Бар жүкті аудармашыға артып…

«Ана тілі», №16, 22 сәуір 1993 жыл

Біздің ауданды жайлаған жиырма мың тұрғынның он жеті мыңы қазақтар бола тұра кәсіпорын, мекемелерде, ұйымдарда іс қағаздары әлі орыс тілінде жүргізіледі. Оның «себебі» де бар: аудандық әкімшілікте қызмет ететін елу адамның қазақ тілін жетік меңгергені үш-төртеу (яғни, әкімнің өзі, оның орынбасары және бірер қызметкер) ғана, ал қалғандары орыс мектебін бітіргендер, бірер ауыз сөздің басын құрай алмайды. Соның кесірінен әкімшілікте де, шаруашылық кеңселерінде де басшылар бас-басына аудармашы ұстап, өз қандастарының хат-хабар, өтініш-шағымдарын тәржімә арқылы түсініп отыр. Маған олар өздерінің атажұрты – Қазақстандағы «қонақтар» сияқты көрінеді… Ал аудан көлемінде ана тілін жақсы білетін, жатық сөйлеп, сауатты жазатын мамандар жетерлік. Мәселен, Чапаев атындағы және «Қайрат», «Сарыадыр» кеңшарларында қалың қазақ қауымы тұрады, бұл ауылдағы мектептердің бәрі қазақ тілінде оқытады. Бірақ, ол жақтан аудан орталығына қызметке адам алынбайды.
Аудармашы ұстау керек, алайда олар іс қағаздарын қазақ тілінен орыс тіліне аударуға тиіс. Әйтпесе біздің ауданда мемлекеттік тілді үйрену мәселесі – баланың ойынындай болып барады. Жұрттың бәрі аудармашыға сеніп алған, ешкім тіл үйренуге талпынбайды. «Қолдауын тапса, қар жанар» деген, тіл саясатын жүзеге асырудың бар жүгін аудармашыға артып қоймай, кеңселердегі қазақ қызметкерлері қал-қадірінше қазақша жазуға, қазақша сөйлеуге талпынса игі; алғашында қиналар, бірте-бірте үйреніп кетеді. Мына менің балалық шағым көшіп-қонумен өтіп, бірде қазақша, бірде орысша оқып, ана тілімді ұмытыңқырап қалыппын. Бірақ «шетел тілі емес, қой, өзімнің ана тілім ғой» деп, қазақша жазуға талпынып жүрмін.

Нұрмұхан Ахметов

Уәлиханов ауылы,
Көкшетау облысы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.