наурызбектің мақамы – өз атымен бағалы

Осы жылдың басында adebiеtportal.kz сайтында (13.01.2016) белгілі ақын, Төлеген Айбергенов атындағы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанның «Қарасай жырау кім еді?» деген мақаласы жарық көрді. Мақала тақырыбына қарап,  Бесқала өңірінде өмір сүрген, бүгінгі күнге аты жеткенімен, мұралары жетпей қалған жыраудың өмірі мен шығармашылығы жайында тың деректер табылған болар деп ойлағанбыз. Алайда бұл мақалада біз күткен тың деректер кездеспеді. Өкінішіке орай, Светқали ағамыздың мақаладағы келтірген дәйектері – жоқтан бар жасау, өнері жұртқа белгілі бір жыраудың мұрасын халықтың есінде аты қалса да мұрасы сақталмаған екінші бір жырауға тиесілі деп, қисыны аз пікірмен  әңгіме өрбітуге ұқсайды екен. Осыған орай, біз де біраз ізденіп, дәлел-дәйектерімізді тиянақтап алған соң мәселеге өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Сонымен… 

Бергінің мұрасын арғыға телу жараспас

Аталған мақаласында С.Нұржан: «…Қа­расай жыраудың көптеген шәкірттері бол­ғаны белгілі. Олардың ішінде: Кердері Құдай­берген, Табын Төребай, Кете Қай­ролла, Әлім Наурызбек, Шеркеш Жолжан сынды дүлдүлдер өткен. Солардың бірі – үн-жазба, бейне-жазбалары бүгінге жеткен Наурызбек жырау. Бұл уақта «Наурызбектің сазы» деп терме-толғаулар айтып жүрген жастар, шүкір, жетерлік. Біз бүгін осы мақам-саздардың Қарасайдан бастау алғанын дәлелдемекпіз. Қазір Ақтау қаласында «Қарасай-Қази», «Едіге» сынды ескі жырларды жырлайтын Базарбай Сабыров атты үлкен жыршы тұрады. Ол кісі әңгімесін былай сабақтайды: «1969 жылы тау астында бір Бегей (ру аты – С.Н.) ағайынның тойында жырлап отыр ем, төрде Айтқұл Жұмағазы, Шоғы Тініқұл атты ажарлы шалдар отырды. Мен сол кезде «мода» болған Наурызбектің мақамдарымен талпаштап-ақ жатқам, бір кезде көп ішінен біреу шақшия қарап: «Әй, бала, айтсаң, өзіміздің Адайдың саранау сазымен айт, болмаса, басты қатырма!» деп тастағаны… Мен ағындап келе жатып кермеге тап болғандай дағдарып-ақ қалғам, кенет Жұмағазы ақсақалдың саңқ еткен дау­сы шықты: «Ей, сен көргенсіз, ненің жөнін біліп жырды бөліп отырсың?! Бұл баланың салып отырғаны Қырықмылтық Қотырбас Қарасайдың саздары. Мен Қарасайдың қасына қаршадайымнан еріп қосшыбаласы болған жанмын. Жарықтық, Қарасай жырау бастапқыда адайдың салқам саздарымен дестелеп отырып, түн ортасы ауғанда шаңқылдап бір жосын мақамға түсетін. Сол екпінді түйдекті жыр-күй таң атқанша созылатын. Қарасай осы сазға басқанда қаумалаған көптің шырмай бастаған ұйқысы шайдай ашылып, көздері шырадай жанып сала беретін! Шәкірті Наурызбектің бүгінде өрнек қылып жүргені ұстазының сол «Түн-ауа» сазы… Айта бер, қарағым, осы бағытыңнан жаңылма!» – деп дем беріп-ақ жібергені! Содан соң-ақ менің бақайымнан қаққан, қапымды баққан адам баласы болған жоқ!..». Енді осы дәйекті Наурызбек жыраудың ең көрнекті шәкірті, Арал-Қазалы жыр мектебінің ірі өкілі, бүгінде Кентау қаласының тұрғыны 69 жастағы Болатбек Ердәулетов былай дамытады: «Наурызбек жыраудан айтып жүрген мақамдары туралы сұрайтынмын. Сонда ол кісі: «Мұның бәрі ұстазым адай Қотырбас Қарасайдың мақамдары» деуден жалықпайтын». Ал А.Жұбанов мұрағатынан да біздің пікірімізді дәлелдейтін талай нәрсенің шығары анық, бірақ ол көмбені игеру – келер күндер еншісіндегі шаруа. Міне, бұл дәлелдердің бәрі Қарасай жырауға өзінің төл мұраларын қайтарып беретін уақыттың жеткенін дәлелдейді» дейді.
