Студент және еңбек тәжірибесі

Бүгінде қолына дипломын енді ғана алған жас маманның таңдап алған мамандығы бойынша еңбекке бірден араласып кете алмауының себебі неде? Бұл жөнінде түрлі мәселелерді алға тартуға болар. Бірақ ең басты себептердің бірі ретінде студенттердің оқу кезіндегі еңбек тәжірибесінің дұрыс жолға қойылмайтынын назарсыз қалдыруға болмайды. Теориялық білім алу бір бөлек. Ал сол білімді тәжірибемен ұштастыра отырып, біліктілікті арттырудың, сөйтіп, бесаспап кәсіби маман болып қалыптасудың маңыздылығын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Бұл онсыз да солай болуы тиіс нәрсе емес пе десек те, студенттердің еңбек тәжірибесі мәселесінде бірқатар өзекті жайттардың бар екеніне көз жеткізгендей болдық.

Аға ұрпақ жақсы білуі тиіс, студентті еңбекке тартып, болашақ маман ретінде қалыптастырудың әртүрлі жолдары бар. Бұдан бөлек, жазғы демалыс кезінде мектеп қабырғасында жүріп-ақ, «Балауса» өндірістік жастар бригадасында еңбек етіп, кірпіш құйғанымыз әлі есте. Студент шақта да алма теріп, пияз, картоп жинаудың қызықтарын айтып тауыса алмайсың. Мұның бәрі еңбектің қандай түрінен болса да қашпауға, қайта қиындыққа төзімді болып, иыққа түскен ауыр жүкті қайыспай көтере білуге үйретері анық. Осы тиімді тәсілден бүгін айы­рылып қалдық па?.. Қазіргі студенттер еңбек тәжірибесін былай қойғанда, өндірістік тәжірибеден өтуге құлықсыз ба дерсің. Айта берсек, оның да өзіндік себеп-салдары жеткілікті. Дегенмен, өздігінен ізденіп, «мен сіздерден өндірістік тәжірибеден өтейін деген едім» деп келетіндерден гөрі, «өтті» деп күнделік толтырып, мінездеме жазып беріңізші дейтіндер жоқ емес. Бұған қарап, білім беретін мекемелерінің шәкірттердің өндірістік тәжірибесіне қаншалықты дәрежеде көңіл бөліп отыр деген мәселе туындайды. Осы мәселені алға тартып, бірнеше жоғары оқу орындары мен колледждерге хабарластық.
Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына келгенімізде, он шақты студенттің оқу ғимаратының алдында бас кеңсенің кескінін бейнелеп жатқанын көрдік. Олар емтиханға дайындалып жатқан студенттер болып шықты.
Университетте төрт мыңға жуық студент білім алады. Тәжірибе, мансап және қоғаммен байланыс орталығының үйлестірушісі Арайлым Нүсіпованың айтуын­ша, студенттердің өндірістік тәжірибеден өту жұмыстары алдын ала ұйымдастырылып, бекітіледі екен. Университеттің ішкі тәртібі бойынша 1-2 курс студенттері оқитын бөліміне қарамастан бәрі дерлік оқу орнында жүргізілетін құрылыс жұмыстарына қатысуға міндетті. Бұл білім алушының өз мамандығын ғана емес, құрылыс саласын жан-жақты игеруіне мүмкіндік беретін тәсіл. Мәселен, сәулет, графикалық, өндірістік, сән, теле-бейне секілді дизайнер бөлімінде оқитын студент құрылыс саласын, құрылыс материалдарының құрамын, қалпына келтіру және қайта құру жұмыстарын өзі істеп көрсе, оның тек пайдасын ғана көреді. 3-курстан бастап университетпен арадағы келісімшарт жасалған беделді компанияларға өз мамандығы бойынша өндірістік тәжірибеден өтуге жіберіледі. Сонымен қатар жаз мезгілінде университет студенттерінен құралған – Студенттік құрылыс жасағы жұмыс істейді. Олар тегін жатақханамен, тегін тамақпен қамтылып, атқарған еңбегіне қарай еңбекақысын алады. Осылайша оқу ақысын өздері төлеп жүрген студенттерді университет ұжымы мақтан тұтады.
Байқап отырғанымыздай, аталған оқу орнында өндірістік тәжірибеге ерекше көңіл бөлінеді. Ал мұндай тәжірибені еліміздің барша білім ошақтары қолданады деп айта аламыз ба? Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, студенттер оқу жылы аяқталысымен не істерін білмейді. Басым бөлігі ауылдарына қайтады. Кейбіреулері қалада қалып, даяшы, көлік жуушы қызметтеріне уақытша орналасып, нәпақа табады. Демек, университеттер тарапынан белгілі бір дәрежеде өндірістік тәжірибені ұйымдастырудың тетіктері іске қосылмай немесе дұрыс ұйымдастырылмай келеді.
