«ЖОҚ, ОЛАЙ ЕМЕС!» (Әңгіме)

Дидахмет Әшімханұлы

Белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлының есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Жазушының «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повестер жинақтарын кезінде жұртшылық жылы қабылдады. Бірқатар шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылды.
Дидекең шығармаларында ұлт мүддесін арқау етті. Ұлтының басты байлығы – жер мен тіл туралы жеріне жеткізе жазды.
Дарынды қаламгер арамызда жүргенде маусымның 10-ы күні 66 жасқа келген болар еді.

Осы жасқа жеткенімше мен зерттемеген, мен пікір айтпаған әдебиетте мәселе, тарихта тақырып аз. Отырмаған кітапханам, ақтармаған архивім де аз. Бұған қарап сіз мені құрығанда кандидат, әйтпесе ғылым докторы деп ойлайтын шығарсыз. Жоғә, кішігірім институттың кіші ғылыми қызметкері болып қырық жыл отырған жолы қиын ағаңыз мен боламын. Алпысқа жетер-жетпесте сол қызметімнен де қысқарып қалам ба деп қалтырап жүрген сорлы ағаңыз да мен боламын. Неге дейсіз ғой? Мені құртқан – «Жоқ, олай емес!..» Иә, маған ғұмыр бойы қырсық болып жабысқан – осы сөз, әр тал шашымды ағартқан да осы сөз. Осы сөз есіме түссе, әлі күнге қарадай қалтырап қоя беремін. Тіпті бұл әңгімені жазып отырғанда да желке тұсымнан біреу «Жоқ, олай емес! Жоқ, олай емес!» деп тұрғандай. Бұл әңгімені жазып біткен соң да әлдекім: «Жоқ, олай емес!» деп қыр соңымнан қалмайтынын сеземін. Кейде ол сыбыр болып естіледі, енді бірде айқай болып жетеді. Әйтеуір, құлақ түбімде қашанда күңгірлеп тұратын бір-ақ сөз – «Жоқ, олай емес!..» Қысқасы, әбден ауру боп біткен адаммын. Бұл аурумен ауырғалы… Жә, бәрін басынан бас­тайын­шы…
Отызыншы жылдардың ортасында орталық бір университеттің аспирантурасында оқып жүрген кезім. Онда босқа жүрмей, баяғы өткен Төлебай ақын туралы зерттемеймін бе? Зерттеп-зерттеп болған соң, «Төкпе ақын Төлебай» деген мақаламды ел жақта шығатын «Екпінді» газетіне жолдамаймын ба… Көп өтпей-ақ оным жарық ете қалсын жарты бетті алып. Мен де мәзбін, ел жақтан бірге келіп оқып жатқан шикіл сары досым да мәз. Бірақ арада ай өтпей-ақ мәз болған көңілім саз болсын. Шикіл сарым елден келген «Екпіндінің» жаңа нөмірін көрсетеді жымиып. Қарасам – «Төрт Төлебайдың қайсысы?» деген мақала етектей болып екінші бетті алып жатыр. Оқи бастасымен төбе шашым тік тұрған. Әлқиссасының өзі мынадай… «Ғұлама Ғалымбаев осы газетте жариялаған «Төкпе ақын Төлебай» атты мақаласында қайдағы бір Төлебай дегенді халықтың қамын жеген, кедей-кепшіктің мұңын жырлаған азамат ақын етіп көрсетеді. Шындығы солай ма? Жоқ, олай емес! Тарихта Төлебай атты төрт ақын болған. Төртеуі де шынжыр балақ, шұбар төстердің сойылын соққан, бай-манаптарды мадақтаумен шен алып, шекпен киген…».
Жүрегім зу ете түсті. Көзім қарауы­тып, кейінгі жолдардың бірін көріп, бірін көрмеймін. Бұл да ештеңе емес екен, мақала аяғына жете бере әлгі зу еткен жүрегім зымырап барып бақайымның басына түсіп кеткендей болды. «Қ.Ш.» деп қана қол қойған автор сөз соңында: «Ғұлама Ғалымбаев бұл мақаласы арқылы өзін тапшыл етіп көрсеткісі келеді. Жоқ, олай емес! Оның әр сөзінен өткенді көксеу, баяғыны аңсау байқалады. Мәселен, ол мақаласына «қымыз», «қазы-қарта», «жал-жая», «оқалы тон» деген сөздерді кірістіреді. Бұның себебі не? Себебі әріде» деп істі тұп-тура тұйыққа тіреп қойыпты.