Осы жолдардан бұл мақаланы жазудағы негізгі мақсат – атағы өзі туып-өскен Бесқала аймағына ғана емес, бүкіл Орта Азияға жайылған әйгілі Нау­рызбек жыраудың мақам-саздарын адай Қарасайға телу, сол арқылы Бесқала жыр мектебінің төл мұрасын Маңғыстауға бұру екені айқын білінеді. Алайда бұған негіз боларлық еш дәлел келтіре алмаған. Біз Наурызбектің мақамының Қарасай мақамы емес, Алла берген талантының арқасында жанынан шығарған өз мақамы екенін және адай Қарасайды ұстаз тұтпағанын сөзбұйдаға салмай, нақты деректер дәлелдеп бере аламыз.
Біріншіден, «Базарбай Сабыров айтты» деген әңгіме мұндай, мақам даулайтын, Нәукеңдей жыр дүлдүлінің атына кір келтіретін аса салмақты мақалаға негіз бола алатын дәлел-дәйекке жатпайды. Өйткені «Осындай әңгіме болып еді» деген 1969 жылдан бері аттай 47 жыл өтіпті. Осыған дейін Нәукеңе қатысты бұған ұқсас әңгімелер еш жерде айтылған да, жазылған да жоқ еді. Жұмағазы деген ақсақал расында солай деген болса, Базарбай Сабыров бұл әңгімені жарты ғасыр бойы қалайша ішінде сақтап келді және неге дәп осы кезде айтып отыр деген заңды сауал туындайды. Сол уақтарда Қарасайдың мақамын білетін сондай «ажарлы шалдар» болған болса, Қарасай мақамдары қалайша бүгінгі күнге жетпей қалды? Әсіресе, «Наурызбектің бүгінде өрнек қылып жүргені ұстазының сол «Түн-ауа» сазы…» дегені тым қисынсыз. Сонда Наурызбекті Наурызбек етіп, халықтың шексіз ықыласына бөлеген «Қарасайдың жосын сазы» ма екен? Олай болса, әркім иемденіп кете беруге болатын сол «жосын сазбен» өзге жыраулар неге жырламады, Нәукең шыққан атаққа не себептен шыға алмады? Қарасайдың мақамын білетін, оның жанында жүрген шалдар Наурызбектің көзі тірісінде қалайша бұл мақамды дауламады? Міне, жоғарыдағы әңгімеден осындай шұбырған жауапсыз сауалдар туындайды. Ал шынайы дәлел, деректе мұндай бостық, олқылық болмауы тиіс.
Екіншіден, Нәукең: «Мұның бәрі ұстазым адай Қотырбас Қарасайдың мақамдары» деп еді» деген Болатбек Ердәулетовтің сөзі де ешбір негізсіз айтылған бос әңгіме. Қотырбас Қарасай 1926 жылы дүниеден қайтқан, Наурызбек 1931 жылы туған. Ұстазым дейтіндей қисын көрініп тұр ма?
Болатбек Ердәулетовті Наурызбектің ең көрнекті шәкірті деудің өзі орынсыз. Болатбек, мақала авторы айтып отырғандай, Арал-Қазалы жыр мектебінің өкілі. Оның өмірі де, өнері де Қызылордада өрістеді. Ал, Нәукең Бесқалада болды. Болатбек айында, жылында бір барып, сәлем беріп, дәріс алғаны болмаса, Нәукеңнің жанында жүріп, одан тәлім, білім ала алған жоқ. Наурызбектің ең басты шәкірті, үнемі жанында жүрген, өмірінің де, өнерінің де бар сырына қанық болған шәкірті – Өсербай Сәрсенбаев. Өсербай жоғарыдағы, Светқали Нұржанның мақаласындағы әңгімені жоққа шығарды. Наурызбек еш уақытта да Қарасайды ұстазым деп аузына алмаған. Ал Нәукең өмірінде ешкімге, тіпті Өсекеңе де айтпаған мұндай сөзді Болатбек Ердәулетовке ғана айтты деу көңіл сенетін, қисынға келетін сөз емес. Егер Болатбек ағамыздың қолында Нәукеңнің өз аузынан жазып алған дыбыс таспасы болса, қарсы дау айтуға біз де ұялар едік.
Үшіншіден, 1982 жылы Алматыдан Бесқалаға Наурызбек жырауды арнайы іздеп барған журналист Есенқұл Сафуанов пен белгілі музыка зерттеушісі Болат Қарақұлов Нәукеңнің орындауында көптеген ән-термелерді дыбыс таспасына жазып алған. Онда Нәукең ән, терме-толғауларды орындап қана қоймай, ондағы сөз, саз авторларын атап, шығу тарихтарына да тоқталған. Оразбай, Құдайберген, Жолый Жақсылық жыраулардың және өзінің терме-толғауларын, Жаңабергеннің, Жұмабайдың әндерін, атақты Мұхит Мералыұлының көпке белгісіз болып келген «Мұхит салмын» әнін орындаған. Орындай отырып, «Мынау Оразбайдың мақамы», «Мынау Жолый Жақсылықтың мақамы», «Мынау өзімнің мақамым» деп бәрін ашып-ашып айтқан. Бірақ осының ішінде «адай Қарасайдың мақамы еді» немесе «терме-толғауы еді» деген жері жоқ. Және де: «Бір кіші жүздің өзінің жыр айту үлгісі әртүрлі. Мысалы, ана Қызылорда облысындағы Арал, Қармақшы аудандарының жыршыларының мақамдары өзгеше болса, мына Ақтөбе, оның бергі жағындағы Шалқар, біздің Хорезм ойпатының (Бесқала жері — К.Қ) жыр айту үлгісі бір болып келеді. Ал ана Гурьев, Маңғыстау жағындағы адайлардың жыр айту үлгісі, сөздері тіптен басқаша» дейді Наурызбек дыбыс таспасында жазылып қалған бір сөзінде.
