«Белгілі қазағымның Нартайымын»

Белгілі халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, баршаға танымал болды. Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев ол туралы кезінде былай деген еді:
О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай.
Нартай жасынан Сыр бойының атақты ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жатқа айтып жүреді. Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген.
Нартай елде жүргенде Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан келеді. Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, даусын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. 1934 жылы маусым айында Алматы қаласында халық өнерпаздарының бірінші слеті өтті. Оған Нартай да шақырылады. Үлкен концертте «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындап береді. Екі жылдан соң Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі болып, оған Жамбыл бастаған ақындармен қатар Нартай да қатысты.
Мәскеуден көңілді оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Ақыр соңында ол облыстық филорманияға айналды.
Нартай 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігіне де қатысты. Бұл мәртебелі жиынды ашқан да Нартай еді.
Нартай Бекежановтың өнері көзі тірісінде-ақ әділ бағасын алды. 1939 жылы оған Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер атағы берілді. Сол жылы КСРО Жазушылары одағының мүшелігіне қабылданды. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Нартай ақын 1954 жылы 64 жасында өмірден өтті.
Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген жарқын тұлғаның өмірі – халыққа қызмет етудің үлгісі еді.

Бекежановтар әулеті

Киелі Сыр бойынан қазақтың көпте­ген текті әулеттері өрбиді. Сондай шаңы­рақтардың бірі әйгілі Бекежановтар әулеті. Бұл әулеттен би, батыр, ақын, ғалым шығады. «Өз жұртыңды құрметтеу – туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзі көп жайтты аңғартады. Енді осы қағидаға байланысты алдымен, әулеттің алғашқысының тегіне, ата-баба жолына көз жүгіртейік. Арғыннан Шұбыртпалы, Тоқтауыл, Қаракесек (Болатқожа) рулары тарайды. Кейін Болатқожаның анасы қалмақ қызы Қарқабат шұбыртпалының ұранына айналған. Кейбір шежірелерде Шұбыртпалыны қаракесек руынан таратады деп айтады. Шұбыртпалыдан: Мәмбет, Үмбет, Олжабай тарайды. Мәмбеттен Жолшы (ол кісі оң қолынан өнері тамған ұста болғандықтан «Жебеші» деп те аталған), Жанайдар, Қара дүниеге келеді. Жолшыдан – Өтес (көз тимесін деп оң бетіне күйе жағып қойғандықтан жеңгелері «күйелі» деп атап, кейінгі кейбір ұрпақ «Күйелі» ата­лып кетті), Есперлі (көкала) дүниеге келеді. Өтестен – Тоғанас дүниеге келеді. Тоғанас­тан Бөгенбай, Отарбай, Атарбай. Бөгенбайдан – Қоңырбай, ал Қоңырбайдан – жауға «Қарқабаттап» шапқан атақты Ағыбай батыр туады.
Отарбайдан – Айғара, Айтуар, Сандыбай, Аққозы, Әлібек, Сүйіндік, Түкібай.
Сүйіндіктен – Әнди, Дәнди, Нышан, Бекежан. Әнди Сүйіндікұлының ұрпағы кешегі Кеңес Одағына аты шыққан Маман Қалдыбайұлы күріштен мол өнім жинап, 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Дәнди Сүйіндікұлының атақты ұрпақтары Аманкүл Ықанқызы, Сәуле Сыздыққызы Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері. Әлімхан Оспанұлы халыққа әндерімен танымал әйгілі сазгер, Әлімхан мен Әшімхан Оспановтар елге белгілі өнерпаздар, әншілер, Сансызбай Сыздықұлы заң қызметкері, ал Сайлау Сыздықұлы заман ағымына орай «Медеу» атты жекеменшік өндірістік коммерциялық ұжым ұйымдастырып, елеулі іс тындырып жүр.

Тұрман Бекежанов  және әкесі Нұраш.
Тұрман Бекежанов және әкесі Нұраш.