Көзіме итжеккен елестеп кетті. Енді не істеймін? Тағы да архивке жүгірдім. Бағыма орай, одан өз Төлебайым туралы және біраз тың дерек табыла кеткені. Соларды жинақтап, әр сөзімді тарихи документтермен дәлелдеп, «Төрт Төлебайдың тектісі» деген екінші мақаламды да «Екпіндіге» айдап жібердім. Бұрынғыдай «қазы-қарта», «жал-жая», «оқалы тонға» соқтыққам жоқ (бәлесінен аулақ!), есесіне айран-шалап, «жыртық шекпен», «шидем шалбарды» көбірек қостым. Өзімше тапшыл болғаным…
Шүкіршілік, арада ай өтпей ол мақалам да жарқ ете түсті. Мен де мәзбін, шикіл сары досым да мәз. Бірақ… көп ұзамай көңілім тағы су сепкендей басылсын. Шикіл сарым «Екпіндінің» екінші бір нөмірін ұсынып тұр… Төртінші бет… «Төлебайға төрелік кім айтады?..» Соңында баяғы «Қ.Ш.» Көзім бұлдырап жүре берді. Жыбырлаған сөз-сөйлемдердің арасынан тек «Жоқ, олай еместі» көремін. Жолақ-жолақ жолдардың ішінен тек «Жоқ, олай еместі» оқимын. Басқа ештеңеге түсінбеймін, басыма ештеңе кірмейді. Ойбай-ау, жоқ, олай емес, мына бір абзацты кім түсінбейді?!
«Ғұлама Ғалымбаев Төлебай ақынды 1918 жылы өлген дейді. Демек, ақын жаңа заманға жетіп жығылған. Жаңа заман бізге жақсы өмір әкелді. Ендеше, ол неге «айран-шалап», «жыртық шекпен», «шидем шалбар» дегенді жиі ауызға алады? Бұнда гәп бар. Бұнысы – жаңа заманның жақсылығын әдейі бұрмалау…».
– Жоқ, олай емес! – деп атып тұрдым. Бұл сөз аузыма қалай түскенін өзім де білмеймін (Тегі, ауыра бастауымның басы осы болса керек).
Бұдан соң Төлебай туралы жинаған бүкіл қағазымды шикіл сарының алдына лақтырып тастадым да, енді атақты Тағай батырды зерттеуге кірістім. Обалы нешік, газет оны да басты. Басқаны бар болсын, кейін бетімді тағы ақ айран қылды. Қыр соңымнан қалмаған – баяғы «Қ.Ш.»
«Ғұлама Ғалымбаев «Тағай батыр» мақаласында: «Жоңғарларға қарсы жорықта Кебей, Текей деген найман батырлары болған» дейді. Жоқ, олай емес! Бұл жорықтан біз білетін батырлар – Көбей, Төкей. Ал Ғалымбаев жолдастың «Кебей, Текейін» әлде де анықтау керек. Сосын… әр батырдың руын анықтау қажет пе? Рушылдықтың өзі осыдан шықпай ма?..»
Мәңгіріп қалдым. Құдды жаңылтпаш оқыған сияқтымын. «Кебей, Текей…», «Көбей, Төкей…» деймін күбірлеп. Мүмкін, мен архивтен қате көшірген шығармын? Жоқ, олай емес, әр әріпті ежіктеп оқығанмын. Әр сөзді мөрдей түсіргенмін. Ендеше «Қ.Ш.»-ның сөзі дұрыс шығар? Менің «Кебей, Текейім» басқа болар?
– Жоқ, олай емес! – деп айқай салдым. Айқай салдым да, архивке жүгірдім.
Қағаздарды қазып жатырмын, қазып жатырмын… «Көбей, Төкей… Көбей, Төкей…» – деп сыбыр-сыбыр етемін. Өстіп отырып, кенет… орнымнан атып тұрғанымды білемін. Ғажап деңіз, ғажап! Не, мені «Көбей, Төкейдің» анығына жете қалды дейсіз бе? Жо-жоқ, одан да керемет!.. Әйгілі әнші Әлмәмбеттің суреті!.. Жүз жылдан бері жүзін бір көруге зар қылған қайран Әлекемнің суреті, міне, сары алтындай сарғайып алдымда жатыр… Ешкім көрмеген, ешкім мына папканы ашпаған! Ғажап! Ғажап! Бұл дегенің – бар қазақтың қуанышы ғой! Бар қазақты мен енді қуантпаймын ба?!