Жыраудың өзі айтып отырғандай, әр аймақтың өз өзгешелігі бар. Егер Нәукең Қарасайды ұстаз тұтып, мақамдарын өрнек қылған болса осы сөздерінде оның атын бір рет те болса ауызға алар еді ғой. Көріп отырғанымыздай, ол кісі турасында тіс жармаған. Ендеше, Светқали Нұржанның сөзін Нәукеңдей текті жырауды «Қарасай атасына қиянат қылды, мақамдарын ұрлады да, атын атамады» деп түсінеміз бе сонда?
Ол аз болса, Наурызбектің қол­жаз­балары, дыбыс таспалары, өзге де мұралары түгел дерлік қолымызда. Әлгі айтқан мақала жарияланған соң сол мұралардың бәрін қайта қарап шығып, Қарасайды Нәукеңнің ұстазы деуге келетін бірде-бір ілік таба алмадық.
Төртіншіден, Наурызбектің ұстазы болмағанына, ешкімнен арнайы тәлім, бата алмағанына өзінің «Ортаға тастау» термесіндегі мына жолдар дәлел:
«Ұстаздардан меңгеріп,
Жерім жоқ менің бата алған.
Бірақ, қалғаным жоқ қатардан.
Осындай топқа келгенде,
Бәтия алдым халықтан.
Халық бата бергесін,
Жерім жоқ менің тарыққан».
Тайға таңба басқандай айтылған Нәукеңнің өз сөзіне сенеміз бе, әлде өз көзі кеткен соң айтылған дәлелсіз-дәйексіз сөздерге сенеміз бе?
Бесіншіден, Нәукең мақамдарының Қарасайдан бастау алғанын меңзеген деректер тек Нәукеңе қатысты ғана емес, Қарасайға қатысты еңбектерде де еш кездеспейді. Егер бұл сөз рас болса, әсіресе, Қарасай да, Наурызбек те өмір сүрген Бесқала аймағында жарық көрген еңбектерде осындай бір деректер кездесуі тиіс еді ғой.
Мәселен, Бесқала өңіріндегі қазақ әдебиетін зерттеуде сүбелі еңбек еткен әдебиетші-ғалым Қаржаубай Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» деген еңбегінде Қарасай туралы сөз қозғағанмен, «Наурызбек жырау Қарасайдың ізбасары» демеген.
Бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі күнге Қарасайдан жеткен ешқандай мақам-саз жоқ. Бұл әмбеге аян. Светқали Нұржан қанша «ақ тер, көк тер» болып, «Қарасайдың мұрасын қайтару керек» деп атойлатқанымен, Ахмет Жұбановтың еңбегінде көп саздардың қатарында «Қарасай сазы» деген бір сөздің кездесетінін ғана дерек ретінде алға тартудан басқа дәйекті ештеңе ұсына алмаған. Сөйтіп, «А.Жұбанов мұрағатынан да біздің пікірімізді дәлелдейтін талай нәрсенің шығары анық, бірақ ол көмбені игеру – келер күндер еншісіндегі шаруа» деп дүдәмал ой айтады.
Асылында, біреуден бірдеңені даулағанда ол дау алдымен қол ұстап, көз көретін, яки, құлақ есітіп, көңіл сенетін дүнияда бар, не болған нәрсе турасында болушы еді. Ал мына даудың түрі ерек, өзі қызық болып тұр. «Мынау адай Қарасайдың мақамы еді» демес бұрын Светқали ағамыздың алдымен сол мақамды тауып, бар екеніне, болғанына жұрттың көзін жеткізіп алуы керектігін қалайша ойламағанына таңбыз. Әуелі, сол мақамды тауып, содан соң оны Нәукеңнің мақамдарымен салыстырып, ұқсас жерлерін, айырмасын талдап, қандай ноталарын, қандай қайырым, иірімдерін алғанын дәлелдеп, содан соң барып, ол мақамды Қарасайға қайтару қамында мақала жазса жарасар еді. Ал әзіргі ісі екі адамның ешқандай дәлелсіз, дәйексіз сөзін ғана алға тартып, негізсіз дау айтуы, жөн-жосықсыз бүкіл қазақтың ардақтысы болған Наурызбектей текті жыраудың аяулы атына дақ түсіру, яғни өзі айтқан «саз барымталаудың» нақ өзі. Және біз мұны Наурызбек жыраудың рухына жасалған үлкен қиянат деп білеміз.

