Боранды кеш (Әңгіме)

«…Сол жылы қыстың қаһарына мінгені сонша, мал біткеннің дені қырылып қалды. Қырылмағанда қайтсін, мал жейтін шөптің де қоры біткен.
Әншейінде ауылдың маңына жолай алмай жүретін итқұстың өзі күн бата салысымен, ауыл ішін кезіп қана қоймай, әр үйдің сарай, қораларын иіскелеп шықпайтын. Содан ауыл адамдары кеш түспей шаруасын бітіруге ыңғайланып, барлық есікке құлып салып, қалғанын бір Құдайға тапсырдық деп үйге кіретін. Сол жылы туыс ағамыз көрші ауылдағы бізге тиесілі жиырма бас жылқыны әкелуге тиіс болатын. Жылқыны айдап келе жатып боранның астында қалады. Барлық жылқыдан көз жазып, даланың дүлейімен бетпе-бет кездеседі. Амалы құрып адасқан ағамыз далада түнейді. Өзінің айтуы бойынша үсіп өлмеудің бірден-бір амалы қарға етбетімен жатып ұйықтау қажет екен. Себебі ондайда қарға күні бойы сінген күннің жылуы түнде қар астында сақталады дейді. Ертесіне күн ашылып, малды іздеуге кіріседі. Бірақ бар тапқаны бес жабағы ғана. Ауылды беттеп келе жатып қасқырлармен арпалысып, тағы бір күн далада түнеп шығады. Қаумалаған қасқырды отпен қорқытып, түнді еш көз ілместен өткізеді. Ертесіне жылқыларының үшеуінен айырылады. Олар қасқырға жем болады. Үшінші күн дегенде елге жетіпті. Сосын әкелген екі жылқының біреуін соғымға сойып, көрші-көлемді бір тойдырыпты-мыс, ал екіншісін жарты қап қантқа айырбастапты. Ол кезде қант өте тапшы болатын. Кез келген нәрсе еңбекпен, төгілген термен келетінін ұмытпа. Сондықтан балам, бар нәрсенің қадірін білу керек!» деп анасы жатар алдында бес жасар баласына осы әңгімені айтып берген. Бұл әңгіме төркіні бағана кешкі дастарқан басында қантты әдейілеп төгіп, ойын ойнаған балалары Жамал мен Бәтөннің іс-әрекетінен туған болатын. Екеуі де әкесінен қатты ұрыс естіді. Балалар аң-таң күйде: «Бір кесе қантқа бола неге ұрысады?» деп дастарқан басынан өкпелі тараған. Бұлардың бұл күйлерін көрген анасы әкелерінің неге қатты жекігенін ұғындырмақ болып, үлкен үйдің ең кіші бөлмесіне кірген болатын. Балалар ұйықтап қалыпты.
Балалықтың бал күндері артта қалғанына бүгінде он төрт жыл болды. Бәрі өзгерді. Ауылдың жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Мектеп, аурухана, балабақша… бәрі-бәрі жаңадан тұрғызылды. Баяғыдай қыстай жабылып жататын жол жоқ. Қар түссе болды, апта сайын техниканың көмегімен аудан орталығынан бастап ауылдың төріне дейін жермен тегістей қылып аршып береді. Халықтың тұрмыс жағдайы да едәуір жақсарған. Бас-басында бір-бір көліктен, ауданға машиналар күн сайын ағылып жатады. Осы бір заман дамуынан Бәтөннің отбасы да құр-алақан қалған емес. Әкесі – шағын бизнесті дөңгелетіп отырған ауылдың бетке ұстар азаматы. Анасы – бастауыш сынып мұғалімі. Айтпақшы, бұл үйдің адам саны да көбейді. Жұлдызға серік болсын деп бір қыз, Бәтөн қамқоршы болсын деп екі інісі өмірге келді. Қарындасы бойжетіп қалды. Бұл отбасының қызығы – үйдің екі кішкентайы.
