Жер тағдыры: ел ішіндегі әңгіме

Көкшетауда Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның алғашқы көшпелі мәжілісі  өткізілді. Оның жұмысына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті. «Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерді талқылау» күн тәртібін қарастырған отырысқа Республикалық комиссияның 29 мүшесі, облыстық ведомстволардың, шаруашылық құрылымдарының басшылары, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

Ел мен жер – егіз ұғым. Бірі-бірінсіз тіршілік ете алмайды. Дана халқымыз айтқан бұл сөздің қаншалықты маңызды екенін Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев та жиын барысында түсіндірді. Комиссия мүшелерінің ақылдасу аясын аймақтарға шығару туралы ұсыныс қызу қолдау тапқаны сөзіміздің дәлелі екенін атап өтті. Вице-министр өз сөзінде Елбасының тапсырмасымен құрылған Астанада өткізілген алғашқы үш мәжілісі ел ауқымындағы өзекті мәселені талқылауда салиқалық танытып, орнықты шешімдер қабылдануына негіз бола алғанын жасырмады. Расында, алқалы жиынның Ақмола төріндегі Көкшетауда өткізілуі де кездейсоқ емес. Ақмола облысы еліміздегі ауылшаруашылығы дамыған аймақтардың бірі екенін алға тартқан вице-министр жиналған жұртшылықты рәміздер күнімен құттықтады.
Жер заңдылықтарына қатысты өзгерістерді халыққа түсіндіру мен талқылау жөніндегі міндеттерді орындауға байланысты Ақмола облысында 27 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған екен. Осындай топтар жергілікті жерлерде де арнайы кесте бойынша тиісті шараларды өткізуде. Ал облыстық жұмыс тобы өзі құрылғалы үш мәжіліс өткізсе, соның екеуінде облыстық қоғамдық кеңестің үнқатысу алаңы пайдаланылған. Бұған қоса, ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастырушылар мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен аймақтық семинар-кеңестер өткізілген. Есепке сүйенсек, Жер заңдылығын түсіндіру жөніндегі «Call-орталық» орталық құрылып, 43 кісінің телефон және электронды желідегі сұрақтарына тиісті жауаптар қайтарылған екен.
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің баяндамасынан өңірдегі жағдаймен таныс болдық. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, комиссияның штаб жетекшісі Ерлан Нысанбаев еліміздегі жалға берілген жерлердің жағдайымен таныстырып, баяндама оқыды. Оның сөзіне зер салсақ, бүгінгі күні 99,5 миллион гектар (98,7%) ауылшаруашылығы мақсатындағы жер ұзақ мерзімді жалға берілген болса, оның 1,3 миллион гектары (1,3%) ғана жекеменшікте. Сондай-ақ босалқы (запастағы) мемлекеттік жер 100,1 миллион гектар болса, оның 83,2 миллион гектары ауылшаруашылығы алқаптары саналатынын, десе де, бұл жердің нарықтық айналымға тартылмаған күйде қалып отыр.
Алқалы жиынның көкейкесті тақырыптары­ның бірі – жерді шетелдіктерге жалға беру болғандықтан, тақырыпты халыққа ұғындыру мақсатында Е.Нысанбаев баяндамасында соңғы жылдардағы статистиканы мысал етті. «Жекеменшікке сатылған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің 2004 жылдан бастап өсімі бір деңгейде болып отыр, яғни орта есеппен оның жылдық өсімі 0,1 пайызды құрайды. Бүгінде агроқұрылымдар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін жалға алу құқығымен пайдаланып отыр. Мұнда шаруа қожалықтары 57,5 миллион гектардан астам жер көлемін пайдаланатын болса, басқа агроқұрылымдар үлесінде 40,2 миллион гектар жер бар» деді Е.Нысанбаев. Сондай-ақ 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдіктерге жерді жалға берудің ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейінгі уақыт болып белгіленгенін, бір қызығы, осы бір жарым жылдың ішінде бірде-бір шетелдік жалға жер алған жоқтығын білдік.
Бүгінгі таңда меншік қатынас туралы жиі айтылып жүргені белгілі. Бұған қатысты қоғамда әртүрлі сауалдар бар. Бұл турасында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров «меншік қатынасы бүгінгі күні ауылға инвестиция тартуға кепілдік береді. Өйткені ауылшаруашылығы өндірісін қаржы құйылымынсыз дамыту, одан қомақты қайтарым күту, заманалық тұрғыда техникалық жарақтандыру қиын. Бүгінгі күннің тәжірибесі ауылшаруашылығы өндірісін одан әрі дамытуда экономикалық, бірінші кезекте жер реформасын жүргізудің пісіп-жетілгендігін көріп отырмыз. Онсыз күрделі істің тиісті нәтиже бермейтіні айқын. Сондықтан облыс тұрғындары арасында жер реформасының негізгі мақсаттары мен қағидаттарын кеңінен түсіндіру белсенді сипат алды» деп мәселеге арнайы тоқталды. Тағы бір өзекті тақырып ретінде түрғын үй құрылысына жер бөлу мәселесі алдыға шықты. Бұлай деп отырғанымыз, қазір облыс бойынша кезекте 100 636 адам тұрса, Астана қаласы маңайында Целиноград ауданында 69 147 адам, Аршалыда – 5996, Шортандыда – 5567, Бурабайда – 4883, Көкшетау қаласында – 11 748 адам тұрғын үйге кезекте тұрғаны да талқылау барысында сөз етілді. Мұндағы негізгі себеп, бөліністегі жердің тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілмеуінде және Астана маңайында жер қорының жеткілік-сіздігінде болып отырған көрінеді.
Жиын барысында инвестордың мүддесі мен мақсаты не? Оның ел экономикасын дамытудағы рөлі қандай? деген сауалдар ашық қойылып, жиналған жұрт мазалаған тақырып төңірегінде жауаптарын алды. Мәселен, Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұхитанов инвестор өз мүддесімен келетінін, ол мейлінше көп пайда тауып, капиталдың шетке кету ағынына жол ашатынын айтты. Расында, қалған, қалжыраған жердің еңсесін қайта көтеру оңай шаруа емес. Жердің сапасын қатаң бақылау жайында сөз еткен С.Мұхитанов тексеріске мораторийді тоқтатқан жөн деді. Сондай-ақ ол өзіміздің мамандарымызға қолдау көрсету керектігін алға тартты.
Мәжіліске қатысушы Республикалық комиссия мүшелері Кенжеғали Сағадиевтің, Ибрагим Жанғоразовтың аталы сөзін, Қуаныш Айтахановтың, Ақылбек Күрішбаевтың, Иван Сауэрдің, Жексенбай Дүйсебаевтың, Мұрат Әбеновтің салиқалы пікірін, Әкім Жанұзақов­тың, Досмұхамбет Көшімнің, Айдос Сарымның байыпты байламдарын ықылас қоя тыңдады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев кеңес соңында журналистерге берген сұхбатында Көк­ше­таудағы көшпелі мәжіліс ойдағыдай өткенін, қойылған мақсаттың орындалғанын атап көрсетті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.