ҰЛТЫНЫҢ АРДАҚТЫ ҰЛЫ ЕДІ

Алаш қозғалысының көрнекті  қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының өмірінен

ом қаласындағы округтік әскери прокурорының кеңсесі орналасқан еңселі ғимарат. Абажадай бөлме іші терезеден төгілген күн шұғыласынан жап-жарық.Төрдегі қызыл қайыңнан оймышталған үстел үсті рет-ретімен қатталған іс қағаздары. Қара былғарымен көмкерілген жұмсақ орындыққа жайғасқан күйі Жанша алдындағы жазып отырған қағазға әлсін-әлі шұқшиып, қалам ұстаған оң қолы тас сия сауыттың түбін тесердей тықылдатып, тыным табар емес. Оның шалт қимыл қарекеті ішкі жан дүниесіндегі алаңдаушылық пен мазасыздықты аңғартқандай. Арагідік қолын суытып, аяқтарын қайшылап, қапсағай жауырынымен орындық арқалығына бар салмағын аудара ой құшағына батады. Оң жақ қабырғадағы ағаш шкаф сөрелеріндегі қаз-қатар тізілген қоңыр мұқабалы бумалардағы іс қағаздармен жас заңгердің жеке-жеке танысып шығуына едәуір уақытын бөлді. Әрбір істе адам тағдыры, әділдікке жүгініп, ақ пен қарасын ажырату, қара қылды қақ жаратын қазылық Жаншаның ең басты кәсіби міндеті.

Оны әсіресе осы өлкеге саяси сенімсіздігі үшін жер аударылған «қылмыскерлердің» қаттаулы істері көңілін көбірек елеңдетті. Қалыптасқан қоғамдық құрылысқа, мемлекеттік жүйеге ішкі наразылығын білдіріп, ашықтан-ашық қарсы шығып, әлеумет санасын билеп әкететін рухы мықты, ықпалды күштерге патша әкімшілігі тарапынан көрсетер құқайы мен жазалау әдіс-тәсілдері қандай боларын ол жақсы біледі. Әрине, мұндай жолды таңдап, қалың бұқараның мүддесін көздеп, белін тәуекелге буған жандардың бұл әрекеті жүрек жұтқан батылдық. Жанша ­осындай болмысы өжет, халқының болашағы толғандыратын дара тұлғалар тағдырын үңіле зерделеп, адамшылық қадір-қасиетіне бүй­регі бұрып тұратын. Өмірде ол заң баптарында қаралмаған, тәжірибе жүзінде бұрын-соңды ұшыраспаған оқиғалармен де кей жағдайда бетпе-бет келіп қалатыны бар. Ондайда құқық қорғаушының ақыл-ойы, азаматтық дүниетанымы сынға түседі. Міне, мұндай сәттер Жаншаның адвокаттық қызметінде аз кездескен жоқ. Бірақ бәрінде де оны қаршадайынан құлағына құйып, бойына сіңген ділмәр, жезтаңдай шешен бабаларының білік-парасаты, табан астында тауып айтқан қасиеті демеді. Әсіресе, өзінің орысша-қазақша бейнелі тілмен әсерлі де өткір сөйлейтін табиғатынан жомарт жаратқан қабілеті кездескен талай тығырықтан жол тауып, алып шықты. Ол қағидаға айналған заңның жетілмеген кемшін тұстарын, ықпыл-жықпыл қыбын тауып, шығармашылық ізденіс, шүбәсіз дәлел-айғақпен естіген құлақты еріксіз иландыратын шешендік қыры мамандар тарапынан өз бағасын алып, абырой, беделі өсіп, мойындала бастады…
Жаһаншаһ (тарихи құжаттар мен әдебиеттерде Жаһанша, Джанша, Жаханша, Джиханша, Жанша делініп, әртүрлі әліптелінген) – азан шақырып қойған есімі. Ел ішінде жақын-жуық, туыстары еркелетіп Жанша атап кеткен. Ол 1887 жылы Орал облысы Жымпиты ауданына қарасты Қарақұдық бөлімшесінің №3 ауылында малшылықпен күнін көрген Досмұхамед отбасында дүниеге келді. Жанша Досмұхамедұлының арғы тегі он екі ата байұлы ішіндегі тана руының қарақұнан тармағынан. Тана руы ежелден жауынгерлік ерлік дәстүрімен дүниені дүбірлеткен, «тарих атасы» саналған Геродот заманында қазіргі Дон өзені Танаис, яғни Тана руының есімімен әлемдік геосаяси карта бетіне таңбаланған. Досмұхамедтің үлкен ұлы Ғаббас атакәсіп мал шаруашылығымен айналысып, ата-анасына қарасуды мақсат етті. Жанша жастайынан үлкендердің әңгімесіне үйірсек, ел аузындағы би-шешендердің даналық тапқыр өнеріне құмартып, әуестеніп өседі. Әсіресе, Сырым бабасының таңдай қақтырған шешендігі мен көзсіз батырлығын тыңдағанда аузының суы құритын. «Биеден ала да туады, құла да туады» демекші, бір отбасында тәрбиеленген ағайынды екеуінің дүниетанымы мен арман-аңсары екі бөлек дамыды. Көзкөргендердің бізге жеткен дерегінше, Жаншаны әкесі Бұлдырты болысы, Ілбішін уезіне қарасты ауылдық көшпелі орыс-қазақ мектебіне береді. Тумысынан білуге құштар Жанша қатарынан үнемі озықтығымен көзге түседі.
XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясы шет аймақтағы Қазақ Даласын отарлаудың жаңа сатысына көшті. 1868 жылғы Жаңа Низам аталған тәртіп бойын­ша Қазақ Даласын рухани-этникалық отарлау заң жүзінде күшіне енді. Патша әкімшілігі қазақ жеріне ішкі Ресейден орыс шаруаларын күшпен қоныстандыру саясатын үдетіп, байырғы халықтың нулы-сулы, шұрайлы жайылымдықтарын кесіп беруді жеделдетті. Келімсектермен жергілікті тұрғын ел арасында ішкі наразылық пен тартыс өршіді. Мұның соңы ушығып үлкен жанжалдарға, қантөгіске ұласып, қасіретті оқиғалармен бітіп отырды. Отаршыл саясаткерлер қолтығына су бүріккен қарашекпенділер қазақ даласына қара шыбындай қаптап, жергілікті халықтың төбесіне әңгір таяқ ойнатып, обал-сауапқа қарамай ойына келгенін істеп бақты, онсызда қанаудағы елдің төзімін шектен шығарды. Үкіметтің шексіз қолдауына сүйенген келімсектер «жаман үйдің қонағы билейді» дейтін қазақтың даналығын әлме-әлі еске салды. Ұлтты рухани-этникалық отарлау зор қарқынмен іс жүзіне аса бас­тады. Қазақ арасында орыс миссионерлік мектептері ашылып, Мемлекеттік Думада қыр еліне қатысты сырттай тон пішіп, заң жүзінде бекіткен құжаттарға иек арту әкімшілік биліктің жаңа тәртіп орнатудың құқықтық құралына айналды. Елдің игі жақсысы мен жайсаңдары арасында империялық отарлауға қарсы ең сенімді қорғаныс білім-ғылыммен қарулану екенін түйсіне бастады. Ең әуелі қазақты рухани ағартуға мұғалімдік мамандыққа сұраныс еселеп артты. Содан кейінгі қазақ даласында сұранысқа ие болған заңгерлер мен денсаулық қорғау мамандары еді. Сонымен қатар заманға лайық басқа да мамандық иелеріне қызығушылық ептеп-септеп өскен үстіне өсіп, жалғасын тапты. Қазақ даласындағы бұл үдерістің кең қанат жаюына XX ғасырдың басында ұлыттық мерзімді баспасөздің шыға бастауы жаңаша сипат беріп, халық арасында насихат жұмысының пәрмені күшейді.