Жақсы тәжірибені бөліскеннің артықтығы жоқ. Өзіміз тілге тиек етіп отырған Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы еліміздегі 287 кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, келісімшартқа отырған екен. Келісімшарт уақыты 1-5 жыл аралығы. Олардың арасында «Light HouseKazakhstan», «Астана құрылыс», «Қазақстан дизайнерлер одағы», «Атырау Строй Проект», «Алматы құрылыс», «КазТрансГаз-Алматы», «Холдинг Алматы су», «Алматыгазсервис-Холдинг», «Қазақстан құрылыс ассоциациясы», «АлемЦентрСтрой», «Эдельвейс Риэлти», «Құрылыс Construction» «Элит-ЖД», «Казрестоврация» «Нұр-Құрылыс-80», «АлматыҚалаЖер», «Алматыжоба» және тағы басқа бірнеше компаниялар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көбінесе ұсыныс кәсіпорын тарапынан түсетін көрінеді. Өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің 80 пайызы жұмыс берушілердің көңілінен шығып, бірден жұмысқа алу жөнінде келісімшарт жасалып, оқу мен тәжірибені қатар меңгеріп жүргендер жетерлік.
Бұл жерде төрт апталық тәжіри­бенің екі аптасын шетелде өткізуге де мүмкіндік бар. Франция, Испания, Чехия, Түркия және т.б. жоғары оқу орындарымен келісімшартқа отырып, жол қаражатының 50 пайызын оқу орны, 50 пайызын студент өзі төлеп, сәулет-құрылыс жұмыстарымен танысып, зерделеп, зерттеп, саралап, ой елегінен өткізе алады.
Тағы бір ұнаған жері – жылына екі мәрте жәрмеңке өткізіліп, оның өтетін уақыты барлық кәсіпорындарға хабарланады екен. 58, 65 тіпті бір жылдары 187 мекеме жәрмеңкеге қуана қатысып, әр студентпен әңгімелесу арқылы өздеріне маман тапқан. Осындай жұмыстар жүргізу арқылы, сапалы білім алған жас маманды кәсіпорындар қуана қабылдап, алдын ала ұсыныс жасап, өздеріне қызметке алуға бейім. Өндірістік тәжірибе кезінде де, кейін жұмысқа тұрып қызмет ететін компаниялардан да оқу орнының атына білімді маман даярлағандары үшін Алғыс хаттар көп келетіндігін байқадық. Біздің білуімізше, дәл осы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы 5 жыл оқытып даярлайтын архитектура-дизайнер факультетін, өзге жекеменшік оқу орындары 4 жыл оқытатын көрінеді. Көпшілік бағасы арзан әрі оқу мерзімі аз деген оймен көп жағдайда сапасыз білім алып қалатындығын мамандар жасырмады.
Академияның атқарып отырған жұмысына зер салып, қуанып қайттық. Әрине, мұндай тәжірибелер жекелеген өзге де оқу орындарында жолға қойылса да, жалпы түрде іске асырылып жатыр деп айта алмас едік. Бәлкім, кейбіреулер қаражат тапшылығын сылтау етер немесе басқа да түйткілдерді алға тартар. Бірақ мәселе болашақ маманның сапасына қатысты болғандықтан, бұған ерте бастан тиісті көңіл бөліп, назар аударғанымыз жөн. Өйткені студенттердің оқу кезіндегі өндірістік тәжірибесінің дұрыс ұйымдастырылуына көп нәрсе байланысты. Орман шаруашылығы бөлімінде оқитын бір танысымның баласы өндірістік тәжірибе кезінде далада шөп жұлыпты. Міне, біздегі тәжірибенің түрі осы. Ал ондай жастарға орман шаруашылығының қыр-сырын үйретсе, қандай ғанибет.
Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне хабарласқанымызда өндірістік тәжірибе жөнінде тұшымды жауап ала алмадық. Бүгінде инженер мамандарға зәрулік байқалады. Өндіріс салаларына білікті мамандар ауадай қажет. Демек, инженер мамандардың да университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ оларға кәсіптерінің алғашқы дағдыларын тереңірек үйретудің жолдарын ойластырғанымыз жөн. Әйтпесе, қолында қолақпандай дип­ломы бар, білдей бір мамандық иесі заман талабына, бәсекеге ілесе алмай қалуы әбден мүмкін.
Осы мақаланы жазу барысында зерттеп көргеніміздей, жоғары оқу орындарында өндірістік тәжірибе тек формальді түрде есеп беру үшін жасалғандай. Себебі бір-екі аптаның ішінде мамандығыңа байланыс­ты өндірістік тәжірибеден өтетін мекемені немесе кәсіпорынды шам алып жүріп іздесең де таппайсың. Ал уақыт болса зырылдап өте шығады. Сондықтан тамыр-таныс іздеп немесе өндірістік тәжірибе жөнінде жалған құжат жасатуға мәжбүр болады.
