Өмір жолдары

Өмірдің сан қилы соқпағын бала кезінен-ақ көрген, құбылыстар мен оқиғаларға бала көзбен емес, дана көзбен, ой түйіндері әуел бастан-ақ ерте қалыптасқан азамат туралы жазуды өзіме парыз санадым. Тектілігі тәнті ететін, азаматтығы өнеге болатын,  адалдықтан айнымайтын адамдар болады. Мен Закаш Камалиденов ағаны сондай азамат деп білемін, сондықтан мерейтойы алдында ол туралы ой толғау орынды сияқты. 

Осыдан алты жыл бұрын баспадан шыққан «Өмір жолдары» деп аталатын кітабын Зәкең қолтаңбасын қойып өз қолымен ұсынған болатын. Онда өзінің өмір жолдарының күрделі болғандығын айтып, оны қысқаша бес салаға бөлген. Ол өзінің өмір белестерін арқау еткен естелігінде атқарған істерді ашып көрсеткен. Бірақ «Мен мынаны тындырдым, мынаны іске асырдым» деген менмендік емес, өмірдің сан қырын, шынайылықты жеткізе білген.
1936 жылы 10 маусымда Орпа ауылында дүниеге келген Закаштың әкесі Камалиден Лепесұлы сол кезде ауылдық Кеңес атқару комитетінің хатшысы қызметінде еді. Көзкөргендердің айтуынша, ол сауатты, алғыр, көзі ашық, көкірегі ояу азамат екен. Орпа ауылдық Кеңесі 1928 жылы құрылған Новобогат ауданына (бұрынғы Гурьев облысы) қараған, құм өңіріндегілер шалғайдағы аудан орталығына атпен, түйемен қатынаса, ал колхоз мүшелерінің күнкөріс көзі төрт түлік мал ғана болған. Құм тұрғындарының тұрмысы отызыншы, қырқыншы жылдары өте ауыр болды. Тұрмыс-тіршіліктің ауырлығы сол кездегі балаларды да ерте есейтті. Сол қиындықты басынан өткізген, әке-шешесінен жастайынан жетім қалған Закаш бала да тағдыр тауқыметімен бетпе-бет келді. 1937 жылы әкесі Камалиден өмірден өткенде бір жастан сәл ғана асып еді. Ал 9 жасында елді жайлаған сүзек ауруынан анасы Әсия, өзіне тетелес інісі Төлеуғали қайтыс болды. Закаш бойы өсіп, бұғанасы қатпастан үй шаруасымен айналысып, қарт әжесі екеуі күнкөріс қамын жасады. Тұрмыс-тіршіліктің ауыртпалығы тумысынан зерек баланы ойландырды, қалай да білім алсам деп армандады. Армандап қана қойған жоқ, білсем, оқысам деп талпынды. «Табандылық мақсатқа жеткізеді, мақсат атқа жеткізеді» дегендей, сол білім алуға құмарлығы өзін мақсатқа жеткізгенін ағамыз айтып отырады. «Сол кездегі қыр өңіріндегі Н.Хрущев атындағы бастауыш мектепте бірінші сыныптан бастап төртінші сыныпты аяқтап шыққаным әлі көз алдымда тұрғандай» дейді ол әңгімесінде.
1946 жылы соғыстан аман-есен елге оралған әкесінің інісі Сиран мен майдангер-ұстаз, көп жыл қыр мектептерінде директорлық қызмет атқарған туған нағашысы Қисым Ғабдоллаұлы Закаштың оқып, білім алуына қамқорлық жасады. Ағасы Сиран ағасынан қалған жалғыз тұяқты оқытып, қабілетіне сай білім алғызуды алдына мақсат етіп қояды. Бесінші сыныпты жартылай оқыған інісін Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепке алып келеді. Намысты бала ең алғашқы жылы-ақ мектепті өте жақсы аяқтайды. Комсомол қатарына қабылданып, оқушы комсомолдардың актив мүшесі, сәл кейінірек комсомол ұйымының жетекшісі атанады. Оқушы кезінде облыстық комсомол конференциясына делегат болып қатысып, қоғамдық көзқарасы ерте қалыптаса бастайды.
Қалада бір жыл оқығаннан кейін Закаштың апа-жездесі Қабаш пен Жәлила жұмыс бабына орай Сарайшыққа көшіп кетеді. Закаштың енді қалада жататын үйі болмай, оқуын жалғастыруы тұйыққа тіреледі. Алайда мектеп директоры, Ұлы Отан соғысына қатынасқан, өте білімді, адамгершілігі мол Дүйсенғали Байбосынов деген азамат бірқатар заңсыздықтарға қарамастан Закашты интернатқа орналастырады. Закаш сол «Жамбыл» орта мектебін 1953 жылы «Алтын медальмен» бітіріп, Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтына оқуға түседі. Бұл мектепті бітірген түлектердің ішінен кейін көптеген тамаша ғалымдар, заңгерлер, дәрігерлер, жазушылар шыққан. Олар: академик Салық Зиманов, химия ғылымының докторы Санду Дүймағанбетова, ғалым-уролог Б.Жарбосынов, мұнайшы-инженерлер Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов, дәрігер Қайыржан Әбисатов, ғалым педагог Ғинаят Мырзағалиев және т.б. Олардың барлығы да мектепті алтын, күміс медальмен бітірген болатын.
Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына құжат тапсырған кезде қабылдау комиссиясы Закашқа «медициналық комиссияның қорытындысына қарағанда геолог болуға сіздің аяғыңыз жарамайды» дейді. Жас жігіт көп ойланбастан батыл шешім жасап, бірден ректорға барып, жағдайды айтады. Өзін өте қарапайым ұстайтын ректор күліп: «Жігітім, аяқпен емес, баспен жұмыс жасайтын «Мұнай-химия» деген факультет бар. Одан мұнай-газ, оның құбырларының құрылғысы мен пайдалану деп аталатын мамандық алып шығасың» дейді. Сөйтіп, тұйыққа тірелгендей болғанда жақсы адамның қамқорлығының арқасында оқуға түседі.
Ол 1958 жылы аталған жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдайды, тіпті оның диплом тақырыбын ғылыми кандидаттық жұмысқа да ұсынуға болады деген баға беріледі. Закаш Атырау облысындағы Қаратон мұнай өңдеу учаскесіне келіп, алғашқы еңбек жолын операторлықтан бастайды. Алайда білікті маманға өз мамандығына сай жұмыс істеу тағдыры бұйырмайды. Кен орнына келгеніне жыл толар-толмастан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Тауманов «Комсомол жұмысына кел» деп жас маманды екі күн бойы үгіттейді. Закаш өзінің ғылыми жұмыспен айналысқысы келетіндігін көлденең тартады. Бірақ көп кешікпей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов өзіне шақырып, Закашты комсомолға келуге ақыры көндіреді. 1959 жылдың қыркүйек айында Жылой аудандық комсомол комитетінің хатшылығына оны делегаттар бірауыздан сайлап жібереді.
Сөйтіп, Закаштың тағдыры басқа салаға бұрылып, 23 жасында партиялық жұмысқа араласады. Екі жылдан соң Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Арада екі жыл өткенде тағы да жұмыс орнын ауыстыруына тура келеді. Жаңадан ашылып, өндіріс орталығы бола бастаған Ақтау қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Жан-жақтан мамандар келген, әлеуметтік инфрақұрылымы әлі толық шешілмеген өндіріс орнында шешімін күтер түйінді мәселелер көп болатын, оған дұрыс басшылық ету үшін төзімділік те, ұйымдастырушылық қабілет те, іскерлік те керек екені түсінікті. Ал осындай қасиеттер отызға толмаған жас жігіттің бойынан табылды, өзінің білікті де білімді кадр екендігін сан мәрте дәлелдеді. Оның еңбегі еленіп, осы қызметте жүргенде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мәскеуге жоғарғы партия мектебін бітірген соң Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев шақырып алып, облыстық Кәсіподақтар кеңесінің төрағалық жұмысын атқаруды тапсырды. Бытырап кеткен кәсіподақ жұмысын орталықтандыруды, малшылардың тұрмыстық мәселелерін шешуді батыл қолға алып республикалық Кәсіподақ кеңесінің алдына мәселе қояды. Осы кезде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бірінші хатшысы Д.Қонаев жас та болса жауапты қызметтерде шыңдалып қалған Закашты шақырып: «Республика комсомол жастарын басқаруға тәжірибелі, білікті адам керек. Сіз біраз мектептен өттіңіз. Үш жылдан соң партия жұмысына жібереміз» дейді. Одақтағы санаулы беделді адамдардың бірі, заңғар тұлға, парасат иесі атанған Димаш Ахметұлына өз ойын айтып, «Комсомолдың шекті жасы 28, ал мен болсам 34-ке келіп қалдым, қалай болар екен» деді. Бірақ үлкен кісі: «Біз саған сенеміз, істеп кетесің. Ертең Москваға ұшасың, Орталық партия Комитетінің хатшысының қабылдауына барасың» дейді.
Нарында туған кешегі жетім бала Кремльдегі сұсты қабылдаулар мен өткір сынақтардан сүрінбей өтіп, 1970 жылдың 2 желтоқсанынан бастап Қазақстанның комсомол жастар ұйымын сегіз жыл басқарады. 1971 жылдың 7 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен социалистік жарыс пен коммунистік құрылысқа, шаруашылық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Закаш басқарған Қазақстан комсомол жастар ұйымы Бүкілодақтық жастар ұйымы ішінен бірінші болып Ленин орденімен марапатталады. Д.А.Қонаев уәдесін ұмытпай комсомол ұйымын басқарып жүрген Закашты 1978 жылы 42 жасқа толған шағында Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберді. Облыс басшылығымен тіл табысып, жұмыс жасап, облыс халқына таныла бастағанда бір күні Д.Қонаев шақырып алып: «Ертең сағат 10-да Москвада, КГБ бастығы В.Ю.Андроповта болуың керек» деп, мәселені басқаша шешудің мүмкін еместігін ескертеді. Сөйтіп, екі жылға жетер-жетпес уақытта КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп жүргенде Д.Қонаевтың шақыруымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне сайланады.
