Сезімі менен сөзіне ғана сүйенген

Әдеби әйдік қазанның бұрқылдап қайнап жатқан жері асқақ Алатау баурайындағы әсем қала Алматы. Сол жылдары жалын жастардың көпшілігі жер жәннаты Жетісудың мерейлі мекеніне барып тұруды армандайтын. Кеңшіліктің де жолы болды. Республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасты. Қазір белгілі ақын-жазушы атанып жүргендердің біразы жастар тұрақты оқитын, таралымы көп осы газеттің журналистері. Баспасөз және оқырмандар талғамы күшті болғандықтан, аталған газет абыройын түсірмей, атағын аспандатты. Шынында да, ол уақытта материалды жоғары кәсіби шеберлік деңгейінде ғана жазудан жарыс өтіп жатқандай болатын. Кеңшілік ауыл жайын жете білетін қарымды қаламгер екенін аз мезгілде аңғартты. Құлаштай-құлаштай туындылары «Лениншіл жас» газеті бетінен үнемі жарық көріп жатты. Бірде оның «Кетпен» деп аталатын көлемді, көркем очеркін оқығаным бар. Шаруа адамы тірлігін аса шеберлікпен бейнелеген. Оқиғаны дамыту желісі жүйелі. Тілі жатық. Очерк жанрына қойылатын негізгі талаптарға сай. Жалпы Мырзабековтың баспасөз беттерінде жарияланған көркем, деректі очерктерін жинастырып, жеке кітап етіп шығарса нағыз игілікті шаруа болатыны сөзсіз…

KenshilikБұл сонау 1966 жыл еді-ау. Мен онда Жанкелдин ауданына қарасты «Қызыл әскер» кеңшарындағы Жанкелдин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы едім. Сөз  өнері бұлағынан қанып ішуді қатты армандап, шөлдеп жүрген кезім. Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» газетіне ауыл тірлігінен жазған мақалаларым, кейде балауса жырларым жарияланып тұратын болғандықтан, әкем Оразбайдың зоотехник оқуына барғаның дұрыс шығар деген сөзіне онша мән бермей, журналистік дәріс алуға біржола бекініп іштей әзірлік жасаған, жалын, отқа шарпылған шадыман сәтті мезгіл. Сол кезеңдегі жас ақын Қадыр Мырзалиевтың «Дала дидары» деп аталатын жыр жинағындағы туындылардың алпыс пайы­зын жатқа оқитынмын. Поэ­зия, өлең-сөз десе, елең ете түсемін. Жалған дүниеде жоқ қаламгерлердің рухани қазыналарын қадірлеп, кітаптарына үңілемін. Ал өмірде бар ақын-жазушылардың өздерін көріп, қатар отырып, олармен сұхбаттасу, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қызықтау қашаннан бергі арман. Сол қиял құсымен қатарласа қалықтауды аңсаған айтулы күндердің бірінде, жаз самалы жібектей есіп тұрған сәтте үйге бір топ мейман сау ете қалды.

Жанкелдин аудандық газетінің қызметкері, жұртшылыққа біраз танылып қалған тілші Жақсылық ағаның дос-жарандары. Жігіттер, қыздар. Қазіргі жастардай жанталаса аймаласып жатқан біреуі де жоқ. Өзгесінде қанша шаруам бар, ретін тауып, болашақ өз жеңгемді танып алдым. Есімі Қалқа екен. Талдырмаш болса да жігіттерге ерген арулардың арасындағы ең әдемісі сияқты көрінді маған. Қойшы әйтеуір, не керек үй-іші думанға айналды. Әкем бір қойды алып ұрды. Шешем Зибагүл қара қазанын қайнатты. Дастарқан мәзірі де лезде әзір болды. Қарашаңырақ сырлы саз ырғағында тербеліп, Шәмшінің әндері шарықтады-ай келіп. Шаруаға икемделіп, төргі бөлмеге жайылған дастарқанға оны-пұны тасып, апарған адамға ұқсап кіріп-шығып жүрдім. Байқаймын бүйрек бетті, тығыз денелі, сары жігіт өзгелерге қарағанда біртүрлі бөлектеу ме, қалай? Төңірегінде отырғандардың көбін пәлендей менсінбегендей, мұрнын тыжырайтып, көзін сығырайтып күледі екен. Дауысы өктем-өктем шығады. Басқалардан гөрі өзі бұзып-жарып сөйлегенді тәуір көретінін сездім. Мінезі