Нұрсұлтан Назарбаев: «Барлық БАҚ өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Д.Абаев таяуда құрылған министрлік қызметінің бүгінге дейінгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жос­парлары туралы баяндады.

Елбасы отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан Президенті қазіргі кезде мемлекет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқанын, оны халыққа тиісті түрде жеткізу қажеттігін айтты. «Барлық БАҚ меншік формасына қарамастан, өз халқының мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін қаражаттың қатаң есебін жүргізу қажет. Бұл мәселені заң деңгейінде реттеу қажет болса, солай істеу керек» деді Н.Ә. Назарбаев.
Министр Д.Абаев ұйымдастырушылық жұмыстары тұрғысынан министрліктің қалыптасу кезеңі аяқталғанын, жүктелген міндеттерді орындауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл міндеттер бәсекеге қабілетті ақпараттық кеңістікті дамытуға және түрлі саладағы мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдаудың тиімділігін жақсартуға, телекоммуникация саласындағы қызмет сапасы стандарттарын жетекші елдер деңгейіне жеткізуге, электрондық үкіметті ашық әрі есеп беруші мемлекет қалыптастыру аясында одан әрі ілгерілетуге бағытталатын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қоры­тындысы бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатты одан әрі ілгерілету, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімді тетіктерін енгізу және телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Бәсекеге қабілетті болу –  басты мақсат

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағ­дар­ламасының жүзеге асырылу қоры­тындыларына арналған кеңеске қатысты. «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңесте ел экономикасының даму жолдары қаралды. Кеңесті өзі жүргізіп отырған Президент экономиканың басым бағыттары туралы әңгімелеп, қажет кезінде салаға жауапты ведомство жетекшілерін де сөзге қатыстырып отырды. Шара барысында елімізді индустрияландырудың негізгі бағыттары тағы бір пысықталып, бірқатар министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Бұлармен бірге, телекөпір арқылы еліміздің 11 аймағында жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды.
Елбасы іс-шара алдында тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптің және фармацевтика өндірісінің халық тұтынатын тауарларымен танысып, «Қазақстанда жасалған» атты көрмені аралады. Дәл қазіргі бүкіл әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыстың кері әсерін әлсірету үшін және ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін индустрияландыру бағдарламасын тиянақты жүргізу қажет екеніне тоқталған Мемлекет басшысы, бұл іске әр қазақстандық қатыстырылуы керек екенін айтты.
«Өткен жылы индустриялық-инно­вация­лық бағдарламамыздың бес жыл­дық жоспарын тәмамдап, алға қойған мақсаттарымызды толық орын­даға­нымызды бәріңіз жақсы білесіздер. Ол экономиканың тұрақсыз кезеңінде еліміздің қалыпты дамуына үлкен қолдау болғаны да мәлім. Әсіресе, сыртқы жағымсыз факторлардың теріс ықпалын азайту үшін экономиканы әртараптандыру аса қажет екенін біз білдік. Сондықтан елімізде индустрияландыру бағдарламасын белсенді түрде жалғастыруды жөн көрдік» деді Н.Назарбаев.
Жиынды қорытындылаған Елбасы телекөпір арқылы іске қосылған өнеркәсіптер ел экономикасының дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін айрықша атады. Н.Назарбаевтың айтуынша, еліміз ендігі жерде бағдарламаға түзету енгізіп, болашаққа қадамды нақтылай түсуі тиіс.
«Әрине, әлемде қазір алдымыздан қандай дағдарыстың күтіп тұрғанын болжау мүмкін емес. Дегенмен, біз кез келген тосын жағдайдың алдын алу үшін жұмыс істеп жатқан елміз. Бес институттық реформа бойынша «100 нақты қадамды» орындауды алға қойдық. Экономикаға қосымша серпін беретін «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Келешекте осының барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өмір сапасын көтеруге, бәсекеге қабілетті болуға жұмыс істейді деп сенемін» деді Елбасы.
Индустрияландыру бағдарламасының бас­ты нәтижелерінің бірі – өңдеуші сала­лардың оза дамуы болды.
«Өсім қарқыны бойынша өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру секторын 1,4 есе басып озады. Осы­лайша экономикамыздың құрылымы жақсаруда. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі оң нәтижелер көрсетуін жалғастырып отыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент атап өткендей, қазіргі уақыттағы басты мақсат – дағдарыстан аман-есен шығып, халықтың әл-ахуалын төмендетпей, керісінше табысын жоғарылату. «Менің неліктен индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті белсенді қолдап отырғаным түсінікті болар. Бұл жұмыстың түпкі мақсаты – осы арқылы мынау дағдарыстан аман-есен шығып, халықтың әл-ахуалын төмендетпей, керісінше табысын жоғарылатуға жағдай жасау. Кешегі БҰҰ-ның 193 мемлекеті қолдап, тарихы үлкен елдердің алдына шығып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланғанымыз Қазақстанға берілген баға деп білеміз. Біз бейбітшілікті жақтап жүрген елміз. Біздің елдерді табыстыру мәселесіне қатысуымыз, экономикамыздың өсуі, интеграцияға жақындығымыз – осының бәрі ескеріліп отырып шешілетін мәселе бұл. Бұл жеңіс – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығындағы тағы бір үлкен табысымыз» деді Н.Назарбаев.
Президент жүргізіліп жатқан барлық реформалар еліміздің дамуы үшін жаңа сапалы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Арманы асқақ бас қала

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемле­кеттік туды көтерудің салтанатты рәсіміне қатысты. Бұл астаналықтар үшін айрықша күн. Себебі дәл осы 4 шілдеде Көк туымызды көкке көтере отырып, қала күнінің шымылдығы түріледі.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Астанадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінің алаңында айнала көк тулармен безендіріліп, ән шырқалды. Әнұран орындалып, еліміздің ең үлкен, бас байрағы биікте желбіреді.
Елбасы ынтымағы ұйысқан халқымызды мерейлі мерекемен құттықтады. Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды. Мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
«Бұл – еліміздің асқақ рәмізі. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл – еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрын-ғыдан да танымал ете түседі» деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқына бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.
Рәсім аясында Елбасы – Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Президенттің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.
Елбасы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
«Бүгін біз жоғары әскери оқу орын­дарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жастар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл – кездейсоқтық емес. Өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сая ЕРМЕКОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.