Бұрынғы кезде Сүйіндік әулеті қырдан Сыр бойына келген. Олар Қызылорда облысының Шиелі өңірінде қоныстанған.
Енді Сүйіндікұлы Бекежан бабамыздың әулетіне келейік. Бекежаннан – Қожамбет, Бәйімбет, Әйеке, Әйтікей, Асан, Үсен, Қонақ­бай, Алыпқаш, Ботакөз дүниеге келеді.
Бекежанов Қожамбеттен – Жүсіп, Жақып туады. Жүсіптен – Шырынкүл, Әбсемет, Садық, Мәулен, Хамит, Феруза дүние­ге келеді. Хамит Жүсіпұлы жоғары пар­тия қызметкері болған. Жүсіпова Феруза – қоғам­дық және партия қызметкері, Жала­ғаш, Сырдария, Шиелі ауданында хатшы, ауатком төрайымы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында екінші хатшы болып жұмыс атқарған.
Бекежанов Бәйімбеттен – Бабыр, Сабыр, Мәді, Зупын; Бекежанов Әйекеден – Тәшім, Әшір, Сәден, Бибіш туады. Әйеке Бекежанұлы Шиелі өңірінде он сегіз жыл болыс болып, өмірден өтеді. Әйеке ұлдары Тәшім мен Сәден елге сыйлы билер болады. Бекежанов Әйеке туралы Оразбек Сәрсенбаевтың кітабында жазылған.
Тәшімнен – Сопан, Рүстем, Мәлкен, Нұрбибі, Нұркүл, Пірмағанбет, Әйтжан, Бибі­хан дүниеге келеді. Мұхамеджан Рүстемов көп жыл комсомол, партия қыз­метінде істеп, оған қоса елге танымал композитор, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі болған.Сол жақта отырған әскери қызметкер Тұрман Бекежанов.
Бекежанов Әйтікейден – Нұраш, Нұрман, Салиха дүниеге келеді. Әйтікей атамыз кезінде бай болған. Оның үлкен баласы Нұраш Қазан төңкерісіне дейін ауылнай әрі бай болады. Үлкен қызы Алуаштан Мария Серікбай және белгілі аудармашы, жазушы-драматург Оразбек Бодықов туады. Оразбек Бодыковтың ағасы Серікбай 20-шы жылдары партия қызметкері болып қызмет атқарған, дұниеден өте ерте кетті. Бекежанов Нұраштан – Тұрман, Алуаш, Балқия 1912 жылы туады (1986 жылы қайтыс болған) және Метрей деген орыстың баласын (1912 жылы туған) асырап алады. Бекежанов Нұраш төңкеріс кезінде үстінен бай-құлақ деп арыз жазғаннан кейін Мет­рей деген баласымен шетелге кетіп бара жатқанында қайтыс болады.
Бекежанов Тұрман Нұрашұлы Кеңес Одағын құрушы белсенділердің бірі болды, Кеңес милициясында Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Қарағанды облысында Балқаш қалалық милиция бастығы болып қызмет істеді. Ұлы Отан соғысына Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан аттанады. Соғыстан бірнеше рет хат келген, соңғы келген хатында ақ тон киген сурет жіберген. Хатында: «500 әскердін үстінен қараймын, бір бидайды жинап екінші ораққа кірісейік деп тұрмыз» деп жазған. Сонан кейін ешқандай хат-хабар болмаған. Соғыстан оралмайды.
1934-35 жылдары Жамбыл қаласын­да Бекежанов Тұрманның әйелі мен екі баласы 30-шы жылдардың ортасында жұттың кесірінен қайтыс болған. Тұрман мен Метрей деген Бекежанов Нұраштың орыс баласы туралы Мұхамеджан Рүстемовтың «Нартай» деген кітабында жазылған.
Бекежанов Нұраштың алғашқы әйелі Шиелі өңіріндегі Байжан деген кісінің қызы болған. Көп жылдар автокөлік саласында жұмыс атқарған, Әскербек Байжановтың апалары болады. Балқия Нұрашқызының бес жасында шешесі өмірден озады. Ол кезде милицияда қызмет атқарып жүрген Балқияның ағасы Бекежанов Тұрман үйінде көбінесе болмаған, сосын Жамбыл облысына қызмет бабымен ауыстырылған. Осы кезде өгей шешесі кішкентай Балқияны қараңғы кезде алысқа су әкелуге жұмсайды екен, бір күні Нұраштың інісі Нұрман көкесі соны көріп жеңгесін қамшымен сабапты, ал өзінің Дәмеш қызына Балқияның қасында әрқашанда боласың, өмірдің барлық жағын бірге көресің деп айтқан екен.
Нұраштын кіші қызы Балқиядан – Күлжәмила, Әбдурахман, Күләйша, Асылбек туады. Күлжәмила 86 жасында қайтыс болған, ол Әбдурахман інісі екеуі денсаулық сақтау саласында көп жыл қызмет атқарған. Әбдурахман мен Күляйша қазіргі кезде зейнеткер. Балқияның кенже баласы Наурызбаев Асылбек экономика ғылымының кандидаты, бүгінде Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің «Есеп және аудит» кафедрасында ұстаз болып қызмет атқаруда. Наурызбаев Асыл­бек 1997 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Асылбектің үлкен баласы Әйтікей магистра­тураның екінші курсында, кіші ұлы Ерсұлтан Қорқыт Ата атындағы КМУ үшінші курсында оқиды. Қызы Жания Қызылордадағы Жәлел Қизатов атындағы мектеп-лицейінің 7-сыныбында білім алуда.
