Ақ жол, жас маман!

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті отандық білім-ғылым саласын жас мамандармен толықтырды. Жақында бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған түлектерге диплом табыстау салтанатты іс-шарасы өткізілді.
Қыздар университетінің ректоры Д.Нөкетаева «Аяулы менің қыздарым! Қыздар университетінің түлектері! Дана Абай бабамыз «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» дейді. Адамгершілік қасиетке ие, білімді, зейінді шәкірттеріңіздің «Менің алғашқы ұстазым!», «Мені оқытқан ұстаз!», «Менің сүйікті мұғалімім!» деген мақтанышты сөздерін әрдайым естіп жүрулеріңізге тілектеспін!

Ұстаз мерейі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Мерейлеріңіз үстем болсын! Еңбек жолдарыңыз ашық болсын! Мансап баспалдақтарыңыз өрлей берсін! Ақ жол, жас маман!» деп кеше ғана білікті маман атануға деген асқақ арманмен Қыздар университетінің табалдырығын аттаған, міне, араға төрт жыл салып, заманауи жас кадр атанып отырған өзінің жас әріптестеріне арнап құттықтау лебізін арнап, магистрлік және бакалаврлық дипломдарын табыс­тады.
Биылғы оқу жылында Қыздар университетін бакалавриат бойынша 2 мыңға жуық түлек, 182 ғылым магистрі аяқтап отыр. Ал бакалаврды тәмамдаған студенттерінің қатарына Миссисипи мемлекеттік университетін бітіріп, қос дипломды маман атанған жаңа студенттер легі қосылып отыр. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша оқыған Жанаргүл Хамитова, Іңкәр Бүркітова, Элина Де, Дина Абдрахманова, сондай-ақ «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алған Айғаным Абдельдинова, «Информатика» мамандығы бойынша бітірген Ботагөз Сәбит Қыздар университетінің қосдипломды түлектерінің қатарын толықтырды.
«Мен осыдан төрт жыл бұрын өзім қалаған мамандыққа, өзім қалаған оқу ордасына оқуға қабылдандым. Мемлекеттік грант бойынша дәл осы Қыздар университетінде білім алғаныма қуаныштымын. Алда жоспарлар өте көп. Ең бастысы бізге сапалы білім берілді. Енді қабілеттілігімізді танытып, артылған сенімнің үдесінен шығуымыз керек. Оқытушыларыма рақметімді айтамын» деп ағынан жарылған Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің түлегі Баян Байжанова оқу ордасымен де, курстас­тарымен де қоштасатын сәт келгендігін қимастықпен жеткізді.

Нұржан Ақылұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.