Қара Қыпшақ Қобыланды

Қара Қыпшақ Қобыланды Қыпшақты жауға бергенің
Ол да саған өлім-ді
«Қобыланды батыр» жырынан

Батырлық қазақтың бешенесіне жазылған. Өйткені ұлын құл, қызын күң қылып, өзгегеге телміртіп, жатқа қолжаулық қылғаннан қасірет жоқ алаш жұрты үшін. Батырлық – баба ұғымындағы ең асыл түсінік. Себебі оның ішінде иман, намыс, ар-ождан, мейірім бәрі тоқайласқан. Сондықтан қазақ жүректі деген ең аяулы сөздерінң бірін елін қорғаған ерлеріне телиді. Себебі Каспийден Алтайға дейін көсіліп жатқан ұлан-ғайыр жерді біз білекпен емес, жүрекпен қорғап қалғанбыз! Сосын сол ұлағатты ұрпақ жадында ұстау үшін талай шер көкіректен төгілген, ғасырлар демімен өрілген. Ендеше, ата-бабаның жан беріп, жан алысқан кешегі өмірінің нілі сіңіп, ақ моншағы қызарған қазақ ауыз әдебиетінің хас сұлуы батырлар жырындағы арда туған ерлер қандай еді? Осы сауалды оқырман назарына ұсына отырып, «Ана тілі» ұлт газеті атынан асыл қазынаны замана бәйгесіне қосамыз. «Ақберен» деп айдар тағып, алдыңызға тосамыз. Себебі, ақ берен батырға қорған, батыр елі мен жеріне қорған. Қазақтық пен азаттықтың парқын тағы бір таразылау үшін «Қобыланды» жырынан «бісміллә» деп сөз алайық ендеше.

