Бүкілхалықтық мейрам

6 маусым күні Астананың туған күні барша еліміз бойынша кең көлемде атап өтілді. Шуағын төккен нұрлы күн, әуелеген әуендер, күмбірлеген күйлер, шаттықтай бал-бұл жанған жүздер, сәбилердің қуанышқа толы тәтті күлкісі, сахнада мың бұралған би қыздардың өнері, палуандардың сайыстары, ұлттық ойындар, ақындардың шабытты жырлары…бәрі-бәрі Астанамыздың келбетін одан сайын ажарландырып, мерекені тамашалауға келген жұртшылықтан орталық алаңдарда ине шаншар орын болмады. 

Иә, Елордамыз биыл 18 жасқа толды. 18 деген ер-азаматтың жігіттік шағы. Арманмен астасқан, жігерлі әрі қайратты шақ. Астанамыз да еркін адымдап, қанаты қатайып, нық сеніммен алға басуда. Ендігі мақсат – бұдан да биік белестерді бағындыру. Туған халқымен, елімен бірге өсіп, көркею.
Елбасы жуырда Астана туралы сөйлеген сөзінде: «Осы уақыт ішінде үлкен жолды артқа тастадық, көп нәрсе жасалды, бірақ жасайтынымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер мен құлшыныс бар. Астана біздің тәуелсіздігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инновация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл – Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы» деген болатын. Шын сөз.
Енді сөзімізді Астана күніне байланысты шаралармен түйіндесек. Ол әдеттегідей сан түрлі фестивальдермен, өнер және ән кештерімен өрнектелді.
Мәселен, «Мыңжылдықтар тоғы­сындағы Астана» фестивалі елорда тұрғындары мен қонақтарын көшпелілер өркениетімен таныстырса, Оқушылар сарайында IV «Аялаған ­Астана – 2016» республикалық конкурсы өз мәресіне жетіп, үздіктер анықталып жатса, жас­тар үшін тағылымы мол шара деп Абай ескерткішінің жанында өткізілген әдеби шараның орны бөлек болды. Биылғы шара барысында Ф.Оңғарсынованың «Өлеңдер жинағы» кітабының тұсаукесері өткізіліп, «Абайдың рухы» атты театрландырылған қойылым көрсетілгені де ерекше есте қалды.
Биылғы жылдың жаңалығы, елорда қонақтары америкалық және отандық 80 артистің ашық аспан астындағы сахнада Бродвейлік мюзиклін тамашалады. «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңдағы кешкі қойылым Елорда күніне және Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының ара­сындағы ынтымақтастықтың 25 жыл­дығына орайластырылды. Қалалық алаңда «Тәуелсіздік жыры – Астана» фотокөрмесі өтті. Көрмеге белгілі фототілшілердің, Ресей Суретшілер одағы мүшелерінің және т.б. еңбектері қойылды. Көпшілік назарына 300-ге жуық жұмыс ұсынылды. Сонымен бірге «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда «Арқайым – күннің қаласы» 3D интерактивті ойын-сауық қалашығы ашылып, халықтың көзайымына айналды. Қалалық алаңда «Аспазшылар шеберлігі – сүйікті қалаға» атты төртінші аспазшылар фестивалі де қызықты өтті. Өйткені мұнда үздік даяшы анықталды. Үш метрлік мерекелік торттың жанына суретке түсушілер легі толастамады. Қалалық саябақтар да бұл күні ерекше әсемдікке бөленді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Елорда тойы республика бойынша тойланды. Бұл бүгінде жақсы дәстүрге айналғаны белгілі. Мәселен, Алматыдағы Мәдениет және демалыс орталық саябағында «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты ауқымды мерекелік концертке өнерсүйер қауым көп жиналды. «Астана-Алматы пойы­зы» байқауы және басқа да бірқатар спорттық шараларда тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Республика Сарайы алдындағы алаңда жалпықалалық концерт керемет деңгейде өтті. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарында да Астана күні дүбірлі той көріністерімен айшықталды. Туған күнің құтты болсын, Астана!

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.