«Мектептегі ана тілі –барлық білімнің негізі»

Мағжан Жұмабаевтың ұлт мектебінің бастауыш сыныптарында ана тілі сабағын  оқыту әдістемесін түзудегі  білікті педагог есебіндегі, ана тілінің ұлы құнарын сәби санасына   сіңіруде  ғылыми-теориялық  негіздемелер қисындаудағы мамандық әлуеті қысқа ғұмырында жасындай ойнаған қуаты зор  поэзия түзген  ұлт ақынының тарихи еңбегіне қоса тағы бір азаматтық ғұмыр арнасы- білім беру  ісінде  билік  қумай  тындырымды, қайырлы еңбектенуі болды. 

Білім беру мен тұлға тәрбиелеу ісін тұтастықта зерделеген, әлемдік озық педагогикалық ой-танымды сіңіре жазылған «Педагогика» еңбегімен сабақтасып жатқан, ақынның қысылтаяң өмір бағытын айқындай түсетін еңбегінің бірі – 1923 жылы Ташкентте Түркістан республикасының баспасөз таратушы мекемесі бастырып шығарған «Бастауыш мектепте Ана тілі» атты әдістемелік нұсқау.
«Алаштың асыл перзентінің оқу-педагогикалық бағыттағы мығым ғылыми негізді ұстанымдары білім беру, педагогика тарихы, әдістемелік қолданбалы мәні тиісті салалық зерттеулер нысаны есебінде қаншалықты игеріліп отыр, ұлт мектебінің қалыптасып даму тарихындағы қажырлы еңбек қазірде өз деңгейінде бағаланып, ескеріліп жүр ме?» дейтін сауалдар көкейде тұрды. Расын айтқанда, Мағжан Жұмабаев күн тәртібіне қойып отырған оқу, оқыту тәсілдері бала күнгі «Ана тілі», басқа да оқулықтардың оқыту жүйесін жадымызда қайта жаңғыртты. Сол жүйе осы күнгі бас­тауыш мектепте де өнімді оқыту әдісін түзіп отырған сияқты. Осы бағытта арнайы зерттеулер қажет көрінді.
Тоқталып отырған мақалада Мағжан ана тілі сабағын бастауыш мектепте оқытуда баланы шығармашылыққа, ойлануға бау­лу бағытында ұсынып отырған сабақ түрлерінің бірінде келтірілген тақтай көпір үстіндегі екі текенің текетірес тұрған суретін бастауыш мектепте жүргенде көргенбіз. Ол уақыттарда Мағжан әңгімесі, Мағжан педагогикасы, Мағжан ақындығы туралы айтылмайды. Балаға қаріп үйрету, жазуға төселдіру, оқығанды, көрген құбылысты суреттеп қайта айтып беру. Бірте-бірте жан сарайы әсіреленіп, шалқар кеңістігіне шыққан көркем сөз арқылы ағыл-тегіл ой төгіп, шешен сөйлеуге төселу.
Ел сөзін ұстайтын азамат тұлғасын қалыптастырудың инемен құдық қазғаннан да бейнетті, сол ХХ ғасырдың 20-жылдарында толып жатқан кедергілермен тұсалып отырған күрделі қиын шаруасына Мағжан Жұмабаев батыл кірісіп, ел баласын оқытты. Оқу ісін жолға қоюдың қыруар міндетін атқарып жүрген Алаш ұлдары А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, т.б. қайраткерлердің қатарында тарихи еңбек жасады.
«Бастауыш мектепте Ана тілі» әдістемелік нұсқауын Мағжан Жұмабаев «Мектебіміз» атты проблемалық сипаттамадан бастайды.
1911 жылы Ахмет Байтұрсынұлы енгізген жаңа әліпбидің оқуға орнығу бағыты онсыз да қилы кедергімен баяу жүріп отырған, сонда да болса дүние білімдері енді-енді оқытыла бастаған уақытында Ресейдегі төңкерістен кейін белгілі бір себептерден қазақ мектебінің жұмысы тағы да тоқырауға ұшырағандығын айтып, тарихи ахуал, саяси-әлеуметтік мәселелердің оқу ісіне қатысты нышандарын байыптап саралайды.
«Біздің бастауыш мектебіміз бойы өсіп, бұғанасы қатпаған жас мектеп. ­Бастауыш мектептердің ескі әліпби мектебінен жаңа мектеп болып туып қалқиып қаз тұрғанына жиырма жыл да болған жоқ. Қиып бұрылып кете алмайтын мектебімізге дағдылы даңғыл жол да салынған жоқ.