Қазақ әңгімесін тегін сұраудан бастайды һәм атасынан асып туған ба, жасып туған ба соны таразылайды. Ал барша елге қамқор болған Қобыландының атасы – халықтан асқан бай, жазда Көздікөлді, қыста Қараспанды жайлаған Тоқтарбай. Оның асқан дәулетін тоқсан құлға иелік еткенін-ақ байқауға болады. Әрі Қобыланды сексенге келіп, бір перзентке зар болған пенденің Құдайдан тілеп жүріп, көрген ұрпағы. Ендеше, батырдың туғаннан ерекше мейірім мен қамқорға бөленгені анық. Бұған Аналықтың: «Аязды күні айналған, Бұлтты күні бұрылған, Айқара бесік таянған, Дыбысы шықса, оянған, Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген, Өлгенде көрген көбеген», – деп айналып-толғануы дәлел. Ендеше, Қобыланды ананың аялы алақанын көріп өскен жас. «Балам дейтін ел болмаса, Елім дейтін ұл қайдан?» тусын деген сөз бекер емес. Туған анасының махаббатына жылынбаған ұрпақ батыр емес тасбауыр болып өсері анық. Осы арада сәл кідіріс жасап, байқасақ, Қобыланды шарана кезінен-ақ батырға лайық кесек бітімді болып жаратылады. Әйтпесе шешей:
Қабырғам жездей қайысқан,
Көтергенде бесіктен
…Алсам қолым талдырған,
Сүйсем мейірім қандырған,
Денемнен шыққан балдырған», – деп жырға қоспас еді.
Жылдар ағып жылжиды, алты жасар Қобыландының «елбеңдеген зарпына» «таулар күйіп, тас жанғаны» жайлы айтылады. Алты жасында-ақ кәмшат бөрік киіп, тобылғы торы ат мініп, қаршыға баптап, тазы ертеді. Бүгінгі зерттеушілердің «Сал-серілер – кешегі батырлардың жалғасы» деуі бекер емес екен-ау деген ой келеді сонда. Себебі қазақ үшін жеті қазынаға ие болу кербездіктің емес, қажеттіліктің белгісі болған кезінде. Сондықтан да жырда батырдың еліне еркелігі емес, тоқсан құлдың бастығы Естемістің тәлімін көріп, киік аулап, жылқы баққаны ұрпаққа үлгі болар серкелігі көрінеді. Ал қазақта жиырма бес жылқы жасы екендігін ескерсек, қозы жасына жетпеген Қобекеңнің айғыр мініп, ат баптауы, шынымен-ақ таңданарлық құбылыс.
Бабамыз бұрындары жарды жеті өзеннен өтіп алады екен. Әрине жігіт үшін мұның өзі сын. Содан болар Қобыландының батырлығы қалыңдық іздеуден басталады. Батыр батырға сай іс қылады. Асқар таудың ар жағындағы Қызылбас елінің ханы Көктім Аймақтың қызы Құртқаға көз салады. Естемістің
«Қой, шырағым, жассың ғой,
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң өсіп жеткен жоқ.
Барғанмен кезек келмес-ті
Баланы көзге ілмес-ті» деген сөзін құлағына ілмейді. Мұнысы кесірлігі емес, өзінің ақылы мен күшіне сенгендігі еді. Осы орайда, «Жасыл байтақ жері, Айдынды шалқар көлі бар, …Неше мың сан жаны бар» Көктім Аймақ патшасы «Айбатынан сестеніп»: «Қазақтың ері келді», – деп, алты жасар балаға кезек беруі тегін емес. Бұл қазақтың көршілері сескенетін, мықты, күші ел екендігін, Қобыландының асыл ер болғанын байқатады. Айтқандай-ақ ері елін жерге қаратпайды. Ай астындағы теңгені қақ бөліп, мергендігін танытады. Батырдың бұл қасиеті Көбіктімен болған айқаста да көрінеді. Көбіктінің «Кіндігінің тұсында, Кем соғылған төрт көзі». Осы жерге дәл тигізгені соншалық жаудың «Атта қалып бөксесі, Оқпен ұшып кеудесі» мерт болады.
Қайтадан Құртқа аруға оралсақ.
Құртқа көріп батырды,
Шашу шашып басына,
Бұралып келді қасына.
Нұрына тойып төнгені, —
Көзі көрмей өңгені,
«Іздеген теңім келді», – деп,
Әсіресе осы соңғы екі шумақтан сайыста Қобыландыға тең келер жанның табылмағаны айқын. Ал жасауының өзі қырық түйе қазына, қырық құл мен қырық күңнен тұратын Құртқа көлденең көк аттының етегінен ұстамасы белгілі. Содан болар жырда батырын жауға шығарып салып қоштасқан сұлудың Қобыландыны «Көк етіктің мықтысы, Күзгі жердің шықтысы» деп әспеттеуі.
Не десе де сайыстан оқ бойы озып Қобыландының Құртқаны алғанын естіген
Қызыл ер батырға «олжаға масаттанба» деп, сес көрсетеді. Әрі жырда ол көптің бірі емес, «Қырық бес кез Қызыл ер» деп сипатталғанына қарағанда керемет алып болғанға ұқсайды. «Аяғыммен күрес» деп мысқылдаған «менсінбеген дұшпанды «алпыс құлаш қыл арқанға іліп алып «Қобыланды сынды жас бала» тәубесіне келтіреді.
Аман-есен еліне оралып, Тоқтарбайдың қасына отауын тігіп, өзі қайта жылқыға аттанады. Тайбурыл «Алты жасқа толғанша, Үйге, сірә, келмеді, Бар еді Құртқа демеді». Құртқаның Бурыл тұлпарға «Менің балам сен болып
Сенің анаң мен болып» деп толғануы сондықтан.
Осы уақытта Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының Сырлы қаласына жендеттерін жайғастырып, Қырлы қаланы қырық жерден құйдырып, қақпаны болаттан соқтырып, алпыс батырға күзеттіріп алты қабат ор қазып бектерін орналастырады. Мұны қырық мың үйлі Қиятта Сейілдің баласы Қараман естиді. «Қияттан шыққан бес батыр» «қырық мың әскер қол алып» жауға аттанарда Қараман батыр: «Атағы жұртқа мәлім Қобыланды деген ерді ертейік, ермесе, бата сұрайық», — деп жасы – құрдас, жылы – жылдас Қобыландыны мұншалықты сыйлауы оның он үшке келгенде отау иесі ғана емес, ел егесіндей дәрежеде болғандығын байқатады. Осы арада, жауға аттанайық деп келген Қараманға барар-бармасымды Құртқа білер дегені, Қараман айтқандай қатындық емес, Құдай қосқан жарына деген сенімнің көрінісі еді.