Жаһанша Досмұхамедұлы, Зайра Колосовская-Досмұхамедова, Танзила Ғаббасқызы, Ғаббас Досмұхамедұлы. Жымпиты. 1920 жыл.
Жаһанша Досмұхамедұлы, Зайра Колосовская-Досмұхамедова, Танзила Ғаббасқызы, Ғаббас Досмұхамедұлы. Жымпиты. 1920 жыл.

Қыр қазағының үміт еткен жалғыз қорғанышы білім-өнерді игерген азаматқа тірелгендіктен, баласын мектепке беруге ықылас жаппай артты. Міне, осы заманауи талап-тілекке орай Жаншаның білімге ерекше құштарлығы мен қабілеті Жымпитыдағы бір кластық орыс-қазақ училищесін өте жақсы бағаға бітіріп, оқу орны басшылығының ұйғарымымен Орал әскери реальды училищесіне жолдама алады. Бұл оқу орнына Жанша Досмұхамедұлының орналасуына Ресей империясына құрметті азамат, халық арасында Ақшолақ атанған болыс Мұхамеджан Сарықұтжин қол ұшын беріп, жәрдемдеседі.
Балауса Жанша училище табалдырығын аттаған сәттен өзі сияқты білім-өнерге құштар қаракөз құрбы-құрдастары Бақтығали Бисенұлы, Жұмағали Бұйышұлы, Ескендір Қомжасарұлы, Қожахмет Әзімұратұлы, Нұрғали Досбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Шабазгерей Күсебғалиұлы, Ғали Халилұлы, Сабыржан Сарықұтжин, Ғұбайдолла Бердіұлы, Сұлтан Тамашұлы, Молдағали Бекімұлы, Рабат Молдабайұлымен танысып, тонның ішкі бауындай араласып кетті. Бұл оқу орнының бір ғажабы, орыс тілі мен әдебиетінен басқа ғылымның әртүрлі саласынан физика, математика, химия, биология, геометрия, астрономия пәндерінен дәріс алатын. Империяға еңбегі сіңген мұғалім Д.Ф.Есыров орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Н.В.Гогольдің «Ревизор» спектаклін сахналаудың 1-ші актісіне Жаншаның белсенділік танытқанын ерекше атап өтіп, «Майская ночь» повесінен көркем де, әсерлі үзінді оқығандығын арнайы мақтау қағазбен марапаттайды (Ақбай Ж. Жанша (страницы истории) // Приуралье, 1997, 13 декабря; Мажитов Р.С. Жаханша Досмухамедов. – Алматы: «Арыс», 2007). Училищеде оқыған жылдары Жанша орыс демократ-ағартушыларының еңбектерімен қатар миссионер ғалымдардың төрүк тұқымдас ұлыстарға бағытталған оқу-тәрбие жүйесінің негізгі арқауы – этникалық ерекшелігін ­жойып, діни сенімін өзгерту, шоқындыру, империяға сіңіріп жіберу саясаты екеніне әбден көзі жетті. Ойындағысын бүкпей, тік айтатын Жанша қазақ халқының тарихына байланысты ұстаздарына қойған сауалына сан мәрте намысына тиетін, кемсітушілік жауап алады. Мұндай көңіл құлазытатын оқиғалар қайталанған сайын бұратана санаған қазақ халқына, жалпы төрүктектес ұлыстарға деген империялық пиғыл жас жігітті толғандыруға, рухын жанып, ішкі қарсылығын оятуға әсер етті. Ол алдына қайткен күнде де өркениетті жолмен ұлтына қорған болуды мақсат етіп, мұрат тұтты.
Жанша Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген соң Орал қаласындағы Қоныстандыру бөліміне («Переселенческий отдел») статист болып орналасады. Империяның Қоныстандыру мекемесі Қазақ Даласын отарлауды зерттеу мәселесімен түбегейлі айналысатын. Жинақталған деректермен танысқан жас заңгер патша әкімшілігінің түпкі көздеген ойы қазақ жерін басыбайлы иемденудің кешенді жоспарын құрғанына қанығады. Өзінің азаматтық көзқарасын Жанша 1911 жылы «Уральский листок» газетінің қатарынан үш санында «Несколько слов о киргизском (казакском) обычном праве и народном суде» деген атпен мақала жария­лап, қазақ халқының жері мен әдет-ғұрып заңы, құқықтық мәдениетінің қыр-сырын талдап беруге талпынады. Бұл мәселе туралы беделді зерттеуші этнологтар мен заңгер-ғалымдар еңбектеріне сілтеме жасап, батыл пікірін ортаға салады. Мақала белгісіз себептермен аяқталмай қалған. Зерттеушілердің болжамынша, әкімшілік қысым мақаланың толық нұсқасы жариялануына мүмкіндік бермеген сыңайлы. Орал генерал-губернаторы мақала авторының саяси көзқарасы мен өткір ой-пікірінен сескеніп, арнайы жолдамамен қызметін Том қаласына ауыстырып жіберуге мәжбүр болады.
Жанша бейтаныс қала өмірінің қайнаған тірлігіне бойы үйреніп, қарбалас жұмыстың мән-жайына тесе-тексере қанығам деп жүргенде зырылдап күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Қызмет бабымен қала зиялыларымен бетпе-бет кездесу, азаматтардың құқықтық-заңдық сауалдарына орай тиісті ақыл-кеңестер мен жауаптарын беріп, пікір бөлісу ара-тұра болып тұратын. Әдеттегідей осындай кездейсоқ таныстық барысында Батыс-Сібір Халықтық училищесінің инспекторы Константин Колоссовкимен екеуара жүздесті. Батыс-Сібір өлкесіндегі оқу-ағарту саласына жауапты азаматпен Жаншаның әңгімесі жарасып, достық қарым-қатынасы жиілейді. 1859 жылы 12 сәуірде Том, Тобыл губерниясы, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары оқу орындарының басқармасын құру туралы Ереже шығады. Ережеге сәйкес инспектордың міндеті айқындалды. Өлке оқу орындарының есеп беруін қадағалап, маман кадр мәселесін шешу, тексеру жүргізу – инспектордың міндетіне жүктелді. Инспекторлық қызметтің маңыздылығы сонда – арнайы империяның Халық Ағарту министрі тағайындады (Том облыстық мемлекеттік мұрағаты, 135-қор, 1-тізімдеме, 43-іс, 5-бет).
