ҚОЛЫМДА ҚҰДІРЕТТІ КҮШІМ БОЛСА…

Ноғайбай ақын

Өр Алтай жайлауына келер едім,
Көркіңді көзім болса көрер едім.
Сауырдың сай-саласын серуендеп,
Жемісін қызыл жидек терер едім.

Желілеп бие байлап саудырар ем,
Аспаннан ақ меруерт жаудырар ем.
Кенелтіп Маңырақтың кең етегін,
Ұрпаққа абзал мұра қалдырар ем.

Күн болсам шұғыламды төгер едім,
Түнерген қара бұлтты бөгер едім.
Тамырын арамдықтың жұлып тастап,
Ұрығын адалдықтың егер едім.

Құс болсам қанат қағып келер едім,
Адал деп барлық жанға сенер едім.
Шөліркеп шөлдегенді сусындатып,
Су тасып қанатыммен себер едім.

Жаңбыр болсам нұр болып жауар едім,
Жұлдыз болсам жарқылдап жанар едім.
Мекенін ғадалаттың білген болсам,
Жан қиып, жиһан кезіп барар едім.

Су болсам өзен болып сарқырар ем,
Мөлдіреп ақ күмістей жалтырар ем,
Көгертіп жердің бетін гүлге орап,
Бақытты ғайыптағы шақырар ем…

…Асау суын Ертістің бөгер едім,
Аясын бау-бақшаға бөлер едім.
Жарасам жан біткеннің керегіне,
Армансыз ақ өліммен өлер едім.

Қолымда құдіретті күшім болса,
Бірдей ғып адамзатты теңер едім,
Алалап жан иесін адастырмай,
Тең бөліп ризығын берер едім.

Сонда мен көл-дариядай толқынар ем,
Бойымды қуанышқа толтырар ем.
Өлсем де қайта тұрып, бас көтеріп,
Шаттанып көр үстінде отырар ем.

(«Ел аузынан», «Жазушы»,
Алматы, 1989 ж.)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.