Аға ұрпақ жастарға сенім артады

Ұлт жоспарын орындау – мерейлі міндет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның осы кезеңге дейінгі жұмысының қорытындыларына арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заңның үстемдігі мен елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
– Біз жариялаған бес институттық реформа – жаңа экономикалық жағдайдағы кешенді даму жоспары. Ұлт Жоспарын сапалы жүзеге асыру – біздің ең басты міндетіміз. Осы кезең ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Үкімет қажетті заңдар, тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылдады, мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына негізделген мансаптық моделі енгізілді, сот төрелігінің үшбуынды жүйесіне көшу іске асырылды, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес жұмысына кірісті, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Бұдан бөлек, салық және кеден саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде, ауқымды жекешелендіру ісі басталды, елді индустрияландырудың екінші кезеңі жүріп жатыр, әлеуметтік саясат жетілдірілуде, мемлекеттің есептілігі арттырылуда. Жалпы, бүгінде 100 қадамның 23-і толық орындалды, – деді Қазақстан Президенті.
Жиын барысында жұмыс топтарының мүшелері Ұлттық комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке экономикалық өсімді ынталандыру үшін 2016 жылдың екінші жартысында қосымша 240 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Университет тарихы – Астана тарихы

Назарбаев Университетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге диплом тапсыру рәсіміне қатысты. Рәсімде студенттер, олардың ата-аналары, Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы болды.
– Былтыр мен университетіміздің алғашқы түлектеріне диплом тапсырған едім, бүгінде олардың нәтижелерін мақтаныш етіп отырмыз. Олар өз ісінің нағыз кәсіпқой маманы ретінде қалыптасты, Қазақстанның және шетел-дердің жетекші компанияларында жұмыс істеп жатыр. Көпшілігі шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарында білім алуын жалғастырды. Ал бүгін университет қабырғасынан «үлкен өмір жолына» тағы 638 маман – 457 бакалавр және 181 магистр аттанғалы тұр. Университет тек Қазақстан үшін емес, көптеген дамыған елдер үшін де сирек кездесетін бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Ол – биохимиялық және ядролық инженерия, роботты техника мен мехатроника, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы оқу орны білім берудің ең озық дәстүрлерін ұштастырып, бүкіл әлемдегі мықты оқытушылардың басын қосты, студенттерге білім алу үшін ең заманауи материалдық-техникалық құралдар мен зертханаларды ұсынды.
Мемлекет басшысы бірнеше күн бұрын ғана Қазақстанда бірінші рет ауқымды террористік шабуыл болғанын еске салды.
– Бұл – өз халқына қарсы жасалған қыл­мыс. Осы террористік актіні қалайда біздің елімізді қақтығыстар құрдымына құлатып, терроризмнің белең алуын көксейтіндер жасады. Өрімдей жас полиция қызметкерлері мен әскерилердің ерлігі – бүкіл жастарымыз үшін үлгі. Олар террористерге тойтарыс беріп, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірді. Татулық, тыныштық және қауіпсіздік – тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтары. Онсыз ұлтымыздың болашағы болмайды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев осы күндері бүкіл ел бойынша мыңдаған қазақстандық студенттер диплом алып жатқанына назар аударды. Олардың оқу бітіруі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келуімен ерекшеленеді, соған орай Мемлекет басшысы барлық Қазақстан жастарына сөз арнады.
– Ширек ғасырда біздің Отанымыз барша қазақстандықтар еңбегінің арқасында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Бірқатар жаһандық рейтингтер көрсеткіштері бойынша, Қазақстан қазірдің өзінде дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бүгінде біздің алдымызда бұрынғыдан да ауқымды міндеттер тұр. Әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылу жөніндегі өршіл мақсатқа жету үшін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жүзеге асырылуда. Бұл тұста сіздердің, жастардың рөлі ерекше. Әр адамның өмірі оның төзімділігін сынайтын тағдырдың тосын өзгерістеріне толы. Нағыз бақыт – адамның өз өмірінің әр сәтінде дұрыс таңдау жасап, сол арқылы сырт әлеммен және өз болмысымен үйлесім табуы. Егер жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділеттілікті таңдаса, әрдайым табысқа жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы іс-шара барысында магистратура мен бакалавриат түлектеріне үздік дипломдар тапсырды. Сөз сөйлеген студенттер мен оқытушылар Нұрсұлтан Назарбаевқа университетте жасалған жағдай үшін алғыс білдіріп, еліміздің дамуы жолына күш салатындарын айтты.

Лаңкестікке – берік тосқауыл

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалы­ғымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, қоғамдағы өзекті жайттар талқыланды.
Жиында биылғы 5-6 маусымда Ақтөбе қаласында орын алған оқиғаға баға беріліп, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тізбесі анықталды. Сондай-ақ Бас прокурор Ж.Асановтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың және Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысы қаза болған әскери қызметшілер мен еліміздің бейбіт тұрғын­дарының туған-туыстары мен жақындарына кеңес мүшелерінің және жеке өзінің атынан көңіл айтты. Қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіні атап өтілді.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырды.
– Халықаралық террористік ұйымдарға қатысы бар Қазақстан азаматтарын жазалау шараларын күшейту мәселесін қарастырған жөн. Бұл ретте, олар мемлекетіміздің мүддесіне сатқындық жасап, өз Отанына қарсы соғыс жолына түсіп отырғанын ескеру қажет. Бұдан бөлек, террористік қауіп жөніндегі дабыл бойын­ша өткізілуі ықтимал арнаулы шұғыл шаралар ұйымдастыру жеңілдетілсін. Осы заңнамалық бастамалардың барлығын биылғы заң шығару жұмысы жоспарына енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев заңнаманы қатай­тып, осы салаға қатысты қабылданған бағдар­ламаларға талдау жүргізетін және тиісті өзгерістер енгізетін кез келгенін баса айтты. Мемлекет басшысы АҚШ, ­Израиль, Германия және өзге де бірқатар шет мемлекеттерде шеттен келетін қаражаттың пайдаланылуының жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі тәсілдер қолданылатынын атап өтті. Қазақстан Президенті қарудың барлық түріне елімізде тыйым салу жөнінде қоғамда көтеріліп отырған мәселе мұндай радикалды шараларды қолданбай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрғысынан мұқият зерттеуді қажет ететінін айтты.
Сөз соңында Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерімен халықтың қарым-қатынасы заңнама арқылы айқын анықталуы қажеттігін тілге тиек етіп, барлық шаралар тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етудің кепілі екеніне назар аударды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.