Бесқала жыраулық  дәстүрі туралы бірер сөз

Мақалада сонау ықылым заманнан күні кешеге дейінгі рух мәселесі төңірегінде тым-тым көп ойлар айтылыпты. Бұны сол бабаларымыздың әруағын сыйлау, есімдерін атап, рухтарын шат қылу деп түсіндік. Иә, біз әруақты сыйлаған ел едік. Бірақ рухты шат ету «барымта жасаудан» тұрмаса керек. Мақалада Светқали Нұржан бір ғана Нәукеңнің саздарын «барымталаумен» шектелмепті. Бүкіл өмірін Қарақалпақ жерінде өткізіп, сол өңірдегі жыраулық дәстүрді меңгерген Қарасайды Маңғыстау аймағының жырауы дегісі келетінін «Адай елінің даңғайыр жеті жырауы» деп оның ішіне қотырбас Қарасайды қосып қойғанынан аңғарамыз.
Қарасай жырау Маңғыстау топырағында дүние есігін ашқанымен, Бесқала өлкесінде есейіп, кемелге келген. Қ.Жұмажановтың «Достық бесігінде тербеліп» атты ғылыми мақаласында Қарасайдың 5-6 жастар шамасында үй-ішінің Қоңырат ауданындағы «Қызылжар» мекеніне көшіп келгені айтылса, С.Нұржанның мақаласында: «Жем бойындағы қырғыннан кейін ел Бесқалаға ауады. Нағышыларының қолында тәрбиеленген Малбағар, Қарасайлар сол жақта есейіп, ересидаға ереді» делінген. Қ.Жұмажанов пен С.Нұржановтың келтірген деректерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Екі деректе де Қарасайдың Бесқала өңірінде есейгені айтылып тұр. Демек, Қарасайдың жырау болып қалыптасқан жері – Бесқала өңірі, яғни Қарақалпақстан.
Қ.Жұмажанов: «Қарасайдың атақты жырау болып қалыптасуында, халық шығармаларын дамытып жырлау тәсілін үйретуде табын Дүйсенбай жыраудың еңбегі көп сіңген. Есемұрат жырау Нұрабыллаевтың айтуына қарағанда, елу жастар шамасындағы Дүйсенбайға Қарасай шәкірт болған. Бұл – Дүйсенбай дарынының кемел, толыққан шағы. Ол алғыр, зейінді Қарасайға жырды сөзбе-сөз жаттаттырмай, эпостық шығармалардағы басты сарындар жүйесін, сюжет құрайтын бөлімдердің ретін, тартыс қандай сөздер мен оқиғалардан басталатынын, тартысты баяндайтын жыр жолдарын есінде толық, әрі жүйелі ұстауды, көңіліне тоқуды талап етеді. Және оқиғаға қатысты, адам характерін сезімталды баяндау, суреттеу үшін сөз сырын ұғыну қажеттігін зердесіне құяды, әрі өзі шығарып, әрі өзі жырлап, үлгі көрсетіп ұғындырады.
Ақындығы бар Қарасайға Дүйсенбай мектебі ұнайды, Дүйсенбай Қарасайға жыр сөзіне мән беруін, оқиғаның дамуын айшықтайтын әуездің маңызын байқатады. Ол Қарасайдың жыршылығы, орындау шеберлігі, жырды дамытып жырлау мүмкіндік қасиетіне толысқан шағында 25-26 жастар шамасында өз алдына ел арасында жыр толғау үшін рұқсат батасын береді» деп Қарасайдың ұстазы кім болғандығын айтады да туған, өлген жылдарына қатысты былай дейді: «1969 жылы 13 тамыз күні Қабыл Мақсетов, Жалғасбай Хошниязов, Қалбай Мәмбетназаров және осы жолдардың авторы Есемұрат жыраумен сұхбаттасып, Қарасайдың қанша жасағанын сұрағанда «Қарасай атам 78 жасында, барыс жылы қайтыс болды» дейді. Сиыр жылы 1925, ал 1926 жыл барыс болып шығады. Сонда есептей келгенде, 1848 жыл Қарасайдың туған жылы шығады» деп жазады Қ.Жұмажанов. Ол бұл деректерді Қарасай жырауды көзімен көрген Нұрабыллаұлы Есемұрат жырау­дан, Жақсылық Төлепов (1905-1972) жыршыдан, Ещан Қошниязұлынан (1890-1974) және кейбір үзінді өлеңдерін немере жиені Қартбай Қылышұлынан жазып алғанын айтады. Ал Светқали Нұржан Қарасай жырауды 1860 туып, 1930 жылы қайтыс болды дейді. Деректің кімнен, қайдан алынғаны айтылмаған, нақты дерек көздері көрсетілмеген.
Қарасай жыраудың Маңғыстауда туғанын ғана алға тартып, оны сол өлкенің жырауы деу қате тұжырым. Бес жасынан бастап Бесқалада өмір сүріп, есейіп, атақты табын Дүйсенбай жырауға шәкірт болғанын және Бесқаладағы жыраулық мектептен нәр алып, жырау болып қалыптасқанын есепке алсақ, Қарасай жырауды Бесқала жыр мектебінің өкілі деп айтуға толық құқылымыз. Сүйегі адай деп Маңғыстауға сүйреу қисынға келмейді. Мысалға алайық, қарақалпақтың белгілі композиторы Құдайберген Тұрдықұловтың негізі адай болғанымен, оның әндерінен қазаққа тән нақышты таба алмайсың. Қарақалпақтың тәрбиесін көрген, сол халықтың рухания­тымен сусындап, ән жазған сазгерден қазақи әуен іздеудің өзі ерсі сияқты. Сол тәрізді Бесқала қазақтарының жыр мектебінде жетіліп, қалыптасқан Қарасай жыраудан маңғыстаулық нақыш іздеу орынсыз.
Жалпы, мақалада мақтанышпен аты аталған Сүгір Бегендікұлы мен Ұзақбай Қазжанұлы да өмірінің соңында ғана Маңғыстау жеріне барғаны болмаса, бар өмірлерін қарақалпақ, түркімен жерлерінде өткізген жыраулар.
Тағы бір айта кететін жайт, С.Нұржан мақаласындағы мына жолдар турасында: «…Қарасай жыраудың көптеген шәкірттері болғаны белгілі. Олардың ішінде: Кердері Құдайберген, Табын Төребай, Кете Қайролла, Әлім Наурызбек, Шеркеш Жолжан сынды дүлдүлдер өткен».