Осылай жаңа есі кіріп келе жатқан мектебіміз Руссияның төңкерісіне кез болды. Төңкеріс мектебіміздің алдына «еңбек» деген ұранды тастады. Бұдан былай еңбек мектебі болсын деді. Жаңа тәй-тәй басып келе жатқан мектебіміз «еңбек» деген ұранды ұға алмай дағдырып қалды. Білім берудің орнына балаларға көмек бер дегені қалай деп, «еңбек» деген ұранды өзінше түсініп қарадай мойнына су кетті. Жаңа басы құралып келе жатқан мектебіміз қирай бастады. Мұғалімдеріміз мектептен түрлі сылтаумен жылжып шығып зыта бастады».
Мағжан Жұмабаев осылай дей келе жаңа үкіметтің оқыту бағытындағы ұстанымын ұғындыра келіп, не дегенде де ұлт мектебі жұмысы түзу бағытта жолға қойылуы керектігі күн тәртібіндегі кезек күттірмес негізгі мәселе екендігін айтады.
Бастауыш мектептің оқу мерзімінің сол тұста көп өзгеріске ұшырамай төрт жылдық болып қалып отырғанына орайластырып әрбір оқу жылының сабақ мазмұнында қамтылуы, ескерілуі міндетті мәселелерді саралап ұғындырған.
Төрт жылдағы оқыту бағытын 2 айқын белгіленген талап бойынша жүргізу көзделеді.
1 – Баланың тілін өркендету һәм дағды­ландыру;
2 – Тілді бақылау һәм емле.
Бастауыш мектептің оқуын біртіндеп жеңіл тапсырмадан күрделіге қарай жүйелі түрде жетілдіріп, толықтырып жүргізу нақты аталып көрсетілген талаптармен қамтылған.
Бірінші жылда баланы «жандағы әсерді қысылмай сөзбен жарыққа шығаруға» баулу керек. Өлең жаттап айтқызу, ауызекі дұрыс сөйлеуге үйрету, кітаптан оқи білуге төселдіру міндеттері ескерілмек. Сурет салу, естіген, бастан кешкен оқиғаны мұғалім қойған сұрақтардың жәрдемімен қайта жаңғыртып ауызекі айтып бере ­алуын қадағалау, ертегіден сахналық көрініс жасауға бейімдеу қажет. Тіл бақылау, дұрыс жазуға төселдіру бағытында сөйлем – сөз – буын – дыбыс туралы ұғындыру. Дыбыс пен әріптің айырмасына зер салғызу. Сөйлемнің соңында қойылатын нүкте туралы таным орнықтыру.
Екінші жылы бірінші талап бойынша көрген, естіген құбылыс негізінде толығырақ баяндап, әңгімелеп беруге, сахналық көрініске айналдыруға баулу. Басқа адаммен дұрыс, толық сөйлесе білу, суретке қарап әңгіме құру, бір әңгімеге ұқсас екінші әңгімені ойдан шығарып айта білуге үйрету, оқиғаны ықшамдап немесе жетілдіріп баяндауға дағдыландыру, хат жазғызып көру, күнделік жазуға қызықтыру, т.б. шарттар ескерілуі тиіс.
Тіл, емле бойынша сөз тұлғасы, түбір, туынды, қос, қосалқы сөздер, қосымшалар туралы түсінік беріледі. Жұрнақ, жалғаулар туралы ереже үйретіледі. Қос, қосалқы сөздердің жазылуы, тасымал, сызықша, туын­ды сөздің жасалуы, жұрнақ туралы білім беріледі.
Үшінші жылдың бірінші талабы бойын­ша бастан кешкен оқиғаларға ойдан әңгіме шығарып үйрену, балалар жиы­лысында ой-пікірін дәлелдеп сөйлей білу, оқиға әңгімені толық етіп жазуға төселу, сезінген әсерді жеткізе білу, әдеби туындыны бағалап сөйлеу, жазба есеп беру қамтылған. Екінші талапта сөйлем мүшелері, атауыш (есім – Қ.М.) сөздер туралы таным қалыптастырып, оларды айыра білуге үйрету. Шылау сөздер, үстеу, одағай туралы түсінік. Үтірдің қызметі.
Төртінші жылы белгілі бір пікірдің жоба­сымен толық дұрыс сөйлеу һәм жазу. Әде­биет әсерлерін кестелі, кестесіз, өлшеулі, өлшеусіз, сурет, жай әңгіме сипат­тарына қарай ажырата білу. Яғни көркемдік, жанрлық негізде танып, талдауға баулу. Ұйымдастыру шараларына тарту. Екінші міндет бойынша сөйлем мүшелерін Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құрал» кітабы бойынша сөздердің байланысу жолдарын, сөйлем мүшелерін пысықтап, игеруді дамыту, тереңдету.
