Қазақшаң қалай, радио?

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент-мүшесі

Біз «Қазақ радиосын», «Шалқарды» жата-жастана тыңдап өскен ұрпақпыз. Кешкі уақытта берілетін «Ауыл еңбеккерлеріне арналған концертті» тыңдауға асығушы едік. Белгілі жаршылардың жағымды даусымен нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыған радиоәңгімелерін тыңдау біз үшін бір ғанибет болатын. Құлағымызға дауылпаз дауыс иесі атанған Әнуарбек Байжанбаевтан бастап, Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев, Зәмзагүл Шәріпова, Зияда Бекетова, Сауық Жақанова, Асыл Рақымжанова, ­Мырзабек Қуатбаев, Қатира Әзімбаева, Жәнел Асқарова, Бүркіт Бекмағанбетов, Зәмзагүл ­Досанова, Аманжан Еңсебайұлы сынды дикторлардың жағымды үні әбден сіңді. Өйткені үйде де, түзде де радио тыңдадық. Үйімізде тұратын кішігірім сандық сияқты радиоларды тыңдайтынымыз аздай, тыста да қолымыздан тастамай жүріп тыңдайтын «Океан», «Украина-201», «VEF-201», «VEF-202» сынды радиоқабылдағыштардың талайын тоздырдық. Содан да болар бүгін жоғарыда аталған дикторлардың көбінің үнін қазір күнде естіп жүрмесек те есімдері есімізден кетпестей жатталып қалыпты. Анда-санда радио қорындағы олар оқыған, жүргізген хабарлар қайталап беріліп жатса, жадымызда жатталып қалған жағымды үндерді бүгін де ден қойып, сүйсіне тыңдаймыз.

Қазір әр үйде радио саңқылдап тұрмағанымен, радионы көлікте келе жатып тыңдайтындар көбейді. Сағаттап кептелекте тұрғандағы, ұзақ жолға шыққандағы серігіміз – радио. Бүгін де электронды БАҚ арасында қазақ үнінің айқын шығып, ұлттық болмысымыздың, салт-дәстүрлеріміздің сақталуына қызмет етіп, халық әндері мен күйлерін, халық композиторларының әндерін, терме мен жырларды көбірек насихаттап отырған «Қазақ радиосы», «Шалқар» сынды радиолардың алатын орны айрықша. Кезінде өз кәсібінің шыңына шығып, ел ризашылығына бөленген білікті аға-апаларының ісін лайықты түрде жалғастырып келе жатқан радиожурналис­тер осы екі радиода бүгін де бар. Темірхан Момбекұлы, Ғалым Есенсариев, Бақыт Жағыпарұлы, Гүлнұр Омарханқызы, Ләззат Ноғайбай, Гүлім Ғабитқызы, Мұқамедәлі Болатұлы сынды журналистер мен дикторларды сол қатарға қосуға болады. Өңірлердегі меншікті тілшілер арасында Ақтөбедегі Мейрамгүл Рахатқызының репортаждары мазмұны мен тілі жағынан көңілімізден шығып жатады. Бұлардың бірі ізденімпаздығының арқасында мазмұнды хабарлар дайындайтындығымен ерекшеленсе, екіншілері тілді тәуір меңгергендігімен, үшіншілері радиохабарларын жүргізуге лайық баяндау мәнері мен дауыс ырғағымен айрықшаланады. Бұл радиоларда жақсы-жақсы танымдық, музыкалық хабарлар да аз емес. Ақпарат қызметіндегі жаңалықтарды жүргізушілер де негізінен дұрыс іріктелген деп білеміз. «Қазақ радиосынан» берілген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абай қара сөздерінің қазақшасын да, Роман Чахонадский оқыған орысшасын да мүмкіндігінше үзбей тұщына тыңдадық. «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазақ радиосынан» қатар берілетін Махат Садық жүргізетін «Сіз не дейсіз?» хабары да ел зиялыларының қоғамдағы өзекті мәселе­лерге қатысты ойларын ортаға салуы­на мүмкіндік туғызатын тәуір жобалардың бірі. Басқа радиоларда да жекелеген жақсы бағдарламалар, тың ізденістер мен білікті мамандар бар.
Интернет пен теледидар заманы туды десек те, радионың да өзіндік аудиториясы, тыңдаушылары болғандықтан радиохабарлар сапасы мен тілін де назардан тыс қалдыруға болмайды. «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» хабарлары мазмұны мен тілі жағынан да, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру тұрғысынан да, электронды БАҚ-тың көбінен озық тұрғанын айту қажет. Бірақ бұдан олардың тілі мінсіз екен деген түсінік тумауға тиіс. Тілдік кемшіліктер оларда да кездеседі.
Тоқсан бес жылдық тарихы бар «Қазақ радиосы» ғасырға жуық қазаққа, қазақ руханиятына талмай қызмет етіп келеді. Дәстүр сабақтастығын сақтап келе жатқан ұлттық радиомыздың үні саңқылдап ғасырдан-ғасырға жетіп, халқына қалтқысыз қызмет ете беруіне тілектеспіз. Мін іздеу мақсаты­мен емес, радио тілінің мәдениеті көтеріле берсін деген ниетпен, радиохабарлар тілінде кездесетін кейбір кемшіліктерді атап көрсетуді міндет деп санадық.