Кейіннен:
«Көрдіңіз бе Қараман,
Қатынның баққан атын-ай,
Қатын да болса білдің бе?
Құртқаның асыл затын-ай» деп Құртқаның мерейін асырады.
Батырдың бағын ашатын алдымен жақсы жар десек, екіншісі сөзсіз оның тұлпары. Себебі, адамды досына, батырды атына қарап сынаса керек-ті.
Ал Тайбурыл жырда қалай суреттелген?
«Туғалы күнді көрмеген, Түнектен шыққан» Тайбурыл «Түлкідей көзі жайнайды, Қаруы сыймай қайнайды, Көлденең жатқан көк тасты Сұлым ғой деп шайнайды». «Көлденең жатқан аңғарды, Жер ошақтай көрмеді, Ұмтылғанда қысылып, Бес жүз құлаш жазылды, Бурыл көкке секірді, Омырауда тері көпірді, Шаба-шаба шатылды, Табаны тиіп ұшқан тас,
Қызылбас мылтық оғындай, Аспан көкке атылды»
Мұндай күші тасыған асау жануарды әрине ердің ері ғана бағындыра алады. Әрі жырдан батырдың жан серігіне деген адалдығы байқалады. «Итті иесімен бірге қина» демекші, зынданда жатқан Қобыландының «Бурыл аттың санына Қыл бұраумен бұрау сап», құлындай шыңғырған даусын естігенде «Не қылсаң да маған қыл деп» атой салып, босап шығуы, бекер емес.
Ал жолда тұлпардың аяғы ақсап, жұртта қалғанда «Қобыланды құлға ұсайды» яки, «Арыстан туған Қобыланды, Атын ұстар кісі жоқ, Қобландыны көп Қият, Кім екен дер ісі жоқ» деп жырлануы Тайбурылдың маңызын тереңдете түскендей.
Қай жырды қарамайық, қазақ батыры қара күштің ғана емес, асыл жүректің иесі. Қобыланды да тәрбие көрген, тәлім алған иманды жас. Тіпті шығарманың өзі «Кешегі өткен заманда, Дін мұсылман аманда» деп басталады. Жырда мезгілдің намаздың бес уақытымен өлшенетіні көзге ұрып тұр. Батырдың «Артымда жау қалдырман, Берсе Құдай несіпті» деуі де тәккаппарлықтан ада адамның қасиеті. Әрі «Жад қылады Иені», «Шүкір қып Хаққа тұрады», «Жаппарға жан аманат», «Суда болар ақ сазан,
Молдалар айтар бес азан» «Ал десем де Тәңірге Өлшеулі өмір бітпейді».
деген жолдар жиі кездеседі.
Бірде айдалада жалғыз қалған батырдың
«Білмей қалдым басымнан
Өткеніңді дүние боқ
Мінәжәт етіп жылайын» деген зарлы үні естілсе, бірде:
«Қобыландыдай батырдың
Қабыл болды тәубесі» деп сүйіншілетеді.
Осы орайда жырда Қарлығаның анасы мұсылманның қызы болғандығы, өлерінде мұсылманның етегінен ұстауды өсиет еткендігі айтылады. Қарлығаның Қобыландыға көңілінің аууының себебін осыған меңзейді. Әрине Мәлік Ғабдуллин келтіргендей, жырда көп тәңірліктің, аруақтарға сыйынудың көріністері көптеп кездеседі, дегенмен туынды тарихи факт емес екендігін мойындай отырып, оның 19-ғасырды ғана жинақталғандығын ескерсек, халықтың бертін келе Исламға қарай бет бұра бастағандығы, жастардың бойынан имандылықты іздегендері жоғарыда айтқан дәлелдерден айқын байқалады.
Қобыландының батырлығы, күштілігі, адалдығы, намысқойлығы өзге батырлармен салыстырғанда тіптен ерекшелене түседі. «Шыныменен шамдансам, Қосын түгіл Қияттың, Еліне күшім жетеді» деп батырдың өзі айтқандай қиын кезеңде қашуға дайын тұратын Қараманға қарсы шығамын десе, ешкім жолынан тоқтатпас еді. Бірақ батыр ақылға салып, көп жерде кешірімшілдігін танытады, әрі атасы бір қиятпен жауласпауы күллі Қыпшақтың бүтіндігін ойлағандығы. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, жырда батырдың шешендігі де айтылады. («Қызыл тілім шешен-ді, Қатардан басым көсем-ді 26 бет) Сонымен қатар келбетті азамат екендігі де сөз болады. («Кисең, киім жарасар Ақ патсадай етіңе», «Сіздер – сұңқар, біз – қарға». «Ол уақытта пенде жоқ, Қобыландыдай сымбатты»). Тіпті «Қастары төмен салынған, Кеуліне алған табылған, Іздеген дұшпан шабылған, Қобаған мұрын қой көзді, Талма бетті, нұр жүзді» деп суреттейді Алшағырдың анасы.
Қобыландының тағы бір баса назар аударатын, ерекше қасиеті еліне деген адалдығы.
Қалмақтан алған көп олжа
Әділдікпен батырың,
Жиып алып көп халқын
Бөліп берді еліне,
Пақыр, кедей, кеміне.
Кедей мен байы теңеліп,
Риза болды бәрі де,
Қобыландыдай еріңе.
Иә, еліне қамқор болмаса, батыр батыр емес, қарақшы атанары даусыз ғой.
Жырда Қобыланды бейнесі Құртқа, Қарлығаш, Тоқтарбай, Аналық арқылы да шебер берілген. Мәселен Қарлығаш:
Бірге туған бауырым,
Қолқанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім,
Суырылып озған жүйрігім» десе:
Сұлу Құртқа сөйледі:
«Иреуі жоқ күмісім,
Жасаған қосқан белесім,
Ойын менен күлісім.
Алтыннан соққан кебісім,
Сегіз ұжмақ бейішім,
Қауыз, кәусар суындай
Бейіштен шыққан жемісім.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қобыланды күшті, иманды, еліне қамқор, мейірімді, кешірімді, адал, сабырлы, келбетті жан. Бір сөзбен айтсақ, Қобыланды батыр деген атқа әбден лайық.

