Түлектер кеші

Университет тәмамдау – әрбір студент үшін ұмытылмас қуанышты сәт.
Өйткені төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатқан шәкірттері қанаттары қатайып, бір-бір тұлғаға айналады. Кешегі балаң жастық артта қалып, өзге құрбыларымен тең дәрежеде сөйлесетіндей білім иесі болып шығады.

Иә, жуырда сондай бір керемет кештің куәсі болып, университетіміздің филология факультетінің түлектеріне «Ақ жол» деп, қимастықпен қоштастық. Өйткені Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты кешті факультет деканы, филология ғылымының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы құттықтау сөзімен ашты. Жалпы филология факультетін 280 бакалавр, 80 магистрант бітірді. Айта кетерлігі, бакалавр бойынша 120 студент қызыл диплом алса, «Үздік студент» номинациясымен 19 студент марапатталды. Кеш барысында белсенді студенттердің ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылды.
Түлектерге диплом табыстауға факультеттің әр жылғы түлектері шақырту алды. Олардың арасында Алматы қалалық әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы М.Ахетов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, филология институтының директоры Б.Әбдіғазиұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай институтының директоры Ж.Дәдебаев, Сүлейман Демирель атындағы университеті ректорының кеңесшісі Д.Ысқақұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы А.Оразбекқызы, ҚР ІІМ Алматы академиясы қазақ және орыс тілдері кафедрасының бастығы С.Тілеубаев, Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Б.Жанат, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының директоры Ж.Карманова, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюсері Ж.Асылбекова, республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің Білім және ғылым бөлімінің редакторы Б.Балаубаева, «Хабар» агенттігі спорт жаңалықтарының комментаторы Ж.Айтбайұлы, «Қазақ әдебиеті» газеті сын бөлімінің меңгерушісі А.Нүсіпов бар.
Кешті осы факультеттің түлегі, 31 арнаның тілшісі Манас Қайыртай мен 3-курс студенті Балнұр Омар жүргізді. Айтулы шараның соңы түлектердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Жұлдыз ЕСІМОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология факультетінің ғылыми істер
және халықаралық байланыс жөніндегі
деканының орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.