Сөзімізді өзіміз үзбей тыңдайтын «Қазақ радиосынан» құлағымыз шалған түрлі тілдік нормадан ауытқушылықтардан бастасақ, олар төмедгідей:
«Қазақ елі» хабарының жүргізушісі Мұхамедияр Рашай 2013 жылғы қаңтардың 25-індегі хабарын «Сіздермен бірге болған Мұхамедияр Рашай, амандықпен жүздесейік» деп аяқтады. Ол осы сөзді айтып отырғанда қасындағы оның хабарына шақырылатын қонақтарымен, әріптестерімен бірге болуы мүмкін. Ал «Қазақ радиосын» тыңдап отырған елдің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған тыңдаушылармен бір сәтте бірге бола алмайды. Оның бұл қолданысы бар болғаны орыс тіліндегі «С вами был…» деген тіркестің көшірмесі. Соны көшірмей-ақ, «хабарды жүргізген», «жаңалықтарды оқыған» десе, жұртқа түсінікті, көңілге қонымды болар еді. Жалғыз М.Рашай ғана емес, мұны осылай сөйлейтін өзге де теле-радиохабарларын жүргізушілердің ескергені жөн.
2013 жылғы 7 наурызда түскі жаңалық­тарды жүргізіп отырған Гүлім Ғабитқызы құқық қорғау саласындағы қыздар арасында өткізілген «Погонды ару» конкурсының тұңғыш рет ұйымдастырылғанын былайша хабарлады: «Бұған дейін мұндай конкурс бірінші рет өткізіліп отыр». Сөйлем қиыспай тұр. Осы сөйлемдегі «бұған дейінді» айтпаса да, конкурстың алғаш рет өткізіліп отырғаны түсінікті.
Көптік жалғауының орынсыз жалғануы жайында көп айтып жүрсек те, одан қо­рытынды шығаратындар аз болып тұр. 2013 жылғы 4 мамыр күнгі «Көңілашар» сазды бағдар­ламасын жүргізген өзіміз даусы мен сөй­леу мәнерін ұнатып тыңдайтын Лаура Омар «Ол 2 өлең кітаптарын шығарып үлге­ріпті» десе, 18 мамыр күнгі таңғы жаңа­лықтарды жүргізген Гүлім ­Байгереева «Ақтөбеде 5 интернационалист жауынгер­лерге пәтер берілді», Айгерім Оралбекқызы «200-ге жуық әндердің авторы Кеңес Дүйсекеев» (25.03.2016) деді. Шыққан кітаптардың, жауынгерлердің, әндердің нақты санын айтып тұрғаннан кейін көптік жалғауын жалғаудың еш қажеті жоқ еді.
2013 жылғы 1 сәуір күнгі таңғы бағдар­ла­мада «Көңіл қымбат» әні орындалады деп хабарланды да, оның орнына Шәба Әбдіқұлованың орындауындағы халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» берілді. Ән аяқталған соң «Сіздердің тыңдағандарыңыз Шәба Әбдіқұлованың орындауындағы халық әні «Көзіңнің мөлдірін-ай» деп хабарланды. Ең қызығы, осы ән орындалар алдында ғана Оспанхан Әубәкіровтің түсініксіз сөйлеп, шатаса беретін диктор туралы «Түк түсінсем бұйырмасын?» деген өлеңі оқылған еді. Біз қателік кеткенін түсінсек те, журналистің түк болмағандай алдыңғы сөзінен мүлде басқа әнді хабарлағанын түсінбей қалдық. Дүйім жұрт тыңдап отырғанда қателік жіберіп алған журналист көпшіліктен кешірім сұраса, кішірейіп қалам деп ойлайтын сияқты. Керісінше, мұндай қылық радио тыңдаушыларға жақсы әсер қалдырмасы анық. Абайсызда бір адамның аяғын басып кетсек немесе иығымыз тиіп кетсе, кешірім сұраймыз ғой. Ал миллиондарға қате ақпарат таратқаннан кейін, кешірім өтіну қарапайым ғана әдептілік белгісі емес пе?
2013 жылғы 14 тамызда Тараз қаласынан таңғы репортаж жүргізген Мәдина Махам­бетқызы «Жиырма ғасырлық тарихы бар қарт шаһар» деді. «Көне шаһар» деген әдемі тіркес тұрғанда, «қарт шаһар» деп қиыспайтынды қиыстырып тұрғанына қайран қаласың! Жоғары білімді, респуб­ликалық радиода қызмет істейтін қарындасымыздың «қарт» сөзінің адамға қатысты («Жылқыбай қарт», «қарт әжей» түрінде) қолданылатын білмегені ме? Осылай кете берсек, «ақсақал Алматы», «қарт Қызылорда», «мосқал Маңғыстау» деп сөйлейтіндер де эфирімізден есіп отыратын күн көп күттіре қоймас.