Сөз соңы
«Қысқа күнде қырық шапқан, Қазақ десе, оқ атқан, Қабағына қар тартқан, Кірпігіне мұз қатқан» жау жағадан алғанда «Ер де сасар болар ма, Етегін басар бола ма». Бұл бүгінгі жастың да өмірлік ұраны болса керек-ті. Себебі мал мен жан, ел мен жер де иесіз емес.
«Артымнан жоқтар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ
Ізімді жоқтар інім жоқ,
Жалғыздықта мінім жоқ.
Қазақ көппін дегенде
Көппін деп айтар тілім жоқ»
Бұл беліне болат байлап, қарына найза ілген, бадан көзді ақ сауыт киген, елінің қамы үшін тоқымын төсеніш, ерін жастық қылған Қобыландының зары. Сөзсіз, «Батырлар ғасыры» артта қалды, «Адамдар заманында» өмір сүріп жүрміз. Бірақ батырлар әлденені айтқысы келеді, Қобыландының зары құлаққа келеді. Естіп жүрміз бе?

«Қобыланды батыр» жырында кездесетін мақал-мәтелдер
***
Асқар тауда белдік бар
Жасағанда кеңдік бар.
***
Мерген байлап, оқ атаар
Ұшқан көлдің қуына
Иманды құл кез келер
Қаузы, кәусар суына.

***
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене
***
Кентті жерді жайлаған,
Үзілмейді базары,
Қайда қалмас жігіттің,
Өлгеннен соң мазары
***
Түйенің көркі нарлық
Жүктің көркі сандық
***
Жауға шабар ер жігіт,
Жаманнан ақыл сұрамас.
***
Батырлар табар айласын,
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын
***
Түйенің көркі нар
Өзеннің көркі жар

Көнерген сөздер
Қулық, атой, күшіген, қалбай, мініскер, қара табан болу, жад қылу, әбдесте,
сияқ, бақал, ыстан, қауыс, баһар, лабақ, қоқты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Аноним

    керемет

  2. Аноним

    кобыланды батыр жырындагы конерген создердын магынасын ашып бере аласыздар ма

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.