Жоғарыда аты аталған дүлдүлдерді «Қарасай жыраудың шәкірті» деудің қисыны жоқ. Қолда бар деректерге сүйенсек, Құдайберген Кердері Қарасай өмірден өткен соң барып Ақтөбеден Бесқала жеріне келген. Ал Қарасайдың бүкіл өмірі Бесқалада өткен. Наурызбек, Жолжан жыраулар болса, адай Қарасай өмірден өтіп кеткен соң дүниеге келген. Ал Төребай жыраудың Қарасайға шәкірт болғаны жөнінде деректі кездестірмедік. Керісінше, Қ.Жұмажанов «Өлең сөз өмірінің өрнегі еді» деген мақаласында («Өркен» журналы, №1-2, 2002 жыл) Төребайдың жоли Жақсылық жыраудың тікелей шәкірті екенін айтады. Сонда бұл жыраулар Қарасайға қай уақытта шәкірт болып жүр?! Әлде бұлардың «Мен сол кісіге шәкірт болып едім» деген қолжазбасы, я даусы жазылған дыбыстаспасы қалып па?!
1979 жылғы «Мәдениет және тұрмыс» журналының №12 санында жарияланған мақалада «Төртқара Теңізбай жырау, адай Сүгір жырау, керейіт Жалғасбай жырау, кердері Құдайберген жырауларға барып, үлгі-өнеге үйренеді. Нұрпейіс Байғаниннің ұстазы болған кете Жаскілеңнің ұрпағы Махмұттан үлгі алған» деп Кете Қайролланың ұстаздарын атап өтеді. «Қайролла Махует жыраудың шәкірті» деп Қабиболла Сыдиықұлы да (Қ.Сыдиықұлы. 1 таңдамалы. «Арыс» баспасы. Алматы. 2006. 207 бетте.) осы мәліметті растайды. (Махует, дұрысы Махмұт – К.Қ.) Бұл екі деректе де Кете Қайролланы Қарасайдан үлгі алған, шәкірті болған деген дерек жоқ. Сонда С.Нұржан келтірген деректерін неге сүйеніп айтты екен?
Қарасайдың шәкірттері қатарында Кердері Құдайберген жырауды да көрсеткенімен, оған да нақты деректер келтірілмеген. Ал, біз оған қарсы дәлелдер келтіре аламыз. «…отызыншы жылдардың соңында Мойнаққа сонау Ақтөбеден атақты Әбубәкір Кердерінің інісі Құдайберген жырау бір жолата көшіп келеді. Құдайберген Шоқайұлы – кіші жүздің жыраулық дәстүрін мейлінше меңгерген, аса талантты адам болған» дейді әдебиетші-ғалым Қ.Аралбаев Алдаберген жыраудың кітабына жазған алғы сөзінде (А.Тасқынбаев. Жайылсын елге әр сөзім. «Қарақалпақстан». Нөкіс – 1998). Осы дерекке сүйенсек, Құдайбергенді Қарасайдың шәкірті деуге келмейді. Ол Бесқалаға көшіп келгенде Қарасай жырау бұ дүниеде жоқ еді. Демек, С.Нұржан ағамыздың Қарасай жырау жөнінде нақты деректерге сүйенбей пікір білдіргені көрініп тұр.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Светқали Нұржан жыраулық өнер туралы пайымдағанда: «…Жыраулар керуенінің тоғанақтарын артқан соңғы қара нарлары 360 әулиелі Маңғыстау топырағында тізелерін бүкті. Ұлы жыраулар көші 1954 жылы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы болып – Ақкетікте, 1967 жылы Шамғұл Ыбырайымұлы болып – Жетібайда, 1974 жылы Сүгір Бегендікұлы болып, 1976 жылы Ұзақбай Қазжанұлы болып Қызылсайда тоқтады» депті. Бұл – асығыс айтылған ғана емес, шындықты бұра тартқан сөз. «Жыраулық керуеннің тоғанақтарын артқан соңғы нарларын» Маңғыстау ақын-жырауларымен аяқтасақ ол жыршылық дәстүрге жасалған қиянат болмай ма? Біздің білуімізше, қазақтың бекзат өнері әлі де жалғасын тауып келеді. Егер Светқали Нұржан айтқанымыздай, Маңғыстаудағы жыраулық керуеннің ең соңы 1976 жылы тоқтаса, Бесқала жерінде бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жоғалған жоқ. Бұған дәлел ретінде айтарымыз: арғы жыраулар Ерқожа Құлпыбайұлы 1981 жылы, Қайролла Иманғалиев 1993 жылы қайтса, Бесқалаға ғана емес, Бүкіл Орта Азияға танымал жырау Наурызбек Нұржаубайұлы 1994 жылы о дүниелік болды. Сол сияқты Наурызбекпен қатар шығып, жыраулық жолда едәуір еңбек сіңірген «Қарақалпақстан халық жырауы» деген атақтың иесі Алдаберген Тасқынбаев 2007 жылы өмірден озса, кезінде Нау­рызбек Нұржаубайұлымен қатар шығып даңқы дүрілдеген, «Мәулімнияз-Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», Алпамыс», «Қобыланды», «Төрехан» секілді жиырмадан аса көлемді дастандарды таңды таңға ұрып жырлайтын Қарасай Әбдімұратұлы бүгінде 80-ге келіп қалды. Қарақалпақстанда тұрады, әлі жырлайды. Сол секілді Наурызбектің төл шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлы, Тұрлан Бисенбаев, Жайылхан Қаратаев (Қарақалпақстанда тұрады), одан кейінгі буын – Еркінбай Бабақұлов, Сәрсенбай Рахманбердиев, Ринат Көпжүрсінұлы секілді жыраулар ұзақ желілі жырларды жырлап, бабадан қалған ұлы өнерді бүгінге дейін жалғастыруда. Сондықтан жыраулар көші мүлде тоқтап қалған жоқ деп батыл айта аламыз.
Әрине, арғы мен бергінің арасында айырма болмай тұрмайды, десек те өнер де заманына қарай қалыбын өзгертіп, басқаша дамитыны анық.
Сөз соңында айтарымыз, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жыраулық өнердің дамуына үлкен үлес қосып, ұмытылуға шақ қалған бабамұраны қайтадан жаңғыртып, Бесқала ғана емес – бүкіл қазаққа қайта танытқан даңқты жырау Наурызбек Нұржаубайұлы Раманқұловтың өнеріне ешкімнің ортағы жоқ. Халық арасында «Наурызбектің жолы» дейтін мақам-саз өз иесінің атымен ғасырлардан ғасырларға жете берері хақ.