2013 жылғы 10 қазан күні таңғы жаңалықтарды оқыған Гүлім Байгереева Семей қаласындағы жүргізушілер дайындайтын орталықтар туралы айта келіп, «Рульді тізгіндеушілер жол ережелерін сақтамауы салдарынан, осындай апаттар орын алды» деді. Осы бір ғана сөйлемнің басы да, аяғы да оңып тұрған жоқ. «Руль» дегеніміздің өзі көліктің тізгіні ғой. Шопырды «тізгінші» дейтініміз де сондықтан. Дұрысы – рульді емес, сол руль арқылы көлікті тізгіндейді. Логикаға жүгінсек, «рульді тізгіндеу» тіркесі – «тізгінді тізгіндеу» болып шығады. Ал «орын алды» – «имел места» тіркесінің сәтсіз көшірмесі екендігін бұған дейін де жазғанбыз. Осы сөйлемді «Көлік жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы салдарынан, осындай апаттар болған» десе, айтылмақ ой тыңдаушысына анық жетіп, қазақ сөйлемінің қалыбы да бұзылмас еді.
«Микрофон алдында…», «хабарды жүргізетін…», «бағдарламаны жүргізетін…» деген құлаққа сіңісті қолданыстардан қашудың қандай себебі бар екенін білмедік. «Қылмыскерлерді құрықтау» (ұстау, тұтқындау, қамау орнына)деп қолданушылар көбейіп еді, енді «микрофон тізгінінде Қымбат Мұратқызы» деп сөз бастайтын қарындасымызды естіп жүрміз. Тізгінді микрофондар шығып жатпаса, радиодағы бір хабардың тізгінін ұстаған журналистің «тізгін» сөзін орнымен қолданғаны орынды болар еді.
2013 жылғы 17 қазан күнгі «Шешім қабылданды» хабарын жүргізген Эльмира Нұртайқызы «Зияткерлі ұлтты қалыптастыру…» деп сөзін жалғады. «Зият­кер» сөзі орыс тіліндегі «интеллектуаль» сөзінің қазақша баламасы. Бұл сөз «қаламгер», «суреткер», «ғарышкер» сөздері сияқты -гер/-кер жұрнағын жалғау арқылы жасалған зат есім. Сондықтан «интеллектуальный» деген сын есімнің дұрыс аудармасы да, қазақша баламасы да бола алмайды. Жалпы «Интеллектуальная нация» тіркесін журналистер ғана емес, қазақ тілінде аудармашылар да бірізді қолданып жүрген жоқ. «Зияткерлі ұлт», «зияткерлік ұлт» тәрізді нұсқалардың екеуі де сәтті аударылмағандықтан жарыса жұмсалып жүр. Тілімізде «зиялы қауым» тіркесі қалыптасты. Осы тіркес үлгісімен «зият» түбіріне сын есім тудыратын «-ты» жұрнағын жалғап «зиятты ұлт» деп қолдансақ, бір түбірден тарайтын бұл атаулар жүйеге түсер еді.
«Қазақ радиосының» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Есенбек Базарқұл отандық кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі репортажында жергілікті етік өндірушілер жөнінде айта келіп: «Етіктің бағасы да қарапайым» (24.03.2016) деді. Етіктің бағасы, қарапайым да, сыпайы да, кішпейіл де бола алмайды. Тілшінің «арзан» сөзі мен «қымбат емес», «онша қымбат емес» тіркестерінің бірін қолданғаны жөн еді. Осы хабарда (24.03.2016) Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілші Дәулет Бақытбекұлы «Кей жерлерде жауын-шашын болады деп күтілуде» деді. Бұл жөнінде бұған дейін де талай айтылған. Дәулет қана емес көптеген теле-радиожурналистердің «деп күтілуде» орыс тіліндегі «ожидается» етістігінің өте сәтсіз аудармасы екенін айтып, жазып жүрсек те назарға алмайтыны қалай? Соған қарағанда біздің бірқатар жас журналистер өзінен басқаны тыңдап, өздерінен басқалардың жазғанын оқуды қажет деп санамайтын сияқты. Олар көркем әдебиет пен кәсіби мамандардың жазғандарын аз оқыған сайын көп қате жіберетіндіктерін біліп жүргені абзал-ау. Керекулік тілші Есенбек Базарқұлдың «Алмания елінен 600 бас аналық сиыр әкелді» (12.05.2016) дегенін естіген жұрт таңғалған болар?! Бұл түліктің ұрғашысын атам заманнан бері «сиыр» (жасына қарай – қашар, құнажын, дөнежін) деуші едік, енді «аналық сиыр» дейтіндер шығыпты. Келесі жолы осы малдың еркегін әкелсе, Есенқұл ініміз ол жөнінде «аталық бұқа» деп хабарлай ма, сонда?
2016 жылғы 29 наурызда кешкі жаңалық­тардың арасында «Қазақ радиосының» Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Динара Кендірбаева қарындасымыз өз репортажында пластикалық операциядан қайтыс болған 39 жастағы келіншек жөнінде «Бұл жағдай өлім-жітіммен аяқталды» деді. Бір адамның өлімі қалайша «өлім-жітім» болады? Орынсыз қолданыс. Жас журналистің «өлім-жітім» сөзінің «адам шығыны» деген жалпылама, жинақтаушы мағына беретінін білмейтіні көрініп тұр. Бұл сөз қазір «смертность», «летальность» сөзінің баламасы ретінде қолданылып жүр.
«Сол бір әуен» бағдарламасы 2016 жылғы 25 наурыздағы шығарылымын композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арнады. Бағдарламаны жүргізген Әйгерім Оралбекқызы «орындаған» орнына – «орындап жатырған», «екінің бірінің» деу орнына – екі бір адамның қолынан келе бермейтін дүние», «…Қарағымай», «Еркеледің сен» тағы сынды әндері…» («тағы» сөзі артық) тәрізді әдеби нормаға сай келмейтін қолданыстарды бірінен соң бірін қолданып жатты.