Бәтөн мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсті. Бүгінде бірінші курстың жартысын тәмамдап, қысқы демалысқа шығып, ауылға келген жігіт сарай төбесінен ауыл ішіндегі қызу тірлікке сүйсіне қарап тұр. Бәтөннің азан шақырып қойған есімі – Батырхан. Үйдегілердің еркелетуі, көрші балалардың Батхан, Бәтхан деп атауы, одан калса құрдастарының Батон деп атауы нәтижесінде туған есім еді бұл. Ол оған еш ашуланбайтын. Оны қазір топтағылар Батыр деп атап жүр. Адамның адам болып қалуы есімінде емес, іс-әрекетінде деп түсінеді ол. Оның бір ерекшелігі кез келген нәрседен бір сырды іздеп жүруі, яғни сезімге тым берілгіштігі. Бұл оның мықтылығы және ең осал тұсы болатын. Алғаш рет ауылдан, ата-анадан, бауырдан ұзап қайта келген Бәтөн іні-қарындастарының жанынан шықпауға, үйіндегілерге қолғабыс етуге ерекше бекінген. Сол міндетін мүлтіксіз, тіпті асыра атқарып жібереді. Кеш батса інілеріне ертегі оқуды әдетке айналдырып алған. Бір жағынан ұмытыла бастаған ертегілерін өзі де есіне түсіріп алады. Бірақ бұрынғыдай сезім жоқ, тек оқып, қайдағы жоқ сәттер есіне түсіп жымиып қояды. Өзін жұмақта жүргендей сезінді. Бойындағы керемет сезімді қалаға кеткенше, осы ауыл­да тұрғанда ешкім айыра алмайды деп ойлады. Шұбатылған ойлардың қорытындысы «ештеңе мәңгілік емес екен, бәрі өзгереді» деген ойға тоқталды да, кеш бата төбеден түсіп, ауыл ішін шаңғысымен аралап келді.
Қаланың қым-қуыт тірлігі, сабақ, сессия, кітапхана, тар пәтер бәрі-бәрі осы бір ауылдың бір жұтым ауасының қасында түкке тұрмайды екен деген оны тағы кейін бір ой сабырға шақырды. Қазіргі өмірде ауадан да қажет бір нәрсе бар, ол білім. Білімің болмаса сен ешкім емессің. Адам болып қалыптаспайсың. Бұл ойын балалардың дауысы бұзды. Бұлай тұра бергенім болмас, шаңғымен ауыл сыртын шарлап қайтайын деген оймен үйге бұрылды. Шаңғысының арнайы аяқ киімін киіп, шалмасын қарындасы арқылы алдырып алды.
Толассыз жауған қар. Батырхан осы даланың қожайынындай ауылдан алыста орналасқан Белгі тауына қарай ақырын аяңдап барады. Оған қардың қалыңдығы сезілмеді де. Тау бұл ойлағаннан алыс боп шықты. Жақындадым деген сайын тау қашып бара жатқандай. Тау деп жүріп ауылдан ұзап кетпедім бе екен деп артына сәл үрейлене бір қарады. Ауыл көз ұшында көрініп тұр. Дәл осы екі ортада оған «Қайтсам қалай болады екен?» деген ой маза бермеді. Әрі көрші ауылда бір баланы қасқыр талап кетіпті деген жолдастарның әңгімесі еске орала кетті. Үрей мен батылдық арпалысқан сәтте батылдық басым түсті. «Егер адассам шаңғы ізімен кері қайтпаймын ба? Қайдағы адасқан, жас кезінен осы аймақты шарлап өскен бала емес пе едім. Жоқ, мен адаспаймын». Осылайша жастықтың жалыны бойды кернеп, алға сырғи жөнелді.
Тау жиегіне енді жеттім дегені сол еді, әп-сәтте боран күшейе түсті. Ауылдағы бағаналар ғана қарауытып көрінетін секілді. Бірақ сол қарауытқан нәрсе ауыл екеніне де анық сеніңкіремейді. Көзі еш нәрсеге жетпей қор болды. Боран болса көз аштырмайды.
«Бұлай тұра берсем, өлетінім анық» деп күбірлеп қалды.Ауызынан қалайша бұл сөздің шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. «Ал батырым, көрейік өнеріңді!» деп боранға сес көрсеткендей дауыстады да, шаңғы таяғын серпи жөнелді.
