Еселі еңбегі ескерілсе…

Әр баланың өмірінде әкесінің  орны бөлек екені сөзсіз. Бұл қай заманда да, қай кезеңде де солай болып қала береді ғой деп ойлаймын.  Осы тұрғыдан келгенде өз әкемнің біздерге берген тәлім-тәрбиесі, ұлағатты сөздері  әрдайым жадымызда, асыл бейнесі көз алдымызда. 

Әкем Жалғас ­Байту­рин бұрынғы Атырау облысының ­Қызыл­­­қоға ауданында 1906 жылы дүниеге келген. Жастайынан өте зерек, жі­герлі әр нәрсені білсем деген талабымен өз бетінше білім алған ол, ұйымдастырушылық қабі­летінің арқасында бригадир, артель бастығы болып еңбек жолын бас­тайды. 1932 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, «Аққозы» қаракөл кеңшарын ұйымдастырғанда оның алғашқы директоры болып тағайындалады. Қаратөбе ауданының оңтүстік бетін түгел алып жатқан жерде қаракөл қойын өсіруге бағыт ұстап, мамандандырылған шаруашылықта қой санын 40-50 мың басқа жеткізеді. Қаракөл елтірісі кеңшар орталығында алғашқы өңдеуден өткізіліп, үлкен қалалардағы зауыттарға жіберіліп, одан әрі шетелдерге жөнелтілетін болған. Қаракөл өнімдері бірнеше рет одақтық, республикалық көрмелерге қатысып, көрменің алтын, күміс медальдарына ие болады. Шаруашылық қорытындылары бойынша «Аққозы» кеңшарының директоры Жалғас Байтурин екі рет Бүкілодақтық ауыспалы Қызылтуға ие болып, респуб­ликада алдыңғы қатардағы орынға шығады, өзі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Сонымен қатар әкеміз сол кездегі уақыттың талабына сай жаңа кеңшардың орталығын «Қоржын» деп атап, оны Жақсыбай өзенінің бойына салдырады. Сөйтіп, орталықта мектеп, дәрігерлік пункт, т.б. мәдени-тұрмыстық нысандар бой көтере бастайды. Әкем өзінің қайраткерлігі мен іскерлігінің арқасында халқына сөзі өтімді, өз ойын, ұсыныс-пікірлерін анық жеткізе білетін, әр адамның мұң-мұқтажымен санасып, жұртшылықтың қолдауына ие болады. Уақытпен ешқашан санаспай жұмыстың әр саласына араласып баршаға көмек көрсетіп, халқына адал қызмет етеді. 1932-1952 жылдары осы кеңшарды 20 жылдай басқарады. Кеңшардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуіне қажыр-қайратын аямаған. Бірқатар қиындықтарды артқа тастап кеңшар қалыпты даму жолына түсе бастағанда, Ұлы Отан соғысы басталады. Қаратөбе аудандық партия комитеті Орталықтың шешімімен әкемізді тылға жұмыс істеуге қалдырады. Соғыстың алғашқы күндерінен бас­тап ел экономикасы «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен соғыс жағдайына бейімделгені белгілі. «Аққозы» кеңшары да ел басына түскен қиындықтарды ескере отырып, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек дайындап белгіленген кесте бойынша жөнелтеді.
Мен бала болсам да, Жәмила, Бақия, Зияда әжелер Тұзтөбеге дейін ат немесе өгіз арбамен азық-түлік тасығандары әлі есімде. «Аққозыдағы» тыл майданы әкеміздің ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігінің арқа­сында мемлекеттік тапсырыстарды уақтылы және абыроймен орындайды.
Бүгінгі Ұлы Жеңіс туралы айтқанда, мен әкемнің ерекше атқарған еңбегін мақтан етемін. Бұл әңгімелерді осыдан 4-5 жыл бұрын өзімнің туған жеріме барғанда сол кезде бө­лімше меңгерушісі болып жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан Қадір Қойтан­баев, Ескендір Сұлтанғалиев, Нағимолла Ақбасов­тардан естігенмін.
Жеңіс күнін «Ақ­қозы­лықтар» да салтанатпен қарсы алады. Енді шаруашылықты бейбіт өмірге сай ұйымдастыру қажет. Соғыстан кейінгі жылдар оңай болған жоқ. Дегенмен, кеңшардың өндірісі өрге басып, 1946 жылы шаруашылық тағы да ауыс­палы Қызыл Туға ие болып, Жалғас Байтурин Батыс өңірінде бірінші болып «Москвич» автокөлігімен марапатталады. Кеңшардың көптеген қызметкерлері Үкіметтің жоғары наградаларына ие болып, әкеміз «Құрмет» белгісі орденінің иегері атанады.
«Әкем 1956 жылы Фурманов ауданы­ның Красный партизан» совхозына басшылық қызметке ауыстырылады. Бұл кеңшар мал өсіруден аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі болатын. Мұнда қойдың өзі 50 мыңға жететін. Әкем тек мал басын өсіру ғана емес, оны асылдандыру, шашыраңқы орналасқан малды ауылдарды шоғырландырып, мә­дени-тұрмыстық жағдай жасау жұ­мыс­тарын қолға алады. Кеңшар орта­лығы «Ақ пәтерді» абаттандырып, Қараөзен бойына алма бағын отырғызады.
Анамның аты – Зылиха. Анамнан елді сыйлау, қонақ күтуді, азаматын құрметтеуді үйрендім. Үйімізден қонақ арылмайтын. Олардың арасында халыққа белгілі адамдар да көп болды.
Әкем 1980 жылы ұзақ науқастан кейін дүние салды. Оның ізгі істері туралы ауыл азаматтары – Шәріп Хайруллин, Кәрім Өтеғұлов, Ескендір Сұлтанғалиев, Мақсым Сүйінішқалиев, т.б. жылы лебіздерін білдіріп, ризашылықпен еске алып отырады. Анамның 90 жасқа келгенін өзінің замандастары және жерлестерімен бірге атап өттік. Ол 92 жасында бақилық болды.
Ардақты әкемізден, аяулы анамыздан көп жақсы тәрбие алдық. Өмір жолыма ризамын. Жалпақталдың Меңдеш Исқалиев атты азаматымен (бүгінде ғылым докторы, профессор) отау құрып, түтін түтеттік. Шаңырақ көтергенімізге – 55 жыл толды. Гүлнәр есімді қызымыз, Тимурлан есімді ұлымыз, Диас Айжан, Әнуар есімді немерелеріміз бар.
Әкемнің туғанына биыл 110 жыл. Осыған байланысты өткен жылы Қаратөбе өңірінде болып, әкемнің «Аққозы» кеңшарын 20 жыл басқарған еңбегін ескеріп, сол кеңшардың бір елді мекенін немесе аудан орталығынан бір көше атын беру туралы аудан әкімі мен мәслихатына хат жазған болатынбыз. Қаратөбе ауданы әкімшілігі біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, бір оңды шешім қабылдар деп үміттенеміз.

Рая ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,
ҚР оқу ісінің үздігі,
ардагер ұстаз
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.