Арманға аттанады ақ кемелер

0151«Жасаған Ие осы бір құлазыған былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғамасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсың», – деп Ә.Кекілбаев айтқандай, шынымен де, бұл өңірді бұрын-соңды көрмеген адамның көз алдына елестетуі қиынға соғады. Табиғаты – тұнған тарих, сырға толы шежіре. Дарқан даласына көз жүгіртсең, тіршіліксіз құла түзге кезігіп, жаңа әлемге аяқ басқандай боласың. Бірақ осынау құлан жортпас атырап адам бойына үрей ұялатпайды. Керісінше, сортаң шөл мен сусыма құм шағылдары ішіне сыр бүгіп жатқандай сезім сыйлайды.
Әулиелер әлемі

Маңғыстау жері – көне мәдениет­тің куәгері. Өлкеде археологиялық қо­рықтар, 11 мыңға жуық аспан астындағы тарихи ескерткіштер, мыңнан астам тасқа қаланған жазбалы суреттер бар. Қасиетті мекен 362 әулиесімен танымал: Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Кавказ, Иран, Түркия елдерінен келіп, зиярат етушілердің орталығы. Мыңдаған жылдар бұрын осы жерден Хорезм, Хиуа елдерін Еуропаға жалғаған Ұлы Жібек жолы өтті.
Маңғаз даламен теңізді бетке алып, батысқа жол тартсаңыз, әйгілі Ақ­тау шаһарына табан тірейсіз. Елі­міз­дегі жас қалалардың бірі де бі­ре­­гейі саналатын Ақтаудың іргетасы 1963 жылы қаланды. 1964-1991 жыл­дар аралығында бұрынғы Ақтау елді ме­­кені Шевченко деп аталып тұрды. Ал 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тарихи есімі қайта берілді. Қазақстан­ның мақтанышына айналған шағын қала Дүниежүзілік Сәулетшілер одағы­ның Патрик Аберкромби атындағы медалін иеленген. Ресейдің тарихи ордасы Ленинградтың үлгісі бойынша салынған қала ғимараттары еліміздің өзге құрылыс кешендеріне ұқсамайды. Мұнда көше атаулары мүлдем жоқ. Санмен аталатын шағын аудандарға ғана бөлінеді. Мысалы, «23-18-57» деген сан тізбелерін қала қонақтары телефон нөмірі деп түсінер, алайда ол – 23 шағын аудан, 18 үй, 57 пәтер екенін айғақтайды.

«Ұйқыдағы ару»

Әлем санатында еңсе көтерген тұрғын үйлердің үстінде орын тепкен санаулы екі шамшырақтың (маяк) бірін Ақтау қаласынан табасыз. Ол 11 қабатты зәулім сарайдың үстінде орналасқан. Бұл – тек қаланың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Кезінде академик Қ.И.Сәтбаев Маңғыстау түбегінің үстінен тікұшақпен ұшып бара жатып, бұл аймақты «ұйқыдағы ару» деп атап кеткен көрінеді.
Аймақтың табиғи ерекшелігіне байланысты тұщы су тапшылығы негізгі мәселелердің бірі болғанымен, бүгінгі күнде ол да өз шешімін та­уып отыр. 1972 жылы іске қосылған әлемдегі алғашқы шапшаң нейтронды атом электростанциясы (МАЭК) осы қалада жұмыс жасайды. Маңғыстау Атом энергокомбинаты теңіз суын өңдеп, тұрғындарды тұщы сумен қамтамасыз етеді.
Қалада пойыз вокзалы жоқ. Қаладан 20 шақырым қашықтықта Маңғышлақ бекеті қызмет атқарады. Бір қызығы, қала ішінде қатынайтын таксилердің барлық бағыттағы жолақысы – 200 теңге.

Ақжал толқынды ақтау

Ақ қала Маңғыстаудың ақ тасынан,
Көк теңіз көбік шашқан тап қасынан.
Арманға аттанады ақ кемелер
Қазақтың жалғыз теңіз қақпасынан.
Рза Оңғарбай

Ақтау порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан және Қазақстан Республикасының әртүрлі құрғақ жүк­тер мен мұнай және мұнай өнімдерін халықаралық тасымалдауға арналған бірегей теңіз порты болып табылады. 1963 жылы Маңғышлақ аймағындағы уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындарының өнімдерін тасымалдау үшін Ақтау порты өмірге келеді. Порт БН-350 атом электр стансасы мен тікелей Ақтау қаласының құрылысын ретке келтіруде маңызды рөл атқарып отырды.
1999 жылы порт тарихында жаңа бетбұрысты кезең басталды. Қуаттарды жаңарту жобалары жүзеге асырылды. Қазақстан Үкіметі Еуропалық Қайта құру және Дамыту Банкімен (ЕҚҚжДБ) бірлесіп, бөлінген несиеге (74 млн. АҚШ доллары) портты түбегейлі дамыту бағдарламасын жүзеге асырды. Ақтау порты Каспий және Қара теңіз, Волга, Волга-Дон және Беломор-Балтық каналы арқылы, сонымен бірге Иран бағыты арқылы өтетін Еуропа-Азия көлік дәлізінің негізгі бөлігі болып есептеледі.
Болашақта Ақтау порты теңіз тасымалы бойынша Иран мен Ресей бағыт­тарында, сонымен қатар Волга-Дон су арнасы мен Балтық бассейні елдеріне тіке­лей су қатынасы негізінде дамитын болады.