Жаз айының жайма-шуақ күні Жанша өмірінде ерекше ұмытылмайтын, күтпеген оқиғаға кезікті. Батыс-Сібір өлкесіне танымал, мәртебелі инспектор Константин Колоссовский Жаншаны әдейілеп отбасымен таныстыруға қонаққа шақырды. Мұндай құрметті құп алған Жанша жол-жөнекей базардан әртүрлі гүл шоғын оратып, белгіленген мекенжайға күйме жалдады. Бірсыпыра жүрген соң ат айдаушы күймені осы өңірге тән сүйегі қарағай бөренеден қиып, қиюластырып салынған сәнді үй жанына тоқтады.
Ат тұяғының тықырын ести сала елегзіген Константин Жаншаның алдынан өзі шықты. Мейманын құшақ жая қарсы алған Константин шаңырағына бастады. Ұзын дәлізде аққұба келіншек Жаншаға қошемет көрсетіп, – Ольга Федоровна Пушкарева, – деп өзін таныстырды.
– Қош келдіңіз, мырза, төрлетіңіз! – деп Ольга Федоровна ақжарқын ілтипат білдірді.
– Мархабат! Мархабат, ханым! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын! Жанша құшағы толған хош исі бұрқыраған шоқ-шоқ гүлді Ольга Федоровнаға ұсынып, бұрыннан білетін адамдарша бетінен шөп еткізіп сүйді. Сауық-сайранға жаратылған жайдары Жаншаның алаулаған жылы жүзі, ұзын бойы, қақпақтай жауырыны, ұқыппен қайыра тараған сәнді шашы, аппақ жейдесінің мойнынына таққан қара бабочкасы мен костюм-шалбары төрелікті, бекзаттықты танытқандай жарасып-ақ тұр. Дарқан дала табиғатының тынысыңды еріксіз ашатын ескен ерке самалындай демде үй ішіне шаттыққа толы жағымды аура, салтанатты, мерекелік көңіл-күй орнады. Осы мезетте дәліздің сол қанатындағы түпкі бөлмеден қадірлі қонақтың табалдырықтан аттаған ілкі қадамына тосын сый-құрмет, ізет білдіргендей Петр Ильич Чайковскийдің «Лебединое озеро» («Аққулар көлі») балетінің музыкасы рояль­да аса шеберлікпен шабытты ойналды. Музыка құдіреті Жаншаның бойын бірден баурап, әуен толқынына елтіген күйі демін ішіне тартып, кілт тоқтады. Жастайынан Мұхит Мерәліұлының көкке шарықтаған, құйқылжыған ән әуені мен Құрманғазының төкпе күйлері құлағына сіңіп, тербеліп өскен Жанша Еуропаның классикалық музыка мәдениетіне де қызығушылығы аса зор еді. Ол қолы қалт етсе, В.А.Моцарт, Л.Бетховен, И.К.Бах, М.К.Огинский, П.И.Чайковский, Жорж Бизенің «Кармен», Итальянның опера әншісі Энрико Карузоның күйтабақтарын патефоннан сүйсіне сан мәрте қайталап тыңдаудан жалықпайтын. Екі жарылып, айқарыла ашылған емен есіктен қап-қара рояльдың пернетақтасында саусақтары тау-таста секең қаққан таутекедей ойнақтаған үлбіреген аппақ шәйі көйлекті аққу мойын аруды көргенде Жанша өң мен түстей, қалшиып тұрып қалды. Құс төресі аққудың айдын көлде жүзген сыңар жұбына қанатын сабалап, сұңқылдаған іңкәрлік сезіміндей тәтті арман қас-қағым сәтте буын-буынын шымырлатып, тамаша әсерге бөледі. Аққулар қонған көлден ақ қанатты періштесін тапқандай көңілінде шын болмыстың елесі жылт етті. Бұл жұмбақ қойылым – сүр бойдақ Жаншаның зияткерлік өре деңгейіне есептелген емеурін сияқты қалың ой құшағына бөленді.
Музыка бітіп, жүзі бал-бұл жайнаған, сымбатты қыз мойнын бұрғанда жігіттің жанар отының ұшқыны құдды табанымен шоқ басқандай дыз еткізіп, бүкіл денесін тітіркендіре шарпып өтті. Қарсы алдындағы маңдайы ашық кере қарыс, қой көзінің шарасы қиырды шарлаған қырағы азаматтың мысы басқанын кәпелімде ол түйсінуге де мұршасы жетпеді.
Жанша енді реңі аппақ, көзі, шашы мойылдай қап-қара, айдай сұлу, уыздай арумен бетпе-бет дидарласты. Жаншаның бойындағы қаны тулап, жүрегі аузына тығылғандай өз еркінен тыс құдіретті күштің құрсауынан әрең босанды.
– Ғажап! Ғажап! Өнеріңіз өрлей берсін, сұлу бойжеткен! – деді Жанша аз ғана іркілістен соң тілі күрмеле, үніне шамалы діріл араласып, шын ұнаған сезімін жасыра алмай. Әшейінде гүрілдеп шығатын даусы табан астында құмығып, қобалжығанын ол сырттай сыр бермеуге тырысты. Жанша иіліп жас арудың сүйрік саусақ нәзік қолын аймалай сүйіп, лезде арқырап аққан тасыған өзендей қуатты тылсым күшті шаққа ауыздықтады. Ол қыздың әке-шешесі мен сіңлілерінің ту сыртынан қадала сынай қарағанын секем алғандай асау нәпсісін ақылға жеңдіріп, ақырын-ақырын сабасына түсті. Болашақ жары Ольга Константиновнамен Жанша алғаш рет ойда-жоқта тап осылай кенеттен жолықты. Ольганың сіңлілері Надежда, Татьянамен ілкі жүздесуі де жағымды әсер қалдырды. Инспектор Константин Колосовский отбасымен арқа-жарқа, шат-шадыман өткен осы кеш Жаншаның жақынырақ араласуына себеп болды.
Жанша бір көргеннен-ақ Ольга Константинованың көрікті келбетінен мейірім мен ішкі тәлім-тәрбиесі мол парасаттылықты аңғарды. Ол «бойдақтың ақылы екі көзде» деген, бәлкім, мендегі өткінші, алдамшы сезім бе екен деп, өзін-өзі саналы түрде тежеп, біразға дейін ішкі түйсігімен електен өткізіп, тексергісі де келді. Жоқ, күннен-күнге Ольгаға деген оның ынтықтығы артып, сағынышы маздай түсті. Жатса-тұрса ойынан шықпай, жас аруға арбалғандай бүйрегі бұра берді.
Жалпы, Алаштың көсем тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Елдес Омарұлы өмірлік жарын қазақтан қыз табылмағандай еуропалық ұлт өкілдерінен таңдауында бір гәп бар сияқты. Неге? Өйткені бұл арыстардың қай-қайсысы да екі ғасыр бойы империялық аяусыз отарлау мен езгідегі ұлтын азат етуге белін бекем буған күрес жолын мұрат тұтты. Сондықтан бұл жауап­кер­шілік жүгі – зіл батпан, өлім мен өмір арбас­қан қым-қуыт, шым-шытырық сыннан өтуде сүйгенінің отбасында тірек әрі сенімді серік болуын қалады. Жаншаның да қазақтың ғұрпы бойынша текті тұқымнан атас­тырып қойған қалыңдығы бар еді. Алай­да бұл шешімді ол өз қолымен хат жазып бұзып, қызға рұқсатын беріп, теңін ­тауып, бақытты болуына тілектестігін біл­дір­ді.
