«Ақ сауыт» деген сол болар…

Сейітжан Бекшентайұлы 

«Ақ сауыт» деген сол болар,
Атқанда оқ өтпесе.
«Ақберен» деген сол болар,
Тигені тұяқ серіппесе.
Алмауыт деген сол болар,
Артынан қуған жетпесе.
Ер жігіт деген сол болар,
Жасқанбай жауға беттесе.
Жан жолдас деген сол болар,
Жалғыз тастап кетпесе.
Адал дос деген сол болар,
Абыройыңды төкпесе.
Адал жар деген сол болар,
Білдірмей жоқты ептесе.
Туысқан деген сол болар,
Сетілгенді септесе.
Қайырымсыз жан сол болар,
Жетімнің бетін өппесе.
Қатыгез жан сол болар,
Жеткіншекке тек десе.
Қайырымды жан сол болар,
Керегеңді көктесе.
Ақ көңіл жан сол болар,
Айтар сөзін бүкпесе.
Жан аяр жалқау сол болар,
Жан қинап еңбек етпесе.
Қас жаман қабақ түйеді,
Шаруасы бітпесе.
Бітпейтін сірә іс болмас,
Жұрт жұмылып көптесе.
Ерлердің ісі еленбес,
Халық үшін терін үкпесе.
Кетер ұрпақ тіл қатпай,
Халқың нені жүктесе.
***
Жақсы туған баланың
Атасы жаман болса да,
Төрде отырып сый табар.
Жаман туған баланың
Атасы жақсы болса да,
Түйе үстінен ит қабар.
***
Күндей көрінер шығыстан
Сыйласарлық адамдар,
Жақсы әдетті қуысқан.
Кіммен жақсы сыйлассаң –
Артық болар туыстан.

(«Ел аузынан, «Жазушы»,
Алматы, 1989 ж.)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.