Мұрын жырау – маңғыстау мақтанышы

Ақтауым, кемелденген шағың қандай!
Көшелер інжу-маржан тағынғандай.
Сендегі сұлулықты таңғажайып,
Көрген де, көрмеген де сағынғандай.
Рза Оңғарбай

Маңғыстаудан алты Алашқа ән асырған Адайдың жеті қайқысы мен бес жүйрігі ел есінде әлі күнге дейін сақталып, жыр болып айтылып келеді. Өскінбай мен Құлшар, Есір мен Айтуған сынды балбармақ күйшілер, «Қырымның қырық батырын» тәулік бойы жырлаған танымал жырау, күміскөмей Мұрынның есімі де жалпақ қазаққа аян. Жұрт болып қастерлеп, ұлт болып ұлықтап жүрген әулие Бекет Ата да – қасиетті даланың төл перзенті.
Ерте дәуірде өзінің өнегелі тарихымен танылған аймақ қазір де мәдениет пен өнерден құралақан емес. Халыққа рухани тәрбие беріп, жүректің көзіне жол таба білген өнер қайраткерлері бүгінгі күнде де жетіп-артылады. Киелі алтын бесік елдің еңсесін тіктеп, жанына ем жасап, рухани демеу болуға үнемі қызмет етіп келеді. Ақтау қаласында Абай атындағы Мәдениет сарайы, Н.Жантөрин атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теат­ры орналасқан. Жастардың қолайлы да көңілді өмір сүрулеріне барлық жағдайлар жасалған. Мысалы, қала деңгейінде ең үлкен «Астана», «Юность» және «Ардагер» кинотеатрлары жұмыс істейді. «Лагуна», «Дискай», «Элико» аталатын жастар клубы да халық үшін өз қызметтерін аямайды. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары үшін теңіз жағалауларында еңсе көтерген демалыс орталықтары, ірі спорт кешендері бар.
Ақтау – жазғы демалысты көңілді әрі қызықты өткізушілерге таптырмас әсем шаһар. Теңіз жағалауы жаз мезгілдерінде табиғаттың әрін кіргізіп, жанға жайлы шуақ шашып тұрады. Жылдың мамыр мен қыркүйек айларының аралығында суға түсу кезеңі қыза түседі. Бұл кезде судың орташа температурасы тұрақты 21 градусты көрсетіп отырады. Бәрін айт та, бірін айт, өзіндік ерекшелігімен көргенге таң, естігенге аңыз мыңжылдық сәулет өнері, тарихы терең Ақтауға «ашық аспан астындағы мұражай» деген айдар тақсақ, қателеспесіміз анық.

Аққулы мекен

Жасампаздық, жаңалық құбылыс бар,
Маңғыстаудың жұлдызды туын ұстар.
Жылдарменен жарысып озып шықты-ау,
Құба жонда құлпырма құрылыстар.
Ә.Қонарбаев

Еліміздің оңтүстік батысында үнемі экономикалық әрі сауда-саттық байланыстарды ретке келтіріп, жан-жақты қатынастарды бір жүйеге салып отыратын Ақтау қаласы болашақта да сұранысқа ие. Демалып келушілер үшін қаланың маңызы зор. Қазіргі уақытта «Ақтау-сити» туристік әрі ойын-сауықтық ірі кешен құрылысы тұрғызылып жатыр. Көне шаһардың маңынан салынған жаңа қала 4 мың гектар аумаққа жоспарланған. Қала жобасын құрастыруға АҚШ-тың, Австралияның, Араб Әмірліктерінің және Еуропаның білікті сәулетшілері атсалысып келеді.
«Ақтау-ситидің» ерекшелігі де ма­ңызды. Қала ішінде тұрғындарға арналып, бүкіл жағдай қамтылады: барлық әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер шағын ауданнан әрі аспай, шешілетін болады. Қала құрылысы бір немесе бір жарым млн. адамға лайықталып тұрғызылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қа­ланың іргетасы қалану рәсімінде: «Ақтау-сити Қазақстанның інжуі бол­мақ… Ақтаулықтар, сіздерге шынайы қызығушылықпен, ізгі қызғанышпен қараймын…» – деген болатын.

Керуен көшіндей ұзаққа жол тартқан тарих сүрлеуінің желісін үзбей, өркениетті елдер қатарына сап түзеген «ақ маржан» қала, «ақ мәрмәр» орталықтың болашағы кемел. Ел санасында шет аймақ саналып жүрген киелі өңір бүгінгі күнде ұлттық болмысымыздың айнасына айналып отыр. Табиғи қазынасы жете зерттелсе де, рухани байлығы толық игерілмеген Ақтау шаһары – ашыл­маған шежіре, тұнған жұмбақ сыр.

Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.