Алматы полиграфия колледжінде болғанымызда біраз жайттарға қанық болдық. Мұнда баспа өндірісі, электронды теру және беттеу операторы, жазық баспа баспагері, түптеуші мамандары даярланады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәлима Тоқмағамбетова өз шеберханаларымен таныстырды. Әр топқа өндіріс шеберлері бекітілген. Аптасына екі күн өндірісте тәжірибе жинайды. Аралап жүріп байқағанымыз, студенттер білуге, үйренуге, тәжірибе жүзінде білімдерін көрсетуге бейім. Колледж студенті Бейбіт Айтбаев өз мамандығын жақсы көретіндігін, болашақта жоғары оқу орнына түсуді алдына мақсат етіп қойғандығын айтты.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәлима Тоқмағамбетова төменгі топтың оқушылары өндірістік тәжірибені колледждегі өндіріс шеберханаларында өтетіндігін, ал жоғары курста «Дәуір» және т.б. бас­палармен арадағы келісімшарт негізінде жұмыс жүргізілетіндігін атап өтті. Бұл колледжді бітіргендерге де сұраныс жоғары екенін білдік.
Осы жерде мына бір мәселеге назар аударғымыз келіп отыр. Колледждің студенттерін Мәскеудің жоғары оқу орындарынан арнайы іздеп келіп, өз оқу ордаларына білімін жалғастыруға шақырады екен. Үздіктер қатарынан көрінген талай баланың білім қуып, Мәскеуге кетіп жатқандығын естідік. Бір қызығы, отандық полиграфия саласы мамандығына даярлайтын жоғары оқу орындарында дәл осы сала бойынша байқау жоқтың қасы. Колледж түлектерінің еліміздегі ЖОО-ға барғысы келмейтін себебі – ҰБТ-мен байланысты. Бұл тұста талантты балаларға өз елімізде қолдау көрсету мәселесі туындайды. Шетелге оқуға кеткен дарындар елге ораларына кім кепілдік береді? Олай болса, оларға жағдай жасап, әлеуетін өз елінде пайдалануға мүмкіндік жасағанымыз жөн. Бір мамандыққа бейімделіп оқып шыққан жас маман қажетті балды жинай алмай қаламын деген үреймен әрі қарай білімін жоғарылатуға жүрегі дауаламайтын көрінеді. Кәсіптік білім беруді жоғарлатудың осындай кереғар тұстары жетерлік.
Гуманитарлық салаға да шолу жасап көріп едік, мұнда да түйткілді мәселелердің аз емес екенін байқадық. Көңіл көншітерлік жағдайларды байқай алмадық.
Түйін. Зерттеп көргеніміздей, студенттердің білім алу кезіндегі еңбек тәжірибесі елімізде әлі де бір жүйеге түспей келеді. Не істеу керек? Әрбір оқу орнының жанынан студенттердің еңбек тәжірибесін үйлестіріп отыратын бір орталық ашу қажет. Орталық қызметкерлері қай студентті өзінің игеріп жатқан мамандығына сай қай өндіріске тәжірибеге жіберу керек, оның мерзімі қандай болуы тиіс деген мәселеге жіті көңіл бөліп, ақпараттық жұмыстарды атқарса құба-құп. Жұмыс беруші компаниялармен, мекемелермен тығыз байланыс орнатып, өзара шарт жасасып, студенттер диплом алып шыққаннан кейін еңбекке араласып кетуіне мүмкіндік жасалғаны жөн. Оқу кезінде біліктіліктерін шыңдап, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырса, мұндай мәселелер туындамас еді. Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын тәмамдайтын жас­тар мамандықтарының практикалық дағдыларын игермей шығады. Мұның барлығы олардың оқу-тәжірибелік бағдарламаға қатысты тиісті іс-шаралардың атқарылмай жатқандығын көрсетеді. Бұл мәселеге тиісті сала басшылары көңіл бөліп, тығырықтан шығудың бір тиімді жолдарын қарастырса, сонда студенттер жазғы демалыс уақыттарын босқа өткізбей, жыл бойы алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып көру мүмкіндігіне ие болар еді. Қалай дегенмен де, бұл өте маңызды мәселе екенін естен шығармауымыз керек.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Жанар

    Қозғалмай жүрген тақырыптардың бірі еді. Өте жақсы жазылған. Студенттердің проблемасын айтқан, жазған дұрыс. Журналистке рахмет айтамыз.

  2. Руслан

    ?

  3. ӘДІЛ

    Жарнамасы көп ЖОО-ға барғаннан гөрі, жарнамасы жоқ КазГАСА-ға барған жөн екен… Онда оқу да оңай емес дегенді естіген едім. Әй, бірақ, сапалы білім де оңайлықпен келмейді-ау.

  4. Нұрболат

    Жақсы ой, идея, ұсыныс бар. Іліп әкететін адам болса!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.