртүрлі ретте, сәттерде Өмекеңнен бата сұрап, алып қалуды шын көңілдерімен қалаған шақтарының куәсіміз. Оның үстіне ел ардагерлерін басқара отырып, Өмекең бата беріп қана қоймай, 90-100 жасаған абыз ақсақалдардың баталарына өзі де қарық болып, қоржынын толтырып жүр. Оның бәрі текке кетпесі хақ.
Мен білетін ағайындардың көбісі «Ерін­шектің ертеңі таусылмас» деген тұжырымның адамдары, атқарар істерін созып-керіп, кейде олар қажеттігін жоғал­тып жататын еді. Өмекең, ондай жандарға мүлдем қарама-қарсы, ойға алған шаруасын дереу іске асырады және осыны қарамағындағылардан да бұлжытпай орындауды талап етеді.Осыған орай, Өмекеңнің өзі көріп-білген айтулы оқиғаны дереу қағазға түсіру қабілетіне неше мәрте таңғалғаным бар. Көргенін баяндап, суреттегенде, Өмекең, оқиғаның негізгі, маңызды жерлерін нық байқап, көңіл бөліп, есіне қалдырады, ерекше сәттерді қалт жібермейді.
Мысалы, Қытай Халық Республикасына Жеңістің 70 жылдығын тойлауға барған сәтін немесе өткен жылғы Меккеге мінәжат еткен сапарын, олардан келе-сала 1-2 күннің ішінде көпшілік назарына жазба ретінде ұсынуы. Осындай көпшілікке дәлме-дәл, нақты, негіздемелі көрген-білгенін баяндауы әрбір жазып шығарған кітаптарынан анық байқалады.
Өмекеңнің ғылыми-танымдық шығар­ма­ларынан басқа, айналасындағы замандас, сапарлас азаматтар, елге танымал қайраткерлер жайлы әр кезде жазылған шығармалары, кітаптары бір төбе. Ондағы сол көзкөргендері туралы жазылған естелік, пікірлер, суреттемелерден кейіпкерлеріне деген адами жылылық, психологиялық, портреттік дәлдік, ойларындағы адалдықты жазбай танисың.
Өмекеңнің ендігі бір ерекшелігі: кез келген әріптес, жолдас, шәкірт бойларынан тек жақсылықты іздеп, таба білуі, мейлінше оның ашылуына көмекке ұмтылуы. Ол кісі қашанда ағаға ізетті іні, ініге ақылшы аға бола біледі. Табиғатынан солай жаратылған десек те, оған қоса, негізгі мамандығы, кәсіби тәжірибесінің көпшілігі ұстаздықпен байланысты болғаны және ұстаздық жолдың барлық сатысынан өтіп, ең биік шыңына жеткенін ұмытпағанымыз жөн шығар.
Республикалық ардагерлер ұйымын Өмекең басқарған кезеңде, Орталық аппарат, барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестері, әсіресе Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қыруар шаруалар атқарып, ардагерлердің, жалпы жұрттың ризашылығына бөленгенін айту керек. Оның ішінде ардагерлер басшысының тынымсыз еңбегі ерекше. Ол кісінің сұхбат бермеген, арнайы мақала жібермеген, түсірілімдерге қатыспаған орталық телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары жоқ деуге болады. Бірде-біреуінің сұранымына келісім бермеген, «уақытым жоқ» деп немесе басқадай сылтау, сілтеме жасай салған кезі болған емес. Жалпы қазіргі лауазымы бойынша да, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі ретінде де қалың көпшілік аудиторияларында Елбасы саясатын салиқалы, тұжырымды да түсінікті тілмен жеткізе білетінін айтып өткеніміз абзал. Оған қоса болашақ, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолында да жалықпай жастармен кездесіп, әңгіме өткізбеген оқу орындары да кемде-кем.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Өмекеңнің тікелей атсалысуымен және басшылығымен, тек Орталық кеңестің өзінде: «Жеңіс солдаты» – «Солдат Победы», «Отты жылдар әзілдері мен аңыздары», «Бата – сөздің анасы», «Тың игеру – тарихи кезең» атты кітаптары шыққан болатын және олар оқырман арасында, оның ішінде аға буын, соғыс және тыл ардагерлері арасында жақсы пікір-ризашылыққа ие болды. Оқырман сұранысы бойынша екі кітап («Отты жыр, орамды әзіл», «Бата дарып, бақ қонсын») толықтырылып, қайта басылып шықты.
