Қойнауы құтты Қаратау

Қызылорда облысында малшылар слеті биыл екінші рет өткізіліп отыр. Слеттің бірінші күні Жаңақорған ауданында «Мал шаруашылығын дамыту» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды. Семинарда «Мемлекеттің мал шаруашылығын дамы­тудағы саясаты», «Ауыл шаруашы­лығы жануарларының инфекциялық ауруларының алдын алу және емдеу», «Ет бағытындағы МІҚ малын азықтандырудың баланстық жүйесін ендіру» және «Қызылорда облысында қазақтың ақбас сиыры тұқымының өнімдерін жаңа биотехнологиялық тәсілдермен дамыту» сияқты маңызды тақырыптарды мамандар талқылап, пікір алмасты.

Еңбек мерекесіне атакәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырып отырған шаруалар қатысты. Екі күнге созылған ауқымды шарада шаруалар өзара тәжірибе алмасып, арнайы ұйымдастырылған көрмеде өздерінің талай жылғы еңбектерін таныстыруға мүмкіндік алды.
Өткен жылдан бастап қайта жаңғыр­тылып жатқан малшылар слетінің негізгі мақсаты – төрт түлікпен шұғылданатын шаруаларға атакәсіптің жаңа замандағы мәні мен мағынасын түсіндіру, салаға жаңа заманауи озық технологияларды енгізу, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы ірі өңдеу кәсіпорындарын қалыптастырып, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру.
Малшылар слетіне ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің жауапты қызмет­керлері, белгілі ғалымдар, өнім өндіруші компаниялардың өкілдері, үш көршілес – Ақтөбе, Қарағанды, Онтүстік Қазақстан облыстарының делегациялары қатысты. Қойнауы құтты Қаратау
Аймақ басшысы Қырымбек ­Көшер­­баев екінші облыстық малшылар сле­ті­­­нің ашылуымен құттықтап, слет қаты­су­­­шыларының жұмысына сәттілік тіле­ді.
– Елбасының ауылшаруашылығына деген ерекше ықыласының арқасында мал шаруашылығы бүгінде дамудың жаңа даңғылына түсіп келеді. Қазір облыста ірі қара, жылқы және түйе басының саны ең берекелі 90-жылғы деңгейден асып түсті, ал қойдың саны жақсы қарқынмен өсуде. Осыған сәйкес 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойылды.
Аграрлық секторды дамыту үшін бізде орасан зор мүмкіндіктер мен резервтер бар. Аймақтың экспорттық потенциалын жоғарылату мақсатында бюджеттен қаражат бөліп, облыстың «Агрокартасын» әзірлеп жатырмыз. Қызылорда қаласында тәулігіне 3 тонна жартылай фабрикатталған ет өнімін өндіретін аспаздық-фабриканың құрылыс жұмыстары аяқтауға жақын. Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданында жылына 7 мың тонна тоқты етін өңдейтін ет комбинатын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Келесі жылдан бастап іске асатын бұл жобалармен Сіздер жаңа көрмеде таныстыңыздар, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.Қойнауы құтты Қаратау
Алдымен малшылар тойының маңызы мен ерекшелігі жайында сараласақ.
Біріншіден, слеттің Жаңақорған жерінде екінші рет өткізілуі жайдан-жай емес. Оған ауданның географиялық орналасуы өте қолайлы мүмкіндік берді. Яғни жазғы аптап ыстықта паналайтын Қаратауы, үскірік аязды қыста қоныс етер Сыры бар, одан ары Қызылқұмның шүйгініне мал жайлауға болады. Бір сөзбен айтқанда, қыр мен Сырды қоса қоныс тепкен Жаңақорғанның жері құт әрі ырысты.
Екіншіден, ауданда мал шаруашылығы дамуының қарқыны жоғары. Оның дәлелі ретінде, өңір төрт түлігінің үштен бірі Жаңақорғанда екенін айтуға болады. Аудандық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, мүйізді ірі қара – 52357, қой мен ешкі – 245744, жылқы – 12260, түйе – 1392 бас. Жалпы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша қой басы – 110,3, жылқы басы – 111,9, түйе басы – 108,2 пайызға көбейген. Айта кетерлігі, 2015 жылы аудан кәсіпкерлері «Сыбаға» бағдарламасына қатысу көрсеткіші бойын­ша республикада – 26, облыста – 1 орынға тұрақтады. Соңғы рет 1996 жылы Жаңақорған жерінде өткізілген малшылар тойының жергілікті жерде қайта жаңғыруының мәнін осыдан-ақ бағамдауға болады.
Үшіншіден, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ауданның әлемдік нарыққа шығар жолы айшықты. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы мен Қазақстан-Түркменстан-Иран арасын жалғайтын «Өзен-Бекет-Гөрган» транс шекаралық темір жол магистралы арқылы Кәрі құрлық пен Аспан асты еліне және парсы, араб мемлекеттеріне жергілікті табиғи өнімді шығаруға мүмкіндік мол.