Жыл санауда айға емес күнге негізделген күнпарақты пайдаланатындықтан «жұлдыз» сөзін қолданудың дұрыс болмайтыны Н.Уәлиұлы сияқты белгілі тіл мамандары тарапынан бірнеше рет жазылса да оны ескермейтін журналистер аз емес. Мәселен, Әйгерім Оралбекқызы «…сәуірдің төртінші жұлдызы» (04.04.2016), «Сазды сәлем» (25.04.2016) хабарын жүргізіп отырып «Бүгін сәуір айының 25-ші жұлдызы» деді. Осы күні жүргізген «Қас қағым» (25.04.2016) радиоойынын ол «Сәлем, сәлем, достар!» (25.04.2016) деп бастап, «Менде дәл қазір қолымда … екі билет бар» («Менің қолымда» немесе «қолымда» сөзін қоспау керек) деді.
Журналистің «Қай сұрақты жасырсам екен деп отырмын»,«Тағы бір сұрақты жасырайық өзіңізге» деген сөз қолданыстары да қисынға келіп тұрған жоқ. Сұрақ жасырылмайды, жасырылатын – жұмбақ. Сұрақ қойылады да оған жауап беріледі.
«Ар ма!» деп амандасу жөнінде де жазылғанымен журналистер оған мән бермей келеді. Мәселен, Гүлназ Шалабайқызы (06.04.2016) мен Ерғанат Көпжасар (07.04. 2016) сөздерін «Ар ма, ағайын!» деп бастайды.
Мұхамедияр Рашай «Маугли» мульт­фильмі­нің қазақшасында белгілі актер Нұркен Өтеуіловтің ұлы басты кейіпкердің даусын дыбыстаған Ақарыс Әшімхан туралы айта келіп «Алма алма талдан алысқа домаламайды» (08.04.2016) деді. Бұл орыс тіліндегі «Яблоко от яблони недалеко падает» деген мақалдың қазақшасы екені белгілі. «Алма ағашынан алысқа түспейді» осы тұрақты тіркестің қазақ тіліндегі ең дұрыс әрі жиі қолданылатын нұсқасы деуге болады. Ішінара «Алма (алма) ағашынан алысқа түспейді», «Алма (алма) ағашынан алысқа құламайды» деп қолданушыларды кездестіруге болады. Ал Мұхамедияр ініміздің «Алма алма талдан алысқа домаламайдысы» осы нұсқалардың ішіндегі ең жаңа әрі сәтсіз қолданысы. Кімнен естісе де, қайдан алса да келісіп тұрған жоқ. Сөз тізгінін ұстаған кез келген журналистің, хабар жүргізушінің тұрақты тіркестерді де орнымен және бұрмаламай, түрлендірмей қолданғаны абзал. Сондай-ақ осы хабардағы оның «…етене балалардың еркесі» деген қолданысын да түсіне алмадық. «Балаларға етене жақын» деген ойды айтқысы келгені болар деген болжам жасадық.
Қазақ тіліндегі «бөлісу» сөзі негізгі мағынасымен қатар «ортақтасу, бірге көру» деген де мағына беретіні белгілі. Мысалы, «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді». Алайда бізде қазір осы сөз орыс тіліндегі «поделились» етістігінің орнына орынды-орынсыз өте жиі жұмсалатын болып жүр. Орыс тіліндегі бұл сөздің мағынасы өте кең. «Поделились опытом», «поделились информацией», «поделились впечатлениями», «поделились подробностями», «поделились секретами», «поделились теплом» деп кете береді. Біздегі орыс тіліне, аудармаға байланушылардың көбі осының бәріне келсе де, келмесе де дәл орыс тілінің үлгісімен бар жерге «бөлістіні» тықпалай беретін болып жүр.
2016 жылғы 19 сәуір күні журналист Құралай Жұмахан белгілі қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов туралы айта келіп, «Ойларымен бөліскен болатын. Алаштың азаматы өз ойымен осылай бөліскен еді» деді. Тағы бірқатар радиожурналистер «Қандай қуанышпен бөлісеміз?», «…мін­детті түрде бөлісетін боламыз», «…немен бөлісесіздер?», «…ақпараттарымен бөлісті» деп сөз саптайтын болып жүр. Соның сал­дарынан сөз ыңғайына, контекске, мағына­сына қарай сұранып тұрған түрлі етіс­тіктеріміз ескерусіз қалып, тілімізде қасаң да көшірінді тіркестер қаптап барады.
«Жылы болады» деген үйреншікті қолданысты қайталаудан қашқан болуы керек, күн райын (02.05.2016) хабарлаған журналист «…жылы күтіледі» деген сәтсіз, жасанды тіркесті бірнеше рет айтты.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұрпақ санасына сіңірудегі «Шалқар» радиосының алар орны да айрықша. Енді «Бәрі өзгеріп жатқанда ділін сақтап өз­гер­мей» келе жатқан «Ұлттың үн байрағы» сана­латын жарты ғасырлық тарихы бар «Шал­қар» радиосының тілі жөнінде бірер сөз.