ала-құла. Әлгінде ғана шуақ төгіп отырған адамның әп-сәтте толассыз жауынға, тентек дауылға айналып кетуі түк те емес. Екі жағындағы кісіге де жайсыз екен-ау деген ой түйдім. Бірдеңе ұнамай қалса бірден атып тұру оған жат әрекет саналмайтын тәрізді. Өзге ақындардың және өзінің өлеңдерін дауыстап, нәшіне келтіре оқығанда тез таныдым. Кеңшілік Мырзабеков. Ақшығанақ ауылының азаматы. Торғайға танымал ақын. Бұған дейін Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» газеті бетінен өршіл үнді өлеңдерін жиі оқып, сырттай сүйсініп жүрсем, енді өзіне қауышып, қуаныш құшағында тұрмын. Бұдан әрі не болды дейсіз ғой. Бүкіл назарым әлгі ақынға ауды. Дастарқан басында орнығып отырса да, көрпеден көтеріліп өлең оқыса да, бет-аузы бірнеше құбылып рахаттана күлсе де, тысқа шықса да, ішке кірсе де сырттай қызықтап қарадым. Соны сезіп қалды ма, кім білсін, бір мезет бұрыш жақта монтиып тұрған мені көріп, ақырын шашымнан сипап қайқаңдай басып ілгері жүре берді. Соның өзіне болып, толып, өсіп, өрлеп қалғандай күй кештім. Тағы да меймандар, жас жігіттер мен қыздар жайғасқан үлкен бөлменің есігінен сығалап қоямын. Кеңшіліктің қазақы қоңыр дауысы дараланып шығады. Жасандылықпен жаны қас. Бар қабілетін, бар болмысын, бар мінезін байқатып үлгіріп жатыр. Таланттыларға тәкаппарлық та жарасатындай. Мына Мырзабековтен мықты ақын шығатын болар деп жобаладым. Әлгінде тыңдаған өлеңдер төгіліп тұр. Ұйқастары берік. Ойлары отты. Идеясы сенімді. Көркемдік дәрежесінен кінә таба алмайсың. Талабы тас жаратынның нақ өзі.
Екінші мәрте оны сахнадан көруіме тура келді. Сол алпысыншы жылдары Торғай селосында аудандық ақындар айтысы өтіп, оған біз сөз етіп отырған талант иесі де қатысты. Кеңшілік Мырзабеков өзінің ауылдас досы, өлең әлеміне қатар қанат қағып жүрген Серік Тұрғынбековпен сөз бәсекесіне түсті. Әлі есімде, біреуі «Торғай», екіншісі КПСС-тің ХХІ съезі атындағы кеңшардың намысын қорғады. Палуандар тілімен айтсақ, ит жығыс болды. Ол кезде жазба айтыс еді ғой. Екеуінің де кеңшарлар тынысын мақтап, марапаттаулары бір-бірінен кем түспеді. Шаруа олқылықтарын батыл, бадырайтып айтқан сындары да барынша дәлелді. Езуге күлкі шақырып отырды. Серік қос шекті домбыраны тәп-тәуір шертеді екен. Кеңшілік мұндай өнерден бейхабар екенін сонда көрдім. Киелі сөз құдіреті бәрін білдірмей, кем-кетігін толтырып, кедір-бұдырды тегістеп, түрлендіріп, гүлдендіріп жібергендей. Аудандық мәдениет үйі ғимараты залына иін тіресе жиналған халық үкілі үмітті екі жас ақынның өлеңдегі өршіл үндеріне, алғырлықтарына аса риза болысты.
Бұлқынған бір бұлақ көзі ашылды да, аптығып, асығып арындап алға қозғалды. Сөз өнерін шексіз сүйген Кеңшілік Мырзабековтың өмірдің өзінен тулап туған тырнақалды туындылары Жанкелдин аудандық «Жаңа өмір» (қазір «Біздің Торғай»), Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазір «Қостанай таңы»), аймақтық «Тың өлкесі», республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде біртіндеп жарық көре бастады.
Журналистік жол әдебиет әлеміне бірден-бір дұрыс, сенімді, оңды бағыт емес пе? Алыстағы Ақшығанақ ауылындағы орта мектепті бітірген, талабы тауға қарай жетелеген Кеңшілік жоғары оқу орны табалдырығынан аттамай жатып бұқаралық ақпарат құралы қызметіне кірісіп кетті. Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетіне жұмысқа орналасып, ел тынысы жайлы мақала, суреттемелерді жазуға машықтанып алды.
