Жазғы демалыс – жан саулығы

Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін мезгіл. Әрбір бала демалысты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Сабақ барысында берілетін демалыс күндері жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.

Жазғы балалар лагерьлері мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер, балалар демалыс-сауықтыру лагерьлері болып бөлінетінін жақсы білеміз. Сәл ертерек уақытта еңбек-тынығу лагерьлері деген болған. Балалар бір мезгіл лагерь маңында жұмыс істейтін еді, белгілі мөлшерде табыс та табатын. Тәрбиенің үлкені – еңбек. Бала еңбек істеп үйренуі тиіс. Еңбек денені шынықтырып қана қоймай, сонымен бірге адам бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің қалыптасуына да бірден-бір себепші болады. Балалар ауызбірлікке, төзімге, ұқыптылыққа, қайырымдылыққа, т.т. үйренеді.
Қала сыртындағы лагерьлерде балалардың жазғы демалысын ұйым­дастыруда басты назарды баланың денсаулығын нығайту мен демалуына ғана емес, сонымен қатар физикалык және психологиялык жүктемеден арылып, өзі қалайтын іспен шұғылдануына, оның өз дегенін іске асыруына себепші болатын, тәжірибесін толықтыруға жағдай тудырып, мүмкіндік берер тиімді әдістерге зер салу қажет. Тәрбиелік жүйе шын ниетпен балажандыққа негізделуі тиіс, сонда балаларда қызықты естен кетпес демалыс, ал ересектерде – қуа­ныш сыйлап, қанағаттандыратын қы­зық­ты шығармашылық жұмыс болады.
Лагерь тәрбиешілерінің алдын­дағы жауапкершілік өте үлкен. Дема­лыстың толыққанды қызықты өтуі, тәрбиешілердің кәсіби шеберлігіне педагогикалық мәдениетіне, балаларды кызықтыра білуіне байланысты.
Қазақтың ұлттық ойындары тек ойын-сауық емес, ол – спорт, ол – өнер, ол – шаруашылық істерін­де маңызы бар тәрбие құралы. Сондықтан баланың зеректігін арттырып, зейінін ашатын, шынықтыратын, ширықтыратын сан түрлі ұлттық ойын­дарды жазғы демалыс уақытында ойнатуға болады. Қазақтың қайсыбір ойынын алап қарасаңыз да, тапқырлық пен табандылықты, біліктілікті талап етеді.
Алматы қаласы Білім басқармасы­ның «№8 Оқушылар үйінің» қосымша білім беру педагогтары жыл сайын оқушылардың жазғы демалысы кезінде қала сыртындағы «Огонек» және «Спутник» демалыс лагерьлерінде арқан тартыс, қол күресі, тоғызқұмалақ, сағат ай­нал­дыру, асық ату, дойбы, тымақ ұру сияқты ұлттық ойындарды өткізіп келеді. Бұл ойындар жасөспірімдер мен балалардың денсаулықтарын шың­дай түсуіне септігін тигізумен қатар, олар ұлтының әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін біліп өсулеріне, тілді да­мытуға да жәрдемдеседі. Сонымен қатар оқушыларды шапшаңдыққа, ептілікке, жылдамдыққа, сабырлылыққа тәрбиелейді
Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді. Туған жерінің орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп-білу және оның күллі сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сана­ның қалыптасуына алғышарт болады.
Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындайтыны түсінікті жайт.

М.Сейтасқаров,
саяси ғылым кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.