Жер тағдыры: Талғардағы келелі кеңес

Жуырда Алматы облысы Талғар ауданын­дағы «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік орталығында жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Әдеттегідей бірқатар маңызды мәселелер ортаға салынып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл–Мұхаммед, Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырысты кіріспе сөзімен ашқан комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын бірден айтты.
— Басы ашық мәселе – жер шетелдіктерге сатылмайды. Жерді жалға беруге халық қарсы емес. Тек мерзімін белгілеу керек. Екіншіден, шекара маңындағы жерді жалға беру мәселесіне келсек, осыған дейінгі заңнамада шекарадан 3-5 шақырым қашықтыққа дейінгі жерді жалға беруге болатыны жазылған еді. Енді оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылуда. Жалпы осы комиссияның алғашқы отырысынан бастап-ақ, арнайы құрылған call-орталыққа 9 500 қоңырау келіп түскен. Олардың 75%-ға жуығын құрылыс жүргізуге қажетті 10 сотық жер сұрағандар өтініші құрады. Алматы облысынан 500-ге жуық қоңырау шалынса, соның 1 пайыздан астамы ғана Жер кодексіндегі нормаларға қатысты екен. Бұл мәселе жөнінде бүгінгі отырыста да мамандар өзіндік ойларын айтып, пікірлерін білдіруі керек. Жайылымдық жердің ауыл сыртынан кемі 10-20 шақырым қашықтықтан барып басталуы тиіс екені жөнінде ұсыныстар аз айтылған жоқ. Халықтың пікірімен санаса отырып, кезінде сатылып кеткен жайылымдық жерді ауыл тұрғындарының мүддесі үшін мемлекет қажеттілігіне қайта алудың жолдарын қарастыру керек шығар» деді Б.Сағынтаев.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жер мәселесі мен оның еліміздегі қолданылуы жөнінде бірқатар сандық көрсеткіштерді тілге тиек етті. Қандай жерлер көлемі егістік алқабына, қандай жерлер шабындық пен жайылымға жататынын нақты мәліметтерге сүйене отырып таныстырып шықты.
Отырыста сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы жер мәселесіне қатысты ой-пікірін білдірді. С.Бескемпіровтың айтуына қарағанда, Алматы облысында 22 млн. 358 мың гектар жер бар. Оның 8 млн. 632 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болып табылады. Аталған жерлерде 61 мың шаруашылық құрылымдары жұмыс жүргізіп келеді. Осындай мәселелерге тоқталған С.Бескемпіров: «Фермерлер үлесіндегі 547,6 мың гектар жер – жекеменшік құқығына ие. Облысымызда шетелдік 2 жер пайдаланушы 6,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игеріп отыр» деді.
Айта кетейік, жиын барысында пікірлер легі екіге бөлінген кездер де болды. Мәселен, бірі – жерді шетелдіктерге беруге қарсылығын білдіріп, керісінше отандық шаруаларды қолдауға үндесе, екіншісі – шетелдіктерге жерді жалға беру инвес­тиция тартудың көзі екенін алға тартты. Алайда бұл мәселе хақында өзгеше ұстаным білдіргендер де болды.
«Самал» шаруа қожалығының басшысы Еркінбек Ісләмов 25 жылға емес, тіпті 10 жылға жалға беруге де қарсы екенін, жер түгелдей мемлекеттің меншігінде қалып, тек қана жергілікті халыққа, онда да сатылып емес, ұзақ мерзімді жалға берілуі керектігін айтса, эколог Мэлс Елеусізов бұл мәселеде бәрінен де қарапайым ауыл жұртшылығының жағдайы сыртта қалып отырғанына баса тоқталды.
– Мен ауылда өстім. Сол себепті ауыл шаруашылығы мәселесін жақсы білемін. Соңғы 25 жылда шетелде тұрған жоқпын. Сондықтан нақты ұсынысым да бар, – деген ол Қазақстанда жерге қатысты Конституциялық референдум өткізуді ұсынды. Яғни, керісінше, адамдарға жермен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керектігін алға тартқан М.Елеусізов «жерді жекеменшікке сатуға жол беруге болмайды! Ал жалға беру мерзімі қысқа әрі ол мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс. Жерді жалға алушыларды және жердің пайдаланылуын қатаң бақылайтын арнайы орган құрылуы тиіс» деп түйіндеді.