Әдеби әйдік қазанның бұрқылдап қайнап жатқан жері асқақ Алатау баурайындағы әсем қала Алматы. Сол жылдары жалын жастардың көпшілігі жер жәннаты Жетісудың мерейлі мекеніне барып тұруды армандайтын. Кеңшіліктің де жолы болды. Республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасты. Қазір белгілі ақын-жазушы атанып жүргендердің біразы жастар тұрақты оқитын, таралымы көп осы газеттің журналистері. Баспасөз және оқырмандар талғамы күшті болғандықтан аталған газет абыройын түсірмей, атағын аспандатты. Шынында да, ол уақытта материалды жоғары кәсіби шеберлік деңгейінде ғана жазудан жарыс өтіп жатқандай болатын. Кеңшілік ауыл жайын жете білетін қарымды қаламгер екенін аз мезгілде аңғартты. Құлаштай-құлаштай туындылары «Лениншіл жас» газеті бетінен үнемі жарық көріп жатты. Бірде оның «Кетпен» деп аталатын көлемді, көркем очеркін оқығаным бар. Шаруа адамы тірлігін аса шеберлікпен бейнелеген. Оқиғаны дамыту желісі жүйелі. Тілі жатық. Очерк жанрына қойылатын негізгі талаптарға сай. Жалпы Мырзабековтың баспасөз беттерінде жарияланған көркем, деректі очерктерін жинастырып, жеке кітап етіп шығарса нағыз игілікті шаруа болатыны сөзсіз.
Теориялық біліммен қаруланбай қия, шыңға шарықтай көтерілу қиындау. Соны сезген жас талант қызмет істей жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Жастар баспасөзінде тәжірибе жинақтап, шеберлігі шыңдалып, шығармашылығы кемелденгеннен кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында қызмет істеді. Мәселе бір жерде ұзақ жылдар бойы еңбек етуде емес, мәселе маңызды, мағыналы бірдеңе жазып, елді елеңдетуде десек, бұл жағынан Кеңшілік олжасы өте қомақты. Алпысыншы, жетпісінші жылдары Кеңес үкіметі, Қазақстанның Жазушылар одағы жас ақын-жазушылардың шығармашылығын басты назарда ұстады. Комсомол ұйымдары бел шеше көмекке келді. Жас қаламгерлердің бас қосулары жыл сайын көбейіп, әдебиетте жаңа есімдер пайда болды. Мәселен, Кеңшілік Мырзабеков Арменияның астанасы Ереван қаласында өткен Бүкілодақтық жас ақындар фестиваліне қатысып, тұщымды туындысымен көзге түсіп, туған жер төсіне абыройлы оралды. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Юность» журналында, «Поэ­зия» альманахтарында жарияланды. Әрине, Бүкілодақтық басылымдарда танылу баяғы Кеңес үкіметінің бір бөлшегі болып есептелген Қазақстан Республикасы қаламгерлері үшін үлкен жетістік.
Кеңшілік қазақ поэзиясы деп аталатын сән-салтанаты мол, жиһазы жеткілікті, рухани сарайға қымсынып, қиналып кірген жан емес. Босағада тұрып қалмай, бірден көрнектілерге төселген көрпеге жайғасқан, туралап төрге озған, қабілетіне әріптестерінің көбін қарайлатқан қаламгер. Несімен дейтін сауалды алға тартсақ, оған да жауап әрқашан әзір. 1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген алғашқы өлеңдер жинағы «Іңкәр дүние» кітабын оқып көріңізші. Ақын шын мәнінде өлеңге ғашық. Қазақ халқының өте бай сөздік қорын шебер меңгерген. Поэзия тілімен қоғам, заман тынысын, адамдар бейнесін нанымды әрі сұлу сомдайды. Былайша айтқанда, алтыннан да асыл сөз айшықтары анық көрініп тұр.
Өлі ара мезгіл… Өте ғой енді
тезірек,
Жолыңды ашты жаңа бір
маусым кезі кеп,
Безініп тумай,
сезініп туып барлығын
Бүлкілдеп тұрған бір
«пәле» екенсің,
Бүйірімде жатқан бір
«пәле» екенсің о, жүрек.