Бір жолы Жанша мен Ольга қаладағы үлкен мерекелік жиынға қатысты. ­Ольга Константиновнаның мойнында түлкі горжетка-тігілмеген жаға, үстінде сән-салтанаты жарасқан ұзын барқыт көйлек. Жиналған зиялы қауым арасынан орыс жігіттері кезектесіп Ольганы биге шақырды. Жанып тұрған сылқым қыз мойнындағы түлкі жағасын жанындағы серісіне ұстай тұруды өтінді. Жаншаның күйгелектік мінезі бар еді. Оған жаңағылардың ұсынысы «Киргиз мырза, ақсүйек әулеттің мәртебелі ханымы сіздің не теңіңіз!? Былай тұрыңыз!..» дегенді ыммен білдірген өктем менмендіктей намыстан жарылып кете жаздады. Жанша қалыңдығын қызғанғандығы ма, қабағын шытып әлгі түлкі жағаны «Я не торговец мехом» деп, жақтырмаған ыңғай танытып, алудан бас тартады. Оның бұл ишарасына қызыққа желіккен бойжеткен онша-мұнша мән бермейді. Жаншаның әлі үйленбеген кезі. Сенген қорғанының көрсеткен тосын мінезіне Ольга наздана қабағын керіп, бейтаныс біреулермен билеп кетеді. Сылаңдаған албырт қыз ғой! Жаншаның мына қылығына ренжіп, кештің қызған шағында Ольга білдіртпей арбакеш жалдап, күймемен үйіне тартып тұрады.
Ертеңгісін таңғы сағат 7-8-дер мөлше­рінде үй жанына қоңыраулатып күйме тоқтайды. Ұйқы құшағындағы қызы Ольганы анасы Ольга Ивановна дереу оятып, құлағына Жанша келгенін ақырын сыбырлайды. Еркетотайлау өскен қыз жігітінің кешегі қиқарлығына өкпесі қара қазандай болып, ұйықтаған сыңаймен төсегінен әдейі тұрмайды. Жанша қалыңдығының бас жағына екі жәшік кәмпит әкеліп қояды. Бір жәшіктегі кәмпиттің аты – «Любишь, не любишь?» («Сүйесің бе, сүймейсің бе?»), екінші жәшіктегісі – «Я жду ответа!» («Мен жауабыңды күтемін!») деген екен. Жанша дым болмағандай өте көңілді, қимыл-қозғалысы ширақ, жүзі гүл-гүл жайнап, жайраң қағады.

Жаһанша Досмұхамедұлының соңғы суреті. Мәскеу. 1938 жыл.
Жаһанша Досмұхамедұлының соңғы суреті. Мәскеу. 1938 жыл.

Мұнан соң Ольга Константиновнаның бүкіл ашуы сол бойда тарқап, бұлт арасынан шыққан күндей қабағы жадырап сала берді. Зады, инспектор мырза орыстың ақсүйектер сойынан, рухани таным-түсінігі кең, жұбайы да гимназия бітірген, кісі танитын жан еді. Сонымен Ольганың ата-анасына да болашақ күйеубаласы бірден ұнап, шын пейілімен ақ батасын берді. О заманда бөгде ұлттың, жат діннің өкіліне тұрмысқа шығу өте қиын болатын. Жанша мен Ольга мұсылманша неке қиған, қазақша ­Зайра деп ат берген. Зайра Константиновна Досмұхамедова тез-ақ қазақ тілін меңгеріп, ағайынның арасында тастай батып, судай сіңді.
Зайра қиын-қыстау шақта ащыны да, тұщыны да Жаншамен бірге бөлісіп, Тәңір қосқан күйеуінің қосағы, айнымас адал жары болды. Жымпитыға, қырдағы көшіп-қонған ауылға Жаншамен бірге барып, бұрын көрмеген қазақ өміріне Зайраның төзімі жетіп, үйренісіп кетуі – талай қызыққа батырғанын замандас көзкөргендер аңыз қылып шертеді. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы Сәуле Халелқызы, Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова апайлармен көзі тірісінде сан мәрте сұхбат құрудың орайы келген. Сәуле Халелқызы Жанша туралы әңгіме арасында: «Қазақтың салт-дәстүрі қайнаған ортаға келін болып түскен Зайраның басынан өткен қызық жайларды айтып ішек-сілемізді қатыратын. Біз де шет жағасына куә болдық. Үлкейген соң бәрі бірдей жадыңда тұра бермейді екен. Зайраның кавказдықтардың шекпенін киіп атқа шапқаны көз алдымда» деп қарттық жеңе бастаған кейуана көмескіленген ойын іркіп-іркіп, сараңдау баяндаған. Алашорда батыс қанатының көсем тұлғалары Жанша мен Халел егіздің сыңарындай есімдері Исатай-Махамбет сияқты қатар аталатын ұлт тарихында мәңгі қалған ардақты перзенттер. Мағжан Жұмабайұлының ауызша жеткен бәдиһа эпиграммаларында:
«Қайда екі дос?
Орал боп-бос…
«Алла – хақ» деп,
«Біз нахақ» деп
Жүр бұлар» деген жолдары қызыл саясаттың қасірет-лаңы тигізген зұлматты еске салады. Расында, Екі Дос Оралды ғана емес, еліміздің батыс өлкесін, тіптен күллі Қазақ Даласын ізгілік пен жасампаздыққа кенелтіп, ұлтының қорғаны болған арыс­тар еді. Жауыз жендеттер елге тұтқа Алаштың азаматтарының көзін құртуға әдейі шүйлігті. Екі арыстың өмірдегі бет-бейнесін анықтап білу мен мемлекеттік, қоғамдық қайраткерлік ісін дәйектеуге, шығармашылық-тәрбиелік, отбасылық қарым-қатынасынан құнды мәліметтер берген марқұм Қарашаш Халелқызы Досмұхамедованың аруағына бас иіп, жаны жәннатта болғай! – дейміз. Жақсының ізі Қарашаш Халелқызы Зайра Константиновна Досмұхамедовамен өле-өлгенше аралас-құраластығын үзбеген ақ жүрек, қоғамнан қиянат көрсе де мойымаған тағдырлас, мұңдас, сырлас.
– Зайра музыкалық жоғары білімді, консерватория бітірген. Жаншаның Мәскеудегі үйінде рояль болушы еді. Зайра Константиновна рояльда керемет ойнайтын – виртуоз еді. Жанша ұсталғаннан кейін Зайра Константиновна өмірінен қызық дәурені бірге кетіп, рояльды сатып жіберді. Біз дастарқан басында отырғанда Зайра Константиновна өткен күндерін сағынышпен есіне алып, көсіле сөйлейтін. Әдетте тамақтанғанда ол асықпай әңгіме-дүкен құрғанды ұнататын, апыл-ғұпыл ішіп, орнынан ұшып тұрғанды мүлдем жаратпайтын еді, жарықтық. Біз ол кісіге қонаққа барғанда кеш бойы әңгіменің тиегін емін-еркін ағытып, үстел басында ұзақ отырушы едік, – деп жалғастырды Қарашаш апай.