Күнқожа ҚАЙЫРУЛЛА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
кіші ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

17 Пікір

  1. Қали Жолдасов

    Наурызбек жыраудың мақамын тұңғыш рет біз, сонау 70-жылдары, Тауелібайдың(қазіргі Өзбекстанның Науайы облысының түгелдей қазақтар мекендеген Тамды, Кенимех, Үшқұдық аудандары) танымал жыршысы Қалдаш(Қалдыбек Сәдіров) ағадан есіттік. «Енді Бесқаланың даңғайыр жырауы Наурызбектің сөзінен тыңдаңыздар…» деп, орындалу стилі біз күнде тыңдап жүрген әуендерден жылдам, сөзі түйдек-түйдек, ерекше әуенді термелерді төге жөнелгенде арқаланып отырып тыңдайтынбыз. (Көзі зағип болып туылған Қалдаш жырау — мыңнан астам ән-жыр мен термелерді, оннан астам дастандарды күнді түнге ұлап орындайтын ғажайып өнер иесі. Таспадан, радиодан немесе ел аузынан тыңдаған жырларды бір есіткенде-ақ жаттап алатын ерекше қасиет қонған жыршы — Қ.Ж.). Сол жыршы ағамыз: «Наурызбек – өзге жыршылардан ерекше, өз мақамы бар, мына жырларды Наурызбектің өз аузынан есіттім» деп, бірнеше термелерді орындайтын.
    Шынында да, Наурызбек жыраудың стилі өзгеше. Олай болса, орындаушылық жолы ешкімге ұқсамайтын, жыраулық өнерде өз қолтаңбасын қалдырған Наурызбек жыраудың мақам-сазын өзгеге телуге талпыну – өресіздік һәм іштарлық!
    Рас-ау, «…әркім иемденіп кете беруге болатын сол «жосын сазбен» өзге жыраулар неге жырламады, Нәукең шыққан атаққа не себептен шыға алмады? Қарасайдың мақамын білетін, оның жанында жүрген шалдар Наурызбектің көзі тірісінде қалайша бұл мақамды дауламады?» Бұл сұрақтарға мақала авторының өзі берген нық жауабына алып-қосарымыз жоқ: «…екі адамның ешқандай дәлелсіз, дәйексіз сөзін ғана алға тартып, негізсіз дау айтуы, жөн-жосықсыз бүкіл қазақтың ардақтысы болған Наурызбектей текті жыраудың аяулы атына дақ түсіру, яғни өзі айтқан «саз барымталаудың» нақ өзі. Және біз мұны Наурызбек жыраудың рухына жасалған үлкен қиянат деп білеміз».

  2. Алия

    Өте дұрыс пікір.

  3. Аноним

    Рахмет Күнқожа! Наурызбек жырау Бесқала өңірінің дүлдүл өнер иесі. Ізіне шәкірт ерген, бұлақтың қайнар бастауындай даңғайыр — жырау.