Ол жылдары халықтың ұлттық әдебиетке, поэзияға сүйіспеншілігі ғажап еді-ау. Қаламгерлер облыс-облыстарды аралап, шығармашылық кездесулер өткізіп тұратын. Миллион­даған оқырманның талап-тілегін ескеретін. Бір сөзбен айтқанда, қа­ламгер мен оқырман арасында тү­сіністік, ынтымақ байланыс болатын. Жұртшылық жиналған, бас қосқан жерде жазушылардың тың туындыларын, оның танымдық-тағылымдық жағын әңгіме арқауына айналдыратын. Мысалы, Кеңшілік Мырзабековтың махаббаттың майын тамыза, мәнерлеп, әдемілеп, әшекейлеп жазған екі өлеңін жастар қауымы жиын-тойларда жатқа оқитын. Біріншісі – «Анар», екіншісі – «Автобуста қасымда отырған қызға» деп аталатын жалын жырдың авторы бірде аталып, бірде аталмай жатқанына да өзіміз куә болғанбыз.
Бар ма екен сенің есіңде,
Балқаймақ күндер шайқаусыз.
Бұлтиып бір зат төсіңде, –
Булығып өсті байқаусыз немесе:
Шын ұшқың кеп отыр ма,
айналайын,
Бар ұша ғой, бағыңды
байламайын,
Оттан, судан аман жүр алыс жолда
Көбелек деп мен сені
ойламайын, –
деп келетін келісті өлеңдерді көп­шілік сүйсіне тыңдап, табиғи туындыға, авторға тәнті болатын. Жаңылыспасам, осы жырды ұнатып, ұмытпай, жатқа айтатын өлең-сөздің жанашырлары өз ортамызда әлі де бар. Сүйсінетін жай, сүйсінерлік қозғалыс емес пе бұл.
Махаббат тақырыбына үн қоспаған қаламгер жоқ. Әркім өзінше өрнек салуға құштар. Кеңшіліктің арулардың нәзік, ізгі, ұяң болмыстарын бояуын баттастырмай табиғи, қаз-қалпында көрсетуі тіпті бөлек. Өзгелерге мүлде ұқсамайды. Айталық:
Ақ балтыры қозғалса,
Ақ көйлегін жел қаққан.
Оң аяғын созғанша,
Сол аяғын шаң қапқан, – деген жолдарға кімдер елеңдемес. Өлеңмен айтылған әңгіме үлгісі іспеттес. Суреттеу шеберлігі төмен төбеде, боз белде емес, шаңқылдаған қыран қонар шыңда тұр.
Тіршіліктегі адамдар әрекеттерін көкірек көзбен көре білу, оны бейнелеп, көркемдеп жазу ақын иығына ауыр жүк артады. Және ағыл-тегіл сезімге қоса, алқалы топты алаңдатарлықтай тапқырлықты қажетсінеді. Бұл жөнінен ­Мырзабеков мәртебесі аласарып көрмепті. Ақынның «Сәруар» атты кітабына осы сөзімізді дәлелдейтін бірнеше жырлары топтастырылған. Әсіресе, «Бір бөлмеде» өлеңі шағын баллада ма деп қаласың. Өзінің қазақтың көрнекті қаламгерлері бас қосқан жерге қалай барғанын, қандай сезім айдынында тербелгенін шынайы суреттеуге келгенде көсілгенін көрсеңіз.
«Бұл бала кім еді, төрлей ғой», –
дегенде Ғабдол Сланов.
Жырды мен келіп бөлгендей,
Қарадым жерге ұялып.

Тұрып мен сонда есікте,
Кірердей жерге қысылғам.
Аяғын шешпей мешітке,
Кеткендей еніп мұсылман.
Өзің жайлы желпінтіп жазып, серпілтіп сыр шерту қиынның қиыны. Кеңшілік бұл тақырыпқа да тайсалмай табан тіреген. «Ақындар» өлеңі айтарымызды толығынан растай түседі. Түйіні мықты. Нүктені нанымды қойған.
Неге дөңбекшіп, тулап шығамыз,
Соның себебін айтсақ мына біз.
Ақ пен Қараның, Шаттық,
Қайғының –
Тамырында бүлкілдеп соғып
тұрамыз.
Бұдан да өзге тапқырлықтан туындаған теңеулер тізбегі көп-ақ. «Тарап әкетті тарақ табанды трактор», «Текемет қырды не керек, қағып та сілкіп бердіңдер», «Қара бет құйын құлдилап төмен жөңкіліп», «Қайқиған қырдың қарсаңы-ау деймін, Сар кідір өгіз шаршады-ау деймін», «Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемін» деген сөздер арзан ойдан туды деп кім айтар.