Белгілі диктор Мұқамедәлі Болатұлы «Шалқар» радиосынан 2014 жылғы 25 қарашада сөйлеген сөзінде өте жиі қолда­нылатын «меншікті тілшіміз» деген сөз тіркесінен шатасып, «Орал қаласын­дағы тілшікті меншіміз» деді. Әрине, жаңыл­майтын жақ болмайды. Алайда тәжірибелі диктордың ешнәрсе болма­ғандай, сөзін жалғастыра бермей, жұрттан кешірім өтініп, бірден қателігін түзетіп жіберуі керек еді деп ойлаймыз.
«Шалқар» радиосы ұсынадының» 2015 жылғы 26 қарашадағы қонағы әнші Мәдина Сәдуақасовамен сұхбаттасып отырған журналист: «Алдағы жыл сұмдық жемісті жыл болайын деп тұр екен» деді. Телехабар тізгіншісі әншінің жоспарларының зор екендігін негізінен жағымсыз мағынада жұмсалатын «сұмдықтан» гөрі «өте», «айрықша», «ерекше» деген сөздердің бірін қолдану арқылы да әсерлі, сыпайы жеткізуге болатынына бас қатырғысы келмеген сияқты.
Ақбота Қанайқызы «Жайдарман» (26.11.2015) хабарын «Құрметті, ардақты ағайын…» деп бастады. Осы тұста мағыналас екі сын есімді қатар қолданудың еш реті жоқ. Көпшіліктен жақсы сөзін аямайын деген ниетпен айтқан болар. Алайда одан, сөздің құны қашпаса, ағанынның қадірі артып кетпейді. Ақботаның радио тыңдаушыларға «Рақмет, әрине, хабарласқаныңызға!», «Рақмет, хабарласқаныңызға, әрине» деуі де, қазақтың алғыс айту әдебі мен ілтипат білдіру үлгісі ретінде сөз мәдениетімен қабысып тұрған жоқ. Керісінше, осы сөйлем үлгісі «Спасибо, конечно за звонок!» орыстық үлгінің қалыбына салып сөйлеп тұрғанымызды көрсетеді.
Жылдың ай-күнін хабарлағанда «…жұл­дызы» деп сөз бастайтын Қымбат Мұрат­қызы 2016 жылғы 4 мамыр күні бөлесін туған күнімен құттықтап, ән беруін өтінген радиотыңдаушыға «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой» деді. Негізі атам қазақ «екі аяқтыда бажа тату» дейтін сияқты еді. Қарындасымыз бір тыңдаушының бөлесіне бола табан астында тұрақты тіркесті сол халықтан сұрамай-ақ өз тарапынан редакциялап, «тұрақсыз тіркеске» айналдырып жіберді.
«Азаматтық кеңес» (12.05.2016) хабарын жүргізген журналист «бола ала ма?», «бола ма?» демей «азаматтық кеңеске мүше бола алады ма?», «Оның белгілі бір мөлшері болады ма?» деді. «Жайдарманды» жүргізген Бағдагүл Рахметқызы (13.05.2016) «балалар» деу орнына «Сіз секілді балдар…» десе, «Жамбы ату» (16.05.2016) радиоойынында Жасұлан Наурызбайұлы телефон арқылы хабарласқан тыңдаушыға «отырмыз» демей, «Сізді тыңдап отырық» деді. Қазіргі жастар тілінде жиірек көрініс бере бастаған осы «жүрік», «отырық», «тұрықтан» арыла алмай жүргенде, мұндай бұрыс қолданыстарды эфирден айту оны тыңдаушылардың санасына сіңіріп, құлағын үйретуге қызмет ету деген сөз.
«Дәрісіз өмір» (19.05.2016) хабарын жүргізген журналист «…Осыны құлақтарыңызға түріп алыңыздар» деді. Тіліміз құлаққа қатысты тұрақты тіркестерге өте бай. Оның бәрін тізіп жату қажет болмас. Радиожурналист айтпақ болған ойды «құлағыңыз түрік жүрсін», «құлақ түріңіз», «құлақ салыңыз», «құлақ бұрыңыз», «құлақ қойыңыз», «құлағыңызға құйып алыңыз» деген тіркестердің бірі арқылы жеткізуге болар, ал құлаққа қалай «түріп алуға» болатынын радиоға құлақ тігіп отырған қалың жұртшылыққа айтқан адамның өзі түсіндіріп бермесе, біз түсіндіре алмаймыз. Себебі қазақта «құлақ түру» тіркесі бар екенін білсек те, «құлағыңа түріп ал» деген ұғым бар дегенді еш жерден оқыған да, естіген де емеспіз.
Енді «Астана» радиосын тыңдағанда құлағымызға шалынған бірер кемшілікке тоқтала кетелік. Мәселен, Мақпал Аманбай, Айбек Айдархан сәуір айындағы хабарларында «…анықтай алмаудамыз», «…алып команда» (12.04.2016) десе, мамыр айында эфирге шыққан «Арайлы Астана» (23.05.2016) хабарында Мақпал «Қазақ киносының барлық жаңалықтарын өздеріңізбен бөлісеміз» деді. Осы хабар барысында Айбек «Ешқандай киімді ләқтырмау керек» деді. Ақмола облысының бірқатар аудандарында, Көкшетау аумағында жуан «а» дыбысының орнын жіңішке «ә» дыбысымен алмастырып айту ерекшелігі бар. Мәселен, «құләқ», «бұләқ» түрінде. Айбектің бұл өңірге қатысы бар жоғын білмедік, алайда «лақтыруды» – «ләқтыру» деп сөздің айтылу нормасын бұзып жіңішке дыбыстағаны көпшіліктің құлағына жаға қоймасы анық. Кім қай өңірде туып өссе де, микрофон алдында, эфирге шығып қалың елге хабар таратқанда төл дыбыстарымыздың үйлесімін бұзбай анық айтып, жалпыға ортақ қазақтың әдеби тілінің дыбыстық нормаларын сақтағаны дұрыс қой. Бұл да сөз мәдениетіне тән басты талаптардың бірі екенін ұмытпаған абзал.