  4. Жарыбай

    Кейінгі кезде біреудікін біреуге телу, басқаныкін өзіне тарту сияқты жаман тенденциялар қаптап кетті. Басқа болса бір жөн, Светқали Нұржан сияқты ақынның ауыл арасының сөзін айтқаны ұят болды. Наурызбектің сазы Қарасайдікі, «Адай» күйін Ақмаңдай деген адайка шығарған, «Ақкербез» әні Маңғыстаудың әні сияқты дерексіз, дәйексіз кісі күлерлік әңгімелерді көйітіп жүргендерге жаның ашиды. «Өспейтін бала — өнбейтін дауды даулайды» дегенді басқа емес, С.Нұржанның түсінуге санасы жететін шығар. Ал мына жерде…

  5. Роза

    Ән ұрлау, мақам ұрлау кәзір кездесетін көрініс.Наурызбек – тұма талант,халық қанша уақыт жалықпай тыңдаған, кәзірде тыңдауда.Оның мақамын,
    біреулерге қайтарамын деп әуре болмайақ қойсын адайлар.Ондай ойлары болса көзі тірі кезінде неге осы мәселені проблема қылып баспады.
    Наурызбек термелерін көптеген жыршылар айтып жұр,бірақ өзінің орындағанындай болмайды еш уақыт.

  6. Нұрмұхан

    Өте дұрыс! Өзінің мақамын жаратып, қазақтың жыршылық дәстүріне өзінің салмақты үлесін қосқан Наурызбектей жыраудың атына дақ түсіретін мұндай дерексіз сөздердің айтылуы дұрыс емес! Осындай мақаланы жарыққа шығарып отырған Күнқожа Қайыроллаға алғысым шексіз!

  7. Ахмет

    Светқали өте топас! Топастығы айтқан сөзінен көрініп тұр. Білмесе көтін қысқаны дұрыс.

  8. Нуретдинов Марат Камаратдинұлы

    Светқали топас емес. Ол жәй ғана жаңалық ретінде жазған.
    Сосын мұнда Қарасайдың қайтқан жылы 1926 деп көрсеткен. Міне, мынау таза өтірік. Ал, Қарасай 1927 жылы әйгілі Әли Тауанының асында Ұзақбай, Сүгір, Есмағамбет, Өришандармен жыр додасына түскен. Бұл деректі Қарасайдың көзін көрген әйгілі жырау Сүгір Бегендікұлы мен Ұзақбай Қазжанұлының өз ауызынан Қабиболла Сыдиықов көзі тірісінде жазып алған.
    Сондықтан артық әңгімені қояйық. Дәлелді деректеріңіз барма? Болса маған хабарласыңдар.

  9. Наурызбек атамыздай дүлдүлді қазіргі тілмен айтқанда (плагиятшы) дегісі келген Светқалиді, дәйекті дәлелдермен, нақты анықтамаларға сүйе

    Мұхтар

  10. Наурызбек атамыздай дүлдүлді қазіргі тілмен айтқанда (плагиятшы) дегісі келген Светқалиді, дәйекті дәлелдермен, нақты анықтамаларға сүйе

    Бәрекелде!

  11. Мұхтар

    Наурызбек атамыздай дүлдүлді қазіргі тілмен айтқанда (плагиятшы) дегісі келген Светқалиді, дәйекті дәлелдермен, нақты анықтамаларға сүйене отырып сұмдық серпінмен өшіріп тастапсыз Күнқожа аға бәрекелде саф алтындай бабамұраларымыздың құқығын қорғаштаудан жалықпаңыз!

  12. Имран Жуманазаров

    Наурызбек жыраудың термелерiн сүйiп тыңдаушысы болғандықтан, жыраудың көзiн көрген кiсiлермен дәмдес болғандықтан атақты жыраудың өмiрi мен шығармашылығы жайында аз-кем бiлерiм бар. Қазiргi күнi Наурызбек жыраудың қолжазбаларын, дыбысжазбаларын жалпы жырау жайлы ең көп iзденетiндердiң бiрi-төбедегi мақала авторы Күнқожа ағамыз екенiнен хабарым бар. Мақалада атап өткен Наурызбек жыраудың дыбысжазбаларының көшiрмесi менде де сақталған, сол жазбаларда Наурызбек жыраудың орындаған жыр-термелерiнiң сөздерi мен мақамдарының авторлары жайлы өз аузынан шыққан деректер келтiрiлген. Соған қарап, төбедегi мақала толығымен ақиқи деректерге сүйене отырып жазылғанын бiлемiз. Егер Наурызбек жырау шынымен Қарасай жыраудың шәкiртi болған болса немесе мақам-саз алатындай араласқан, ардақтаған замандасы болса, жазбада Қарасай жыраудың атын тiлге тиек етер едi. Жаңсберген, Жақсылық, Құдайберген жыраулардың аттарын атап, Қарайсай жырауды сөзге қоспауы Наукеңдi «мақам ұрлады» деп айыптауға негiз бола қоймас. Наурызбек жырау өзi орындап жүрген жыр-термелердiң авторларын нақты атап көрсеткендiктен Светқали ағамыздың мақаласы шындыққа жанаспайды деп бiлемiн. Әрине бұл Қарасай жыраудың мақамы жоқ дегенiмiз емес, алайда елге аты мәлiм бiр жыраудың мұрасын жаңғыртамын деп екiншi жырауға тiл тигiзу -«мақам ұрысы» қылу бiздi қынжылтады. Светқали ағамыз iзденсе екен деймiз, «баленкес былай депты, тугенкес былай айтқан» деумен ештеңе өзгере қоймас, сондықтан нақты далел, фактiлермен келтiрiлген мақала жұршылықтының ақылына қонымды екенiн айтамыз.