– Бір күні мен жыладым, – деді Зайра Константиновна ішке бүккенін ақтарыла хикаялап. – Жылауымның себебі таза, қоспасыз алтын қасықтарым, күмістен шанышқы, пышақтарым бар еді, біздің үйге ауылдың әйелдері «келіннің қолынан шәй ішеміз» деп келіп: «қазақтың ғұрпы бойынша қалап алуға болады» деп әлгінің бәрін талап әкетті. Күйеуіме айтуға қорықтым.
– Басқа ұлттың өкілі болса да оның Жаншаға кіршіксіз таза махаббаты мен шексіз құрметі қазақты бөліп-жармай ерекше жақсы көрді. Ташкентте Надежда Константиновна әпкесі мен жездесі үшеуі бірге тұрды. Тұрар Рысқұлұлы Надеждаға үйленіп Мәскеуге алып кетті. «Екі аяқты да бажа тату» деген Жанша мен Тұрар жегжат еді. Тұрардың 1923 жылы София, кейін Мая есімді қызы туды. Надежда Тұрардың екінші зайыбы, біріншісінің де ұлыты орыс, одан Ескендір деген ұлы, содан соң үшінші қосағы Әзиза. Жаншаның кіші балдызы Татьянаның күйеуі Латвияда Министрлер Кеңесінің төрағасы болды, ол да сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны.
– Қарашаш апай – зұлмат жылдарындағы отбасына, елге, жақсы мен жайсаңға төнген қайғы-қасіреттің салдарынан қос жанарынан айырылған зағип. Алайда ол – көңіл көзі ояу, орысша-қазақшаға бірдей жүйрік, тілші-ғалым. Өткен ғасырдың 80-жылдар аяғында қоғам өмірінде алаш арыстарының есімдерін ұрпағына оралтуға ғылыми ағартушылық бағыттағы ізденіс зор серпіліс туғызды. Алаш азаматтарының соңында қалған тұқым-заузатын сұрастыру барысында Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан, Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр, Халел Досмұхамедұлының қызы Қарашаш апай, Мұхамеджан Тынышбайұлының ұлы Ескендір ағаның Алматыда тұратындығын анықтадым. Гүлнәр және Шолпан апайлармен тез-ақ араласып, Ахаң мен Жақаңа қатысты біраз мағлұматтардан хабардар болдым. Керісінше, Қарашаш апай мен Ескендір аға әкелері туралы айтып беруден бірден бас тартып, бұл сауалдың жүйкесіне тиетіндігін мәлімдеп, өзіме дүрс-дүрс етіп, бетімді қайырып, ұрсып тастады. Бұл кісілер тағдырдың жазған тауқыметінен қатайғандығы сондай – көпке дейін жүрегін жібіту, мінезін иілту, тілін табу қиынға соқты. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады демекші, бірте-бірте бұл кісілердің көңілін аулап, сыр сандықтың құлпы ашыла бас­тады. Қарашаш Халелқызы өз әкесімен бірге Жанша Досмұхамедұлының жарыққа шығуына белсенді әрекеттеніп, мүдделілік танытты. Тиісті мекемелерге хат жазып, жазықсыз жапа шеккен Алаш арыстарының ұрпағы ретінде қоғам алдында оң бағасын алуына талап қойды. Тоқсаныншы жылдардың басындағы кеңестік саяси жүйеден дербес мемлекет ретінде қалыптасу қоғам өмірінде экономикалық дағдарыс тудырғаны белгілі. Дәл осындай қиын шақта ол маған:
– Надежданың қызы София қазір Мәскеуде тұрады. Зейнеткер. София – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы. Мәскеуде көп жылдар бойы мұғалім болған. Осы кісіде Жаншаның біраз құжаттары мен фотосуреттері сақталған. Жасы ұлғайған жан, жаман айтпай жақсы жоқ, ­жазатайым, алай-бұлай болып кетсе, қолындағы Жаншаға қатысты құнды деректерден айы­рылып қалу қаупі бар. Телефон шалып, «Жаншаның құжаттарын менің атымнан барған жас жігітке бер» деп тапсырайын. Асылы, Аманқос, сен Мәскеуге барып қайт! – деді Қарашаш апай жүрегі бірдеңені сезгендей дегбірі қашып. Мен бұл ұсынысты бірден құп алдым. Сапарға дайындалып жүргенде Қарашаш апайға Софияның қазасынан қаралы хабар жетті.
Құлагер ақын, көркем сөздің зергері Ілияс Жансүгірұлының 1929 жылы жарыққа шыққан «Хан адвокат» деректі әңгімесі шамасы кеңестік әкімшілік тапсырыспен жазылғаны даусыз. Өйткені ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы кеңестік қызыл саясат Алаш ардақтыларын ақпарат құралдарында «жаппай мүйіздеу, қаралау шараларын» науқанға айналдырып жіберді. Бұл Алаш азаматтарының «кінәсін мойнына қоюға» бұқаралық сипат алған 30-жылғы сталиндік репрессия алдындағы идеологиялық «қаралау шабуылына» дайындық болатын. Әңгіменің сюжеті лирикалық шегіністерге құрылған кейіпкердің болашаққа деген ішкі алаңы, психологиялық толғанысы монолог пішінінде өрілген.
«…Мен болсам, о дүниеге кетіп барам…
…Ырай қызық кісі. Ауызы орақ орады, белі ауырмайды. Көңілі пырақ, шабады, болдырмайды…
…Ырай әбден түлеген. Өлі жүні түскен. Өзгерген.
Жалғыз өзгермегені – ол сүйегі, жарлауыт қабағы, пышақ жанығандай жағы, қошқар тұмсығы, өрт сөндірген көсеудей өңі, түйедей тұлғасы.
Тіпті өзгермегені – мінезі. Ұрман-бермен ормалығы. Арсы-күрсі ала құйындығы. Алдындағы кісінің аңғарымен ағындап отыратындығы. Тіпті өзгермегені – шолақ атқамінерлігі, өтірік қамқорлығы.
Пойыз, вагон. Бір топ адам әңгімелесіп отыр. Ташкенде оқитын Күзденұлы Әбдестердің қақ ортасында Ырай. Баяғы өзі, баяғы сөзі:
– Е, жастар, жарық жалғанды айтсаңшы… Мен болсам, о дүниеге кетіп барам… Қалған қара Досан не болар? Қара қазан, сары баланың қамы үшін қандай азамат қайғырар? Біздің Досан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес пе?..