Көшірмесін айдап салдым газетке.
Басылды.
Бірақ… іле-шала жаңа нөмірден оқығаным мынау:
«…Жоқ, бұл Әлмәмбеттің суреті емес! Қарттардан естуімше, Әлекеңнің бетінде безеуі болған. Ал суреттен тіпті де безеу көріп тұрғамыз жоқ. Қ.Ш.»
– Ел болмаймыз! – деп столды жұдырығыммен бір қойдым.
– Не? Не дейсің?! – деп шикіл сарым төсектен басын жұлып алды.
– Ел болмаймыз деймін. Бүйтіп аяқтан шалып, етектен тарта берсек – ел болмаймыз. Түсінесің бе, ел болмаймыз!
– Солай де.
– Солай. Ел болмаймыз!
Бұл сөзді қанша рет қайталағанымды білмеймін. Айқайлап жүріп, талай бөлмеге де кіріп кетіппін. Сосын әбден сілем құрыған кезде төсегіме етпеттей құласам керек. Ертеңінде… екі адам келіп, екі қолтығымнан дедектете жөнелді. Дедектетіп барған жерде… тергеу басталсын да кетсін.
– Біз ел болмайды екенбіз ғой?! – дейді бір мысықмұрт мысқылдап.
– Жоқ, олай емес! Ел боламыз. Ел болып жүрміз. Ел бола да білеміз! – деймін мен.
– Қалайша? Кеше ғана «болмаймыз» деп боздағанда өңешің үзіле жаздапты ғой.
«Мә-ә! – деймін іштей. – Бұны жеткізген кім? Әлгі шикіл сары ма? Жоқ, ол болуы мүмкін емес! Мүмкін емес!..» Миыма қан құйылып кеткендей. Құлағыма ештеңе кірмейді. Тер­геуші тебітіп келіп, бірдеме дейтін секілді. Мен де бірдеңе деп міңгірлейтін сияқтымын. Бірақ не айтып отырғанымды білмеймін. Ал арты­нан осы әңгімені магнитофонмен қайталағанда не естіді дейсіз ғой:
– «Сонымен… ел болмайды екенбіз ғой?» .
– «Жоқ, олай емес! Ел боламыз! Ел болып жүрміз!».
– «Сонда… кеше «болмаймыз» деп боздаған кім?» .
– «Жоқ, боламыз! Бола береміз!».
– «Қысқарт! (стол тарс ете түсті). Айтқаныңды мойындайсың ба сен жоқ па?».
– «Нені?».
–«Ел болмаймыз» дегенді.
– «Жоқ, олай емес!».
– «Не, жоқ, олай емес?».
– «Жоқ, олай емес!» (Күрсінген дыбыс шықты) «Мүмкін, сенің есің дұрыс емес шығар?».
– «Жоқ, олай емес!».
– «Мүмкін… ол сөзді сен расында айтпаған шығарсың?».
– «Жоқ, олай емес!..».
– «Жоғал! Жоға-ал!..».
…Содан мен «жоғалсам» керек. Жоғалып барып жатақханадағы бөлмем­нен табылсам керек… Ертеңінде кафедраға шақырып алды да, «емдел» деп елге қайтарды.
Елге келген соң, бәрін қойып, өлең жаза бастадым. Жазғандарым жамырап шыға бастады. «Көйлегім көк, көңілім тоқ», «Жоқ, олай емес!» дейтін ешкім жоқ. Құдай-ау, Әлмәмбетті әспеттеп, Төлебайды төрге шығарам деп нем бар еді, өлеңмен де өмір сүруге болады екен ғой деймін. Бірақ… бұным да бекершілік боп шықты. Бір күні жастар газетінен мынаны оқыдым:
«Бір ақындар әр сөзін жұмбақтап жазуға құмар. Ал оның астарына үңілсең – үйдей бәле көресің. Мысалы, Ғұлама Ғалымбаев «Шекарада» деген өлеңінде: «Арғы тауда алтын күн таққа мініп, Сүт сәулесі төгілер ақтарылып», – дейді. Бұл әншейін табиғат суреті дейсіз бе? Жоқ, олай емес! «Арғы тау» дегені – арғы бет. Арғы бет – шекараның арғы жағы, яки шет ел. Ал «алтын күн» – сол елдің көсемі – Юнь-Синь-Пинь. Енді «таққа мініп» дегенін өздеріңіз де түсіне қойған шығарсыздар. Өйткені… Юнь-Синь-Пиннің таяуда ғана президент болып сайланғанын білесіздер. Міне, автор кімді насихаттап отыр?.. Қ.Ш.».