  13. Қылышбай

    Марат Нұратдинов, осындай мәселені жаңалық ретінде жазуға бола ма? Тың нәрсе табылса ғана жаңалық бола алады. Өтірік сөз ешқашан жаңалық болған емес. Осылардың арасын әуелі ажыратып, түсініп алғаның дұрыс. Мейлі Қарасай 1926 қайтсын, мейлі 1930 жылы қайтсын, мақаладағы негізі мәселе бұл еместігін түсінуің керек. Әңгіме саз, мақам жайында.Қарасайдың қай жылы қайтқаны басқа мәселе.

  14. Нуретдинов Марат Камаратдинұлы

    Қылышбай! Біріншіден бұл мақаланы мен жазған жоқпын. Сол мақаланы жазған Светқалидің өзінен дәлелдерін сұра. Маған әңгімені ысыра бермей. Екінщіден, Светқалиға мен берген деректердің ішінде Наурызбектің аты да жоқ. Наурызбек ол өздеріңіздің мәселеңіз. Ал, Қарасайға келгенде бос сандырақ әңгіме қылмаңдар. Қарасайды 10 жыл бойы зерттеп келе жатқан мен жақсы білемін.
    Қарасай туралы нақты дәлелді деректерің мен мәлімертерің барма, хабарлас. Болмаса қойыңдар!

  15. Қылышбай

    Марат, бос сандырақты өзiң айтып отсың ғой. Он жыл зерттеп не таптың. Одан қалған бiр-екi күйден басқа не бар? Ойдан құрап, бiрдеңе шыжбайлағандарыңа мәзсiңдер. Бәрi сұраусыздай көрiнедi-ау деймiн, ә?

  16. Аноним

    Қылышбай! Қарасайға қосар дерегің барма? Қос! Болмаса, 10 жылда мен не тапқанымда, не қойғанымда шатағың болмасын.

  17. Байбозов Мәмет

    Өсербай Наурызбектің әуенімен терме айтып өзімдікі деп жүрген жоқпа?!Сонда Наурызбектің өзі де бұрын солай қылмағандығына кім кепілдік береді. Қарасай бұрын өткен тұлға дейсің, бұрын өтсе несі бар Мұхит бұрын өткен болса да Мұхиттың әуенімен Ғарифолла ән салып жүрген жоқпа? Мен жас кезімде Наурызбекті Көне Үргеніш қаласында бір прокурордың тойында палатка ішінде жырлағанын көрдім. Сүгірді де сол қалада Қайпан деген руы бәйімбет кісінің тойында жырлағанын көрдім. Бұларды айтып отырғаным кәзіргі жыршылармен салыстыруға менің мүмкіншілігімнің бар екендігі. Сүгірдің Сүгір болып жүргендігі термені әуенімен бірге өзі шығарады. Бірақ, дауысы шамалы да әуені жақсы. Ал Наурызбектің де дауысы керемет деп айта алмаймын. Менің білетінім әншіде Ғарифолладан, жыр, термеде Байболдан арттырып ән салып, жыр айтқан адамды көрген де, естіген де жоқпын. Наурызбектің шәкірттері Өсербай өзіндей қылып сала алмайды, бірақ жақындайды. Ал Алдаберген Тасқынбаев Наурызбектен өткізіп салады деуге болады. Менің әкемнің інісі Байбол деген жыршы болды. Ол да бесқалада Амудәрия совхозында отырды, кейін Жетісай жаққа көшіп кетті. Ол Ақмәмбет руы бегей жыршыға еріп содан тәлім алған. Оның әуені ешкімде жоқ. Ол жыр, не терме айтарда қатты айқайлап арқасын шақырып алып айтатын еді. Терме айтып отырып керек жерінде қатты айқайлап, қызып, арқаланып айтқанда тыңдап отырғандар да елтіп қосыла айқайлап жіберетін еді. Қызып отфрып терме арасында жан-жаққа жалт-жұлт бұрылып, кейде көзін тікелей қарағанда тесіп кетететіндей көрінетін еді терменің характеріне орай шабыттана, кей жерлерде батырларша қатуланып айтатұғын. Шіркін сол әуендер қайда? Кәзіргі термешілерден ондай болып айтқандарын көріп, естімедім. Біздің әкеміз Байбоз деген кісі ”Қайыптың Ақбөбегін домбырамен тартқанда, яғни әнін салғанда әуені Маңқыстау әншілерінікіне де, Ғарифолла салатын Ақбөбекке де жақын сияқты көрінеді. Яғни, екеуінің ортасынан шыққан ән сияқты көрінеді. Түешібай деген әкеміздің құрдасы Ғарифолланың орындауындағы Ақбөбекті тыңдап отырып, тап өзі болады-әй дегені есімде.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.