Бекежанов Нұраштың қызы Балқия­ның баласы Наурызбаев Асылбектің қолында мы­нандай деректер бар: «Кішкентай кезім­нен Мұхамеджан Рүстемов нағашымды әрда­йым жол сапар кезінде пойыздың үстінде көретін едім. Көбінесе Оңтүстік Қазақ­стан мен Қызылорда облыстарының ара­сында іссапарда жүретін еді. Ағамызды осы­ған байланысты жеңгелері Жолдыбай деп атайтын еді.
Феруза апамызбен соңғы кездескен кезімізде менің кішкентай Жания деген қызымды алдына алып: «Өзіме ұқсайды екен, Алла бақытын берсін» деген. Сол кездесу біз үшін соңғы болды. Қазір сол Жания қызым 7-сыныпта Жәлел Қизатов атындағы мектеп-лицейде оқып жатыр».
Бекежанова Салиха Әйтікейқызы­ның ұлы Аспандияров Қасым Набиұлы (1917-1980) көп жылдар Онтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданыңда жұмыс атқарып, кейін 70-ші жылдардың ортасында Қызылордаға көшіп келіп, «Межколхозстрой» құрылыс бірлестігінде бас есепші болып жұмыс атқарды. Ағамыздың үлкен ұлы Жорабек Алматы қаласында, кіші ұлы Санжар төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі облыстық департамент бастығының орынбасары болды, полковник атағын алды. Қазір зейнет демалысында бірақ әлі де өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүр. Ағамыздың қыздары Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы қалаларында тұрады.
Бекежанов Әйтікейдің кенже балалары Нұрманов Дәмеш (1914-1983) пен Шәріп (1934-2016). Нұрманов Шәріп Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында темір жол бөлімшесі бастығының орынбасары, Қызылорда станциясының бастығы болды. Зейнетке шыққаннан кейін де темір жол бөлімшесінде қызмет атқарды. Жақында қайтыс болды. Ол «Құрметті теміржолшы» атағының және «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Дәмеш апамыздан Мырзабек, Күләйша, Анар және Аманкүл туған. Мырзабек ағамыз, Күләйша және Аманкүл апа­ла­рымыз қайтыс болған. Олардың балалары Қызылорда қаласы мен Шиеліде тұрады.
Бекежанов Қонақбайдан – Мәнсүр Бекежанов, Мәрия туады. Қонақбай ұлы Мәнсүр халыққа танымал шайыр, белгілі молда болды. Анамыздың айтуынша, Мәнсүр ән айтқанда бесіктегі бала жылауын қояды екен. Мәнсүр өте оқымысты және діннің адамы болғандықтан өз өнерін жұртқа көп көрсетпеген.
Бекежанов Алыпқаштан – Әлтай, Ізекей, Нартай Бекежанов, Сыздық, Ізікүл, Батпагүл туады. Нартай Алыпқашұлы Бекежанов майталман ақын, талантты артист, «Республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері болса, Нартайдан – Қоңырқаз, Махмұт туады. Махмұт Нартайұлы заманында партия – кеңес саласында жоғарғы лауазымды қызметтер атқарды.
Нартай Бекежанов (1890 – 1954) – ақын, композитор. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. Бай-молдаларды шенеген («Сараң байға», «Мырзалық емес»), барымта, әмеңгерлікті әшкерелеген. («Жесір дауы») және т.б. жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер («Толқын», «Нартай сазы», «Өсиет терме») шығарды. Нартай Жамбыл Жабаевпен кезінде айтысқан дейді, соңда Жамбыл айтқан екен «Ай қасқам, жарайды екенсің» деп. Нартай өмірінің соңғы кезеңі­не дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов «Нартай» повесін жазды.
Нартайдың анасы Бақтыгүл. Сауықшыл ауыл дәстүрін өнеге тұтқан өнерлі бала он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл­шаруа­­шылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театрда ән шырқап, жыр толғайды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен, Қ.Байболовпен өнер сайысына түседі. 1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады.
Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байы­майды» деген нақыл сөз бар. Сондықтан, біздер, кейінгі ұрпақ, кезінде ел мүддесін қорғап, қазақ деген халық атын биік ұстап, ел құрметіне бөленген Сыр өңіріндегі Бекежановтар әулетінен шыққан есіл ерлердің есімдерін ұмытпауымыз керек.