«Кеш жарық» хабарын жүргізетін Мейрам Сапарғали да «Эфир соңында иә, бір­ауыз тілектеріңізді бөлісе кетсеңіздер болады» (28.04.2016.), «Өз сауалдарыңызды жазып жіберсеңіздер міндетті түрде бөлісетін боламын» (16.05.2016.) деп, «бөлісу» етістігін орынсыз қолданды. Осы тұста «тілектеріңізді айта кетіңіздер», «көпшілікке жеткіземін» десе, әлдеқайда жағымды естілген болар еді. Оның биылғы 16 мамыр күні «Иә, мен де өткен жолы бұл, осы тақырыпқа байланысты эфирге Қанат Жүніс ағамыз келіп өз пікірін біліскен болатын» (16.05.2016.) деп «білдірген» орнына «біліскен» сөзін қолдануы да жарасым таппады. «Бұл», «осы» сілтеу есімдіктерін қосамжарластырып қолдануы да үйлеспеді. Сондай-ақ «Мен» деп бірінші жақтан бастап, «болатын» деп үшінші жақпен аяқтағандықтан сөйлемі жақ жағынан қиыспай қалды. Соның салдарынан айтпақ ойы аяғына жетпей, түсініксіздік туғызды.
Қазақ жастарының көбірек тыңдап, жиірек хабарласып жататын радиосының бірі – «Жұлдыз FМ». «Жылдың үздік радиосы» атағын жеңіп алған «Жұлдыз FМ» бағдарламасының жүргізушілері сөзін «қазақтың қарапайым жігітімін» деп бас­тайтын Жасұлан Қали мен Анар Мыңбаева тәуір мамандар. Екеуі бірігіп хабар жүргізгенде Жасұланның әзілі мен Анардың кейбір теле-радиохабарларын жүргізушілері сынды әріптесімен жағаласпай сөзге орнымен араласып, ұстамдылық танытуы жарасым тауып тұрады. Жасұланның әрбір жағдаятқа сай орынды ой айтып, әзіл қосып, хабарға жан беріп отыруы өз кәсібіне бейімдігін байқатады. Күн сайын жұрт талқысына жаңа тақырыптар ұсыну да хабар жүргізушілерін ізденіске жетелейді.Олардың «Таңғы шоу» бағдарламасының 2016 жылғы 4 сәуірдегі шығарылымында талқыға түскен тақырып – «Үйде кім қожайын?» болды. Жап-жақсы сөйлеп отырған Жасұланның студияға шақырылған қонақ әнші Баян Нұрмышеваның жұбайы туралы «Мә, Ерландай жары бар қыздың арманы жоқ қой» дей отырып, артынша тағы да «мә,..» таңдану одағайын бірінен соң бірін қолданғаны тыңдаушыларға ерсілеу естілді. 11 сәуірдегі хабарында да ол «Мә, шынымен де бастықтың туған күні нағыз маскарад қой», «Мә, Серік аға сізге не болды?» деді. Бұдан кейінгі хабарларынан да бірнеше рет «мә», «мә» дегенін естідік. Жалпы Жасұлан осы жиі қолданатын «мә» одағайын эфирден айтпай-ақ қойса, өзіне де, тыңдаушыларға да жақсы болар еді. Сондай-ақ Жасұлан «Қожайын болудың жолдарымен бөлісіңіздер» деп қазақ сөйлемінің әрін қашырмай, «Қожайын болудың жолдарын айтыңыздар» (…айта отырыңыздар) десе, құлаққа тосын естілмес еді. «Таңғы шоу» бағдарламасының «Бетперде киесіз бе?» деген тақырыпқа арналған шығарылымында ол «Кейде шешіп тастайсың, жының келгенде» (11.04.2016) деді. Эфирден «Жының келгеннен» гөрі «ашуың келгенде», «ашуланғанда» деп сөйлеу орынды.
«Жұлдыз FМ» жаңалықтарын жүргізген Айнұр Қапышева (11.04.2016) «…су басу қаупі сақталуда» орнына «су басу қаупі бар» десе, қазақы қолданыс болар еді. Сонымен қатар мәтінді оқығанда қатар тұрған екі сөздің үндесуі мен интонацияға да көбірек көңіл бөлгені жөн. Айнұр қарындасымыз жаңалықтарды оқығанда, сөйлемінің басын «Еске салсақ, …», «Айта кетсек,…», «айта кетейік,…» деп бастағанды ұнатады. Орыс сөйлемінің үлгісімен құрылған осындай сөйлемдерге көп үйір болып, бұл тіркесті жиі қолдануға соншалқты қажеттілік бар деп ойламаймыз.