«Құдай-ау, бұл «Қ.Ш.» деген кім? Аттап бассам аяғымды шалатындай мен не жаздым оған? Біреудің бетіне қарап «сен» деген жан емеспін. Өз кеудемді ұрғылап «мен» деген де емеспін. Бар жазығым – алақандай халқымның әр жерде шашылып жатқан алтынын жинап-теріп, іздеп-тауып, өзіне қайтарайын дегенім бе? Біле-білсек, бәріміздің илеп жатқанымыз мәдениет деген бір терінің пұшпағы емес пе? Мен оған қи жағамын, «Қ.Ш.» келіп қи жағады. Осы жөн бе? Осыдан кейін ел боламыз ба?» деп жылап жібердім. Жылап-жылап алып, тағы іске кірістім. Бірақ… «Қ.Ш.» да қарап жатпады.
Мен «Тарихымыздың тегін әріден іздейік» деп мақала жазып едім, «Қ.Ш.» «Жоқ, тамақты қай ғасырда қасықпен жей бастасақ, содан бері іздейік» деп жауап қайтарды.
Мен «Қорқыттың қобызы не дейді?» деген зерттеу жазып едім, «Қ.Ш.» «Сен не дейсің, қобызың не дейді?» деген фельетон жазды.
Мен «Қаладағы перілер» деген роман жазып едім, «Қ.Ш.» «Ауылдағының бәрі періште ме?» деген сын жазды.
Мен «Тартылған теңіз» деген поэма жазып едім, «Қ.Ш.» «Теңіз тартылады, семіз малтығады» деген пародия жазды.
Мен «Туған тіл деп жырлаймын» деген өлең жазып едім, «Қ.Ш.» «Жырлайсың да жылайсың, жылайсың да сұрайсың» деген сықақ жазды.
Ақыры әбден қажыдым, жүйкем – жүн, жігерім құм болды. Мен жеңілдім, ол жеңді. «Қ.Ш.» тұрғанда ғылымды көгертіп, әдебиетті ұшпаққа шығара алмайды екенмін. Ендеше несіне тыраштанамын? «Құрысын, қойдым бәрін!» дедім де, тып-тыныш өмір сүре бастадым. Кішігірім қызметіме кіші болып барамын, кіші болып қайтамын. Бетегеден биік, жусаннан аласамын. Ешкім мені елеп-ескермейді де. Баяғы талас-тартыс, дау-дамай жанымнан зу етіп өте шығады. Жиналыс сайын іреп сою, ұрып-жығудан да ап-аманмын. Қысқасы, көптің менде шатағы жоқ. Өйткені… сол көптің өзі біртіндеп аты-жөнімді де ұмыта бастаған. Тіпті бізде ұзақ жыл бірге істеген бастығым:
«Әй, Білімбаев!» деп шатасқаны бар. «Ғалымбаев» деп түзетіп едім: «Какая разница?» деп барқ ете түсті. «Ни какая…» деп келісе кеттім. «Тек жүрсең, тоқ жүресің».
Өстіп жер ортасы жасқа жеткенімде, бір күні баяғы шикіл сарым шақырып алсын. Бұл уақытта ғылым докторы болған ол біздің бөлімді басқаратын.
– Мен таяуда елуге толамын, – деді.
– Құтты болсын! – дедім.
– Үлкен кеш болады, – деді.
– Мәртебеңіз өссін! – дедім.
– Сен баяндама жасайсың, – деді.
– Қалай? – деп селк ете қалдым. – Мен бір кіші адаммын ғой… Сеніміңізді ақтар ма екенмін?..