Нартай Бекежанов

Сөйлеуден тыйылмаған қызыл тілім…

Еске алатын табылар

Деп еді Жамбыл маған:
«Қасқа маңдай, шешен таңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер балдай,
Айтыссаң алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай!».

Ол көрген маңдайымды жарқыраған,
Алдына барған күні қалтыраған.
Кейіннен еркін болып ән шырқадым,
Елестеп көз алдымда сол тұр ағам.

Біржан сал сол дегенім, түсінбесең,
«Әнімен жібек есіп, бал бұраған».
Абайдан сөзде өтпесе бір данышпан,
Жоқ еді әннен озған Біржан салдан.

Тетелес болса-дағы, кімдерден кем,
Әйгілі орта жүзде Мансұр ағам
Несіне жасырайын шын сырымды,
Нартайды кім білмейді ән шырқаған?!

Мені де еске алатын табылар жан.
Егер де табылмаса қалар маржан, –
Артымда өлең, әнім өлмей қалса,
Мен де бір жан болармын бағы жанған.

Талайлар бұл фәниден өтіп жатыр,
Тағдыры ертелі-кеш кетіп жатыр.
Несі арман, біз де – толқын өтіп кетсек,
Ұрпақтар артымызда бекіп жатыр.

Өмірде жаман атқа қалғаным жоқ,
Өкініш қиянатқа барғаным жоқ.
Халық үшін өз әлімше қызмет еттім,
Сондықтан өтсем-кетсем, арманым жоқ.

Өмір өрнегі

Кел, көңілім, кеңес баста, аш пікірді,
Ал, тілім, айт әңгіме неше түрлі.
Базары балалықтың тозып кетіп,
Отызға жиырма бестен астың түбі.
Отыздан асып қырықтың қырын көрсең,
Ағарса керек сақал, шаштың түгі.