«Ем болсын» бағдарламасын жүргізетін Дәулет Ғалымұлы сөйлесіне, мәтінді оқығанына қарағанда журналист, филолог емес сияқты. Оның «…денсаулықты ысырап етпеңіз…», «…бұл өз кезегінде» деген қолданыстары сондай ойға жетелейді.
«Ем болсын!» бағдарламасының (28.04.2016) «Миома» туралы хабарын журналист сөзін «Ар ма, ағайын!» деп бастады. Ең болмаса, «Армысыздар» да демейді. Амандасудың осы үлгісі дүйім жұртпен құрдасымен немесе өзінен жасы кіші інісімен амандасып тұрғандай әсер қалдырады. Сондай-ақ «бола ма?» деу орнына «…болады ма?» деп қолданудың дұрыс еместігі бұрын да сан айтылған, жоғарыда да оған тоқталдық. «Ал енді осымен «Ем болсын!» хабары мәресіне жетті» дегендегі «мәреге жету» «мәре сызығын кесті» деген тіркестер көбінесе, спортта қолданылады. «Мәре» сөзі «белгіленген меже, көмбе» деген мағынаны білдіреді. «Мәреге жету» тіркесі «озып келу» деген ұғым береді. Бағдарлама жүргізушілер біреумен жарысқа түспейді. Радиохабарда белгіленген межеге бірінші жету мақсаты қойылмайды. Сондықтан осы сөзді хабардың аяқталғандығын, оған берілген уақыттың түгесілгенін білдіру мағынасында қолданбаған жөн-ау деген пікірдеміз.
Шынымызды айтсақ, өзге радиоларды көп тыңдай да бермейміз. «Русское радио», «NS радио», «Ретро FM», «Тенгри FМ», «Радио NS», «Орда FМ», «Авторадио» сияқты радиоларда қазақжанды, қазақтілді тыңдаушылардың сұранысын өтейтін, қазақтың мүддесі мен мұң-зарын айтатын бағдарламалар жоқтың қасы деуге болады. Керісінше, олардың біздің ақпараттық кеңістігімізде еркін тарап жатып, қазақ тілі мен мәдениетін, өнері мен дәстүрін насихаттауға соншалықты сараңдығы жанымызға көбірек батады. «Ұлттық санамызды нығайтуға, ұлттық мәдениетімізді шынайы құрметтеуге бағытталған мазмұнға толы хабарлар мен ақпарлар тарататын кеңістікті қашан қалыптастырар екенбіз?» деген сұрақ көкейімізден кетпейді. Осы сұрақты кімге қоярымызды, кімнен жауап аларымызды білмей дал боламыз.
Солай да болса, осы радиолардағы кейбір қазақша бағдарламаларды тыңдағанда байқалған көңілге қонымсыз, қате қолданыстардың кейбіреулеріне тоқтала кетпекпіз. Мысалы, «Ретро FM» бағдарламасын жүргізуші жігіт сөзін «Одан кейін де тарту ететін әндеріміздің реті жетіп артылады» деп бір қайырды. «Реті жетіп артылады» деп сөйлемді сірестірмей-ақ, «әндеріміз көп» дей салса болар еді ғой. Альбина Асхатқызының «Өздеріңізге уәде етілген әндер» (обещанные песни), және «Көңіліңіз тоқшылық болады» (07.04.2016) сияқты сөйлемдерін естігенде еріксіз қайран қаласың. Басыңа «Осы радиодағылар әдейі қазақша шала білетіндерді іріктеп ала ма?» деген ой келеді. Әйтпесе, тіл білетін қай қазақтың аузынан «көңіліңіз тоқшылық болады» («тоқ болады» демей) деген сөз шығуы мүмкін. Тоқшылық жақсы ғой, бірақ қазақ сөзінің қадірін кетіретін мұндай «тоқшылық» қарныңды аштырады екен.
«Белгілі болғандай, оң рейтинг байқалуда» (22.05.2016) деген сөйлем де орыс тіліндегі «Как стало известно, наб­людается положительный рейтинг» деген сөйлемнің сәтсіз аудармасы, көшірме сөйлем. Орыс-қазақ қостілділігінің «арқасында» орыс тілінен тікелей аудармаса, сөзбе-сөз көшірмесе сөйлей де, жаза да алмайтындар қатары көбейіп барады. Бұл құбылыс қазіргі аудармаға тәуелді қазақ тілінің бас ауруына, үлкен мәселесіне айналып отыр. Енді балаларымыздың тілін ана тілінде шығарып, сауатты жазуға үйретіп алмай тұрып бірінші сыныптан бастап үш тілде қатар оқытсақ, тіл байлығы бүгінгіденде жұтаң, қазақ тілін нағыз қойыртпақ тілге айналдыратындар қатарын еселеп арттыруға мықтап негіз қалаймыз.