Осында орын тепкен көрмеден асыл тұқымды малдың түр-түрін табуға болады. Көрмедегі қазақтың ақбас бұқасы Батыс Қазақстан облысының «Аңқата» асыл тұқымды зауытынан алып келінген бұқаны жергілікті сиырымен будандастыру негізінде пайда болған. Салмағы 305 келі тартатын тай өгіздің өнімділігі жоғары. Сондай-ақ қылшық жүнді құйрықты қазақы қой, Ордабасы тұқымдасындағы қой және асыл тұқымды жылқылар мен түйелер де көрмеге келушілердің қызығушылығын туғызды.
Құрметті меймандарға жергілікті мал маманы Ерсұлтан Әпетов ветеренария саласына қажетті автөлік, медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек толық қамтамасыз етілгенін және төрт түліктің түрлі ауруларына қарсы вакцина егу жұмысы жолға қойылғанын жеткізді.Көрмеде малшылар үшін таптырмас құрылғыны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары ұсынды. Ол малдың төлдер алдындағы жағдайын анықтауға мүмкіндік береді.
Төрт түліктің өнімі ішсең сусын, жесең тағам. Әсіресе, шұбаттың орны бөлек. Шиелілік «Ару-ана» дайындайтын шұбатқа меймандар жоғары баға берді. Еуропалық стандартқа сай жұмыс жасап жатқан қазалылық «РЗА» АҚ-нын «Дәмді» аталатын сүт өнімдері де көпшілік көңілінен шықты.
Көрмеге қатысушылар «КУАТ», «Гео-инвест», «Bazic Group Kz» сынды ком­паниялардың ауылшаруашылығына байланысты шығаратын құрал-жабдық­тарымен танысты.
Шара аясында ауылшаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүрген бір топ азаматтар марапатталды. Олардың арасында жаңақорғандық еңбеккерлер де бар. Мәселен, жауапкершілігіндегі 350 бас жылқыны 99,2 пайыз аман сақтап, әр 100 аналықтан 90 құлын алып, 20,0 центнер жылқы етін өндірген Орынбасар Кемеров «Үздік жылқышы» аталымымен марапатталды. «Үздік шопан» құрметіне Әбусерік Жақыпбеков ие болса, «Үздік ветеринар» аталымының жүлдесі Қожахмет Шайхназаровқа табыс етілді. Сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен Абдусаттар Мырзабаев, «Құрметті ардагер» медалі Әсет Жиенқожаевтың омырауына тағылды. Ал Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасымен» Изатулла Үсенов, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісі Зұлпықар Сыздықовқа және ауыл шаруашылық саласы кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің І дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісі Жалғас Асановқа берілді.
Ұлттық спорт той қызығына айналды. Боз кілемге шыққан балуандар тойдың көркін қыздыра түсті. Арман Сәрсенбаев пен Әбдіманап Айтжан арасындағы сайыс­та Арманның мерейі үстем болды. Халық­аралық додаларда ел намысын қорғап жүрген Ғалымжан Мансұровпен белдескен Арман одан айласын асыра алмады. Үшінші орын Бағдаулет Төлегеновке бұйырды. Құрыш білектілер арасында Арафат Бейсенұлы мықтылық танытса, 32 келілік гір тасын 93 рет көтерген Өндірей Жандаулет жеңімпаз атанды.
Биік таудың етегіндегі думан осылайша жалғасып жатты. Оңтүстік беткейде «Теңге ілу», «Аударыспақ» сынды ұлттық ойындар жанданып, жұртшылық назарын аударды. Теңге ілу сайысы бойынша Ақылбай Еламан қанжығаға бас бәйгені байласа, Ертай Нәлтаевпен Қобыланды Тұрдыбай екінші, үшінші орындарды місе тұтты.
Аударыспақ ойынында тепсе темір үзетін нар тұлғалы жігіттер өзара бақ сынасты. Жарысқа ат спортының жаттық­ты­рушысы Съездбек Сыздықов төрелік етті. Нәтижесінде, күші мен жігері тасыған Айдар Исрайыл, Жасұлан Жалынбетов, Ерсұлтан Исабек сынды жігіттер көш бастады. Бұл уақытта алаңның ортаңғы шеніндегі әсем безендірілген сахнада Қызылорда облыстық филармониясының әншілері, жергілікті жердің түлектері Олжан Нұралиев, Эльмира Халқодажева әуелетіп ән шырқап, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Малшылыр жиынын өткізудегі бас­ты мақсат – еңбектің қадірін насихаттау. Еңбек адамына құрмет көрсету. Адал еңбек қана адамды арман-мақсатына жеткізеді. Облыстық мәртебеге ие алқалы жиынның Жаңақорған жерінде өткізілуі – біз үшін мақтаныш, – дейді аудан әкімі Руслан Рүстем.
Малшылар слеті нағыз еңбеккерлер тойы болды. Оған қатысушылар зор әсер алып тарқасты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Ханзада ДОШАН
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.