Боран да «Көрсек көрейік…» дегендей гуілге басты. Аз жүргеннен соң келген ізі де бұған қарсы шыққандай, жоқ болып кетті. Енді қайтпек керек, көз алдын көрудің өзі мұңға айналды. Аяқ талды, ауыз кепті. Сәл жүрді де етбетімен құлай кетті. Осы бойда он төрт жыл бұрынғы анасының әңгімесі есіне түсіп, қарға көміле бастады. Не істеп, не қойғанын өзі білмей, қармен үстін көме бастады. Бұл істі маған қалдыр дегендей, боран санаулы минутта жігіттің бүкіл денесін жауып кетті. Тек шаңғының екі таяқшасы ғана қар бетіне шығып тұрды. Расында да, қар асты жылы әрі тымық екен. Бораннан тығылып қалған жауынгердей сезінді өзін. Қайта шығуға әрекет қылғанмен, онысынан түк өнбеді. Қорқыныш пайда болды. Үн-түнсіз сыртқа құлақ түрді. Бір қауіптің келе жатқанын сезді. Ендігі арманы қасқырға жем болмау. Құдайдан соны ғана тілеумен, көзінің жасын көл қылды. «Егер боран жұмада басталса, келесі жұмаға дейін соғады» деген сөз бар ел ішінде. Сонда менің мүрдемді тапса бір аптадан соң табады» деген ой келді басына. Бұның үстін қар қалың етіп көміп тастаған. Манғы таяқтарының болар-болмас ұшы ғана сыртқа шығып тұр. Бұл кезде боран әлдеқашан басылған болатын. Бірақ Батырхан оны сезетіндей халде болмады. Мүлгіген тыныштықты сырттағы дыбыс бұзып жіберді. Еш қозғаусыз тұрған шаңғы таяқшасының асты жыбырлай бастады. Қасқыр шығар, иісімді сезіп келген деп топшылады. Бір сәтте бір дүлей күш жарыққа, далаға суырып алып шықты. Көзін ашып еді аппақ даланы көрді. Тозақтан жұмаққа қайта келгендей сезінді. Артына бұрылып қараса екі жігіт бір-біріне әңгіме айтып тұр. Олар механизаторлар секілді. Батырда үн жоқ. Механизаторлармен бірге ауылға тартты. Байқап қараса екеуі де қызулау. Қылжақпастанып мазасын алды:
– Қай оңбағанның баласысың? – деді сарысы.
– Неге оңбаған дейсіз? – деп ашуланған түр танытты Батырхан.
– Ау, көкем-ау, адам баласы мынадай боранда баласын қарға көміп кетеді ме екен… – деді екіншісі.
Болды, бұларға артық сөз шығындап қажеті жоқ. Болған жайды бұларға түсіндірудің де қажеті жоқ. «Қылжақпас дейді-ау. Осылар болмаса өлетін едім сол жерде» деп қайта ойланды. Трактор ауылға жеткенде үйге жақын маңнан түсіп, әлгілерге рақмет айтып, қош айтысты. Сарай жағына таянғанда енді көрмегенім сен болсын дегендей, шаңғыны лақтырып жіберді. Үсті-басын қағып, үйге кірген бойда анасы жылы шыраймен қарсы алды. Қанша жерден жігіт болса да көзіне жас үйіріле қалды. «Қайда болдың? Кімдермен болдың? деген сауалдар қарсы алдынан шықты. Қалжыраған күйін білдіргісі келмей, «Атамның үйінде кино көріп қалдым» дей салды. Бірақ ана жүрегі алдансын ба, сезді, сезді де іштен тынды. Батырхан анасы езіп берген сүзбені жеп отырғанда арғы бөлмеден жайдары мінезбен інісі келді де:
– «Балмұздақ» жеп отырмысың, аға? – деді.
–Иә, өзіміздің «балмұздақты» жеп отырмын, – деді. Орнынан әрең тұрып әкесі газет оқып отырған бөлмеге кіріп, пеш түбіндегі мысықты ысыра салып құлай кетті. Бойына жылу барған соң, маужырап ұйқы баса бастады. Ойланып жатып: «Мен қате пікірде болыппын. Әлемде өзгермейтін нәрселерде жетерлік екен. Мысалы, манағы боран, табиғат көріністері қайталанып тұратын жағдайлар. Ал ана мейірімі мен әке шапағаты ешқашан, ешуақытта өзгермейтінін түсіндім. Мұны маған түсіндірген бүгінгі боранды кеш» деген оймен бағанағы қар астындағы сөздерін ақтап алды. …Сәлден соң дәл он төрт жыл бұрынғы ұйқыдай, яғни балалық кездегідей еріксіз көздері жұмылды.

Батырхан ТӘЖЕНОВ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.