Кеңшілік ақын алыстағы Ақшы­ғанақ ауылында туып, киелі Торғайдың тал-бесігінде тербеліп өскендіктен, Хайролла Есовтей жырау төккен қиссаларға сусыны қанғандықтан қазақ сөзінің қадірін біледі. Маржанын тереңнен іздеп, табады. Сөзді ойнатып, құлпыртып, құбылтуға әбден төселіп алған. Лебізімізге нақты жауап – «Дүбірлі дәурен» кітабындағы «Әубәкір туралы элегия».
Әуелден жалқы, әкеден
жалғыз әулеті,
Әубәкір әуей, ақ көңіл жігіт,
әулекі,
Албарда қой көп, ауласы той боп
жататын,
Он саусағы – өнер, қолының
кірі – дәулеті.
Мырзабеков тек қана лирикалық өлеңдерді өндірте жазумен шектелмеген. Дәлірек айтып, әріге барсақ, Саттар Ерубаев, беріге келсек, Қайнекей Жармағанбетовтердің табиғи таланттарымен ұлттық әдебиеттен берік орын тепкен күрделі жанр, оқиғалы өлең балладаға да бұрыла білген. Ірі ізденіс танытқан. Әсіресе «Майлин мен Мырқымбай», «Құмдағы аршалар», «Таза бұлақ» басында, «Дауа» балладалары, сөз жоқ, автордың сүбелі дүниелері, өлең өлкесіндегі өзіндік мәуелі жемістері.
Торғайдың топжарғаны атанған, атақты халық ақыны Нұрхан Ахмет­­беков­­тің «Қарға», «Жасауыл қыр­ғыны» дастандарын жасынан оқып, жаттап жетілген Кеңшіліктің эпика­лық жанрда жемісті жұмыс жасауы таңданыс тудырмаса керек. Заңды құбылыс деп қабылдаған жөн шығар. Ақынның «Біржан сал мен Қоянды жәрмеңкесі», «Қойшы мен космонавт», «Иманжүсіп», «ФЗО-ға кеткен жеңешем» дастандары кезінде әдебиет сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болғанын жақсы білеміз. Жазылу түрі, оқиғаны өрбіту әдісі, кейіпкерлер бейнелерін көркем сомдауы, туған тілді түрлендіре білуі жағынан аталған дастандар қазақ әдебиеті алтын қорына қосылған құнды шығармалар деуімізге толық негіз бар. Ал Кеңшілік Мырзабековтың «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Көктем көкжиегі», «Сәруар», «Революция перзенттері», «Замандас сыры», «Ауыл мен Астана», «Қасиетті қас қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір-дастан» кітаптары ерте көз жұмған ақынның жалғасын тауып жатқан екінші ғибратты ғұмыры.
Алматы қалалық әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Қазақконцерт» ғимараты үйінде талантты ақын Кеңшілік Мырзабековтың туғанына 60 жыл толуына орай «Кімде жоқ дейсің бұл арман» атты ерек есімді еске алу кешінің өтуі, онда көрнекті қалам­герлердің естелік айтып, артына қалдырған әдеби мұраларын жоғары бағалап, игі істі дамыта беруге байланысты ұсыныс-пікірлер қозғауы өте орынды болды. Жуырда, яғни шілде айының 6-жұлдызында көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтың туғанына 70-жыл толғалы отыр. Өткен жылдарға көз жүгіртсек,тарихқа зер салсақ, табиғи таланттар аз ғұмыр кешіп, жарық жұлдыздай із қалдырған. Кемел ойлы Кеңшіліктің әдеби мұралары құдайға шүкір бар және қомақты.Мерейтойына байланысты бұқаралық сипаттағы мәдени көпшілік шаралар туған жері Торғай, Қостанайда,өзі ғұмыр кеш­кен Алматыда, елордамыз Астанада өтеді деген берік сенім бар. Осы күні ақын-жазушы өмірден озса негізінен туыс-туғаны ғана іздейтін қозғалыс пайда болды.Оның бетін аулақ қылсын деп тілейік.
Қазақстанда 700-ден астам Жазушылар одағының мүшесі болса, солардың барлығының балалары әке ізімен келе жатыр, қазақ тіліндегі кітаптарды ұдайы оқып тұрады деп айтуға ауыз бармайды. Аманкелді Кеңшілікұлының тұрақты оқып-тоқып, ізденетініне, қазақы тәрбиесіне, ұяда қалыптасқан үлттық санасына, атына сай әдебиетте әділ сынның ақ қылышын жарқылдатып жүргеніне аса разымыз.Кеңшілік мұраларын нанымды насихаттауға жоғары орындар, әдебиетсүйер қауым түгелдей белсене атсалысса қандай ғанибет. Талантты жан жайлы жүрекжарды лебізімізді түйіндер тұста оның өз өлеңін келтіруді дұрыс санадық.