Екі жылдай уақыт өткенде Димаш Ахметұлы: «Жолдас Закаш Камалиденов, Орталық Қауіпсіздік комитетінде қызмет етіп, Мәскеуде үлкен дайындықтан өттің, екі жылдай идео­логия хатшысы болып, бұл жұмыста да тәжірибе жинақтадың, енді республикамыздың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне төраға болып баруың керек» дейді. Закаш 1982 жылдың 15 ақпанынан бастап осы жауапты саланы басқарды. Республика көлеміндегі Қауіпсіздік жұмысын жоғары сапаға көтергені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің жабық Жарлығымен Закаш Камалиденовті ең жоғарғы награда Ленин орденімен наградтайды, генерал-майор шені беріледі. Көптеген офицерлер де түрлі марапаттауларға ие болады. 1984 жылы Комитеттің төрағасы ретінде Алматы, Талғар округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесіне депутат болып сайланады. Депутаттық міндетін абыройлы атқарып, сайлаушылардың сауалдарын шешу үшін жігерлі жұмыспен, болашақ жоспарлы ойларды іске асырамын деп жүргенде ойламаған жерден 1985 жылдың аяғында Д.Қонаев Закашқа: «Сен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына қайтып келесің» дейді. Сөйтіп, хатшылық жұмысына қайтып оралады. Бірақ жұмыс бұрынғыдай емес еді. Өйткені 1985 жылғы сәуір айында өткен СОКП Орталық Комитетінің Пленумынан кейін күрт өзгерістер басталды. Орталық Комитетінің бас хатшысы болып келген М.С.Горбачев «перестройка» деген жаңа ұғым енгізген. Қазақша «бетбұрыс», «қайта құру» дегенді білдіреді. Зәкеңнің «Өмір жолдары» кітабындағы «Түрлі жиындарға қатынасып, сөз сөйлеуімізге тура келді. Кейбір сауаттылау адамдар: «Қайда бетімізді бұрамыз?», «Нені қайта құрамыз?» деген сауалдар қойып жатады. Оларға жауап беру, халықты түсіндіру жұмыстары өте оңай болмады…» деген сөзінен көп жайды аңғаруға болады.
1988 жылдың 9 ақпанындағы Жоғарғы Кеңес сессиясында Закаш Камалиденов Рес­публика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланады. Ал 1988 жылдың 24 мамырында ІХ мәжілісте Закашты КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары етіп сайлайды. Сөйтіп, орынбасары ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А.А.Громыкомен жұмыстас болып, ақыл-кеңестерін тыңдайды, іс-тәжірибесінен үлгі алады. Алайда Қазақстан сияқты алып республиканың басшылығында отырған Г.В.Колбин сияқты адаммен тіл табысып, қызмет жасау оңайға түспейді. Қазақстанның бес облысын қысқартамыз деген ұсыныс болады. Жабық бюро үш сағатқа созылып, облыстарды жабу туралы Жарлыққа Закаш қол қоймай, үзілді-кесілді қарсы болады. Содан кейін Г.В.Колбин Закашқа шүйіле бастаған. Колбин Зәкеңе қарап: «Мы с вами не сработаем» деген. Биліктің талай баспалдағында болған төраға: «Мен арыз беріп кетуге әзірмін. Еш адамның маңдайына жазылып қойған ғұмырлық жұмыс жоқ» дейді. Сөйтіп, ол 52 жасында мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығады. 1989 жылы Г.В.Колбин Атырау облысынан Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа кандидат болып ұсынылып, Махамбет ауданына сайлаушылармен өткізген кездесуіне осы жолдардың авторы мен де барған едім. Сол кездесуде сайлаушы азамат Қайыржан Әлиев Г.Колбинге: «Закаш Камалиденов почему ушел на пенсию» деп сұрақ қойғанда Колбин оның 52 жаста пенсияға кеткеніне өкініш білдіргендей сыңай танытып, «Жалко, но он заставил» деп жауап берді. Оның астарында не жатқанын ол кезде ешкім білген жоқ еді.
Тағдыр ол азаматты талай ауыр сынға салса да майыстыра да, сындыра да алмады. Шынықтырды, шыңдады, еңбек қазанында қайнады. Сабырлылық пен салиқалылық, қайсарлық пен қажырлылық, табандылық пен тұрақтылық, шүкіршілік пен көрегенділік оның басты ұстанымы екендігінде дау жоқ.
Бүгінде 80 жасқа келген Закаш ағаның өмір жолынан қал-қадірімізше сыр шерттік. Біз ардагер ағаға денсаулық, жақсылық тілейміз.

Ізбасқан ХИСИН,
зейнеткер
Атырау облысы
Хамит Ерғалиев ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.