Білімдіге дүние жарық…

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Білімдіге дүние жарық, білім­сіздің күні ғаріп» деген қазақ халқының нақылын санасына сіңіріп, өмірде өз орнын табуға алғашқы қадамын бастаған мектеп түлектерінің білімін таразылайтын – ҰБТ-да аяқталды. Болашаққа сеніммен қарайтын жастың арманы асқақ, үміті жарқын дегенмен де, көңілде қобалжу болатындығы жасырын емес.   

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, елімізде Ұлттық бірыңғай тест тапсыру үшін арнайы жабдықталған 165 пункт құрылған. Орталық және жергілікті атқару органдары мен мемлекеттік комиссиялар тарапынан ҰБТ сәтті өтуі үшін барлық жағдай жасалып, тесттік тапсырмалар базасы әдеттегідей жаңартылды. 115 пункт аудан орталықтарындағы мектеп ғимараттарында, 50 пункт облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында орналастырылды. Жалпы алғанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 1114 аудиторияда өтіп, барлық пункттерде мемлекеттік комиссия жұмыс жүргізді.
Ағымдағы жылы ел мектептерін 121092 түлек бітірді. Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 86991 түлектен өтініш түскен. Оның ішінде қазақ тілінде – 61739, орыс тілінде – 22340, яғни барлығы 84079 түлек тест тапсырды. Тесттің қорытындысы бойынша орташа балл – 81,2. Қажетті 50 баллды 14252 түлек (16,95 пайызы) жинай алмаған. Ал бес пәннен 100 баллдан жоғары ұпай жинағандар саны – 16565. Ең жоғарғы ұпай 125 баллды – 19 түлек иеленді.
ҰБТ-ның алғашқы алты күнінің нәтижесі бойынша тыйым салынған заттарды қолданған және аудитория­да тәртіп бұзғаны үшін 37 мектеп біті­руші тестілеуден шығарылған. Ал тестілеудің бес күнінде Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына 516 өтініш түсіп, оның ішінде 129 тест тапсырмасы қанағаттандырылды. Негізінде бұл апелляциялар қазақ тілі, математика, биология және Қазақстан тарихы пәндерінен болғандығын айта кету керек. Биылғы ҰБТ-дағы ерекшелік – қажетті баллды жинай алмаған мектеп бітірушілер ағымдағы жылы қайта кешенді тест тапсыру арқылы жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Қайта кешенді тестке қатысу үшін тамыз айының 1-8 аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында өтініш қабылданып, ал тест тамыз айының 19-24 аралығында өткізіледі.
Елімізде білімімді шыңдаймын, ізде­немін, оқимын деген жастарға көп­теген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл жөнінде мектеп бітірушілер де біраз мағлұмат айтып, дерек келтірді. Мәселен, Жезқазған қаласындағы №3 қазақ-түрік лицей-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері Тілекберген Абдыманапұлы: «Мектеп қабырғасында жүргенде талай олимпиадаларға қаты­сып, жетістіктерге жетіп жүрдім. Жалпы білім беретін пәндерден респуб­ли­калық олимпиаданың облыстық кезеңінде химия пәнінен ІІІ орынды, «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық пән олимпиадасында химия пәнінен ІІ орынды, жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқушылардың VІІІ Президенттік олимпиадасында ІІІ орынды иеленген болатынмын. Қазір ағылшын тілінен IELTS емтиханының қорытындысы бойынша әлемдегі, ТМД-дағы белді университеттердің бірі Назарбаев университетінің түлегі атанып отырмын. Осы жетістіктерге жеткіз­ген мектебіме, ұстаздарыма, дарынды балаларды тәрбиелеуге көңіл бөл­ген Президентіме алғыс айтамын» деп, өз қатарларын өзгелерге үлгі болуға шақырды.
Ыбырай Алтынсариннің «Кел, бала­лар, оқылық» атты өлеңінде «…Біл­мегенді білуге, Есті бала тырысқан» деген жолдары бар емес пе еді. Мектеп түлектерінің білімге құмартып, естілікке тырысуы қуантады. Алыстан қол бұлғайтын арманға жету жолында таза еңбек қана көмектесетінін естен шығармауға тиіспіз.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.