Осы отырыста көтерілген ұсыныстың бірі – мүмкіндігі бар азаматтардың бірнеше облыстан бірнеше жер телімін сатып алуына шектеу қою қажеттігі болды. Алдымен шаруа тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеуі тиіс, содан кейін ғана оған екінші, үшінші жерді сатып алуға мүмкіндік беру керек. Өйткені шұрайлы жерді иеленгенімен, пайдалана алмай бос тастап қоятындар аз емес. Ал малы өскен екінші бір адамның жайылымы болмай қысылып жатады. Жерге зәру осындай адамдарға мүмкіндік беру үшін жайылымдық жерді мемлекет толығымен бақылауға алуы қажеттігін, егер фермерлер бірігіп, бір-біріне көмектеспейтін болса, оларға жерді беруге болмайтынын, жерді тұрақты жұмыс істейтін жақсы мамандарға тапсыру қажеттігін ашына жеткізген шаруаларға қарсы уәж айтушылар да болды. Олар шетелдіктердің қолдауымен жүздеген гектар жерді дұрыс пайдаланып жүргендіктен «шетелдіктерге жерді сатайын деп отырған жоқпыз, олардың технология­сын, тәжірибесі мен білімін пайдалану үшін шақырып жатырмыз. Егер бірлесіп жұмыс істейтін болсақ, ауыл шаруашылығы өркендейді» деген тоқтамдарын білдірді. Рыскелді Ахмедчанов, Таңатхан Нүсіпов, Жанат Исағұлов, Қалимолда Байболов секілді шаруалар шетелдіктерге жерді жалға беру қажет, бiрақ ол мемлекеттiң бақылауында болуы тиiстігін, екіншіден, шетелдіктер жергiлiктi тұрғындарға жұмыс берiп, оқытып, үйретіп, олардың жерге ие болып қалуына үлес қосса жақсы деген пікірлерін жеткізді.
Жер кодексінен бастау алып, өмірлік қажеттіліктерге қатысты ел тілегі жиынға қатысушылар тарапынан өткір қойылды. Мәселен Болатбек Бұлғақбаев Жер туралы кодекске әскери сынақ жүргізуге болмайды деген заң міндетті түрде қажет екенін алға тартты.
Белгілі ғалым Ақылбек Күрішбаев аграрлық саланы дамыту хақында ой өрбітті. Ал комиссия мүшесі, саясаткер Дос Көшім жиынның тек мемлекеттік тілде өтпегенін бір ескертіп, көтерілген мәселелерді сарапқа салды. «Инвестиция мен жерді шетелдіктерге беру мәселесін шатастырмаған жөн» деген Д.Көшім шетелден техника тарту мен технология үйренуге ешкім де тосқауыл қойып отырмағанын, сондықтан шетелдіктерге жерді жалға беру осы жағынан тиімді деген ұсыныстар орынсыз екеніне мән берсе, саясаткер Мұхтар Тайжан прогрессивті жер салығын орнатуды, яғни отандық ауыл шаруашылығын қолдауды ұсынды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірқатар маңызды мәселелерді айта келіп, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Жиын барысында көтерілген мәселеге жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері Кенжеғали Сағадиев, Ғани Қалиев, Оразалы Сәбден, Владислав Косарев, Серік Сұлтанғали, Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина, сондай-ақ танымал экономистер мен заңгерлер, қоғам қайраткерлері өз көзқарастарын жеткізді.
Расында жер деген қазақ үшін ең жанды да киелі ұғым ғой. Ел мен жер егіз деп бекер айтылмаса керек. Бұл сөздің мәніне отырыс барысында көз жеткізгендей болдық. Себебі, бір жер тақырыбынан ауыл тұрмысы, жайы­лым мәселесі, отандық шаруашылықты дамыту, тіпті мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сынды мәселелер қозғалды. Қордаланған мәселелерді уақытылы шешіп отыру үшін Елбасы жанынан қоғамдық палата құру қажеттігі жөнінде ұсыныс та айтылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңдеу үшін арнайы Аграрлық банк құрудың орынды екені де алға тартылды. Сарапшылар жер мәселесін дұрыс, тиімді шешу үшін субсидия мен ауыл шаруашылығы техникаларын бөліп, мамандар дайындау керектігіне баса назар аударса, негізі отандық агроөндірістік кешенді дамытудың басты тетігі билік пен қоғамды және бизнес құрылымын біріктіру бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажеттігі нақты дәлелдермен түйінделді. Мемлекеттік стратегиялық бағдарлама қажеттігі де назарға алынды.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның бесінші отырысына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев соңғы рет төрағалық етті. Ал келесі жиыннан бастап комиссияға Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық ететін болады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.