Ырай дәл баяғысынан бастады:
– …Бүгінгі заман – заман емес, аз ғана ауыл Досекең (Қазақстан) атағы болмаса, әлі Россияға бағынып отыр. Бағынғаны былай тұрсын, Қазақстан Россияға жем болып отыр. Оған мысал, осы күнгі Қазақстанда ұн жоқ. Жұрттың бәрі нанға зар. Сол аш Қазақстанның өзі Россияға 35 000 пұт ұн жіберіп отыр. Ол ол ма, қазақтың жерін орыстың мұжықтарына алып берейін деп отыр. Басқа беріп жатқан тері-терсек заттардың есебі жоқ…
…Бірақ, заман өтеді. Өзгереді. Түбі қазақ Россияға бағынып отырмайды. Күндердің күнінде өз алдына өкіметі болады. Сөз жоқ…
Ырай осыны түйдектеп айтып бір тастады да, мәселесінің борбайын тым жоғары көтерді:
– Әсіресе, Америкада жұмысшы тұр­мысы жақсы. Біздің комиссарларымыздан артық тұрады. Басқасы былай тұрсын, әуелі үй арасына жаяу жүрмейді. Автомобиль. Керек десе, тамақтарын да өздері тасымайды. Есіктерінің алдында почта ящигі бар. Не керек болса, бәрін сонан алады. Айлық ақшаны көп алады. Ең түк білмейтін жұмысшы күніне 12 сом алады. Ондай қарны тоқ, қайғысы жоқ жұмысшының төңкерісте несі бар?

Жаһанша  Досмұхамедұлы. Мәскеу университетінің студенті. Мәскеу. 1907 жыл.
Жаһанша Досмұхамедұлы. Мәскеу университетінің студенті. Мәскеу. 1907 жыл.

Олардан төңкеріс дәмету – бұқадан сүт күткенмен бірдей…
Ырай осыны айтып қатты күрсінді. «Мынау Алматының сары бұйрасы» деп қасындағыларға шылым ұсынды. Енді сөз шылбырын жиюға айналды:
– Жастар, көп айтып не керек. Аз ғана ауыл Досекең – қазақ халқы қазір ел болуда емес, жем болуда. Жалғыз үміт өздерің, өздеріңдей оқып жүрген жастар ­болмаса… Біз болсақ, о дүниеге кетіп барамыз… (Жансүгіров Ілияс. Бес томдық шығармалар жинағы (ҚазССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институты. – Алматы: Жазушы, 1986. –) Т. 4: Әңгімелер, очерктер, фельетондар. – 1988. – 359–361-беттер.).
Осы үзік сырдан елге ес, халқына қорған, пана болған заңғар тұлғаның күллі болмыс-бітімі ерекшеленіп тұр. Кейіпкер аузынан шыққан пайымдаудың логикалық қисынды екені большевизмнің қазаққа жасаған сұмдық ойранын көзімен көрген ұрпақтың мәңгі есінде қалды. Маң далаға сыймаған мыңғырған малы мен жанын қынадай қыруды саясатқа айналдырған қызыл большевизмнің салған ойраны мен қайғы-қасіретінен қазақ әлі есін жиып, айығып үлгере қоймаған еді. Бейкүнә халықты аштан қатырып, ен далаға сүйегі шашылған, аузындағысын жырып, бар астықты шет жұртқа асырған, талауға түскен, тоз-тозын шығарып, бас сауғалатып қаңғытып жіберген зұлымдықты қалай айыптамасқа. Бас көтерген азаматты жер-көкке сыйғызбай қудалап, бұйдаланған тайлақтай жетекке ерген Мырқымбайларға ел басқартқан қызыл саясаттың есебі әрине түгел. Тағдырдың маңдайға жазғаны сол – ниет-пиғылы харам қоршаған қара күшке қарсы тұрар шара жоқ. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген өзекті өртеген, жаныңды жаралаған, қауіп еткенді өсиет қып айту парыз. Талай сабазбен бетпе-бет келгенде мысы басып, ойындағысын айтпай-ақ біле қоятын табиғат жомарт жаратқан жан бәлшебектік биліктің сұры жаманын, әлі басты да, тілді де кесетінін сезген. Басқа не салса да мойнымен көтеруге дайын еді. «…Бірақ, заман өтеді. Өзгереді. Түбі қазақ Россияға бағынып отырмайды. Күндердің күнінде өз алдына өкіметі болады. Сөз жоқ…». Жастар, Алаштың елі мен жерінің болашақ тағдыры сендердің қолдарыңда екенін ұмытпағайсыңдар! Әңгіменің идеялық нысаны – алаштың арда ұлын қаралау болғанмен, оның өмірдегі жасымаған жігерін, жалындаған өр рухын, арындаған қайраткерлік өре қуатын, азаматтық биік ұстанымын, елін-жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмауды көксеген асыл арман-аңсарын бейнелі тілмен даралау басымдау сияқты. Қаламгер кейіпкерінің жай-күйін, көзі тірісінде ой-арманының орындалмағанына опынуын, «рухани қазасы ерте келгеніне» күйреу, қамығу, күйзелісін мысқылдап, табалаған сыңаймен, уытты тілмен сипаттаған. Бірақ бұл оның тауы шағылған пессимистік торығуы емес, дұшпанының қолындағы қаруына айналған өз ұлтынан шыққан тобырлық санаға, тексіздіктің уақытша үстемдік құрғанына ыза буған, жанын жегідей жеген қайнаған кектің күйігі екені білініп тұрады.
«Ырайдың ендігі әңгімесін вагонда қалғандар қозғады:
– Әлгі осы «қамқорым» кім өзі?
– Ағаң.
– Қай ағам?
– Интеллигент.
– Қай интеллигент?
– Адвокат.
– Қай адвокат.
– Хан адвокат.
Қарқ-қарқ күлісті.
– Что, ты с ума сошел? «Хан адвокат» деген бола ма? Бірінші – хан орта ғасырдың омыртқасын мүжіген, феодал. То есть, элемент консервативный. Екінші – адвокат интеллигент. ХХ ғасырдың қара көзі, то есть, элемент прогрессивный. Осы екеуі қалай бір кісінің басында болады? Совсем не­возможно! – деді бір оқушы.
– Ой, товарищ, өзің с ума сошел. Қазақтың басына бәрі де сыя береді. Шәгіңе шаһитым бар. Сомненияңа фактім бар. Орыстар айтқандай «факт» сөйлемейді, ұрады. Тыңда:
– Бұл – юрист. Присяжный поверенный адвокат. Бүгінде қорғаушы. Бұл, «Алаш» кіндігінің ағасы, батыс орданың төбесі. Байшыл, ұлтшыл; жәдитше айтсақ – тараққишыл.
– Ендеше, элемент «прогрессивный» (Бұл да сол. – 1988. – 362-бет.).
Әңгіме желісі тұтас алғанда Жаншаны зілді кекесінмен түйреп, мүйіздеп, шаншып, әжуа қылу, даттау мазмұнында, үңіле оқыған талғампаз оқырманға Алаш арысын ақтау сияқты астарлы ой қабаты көмескіленеді. Қаламгер шеберлігі идеологиялық ағымға қарсы жүзбей әдейі бейтарап көзқарасты ұстанған тәрізді. Дүние кезек деген. Құлагер ақын ол кезде Алаш ардагерлерінен соң іле-шала бәлшебектің балтасынан мерт болары қаперіне еш кірмеді.
Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың (ОГПУ) «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық, астыртын ұйым құрды», «Кеңес өкіметін төңкеруге террорлық әзірлік жасады», «басмашылармен байланыс жасады», «28-жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шаруашылығы тәркіге ұшыраған байларды қолдады», тағысын тағы желеумен айыпталған Жанша Досмұхамедұлының №2370 тергеу ісінің арасында «қазақ контрреволюциялық-пантүрүкшілдік астыртын ұйымға» қатысушылардың берген жауаптарының көшірмелері тіркелген:
– Исмағұл Сүлейманұлы Қазбеков, Қазақ жертану институты, тұқымөсіру бөлімінің меңгерушісі (3 қыркүйек, 1937 жыл);
– Хасан Нұрмұхамедұлы Нұрмұхамедов, тұтқындалғанға дейін белгілі бір қызметпен айналыспаған (19 қыркүйек, 1937 жыл);
– Шайхы Османұлы Жантілеуов, бұрынғы Қазақ ССР Халкомағарту орынбасары (15 қазан, 1937 жыл);
– Ілияс Жансүгіров, қаламгер, бұрынғы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (4 қараша, 1937 жыл).
Ілияс Жансүгіров қызықты дерек берді. 1931 жылдың желтоқсан айында оны ­Исаев Тоғжанов [Ғаббас] арқылы пәтеріне ша­қы­­рады. Тергеу ісінде айтылғандай, ­Исаев әңгімеге айрықша ашық маңыз беріп, жазушы өзінің «Адвокат Таи» фельетонында Жанша Досмұхамедұлын әжуалап, аярлық қор­қақ, халық жауы етіп сипаттағанын айып­­тады. Сонымен қатар Исаев өзі Жанша Досмұхамедұлы қазақ халқының ұлы ­адамы, өйткені ол бар саналы өмірін патшалы Ресейдің және қазіргі Кеңес өкіметінің отарлау саясатына қарсы күреске арнады. Сөйте тұра, Исаев Алаш Орданың дербес қазақ мемлекетін құрудағы рөлі мен күресіне оң баға беріп, былай деп айтты: «Әзірге олар талқандалғанмен, алайда дұрыс пайымдайтын қазақтың санасында идеясы өмір сүреді, Алаш Орда әлі Кеңес өкіметі және коммунистер партиясымен өзінің мақсатына жету үшін күрес жүргізуде» (Аманжолова Д.А., Рыскулов В.В.Председатель западного отделения Алаш-Орды Д. Досмухамедов и судьбы казахской интеллигенции в период сталинских репрессий // Центрально-азиатский исторический сервер 1004, www kyrgyz.ru). Осы құжатқа орай екі мәселеге назар аударған жөн. Біріншіден, Ілияс Жансүгірұлының берген дерегі бойынша жоғарыдағы «Хан адвокат» фельетоны бұрмаланып «Адвокат Таи» деген атпен әліптелген. Зерттеушілер Ілиястың Жанша туралы бұл шығармасын түпнұсқадан танысып, тексеріп шығу ойларына да келмеген. Жанша туралы монографиялық еңбекте де бұл қате сол күйінде сілтеме жасалынған (Қараңыз: Мажитов Р.С. Жаханша Досмухамедов. – Алматы: «Арыс», 2007. – 189–190-бет.). Екіншіден, шаш ал десе, бас алған «қызыл террордың» қазақтың бетке шыққан жақсы мен жайсаңын жалмап тұрған қатерлі шақта Ораз Жанұзақұлы Исаевтің [1938 жылдың мамырына дейін Қазақстан Халком кеңесінің төрағасы, КСРО БОАК және ОАК төралқасының мүшесі, өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі] Жанша Досмұхамедұлының саяси қайраткерлік болмыс-бітімі мен Алаш Орда идеясын ашық қолдап, Ілияс Жансүгірұлының «ұлттың ұлы адамын» тұқыртқан, мерзімді баспасөздегі ақпараттық шабуылын қатаң айыптауы ерлікпен пара-пар. Демек, кеңестік биліктің лауазымды өкілдері арасында да Алаштың даңқты тұлғаларына іштей тілеулес, ниеттес жандардың көп болғандығын аңғартады.
Қызыл империяның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, барша әлемді аузына қаратып, дүрілдеп тұрған ХХ ғасырдың 60-жылдары Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» трилогиясында:
«Екі Досмұқамбетовтің мінездері де, түрлері де екі басқа, сырт көзге де бірден көрінетін айырмалары мықты еді. Жанша сүйекті, келбетті, ашық, билеп-төстеп еркін сөйлейтін және әрі жиі, әрі қатты күлетін адам. Ал жез сағақты сопақ көзілдірік киген орта бойлы, дөңгелек қара сақал қойған, қараторы доктор өр мінезді жан. Қазір ол қадалған жерінен қан алатын сүлік сияқты, қабағын шытып орындықта тік шаншылып отыр. Ескі заманның көзі – аяқтары оймышты үлкен қоңыр үстелдің жанында тұрған бойшаң Жаншаның қасында Халел ұсақ көрінеді, оның үстіне қақырайған биік, арқалы үлкен орындық оны шамадан тыс кішірейтіп көрсетіп тұр, ол, – бейне ұяда отырған өткір көзді кішкене күйкентай сияқты» (Хамза Есенжанов. Ақ Жайық. Трилогия. – Екінші кітап. Шыңдалу. – Алматы: Жазушы, 1988. – 234-б.), – деп Екі Достың образын дәл сипаттайды.
Қарашаш Халелқызымен кездесудің орайы келген сәтінде Жанша Досмұхамедұлы туралы білетінін айтып беруді өтіндім:
– Жаншаның бейнесі менің көз алдымда. Ол өте көңілді, мінезі ашық, дауысы гүрілдеген, ұзын бойлы кісі болатын. Шляпа киіп, галстук тағып жүретін. Жанша келген ортада жұрттың бәрі шеттерінен жанып, жарқырап, нұрланып кететін. Ағай елдің бәрімен есендесіп, әйелдердің қолынан сүйіп, отырыстың шырайын кіргізіп, демде жан бітіріп жіберетін. Өте мәдениетті, еуропаша киінетін, сымбатты кісі еді. Жанша 1928 жылдан бастап Мәскеуде тұрды… 1930 жылы Воронежге жер аударылғанда да біздің отбасылық аралас-құраластығымыз әманда үзілген жоқ. Воронежде біз Ветеренарный көшесі, 13-ші үйде, Жанша ағайлар 9 январь көшесінде тұрды. Мен Жаншаның үйіне жиі барып, ылғи қонып қалушы едім. Ольга Константиновна маған «Я тебя с пеленок знаю» деп, өте жақсы көруші еді. Ольга Константиновна қазақша неке қиып, мұсылман дінін қабылдаған, қазақтар оны құрметтеп Зайра деп кеткен. Жанша Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» («Ботакөз») романын орыс тіліне тұңғыш аударған – аудармашы. Жанша аударма қаламақысын алып үлгермей 1938 жылы қамауға алынды, – деді алыстап кеткен сол балалық шақтан ұзақ сыр шертіп.