– Ақтайсың. Ақтағанда, әкесіне танытасың. Өйткені… сен кіші де болсаң – ақ адамсың. Басқалардың бәрі қара. Бәрі маған жау.
Жүрегім ысып жүре берді. Сен ақсың, сен адамсың дегенді естімегелі қашан?!
– Жасаймын! Әкесіне танытамын! – дедім атып тұрып.
– Кімнің? – деді ол.
– Баяндаманың, – дедім мен.
Расында, әкесіне таныттым. Елуге келген досыма елу бет баяндама дайындап, дүйім жұрттың алдына қасқайып шықтым да, тамағымды кенеп-кенеп алып, сөзімді бастай жөнелдім. Бірақ…
– Ғұлама ғалым, зерделі зерттеуші, ұлағатты ұстаз… – дей бергенімде… залдан біреу…
– Жоқ, олай емес! – деп айқай салсын.
Жұрт сілтідей тына қалды, бәрі бір қызықты күткен сияқты. «Ау, бұл кім? Сөзді неге бөлесің?» дейтін ешкім жоқ. «Бұл – мен!» деп бой көрсеткен де ешкім жоқ. Ендеше не тұрыс? Тағы сөйлей бас­тадым. Бірақ…
– Елі үшін еңіреп, халқы үшін қам жеп, елуге келгенше жарғақ құлағы жастыққа тимеген біздің Қазекең… – дей беріп едім, әлгі дауыс:
– Жоқ, олай емес! Жалған! – деп және айқай салсын.
Зал жым-жырт. «Ау, қоясың ба?» дейтін пенде жоқ. Президиумға қа­расам… Әншейінде қабағынан қар жауып тұратын директорымыздың бе­тінен жыбыр-жыбыр жымысқы күлкі білінеді. Одан бері отырған «юбиляр» Қазекемнің беті топырақ, көзі жапырақ. «Бірің өліп, бірің қал!» дедім де, сөзімді әрі жалғадым. Бірақ…
– Талайдың тісі батпаған Төлебай ақын туралы монография жазған кім? Қазекең. Тағай батырдың тарихын зерттеген кім? Қазекең… – деп бастырмалата бастағанымда… манағы дауыс:
– Жалған! – деді ышқынып. – Жалған! Бәрін тапқан, бәрін алғаш таныстырған Қазекең емес – сенсің! Сенсің!
– Бұл кім? – дедім көзілдірігімді жұлып алып. – Бұл кім өзі?
– Мен! – деп зал ортасынан біреу атып тұрды. Қарасам… кеше ғана қызметінен қысқарып кеткен біздің бөлімнің бір адамы… Бейсен деген бейшара.
– Сен болсаң, не айтасың? – дедім қоқиланып (Қазекеме жағынып қалу да).
– Мен айтпаймын, сұрақ қоямын.
– Сұра.
– Сұрасам… сен қырық жыл бойы қыр соңыңнан қалмаған «Қ.Ш.» дегеннің кім екенін білесің бе? – Үндемедім. Күрсіндім. – Ал сен білесің бе, «Қ.Ш.» деген атпен ай сайын артыңнан алты арыз жазатын адамды? – деп ол директорымызға қарады. Ол да үндемеді. Күрсінді. – Сендер ше? – деп Бейсен енді залға бұрылды. Олар да үндемеді. Күрсінді. – Үндемейсіңдер, ә? Үн шығарудан қорқасыңдар, ә?! Түсінем, түсінем!.. Үндеп көріңдерші, ертең бірің «ұлтшыл», бірің «жікшіл», енді біреуің «діншіл» боп шыға келесіңдер. Талайлар солай құрыған. Талайды сөйтіп құртқан ол!
– Кім? Кім ол? – дедім мен.
– Ол ма?.. Ол – қышынған мақа­ласына ылғи «Қ.Ш.» деп қол қоятын сенің Қазекең – Қазақбай Шылықов, біреудің сөзін дәйім жоққа шығарып жол табатын, жалақорлықпен жан бағатын, сонысымен нан табатын Қазақбай Шылықов. Қазақбай Шылықов тұрғанда біз көгермейміз, жолдастар!
– Жоқ, олай емес! – деп, баж ете түстім. Баж ете түстім де, баяндамамды жылдам оқи жөнелдім. Құрысын, пенсияға аман жетуім керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.