«Ер жігіт екпінімен тауды бұзған»

Жақсыбай өте сараң кісі екен. Расул деген бала әке-шешесі өліп қалған соң, Жақсыбайдан басқа жақын туысы болмағандықтан сол үйде жүреді. Бай Расулға өте қатал болыпты. Бір күні ауру қойы өліп бара жатқан соң бауыздап, қойды сойып алады. Ең болмаса арық еттен ауыз тигізер деп Расул дәметіп байдың үйіне барса, ол бұлқан-талқан ұрса жөнеледі. Сол сәтте күтпеген жерден үстіне Шу бойы­нан Қылышбай ақын келіп қалады. Мән-жайды түсінген Қылышбай сол жерде Жақсыбайға былай дейді:

Жақсыбай-ау, Жақсыбай,
Қылған ісің жақсы ма-ай?
Жас балада не жазық,
Семізін неге соймайсың?
Өз-өзіңнен тарылып,
Өліп бара жатқан соң,
Арық қойды сойыпсың,
Жинап алып еттерін,
Шараға салып қойыпсың.
Ұрыспағын балаға,
Ұрсып тұрған сен – итсің,
Аш балада дәрмен жоқ,
Қиқар болмай ол қайтсін?!

***
Қылышбай ақын бір жиында Қанымкүл деген ақын келіншекпен кездеседі. Келіншек күтпеген жерден бастырмалатып былай дейді:
Ақын болсаң халқыңа тисін пайдаң,
Бозторғай ұя салар терең сайдан.
Төрт дулаттың ұлындай шіренесің,
Некесіз қу жаныма келдің қайдан?

От ауызды, орақ тілді ақын сонда:
Айтыс десе, арқам бар менің қызған,
Ер жігіт екпінімен тауды бұзған.
Айтар сөзін білместен от басатын,
Некесіз боп туыппын сендей қыздан, – дейді.
Ақын келіншек сөзден тосылып отырып қалған екен.

(«Ел аузынан», «Жазушы»,
Алматы, 1989 жыл)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.