Жанша мен Халел туралы жазылған еңбектерде мейлі ол қандай идеяны көздесе де, екі достың азаматтық-қайраткерлік бейнесі әр қырынан ашылғаны еш талас тудырмайды. Мәселен, «Жұмбақ жалау» («Ботакөз») романын орыс тіліне аудару арқылы Жанша көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановтың есімін күллі көп ұлтты Кеңес Одағы оқырмандарына танымал етуінің өзі не тұрады. Сәбит Мұқанов 1937 жылы шілде айынан бастап қазан айына дейін арнайы іссапармен Мәскеуде болып «Жұмбақ жалау» романын аяқтайды. Осы сапар қаламгер Мәскеуде тұратын Жаншамен құпия кездесіп, романды орыс тіліне аударуға сөз байласқан. Өйткені 1937 жылдан бастап КСРО-ның Халық Комиссариаты Ішкі істер [НКВД] Басқармасы органы қазақтың бетке ұстар азаматтарын «халық жауы» деген жаламен бірінен соң бірін ұстап, «үштіктің» шешімімен көздерін жою үдерісі қауырт жүрді. Ұлтшыл, Алаш Орда көсемдерінің бірі саналған Жанша Досмұхамедұлының басынан да қауіп-қатердің бұлты әлі сейіле қоймаған еді. Алаш ардақтысы уәде бойынша үйден шықпай, көлденең көзге түспей «Жұмбақ жалау» романының орысша аудармасын бітірген. Қарашаш Халелқызының дерегі бойынша 1958 жылы Зайра-Ольга Константиновна күйеуінің «ақталғандығы» туралы ресми құжатты алған соң, Қазақстан Жазушылар одағына Сәбит Мұқановтың атына хат жазып, аударманың қаламақысын талап етеді. Сәбит Мұқанов азаматтық жасап, Алаш ардақтысы Жаншаның адал еңбегі аударма қаламақысын Зайра жеңгейге бергізеді. Дәл осы арада Қарашаш Халелқызының 80-жылдардың аяғында сең қозғалып, Алаш арыстарының есімдері мен мұралары қайта жарыққа шыға бастаған тұста өз әкесімен қатар Жанша Досмұхамедұлының да жоқтаушысы болып, Қазақстан Республикасы Ұлыттық қауіпсіздік комитетіне хат жазып, сұрау салуы, оған ресми қанағаттанарлық (13.07.1995 г. №Д-408) жауап алуы – әділет жолындағы табандылықтың, перзенттік парызға адалдығы еді (Көсемсөздің көсемі: монография / А.Қ. Мектеп-тегі. – А.: Қазақ университеті, 2015. – 384 б. + 22 бет жапсырма. – 100–105-беттер).
1938 жыл маусымның 1-і күні Мәскеудің Орталық демалыс паркінде жұртшылық алдында Жамбыл Жабаевпен кездесу ұйымдастырылады. Күні бұрын хабарланған бұл мәдени шараға Мәскеуде тұратын Жанша да бармақшы болады. Елге, жерге деген сағыныш оны шыдатпай, көптен көрмеген жерлестерімен қауышу, мауқын басып, рухани сілкініп қайтуды жөн санады. Зайра Константиновна оның осы басқосуға баруынан жүрегі бірдеңе сезді ме, әлде әлдекімдердің бір-бірін ұстап беру оқиғасы күн құрғатпай жиілегенінен сескеніп, запы болды ма, кім білсін, іштей қарсылық білдірді. Бірақ Жаншаның көңіліне тиер деп, бұл ойын ашық айтудан қаймықты. Орталық демалыс паркіне қазақтар көп жиылды. Жаншаны көрген сәтте бәрі де қоғадай жапырылып, «ағай, ағай!» деп аман-саулық сұрасып, мәз-мейрам, таң-тамаша болып тарасты. Сол түні Жанша Досмұхамедұлын Мәскеудегі Хавско-Шабловский орамы, 11 үй, 265 пәтердегі мекен-тұрағынан НКВД жендеттері соңғы рет тұтқындады. Тоқсаныншы жылдары Қарашаш Халелқызынан естіген осы әңгімені сәл бұрынырақ ол қызметтес әріптесі Сейітбек Нұрқановқа да айтқан екен.
«Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде алаш ардагерлерінің пікірлерін жадында сақтап, жатқа айтып жүретін, өзін солардың рухани мұрагері ретінде сезінген, ұзақ жылдар бойы Қарашаш Халелқызымен бірге істеген Сейітбек Нұрқанов дегдар:
«Біз Қарашашпен қызметтес болдық. Адал да турашыл адам еді. Сол кісі бізге әкесі Халел мен нағашысы Жаһанша туралы мынадай естелік айтып еді» деп ол деректі бізге берді.
Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова: «Жаһанша аға менің әкемді жезде деп есептеп, үнемі қалжыңдап жүретін. Өйткені менің шешем Сағираның сүйегі тана тайпасының ішіндегі қарақұнан бұтағынан еді. Ал біз беріш боламыз. Жаһаншаның әйелі Ольга Константиновна маған: біз осындай аласапыран күннің туатынын білдік. Сондықтан да тағдырдың тәлкегіне ұшырайтын баланы өмірге әкелуді керек деп таппадық. Ол ұсталатын күні демалыс паркіндегі қазақтарға қатысты әлдебір шараға барды. Мен қарсы болып едім, көнбеді. Келген соң: біреулердің қабағы маған ұнамады. Бір қатер жақын сияқты, – деді. Сол түнде ұстап әкетті, – дегені есімде» (Жұртбай Т. «Ұраным – Алаш!..» Тез. 2 том. – Алматы: «Ел-шежіре». 2011. 194-бет).
НКВД соңғы рет қамауға алғанға дейін басқан ізін аңдып, дамылсыз қудалаудың зардабынан жүйкесі жұқарған Жаншаның бір аяқ, бір қолы жансызданып, медицина тілінде инсульт дертіне ұшыраған еді. Ендігі мақсат «тап жауы, алаштың көрнекті жетекшісі ретінде» асыл азаматтың көзін қызыл террор мүлдем жоюды ұйғарғаны баршаға түсінікті болды.
Абақтының тас еденінен табанына өткен сыз шекесінен шығып, тұла бойын мұздай қарыған Жанша ауыр күрсінді. Басы мең-зең. Жүрек қағысының жиілегені сондай – қақ жарылуға шақ тұрғандай. Тұңғиық ойдың тереңіне жетер емес. Өзегін өртеген өкініштің дерті жұтқыншағы түйілгендей, өңешіне инедей қадалып жанына жатса-тұрса маза бермейді. Ішкі дүниесі өрт шалғандай, ой-санасы жай тапқызбайды. Айнала дүниені қараңғы түнек тұмшалап, жарық түсер, тыныс алар саңылау таппағандай еңсесін езе, дөңкиген жарлауыт қабағы түйіле түседі…
О, Жасаған!.. «Аққа – Құдай жақ!», бұл тығырықтан қалың Алашты, Қазақ жерін дұшпанының көз сұғынан, харам пиғылынан аман сақтауды Тәңіріне жалбарына бірнеше мәрте іштей дұға қайырды. Ол сонда да дұшпанына қасқайып тұрып, таңдаған жолына еш өкінбейтінін мейірімге толы күлім қаққан жанарымен ұқтырды. Болар іске болаттай болып, бекемденді…

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
филология ғылымының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.