Осы жылдың 20 сәуір күні өткен республикалық ардагерлер ұйымының VII cъезі өткен аралықтағы ардагерлер Орталық кеңесінің де, оның басшылығының да жұмыстарына оң баға беріп, Өмекеңді төрағалыққа бірауыздан қайта сайлады.
Жалпы Өмекеңнің бүгінгі жетістіктері мен биігіне жан жары – қазақ әйелінің үлгісі деген биік атаққа лайық Нұрияш Нұрбергенқызының қосып отырған үлесі өлшеусіз. Жеңгеміздің Өмекеңнің музасы да, оққағары да, сенімді тыл иесі де екеніне көзіміз жетіп, сырттан сүйсіне қараймыз. Екеуі қосарлана жүріп, небір қуаныш-қызықтың төрінен табылып, айналасына нұр шашудан шаршаған емес. Жеңгеміздің алтын қолды ісмер, «Награда тысячилетий», «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері, ұлттық өнерді насихаттау жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп ұшырған халық шебері екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол кісінің әртүрлі нақышпен құлпырта әрлеген ұлттық киім үлгілері әлемдік биіктен көрініп, Ұлыбританияда алтын жүлдемен бағаланған. Қазіргі кезде Нұрияш жеңгеміз ашып, басшылық жасайтын «Өрнек» ұлттық киімдер шеберханалары Ақтау, Астана қалаларында жұртшылықтың құрметіне бөленуде.
Озғанбаевтар отбасы ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, нағыз қазақы, асыл дәстүр-салтпен тәрбиеленген, һәм жаңаша, еуропалық мәдениеттің озық дүниелерінен де нәр алған деп айта аламыз. Осы жанұяны, сәні мен салтанаты бірдей биік дамыған, экономикасы мығым, саясаты бейбіт кішігірім мемлекет деуге болады. Оларға қарап, сырттай қызығып, сүйсінетіндер аз емес. Өз басым, Өмекеңнің және ол кісінің отбасының жанашыр, дос-жарандарының әлдеқайда, сансыз көп екеніне күмәнсізбін.
Ата-анасының Өмірзақ (өмірі ұзақ болсын деген ырыммен) деп ат қойғанын да ескеріп, желіп жеткен жетпіс бесі шыңға шығу сатысы ғана деп ойлаймыз. Өмекеңнің әлі талай биіктерден көріне, шапағатты істерді айналасына шашатынына шек келтіре алмаймыз. Ұзағынан болғай!
Кейіпкерім туралы риясыз көңілден шыққан ой-пікірімді, өлеңмен, «ассонанс» тәсілімен өрнектегім келгенін, оқырман, түсіністікпен қабылдар деп үміттенемін:
Өз бойымнан ұшырдым «үкілімді»,
Өлеңімен таң қылар, бүкіліңді.
Өтіріксіз шумақтар жеткізеді,
Өмекеңе деп жазған пікірімді.
Өткел сайын, шыңдала, өзгеріпті,
Өн бойына жинапты ізгілікті.
Өркениет талабын терең ұғып,
Өмір бойы, бір тынбай, ізденіпті.
Өркөкірек кезі жоқ зіркілдеген,
Өзекжарды ойлардан іркілмеген.
Өзгелерге ұқсамас сырбаз қалпы,
Өрнектеген сөздерді нұр тілменен.
Өктемдікке ешқашан ұрынбайтын,
Өсек-аяң дегенге бұрылмайтын.
Өтінішін ешкімнің жерге қоймас,
Өр тұлғалы бейнесі бүгін айқын.
Өңірлердің барлығын аралаған,
Өткен ізді санамен саралаған.
Өгейсуді білмейтін басқаларды,
Өресімен өзінің бағалаған.
Өзімсініп, мақтанып, толғанамыз,
Өзіңізге ұқсауды қолға аламыз.
Өзгермесін, болмысы өр тұлғаның,
Өнегелі өмірі – болған аңыз.
Өкше басып, соңынан келеміз біз,
Өмекеңдей басшыға сенеміз біз.
Өмірі ұзақ болсын деп, атына сай,
Өз атына ақ бата береміз біз.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.