Кетті бір адам. Өтті бір ақын
дүниеден,
Сезімі менен сөзіне ғана сүйенген,
Сезім мен сөз, сөз бенен сезім
қасиетті
Өлтірме оны, сақтай жүр
оны киеңмен.
Тауып айтқансың,талантты Кеңшілік,қарымды Кеңшілік, қайран Кеңшілік. Сезімі мен сөзіне сүйеніп өмір сүрген алты Алаштағы ақиық ақынның бірі өзіңсің ғой. Сенің өміршең, отты, өрнекті өлеңдерің талай ауыздарда, кітаптарың талай сөрелерде самсап тұр. Біз өзіңмен рухани кең әлем арқылы әлі жиі жүздесетін боламыз.Ұлттық поэзияның ұлы тұлғасы ешқашан ұмытылмайды.Бұл лебізді ойлы оқырман пайымы деп қабылдаған жөн шығар.

Нағашыбай МҰҚАТОВ,
ақын, филология ғылымының
кандидаты
Қостанай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Қойшы Сәрсенкелдітегі

    Кеңшілік Мырзабеков
    ҰЯ (баллада)
    Сонау жылы Ақшығанақ, Ақсайда,
    Бір жас бала,жақсы бала, жақсы ойда.
    Қойын бағып, қозы бөліп жүруші-ед,
    Төбел тайы сылти ма әлде ақсай ма.
    Онда ойы жоқ, ойы тіпті басқада,
    Көз алдында қызыл-жасыл Астана.
    Төбел тайдың шіренетін үстінде,
    Проспектіде тұрғандай боп, масқара.
    Қала деген тек түсінде әлі оның,
    Карта арқылы алақанда әлемің.
    «Пәле бала» көріпкелі бар дерсің,
    Бәрін білед қаладағы пәленің.
    Алматыда қанша ақын, жазушы,
    Қайсы нашар, қайсысы мықты азулы.
    Еңбектерін саралайтын солардың,
    Соларға өзі үйреткендей жазуды.
    Аға шопан: «Тәйт»! дейтұғын «Тәйірі алғыр,
    Бірдеңені соғасың-ау ойдан кіл.
    Тазала әне, көк қозыда тоңғақ жүр,
    Қияли боп туған неме қайдан бұл!»
    «Қияли боп туған неме қайдан бұл»
    Осы бір сөз жаман тиіп, жайдан бір,
    Дәл сол сәтте, шыбын жаны шырқырап,
    Бармақтай құс ұшты дейсің сайдан бір.
    Бала сол сәт, қарап қалды сол құсқа,
    Бәйкүне құс ұшаларма алысқа.
    Сай ішінде қалды оның Ұясы,
    Орап салған үпілдірік қамысқа.

  2. Қойшы Сәрсенкелдітегі

    Кеңшілік Мырзабеков
    Телефонда
    Төлеу аға, телефонмен сөйлестік,
    Сөйлестікте екі түрлі ой кештік.
    Естіп тұрдым жүрегіңнің дүрсүлін,
    Кей сөзіңді кейде естімей, кейде естіп.
    Бір сөз жетіп, бір сөз кетіп ауаға,
    Тар будкада жан ұшырдым беу аға.
    Сен үздігіп, мен үзіліп айтқан сөз,
    Сағыныш қой жарайтындай дауаға.
    «Ел аман ба, Әжем қалай, қыс қалай,
    Дегенімде ойым зулап ұшқаны-ай
    Ойым зулап, Ақшығанақ адырдың,
    Жүрді үстінде жүрекке ыстық тұстары-ай.
    Жүрекке ыстық жыңғыл төбе, арша бел,
    Тобылғы сап, қиып әкеп, қамшы өрер,
    Ағажан-ай, аязында Ақпанның,
    Ай жарықта шөп тасуға барса егер.
    Көз алдымнан соның бәрі бір минут,
    Зымырады-ай бір қуаныш, бір мұң боп,
    Тарс еткіздім телефонның тұтқасын,
    Ей сағыныш, сиқырыңды білдім деп.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.