Құлжабай би есімі ескерусіз қалмаса…

Құлжабай Бекқұлыұлы–Атырау-Жайық-Жем-Ойыл өңіріне атағы кең танылған белгілі би, ел басшысы. Халықтың азаттығы жолында күрескен. Сырым Датұлының бастауымен 1783-1797 жж. болған ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан. Сырымның сенімді серіктерінің бірі болған. 13 жасынан бастап билік айтыпты. Бүгінде ұрпақтары Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында тұрады. Аумалы-төкпелі, қилы заманда ғұмыр кешкен бидің баталы сөздері ел аузында. 

Құлжабай би Бекқұлыұлы Нұралы ханды тақтан түсіруді талап еткен «55-тің талапхатына» қол қойды, елде халық сайлайтын жаңа мемлекеттік құрылым болуын жақтады. Тағы бір айта кететіні, сол кездегі патша тәртібін бұздырып, 1786 жылы өз руының 3000 үйінің Жайықтың оң жағалауына өтуіне рұқсат алды. Оның есімін алған дербес рулық ата қалыптасты.
Құлжабай би парасатты басшы, ақылман аға, көреген көсем ретінде өз елін талай рет тағдыр соққысынан аман алып шықты, үнемі ел қамын жеп, оларды ұлт-азаттық көтеріліске көтерді. Бетке ұстар азамат, сол кездегі білікті билердің бірі ретінде мемлекеттік маңызды істерге үлкен жігермен араласты. Өзінің тұрғыластары Тұрмәмбет, Көккөз, Сегізбай билер сияқты пәтуалы сөзімен, берік билігімен қозғалыстың бүкіл барысына өзіндік ықпал еткен ардақты ақсақал, азаттық үшін көппен бірге ұлы істерге араласқан абзал азамат болған.
Би көбінесе Сырым батырды қолдап жүрді. Бұл әсіресе, Ералының хандық таққа отыруына қазақтың игі жақсылары қарсы болған тұсында айқын аңғарылды.
Ресейдің патша өкіметі демокра­тия­лық сипатта болған 1789 жылғы француз буржуазиялық револю­циясының ықпалынан қорқып, Кіші жүзде хан өкіметін қайта орнатуға ұмтылды. Самсаған әскердің және қоқан-лоқының күшімен Ералы Әбілқайырұлы 1791 жылы хан болып сайланған. Сырым бастаған азғантай топ оған бірден-ақ қарсы болды. Зеңбіректен қорыққан көпшілік старшын келісімін алғашқыда берсе де, кейін Сырым бастаған көтеріліс­шілердің ықпалымен Ералыға қарсы шыға бастады. Олар 1772 жылдың 10-маусымында Орынбор шекаралық істер экспедициясына жолдаған хаттарында халық қалауын былайша жария етті: «…Егер патша ағзам Әбілқайыр әулетінен біреуді хан етіп сайлағысы келсе, біз оған қарсы болмас едік, бірақ біз, қырғыз-қайсақ (қазақ – А.Ә.) жұрты, Ералының хан болғанына қарсымыз, себебі, ол жасының келгеніне байланысты бұл орынға лайық емес. Сондықтан, Ералы жүз ішіндегі айтыс-тартысты, тағы да басқа толып жатқан істерді шешуге шамасы келмейді. Осы себептерден оған халық риза емес…» («Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ в.в.(1771-1867 г.г.). Сб. документов и материалов. А.-А., 1964, 135-137-беттер).
Хатқа қол қойған 14 старшын өздерінің қалаған басқа бір адамын халықтың сайлап қоюына рұқсат берілуін талап етті. Кейіннен олар сұлтан Есентайды өздеріне хан сайлап алады. Аталмыш хатқа Шекті Сегізбай, Ысық Сұлтанбек, Шеркеш Тұрмәмбет, Беріш Бөдене билермен қатар Құлжабай би де өз мөрін соқты. 14 старшын бұл ісі Сырым тобының азайып қалғанына қарамастан батыл әрекеттерден бас тартпаған өжеттігін, табандылығын әйгілейді. «14-тің» тобының мұндай ісі нәтижесіз кеткен жоқ, көпшілік бірте-бірте олардың жағына шыға берді. Сөйтіп, патшаға тағы да хат жазылып, Ералыны өзгерту талабы қойылғанда, яғни 4-қаңтар 1794 жылы олардың қатары 200-ге жуықтады.
Аталмыш деректер Құлжабай бидің ел өміріндегі аса маңызды оқи­ғаларға белсене араласып, өзіндік үлес қосқандығын, жұртшылықтың ла­й­ық­ты құрметіне бөленіп келген­дігін тура меңзейді. Ұрпақтары барда аты өшпейтіні де мәлім.
Бүкіл саналы ғұмырын халқының, елінің игілігі жолына еңбек арнап, артында өшпес із қалдырған Құлжабай бидің есімі жадымызда мәңгі сақталады. Десек те, қазақ билерінің еңбектері ескеріліп, аттары түрлі мекемелерге, көшелерге, елді мекендерге ие болып жатқанда, Құлжабай биге ондай бақ бұйырмағаны бізді іштей қынжылтады. Құлжабай би Бекқұлыұлының атына ауыл, көше атын беру керек. Ел тірлігіндегі шежіренің бір пара­ғына өзінің таңбасын қалдырған баба­мыздың атын алып беруді ұрпағы қолдап, игі ниетіміз ел арасында қолдау тапса деймін. Осындайда руха­ниятқа жанашыр, жігерлі бас-шылардың көмегі де қажет.
Қазақ халқы өзінің шыққан тегін, өсіп-өнген жерін, ата-бабасын ұмытпай, тарихын тасқа қашап отыр­­ған. Біз де бабамыздың болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан даналық сөздерін, рухани құндылықтарын шашасын шығармай, шашып-төкпей болашақ ұрпаққа аманаттасақ дейміз.
Өскелең ұрпаққа шыққан тегін білуге, елінің, жерінің қадір-қасиетін ұғынуға жол сілтеп, үнемі тарихқа шолу жасап, одан тағылым алу қажет­тігін ескертіп отыруымыз керек.

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Ақтөбе медицина колледжінің оқытушысы, дәрігер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.