«Тенгри FМ» радиосының күн ­райын хабарлаған журналисі «…жауын-шашын түсті» (19.05. 2016) деді. «Жауын-шашын» қос сөзі о баста түркі тілдерінде «күн күркіреп, найзағай жарқылдап жауған жаңбырдың арты бұршақ пен қарға айналып кетуін» білдірсе, қазір негізінен жаңбыр, бұршақ, қар бәрінің басын қосып айтатын жинақтаушы ұғым мағынасын береді. Мысалы, «Биылғы күз жауын-шашынды болды» деп, тұтас бір мезгілдің сипатын айтса немесе «Алдағы екі-үш аптада жауын-шашын болмайды» деген болжам хабарланса көңілге қонады. Екіншіден, осы тіркестегі «түсті» етістігінің қолданысы да құлаққа тосын естіледі. Бұл орыс тіліндегі «осадки выпали» тіркесін тіке аударып алудан пайда болған қолданыс. «Қар түсті» «қырау түсті», «шық түсті» дейтініміз белгілі. Ал «жауын-шашын» қос сөзін «Биыл жауын-шашын көп болды», «Көктем жауын-шашынды болады» немесе «…жауын-шашын болмайды» деген сияқты сөйлемдер құрамында қолданып жатамыз. Сондықтан кеше жауған немесе бүгін жауатын жаңбырды, ертеңгі күнге арналған болжамды айтқанда осы «жаңбыр жауды», «жаңбыр жауады», «жаңбыр жаумайды», ал «жауын-шашын» жөнінде хабарлағанда ретіне қарай «болды», «болады», «болмайды» етістіктері арқылы жасалған дәстүрлі қолданыстардан ауытқудың қажеттілігі көрініп тұрған жоқ. Күн райын хабарлаушылардың осыны ескергені жөн-ау деп ойлаймыз.
103.2 толқынынан тарайтын «Орда» радиосының 2013 жылғы 15 шілде күнгі таңғы музыкалық хабарын жүргізген жігіттің (аты-жөнін ести алмадық) сөйлем құрау, сөз саптау мәнері қазақша деп мүлде айта алмас едік. Ол «Кез келген әйел терлегенді жақсы көреді, өзінің норка тұлыбында, әрине» деп, әнге кезек берді. Сөйлемінің құрылысы қазақша болмауымен қоса, «норка тұлыбында» деп сөз қолданды. Музыкалық хабарды жүргізушінің «норкасы» – «күзен», ал «тұлып» деп отырғаны – тон немесе ішік. Осылай да сөйлетіндер де қазақша білеміз деп, эфирге шыға береді екен-ау. Осы радионың тағы бір журналисі «…ақпараттармен бөлісіп» (24.03.2016) жатты.
Келтіре берсек, мысал көп. Кейбір радиоларда «ң» әрпін айта алмайтын, қазақ сөзіне екпінді дұрыс қоймайтын, орфоэпиялық норма дегеніңізге пысқырмайтын немесе оны дұрыс білмейтін журналистер де бар. Әсіресе, сөйлегенде, мәтінді оқығанда қатар тұрған дыбыстардың бір-біріне ілгерінді-кейінді ықпалын ескермейтіндер өте көп. Бұл олардың мектепте, университетте тілдің негізгі заңдылықтарын, грамматикасын, орфоэпиясын дұрыс оқымағанын көрсетеді. Біліп тұрса мұндай қателіктерге жол бермес еді ғой. Тіл қағидаларымен ережелерін бұзып сөйлейтін маман, жол ережесін сақтамайтын жүргізушіден әлдеқайда қауіпті. Алғашқысы жекелеген адамдардың өміріне қауіп төндірсе, кейінгілері бүкіл бір ұрпақтың, тұтас бір ұлттың тіліне қауіп төндіреді. Өйткені олардың айтқандары табан астында жалпақ жұртқа тарап, миллиондардың құлағына құйылып, саналарына сіңіп жатады. Сондықтан да әр сөзімізге жауапты, микрофонымызға мығым болайық, қадірлі ра­дио­журналистер!
Әуе толқынымыздан қазақтың сөзі әуезді де әуенді қалпында айтылып, асқақтап шыққан қазақ үні байтақ елі­міздің төрт бұрышына түгел тарап, тілі­міздің мерейі үстем болатын күнді көруге жазсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аноним

    Е радионы адамдар журе тындайдыгой. Содан кейн не айтсакта ешким Естимейди дейме, вузы на тускен соз дерин айта берет недр кобейди

  2. Аноним

    Е радионы адамдар журе тындайдыгой. Содан кейн не айтсакта ешким Естимейди дейме, вузы на тускен соз дерин айта беретиндер кобейди

  3. Салтанат Иманқұлова

    Шерубай Құрманбайұлының мақаласын сүйсіне оқып шықтым. Біз аса мән бермейтін, мән берсек те, немқұрайдылық танытатын нәрселерді қалт жібермейтініне риза боласың. Шынында да, қазір қазақ тілін қалай болса солай бұзып, тілдік норманы сақтамайтындар күн өткен сайын көбейіп келеді. Ақпараттың көптігінен бе, оны дер кезінде түзеп отыруға, ешкімнің де уақыты да, ынтасы да қалмай барады. Осылай кете берсек, ертең дүбәрә ұрпақ, сөз қадірін түсінбейтін ұрпақ қайдан шықты деп таң қалмаңыз.
    Ал радио тіліне келсек, жоғарыда айтылған мәселелер қазақтың бетке ұстар ақпарат құралдары — «Шалқар» мен «Қазақ радиосында» орын алмауы тиіс. Ол қаншама тыңдарманның құлағына жетеді. Қаншама елге тарайды. Сондықтан құрметті, радио бағдарламасын жүргізушілер, сөзімізге абай болайық, ісімізге кәсіби тұрғыдан қарайық!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.