Жалқаулық сонда келер саған бір дерт,
Сөнеді жиырма бес пен отыздағы өрт.
Екпінің сонда асау желдей еспес,
Сусынға шәрбат ішіп, жеген мен жент.

Болады елу ердің орта жасы,
Кездесер деген атқа «отағасы»,
Еркектің елуінде біреу ойлар,
Көңілінде жігіттіктің жұқанасы.

Елуден әрі алпыстың белі келер,
Кәрілік содан бастап соңына ерер.
Аппақ боп сақал шашты қырау басып,
Ызғырық кәріліктің желі келер.

Жетпісте желкеңдегі шайыр қалмас,
Көңілің соғар, қолда күш дайындалмас.
Отыз бен қырық, ілгергі – елу, алпыс,
Арыстан, айдаһар мен аю, жолбарыс.

Қарлы қыс қалтылдатып – сексен келер.
Қарттыққа көңілің көнбес, бөксең көнер.
Дененің жүйелері босап тегіс,
Сөйлесең басың қалтаң, кекшеңденер.
Шонтайдан қаққанменен насыбайды,
Қаласың көп шаруадан басыбайлы.
Көңіліңмен қыран құстай түлкі іздейсің,
Отырып балапандай асыранды.

Көруден көзің қалар, көңілің қалмас,
Нәрсеге көңіліңе алған бейлің бармас.
Көмілсең көрге кіріп көрмек қиын,
Көрікті тірі жүрсең формың болмас.

Жігіттік өттің дәурен, шапқан аттай,
Адамға айтқан сөзің жазған хаттай.
Жиырма бес хош айтысып кетті бізден,
Тақырға желді күні жаққан оттай.

Нақыл сөз

Кемесіз ерлер кешер өткелменен,
Үстіне ұшқын түспес өрт келгенмен.
Төбені құдай баста биік қылған,
Кемітпес ешкім шауып кетпенменен!

Деген сөз бұрынғыдан қалған нақыл,
Шықпайды сорға дақыл сепкенменен.
Зәредей жамандардан пайда келмес,
Аспанға дәрежесі жеткенменен.

Болмайды жүнді жібек түткенменен,
Болмайды жасық асыл күткенменен.
Қара тас қымбат баға дүр болмайды,
Күніне мың тазалап сүрткенменен.

Құлақ сал, ей халайық, үлкен-кіші,
Сөзімнің алып таста болса мысы.
Бір үйде жаралған жан қанша болса,
Бәрінің бірдей емес реңі, түсі.
Бірі ақ, бірі қара, бірі қоңыр,
Абайла тегіс емес бірдей өңір.
Хайуан жылқының да бірі арғымақ,
Болмай ма бірі будан, бірі шодыр.

Барлығы бірдей емес барша халық,
Жалғанда көріп жүрміз бәрін де анық.
Жайылған бір қорада мың қой болса,
Оның да бірі семіз, біреуі арық.

***
Сөйлеуден тыйылмаған қызыл тілім,
Өттің бе зырлауменен, қайран күнім.
Түлкінің қызылдығы өзіне сор
Болғандай, болдың маған өнер, білім.

Жатпадым су түбінде сәдәп болып,
Күнінде шықпас па едім дүрге толып,
Байғыздай тас жастанып жатпай тауда,
Секілді болдым қарға ұшып-қонып.

Бұлттай жауатұғын қайнағаным,
Бұйырған – жұтқан, күмән шайнағаным.
Өзіме тыныштық жоқ жаныма қас,
Бұлбұлдай жағып жұртқа сайрағаным.

Айналдым бұлт болып биік тауға,
Іліндім шортан болып жібек ауға…
Бұл дәурен бір өткен соң қайтып келмес,
Бір шырқап берейінші денім сауда.

Құрысын қиын жұмыс – ақындығы,
Ақындық алжастырар ақылдыны.
…Өзінің жайларынан хабар беріп,
Азырақ ақын Нартай нақыл қылды.

Ахметбек БАҚЫТЖАН,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.