Осы төрт жылдағы ана тілінің оқытылу талаптарында Мағжан Жұмабаев атап көрсеткен тапсырма-шарттар қазірге шейін бастауыш мектептің оқу жүйесінде сақталған ұтымды, өнімді оқыту тәсілдері.
Баланың сөйлеп үйренуін, жалықпай қызығып отырып жазуға төселуін, естігенін әңгімеге айналдыру, ойдан шығарып айту, хат жазу, пікірін қорғап дәлелмен сөйлей білу, әдеби шығарманың көркемдігін бағалап айту, істеген жұмысқа есеп беру, жазуда қатесіз әрі тіл заңдылықтарын ескеріп, ой жүйесін бұзбай нақты, әсерлі жазуға дағдылану бағытындағы білім беру әдіснамасында Мағжан Жұмабаев баланы шығармашылыққа баулу, тілдің ғылыми негіздерін, пән тілін игерту мәселелерін назарда ұстап отырған.
Мағжан Жұмабаев аталған еңбегінің «Ана тілінің мектептегі орны» атты тарауында өзі қозғап отырған оқыту, оқу, мектеп ісіндегі ана тілінің орны туралы түбегейлі көкейтесті мәселелерді қаузаған.
«Ұлт мектебін туғызатын ана – ұлт тілі. Тілі бөлек ұлт түрі бөлек мектеп іздейді. Ұлт мектебі ұлт тілі негізіне құйылуға тиісті. Ұлт тілі ұлт мектебіне ана болуға тиісті. Шынында, осылай болады. Бірақ бір ұлттың тарихында түрлі себептермен ұлт мектебі бір дәуірлерде анасынан айырылып жетім болып қалуға мүмкін. Осындай дәуір біздің мектептеріміздің басынан да кешті, дұрысы, енді кешіп бара жатыр» деген. Мағжан Жұмабаев енді ұлт мектебінің шынайы білім ұясы – ұлт мектебі болуына кедергі келтірмек бірнеше ішкі, тысқы құбылыстарды емеурін танытып отырып та, ашып-ашып айтып та нақтылы шешімді күтіп отырған өзекті мәселе есебінде егжей-тегжейлі саралап береді. Араб, парсы, татар тілімен шұбарланған оқудан арылғанымен, әлі де ана тілінің баламен табыспағандығын айтады. Мәселені оқытудың жолын көрсететін әдістеменің жоқтығымен сабақтастырады. «Мектепке ана тілін алып бару» атты тараушада білімнің барлығы ана тілі арқылы берілді дейді.
«Мысалы, балаға қайырымдылық мінезін сіңіру үшін жанды қайырымдылық күйге кіргізетін бір күй тыңдату жетпейді, бәлки еттен өтіп сүйекке жететін қайырымдылықты суреттеген сөз керек, яғни ана тілі керек. Сондықтан мектептегі ана тілі барлық білімнің негізі һәм басқышы».
Мектепте бала ана хат тануымен бірге дұрыс сөйлеуге дағдыланбақ. Дұрыс жазуға үйрету. Бірақ білім үйренумен іс түгенделмейді, баланың жанын өсіру керек, тәрбиелеу керек. Тәрбие беру үшін оны сұлу әдебиетпен таныстыру, соны түсініп, сіңіріп оқуға баулу деген ойларын Мағжан Жұмабаев әрі қарай пысықтап, айқындап отырады.
Бала хат танығанда кітапқа байланып қалмауы керек. Мұғалім қата түсінік бермеуі керек. Баланың ынтасын оятуы керек. Ойдың сөз арқылы жарыққа шығуы туралы айтсын. Бала табиғат, жаратылыс аясында өссін, ойнап өссін, өнерден әсер алып өссін дейді. Мұғалім халфе болып отырмай, балаға жақын болсын, жөн көрсетіп отырғанымен, бала еркін болуын ескерсін дейді.
Тіл дамыту сөз байыту жолындағы шығармашылық өрістің бағыт­тарын мейлінше қамтып отырып ой түйген Мағжан педагог баланың көрген-білгенін қорыту, суретке қарап шығарма жазу, ішкі жан күйін сөзбен баян­дау, оқыған шығармасына баға беріп отыру, т.б. біліктілік, білім қорын түзу бағыттарын қадағалап отырып, үйрету, дағдыландырудың оңтайлы тәсілдерімен негіздеп береді.
«Бастауыш мектепте оқылатын әдебиет түрлері балаларға анық, ұғымды болып, баланың ойын ашық бір жерге салып жіберетін болсын. Ізгілікке, қайырымдылыққа, шындыққа, әділдікке, елшілдікке, әлеуметшілдікке шақырсын» дей келе, әрі қарай да зәру проблемаларды түгендеп, тізіп нақтылайды. Оқу кітаптары қажет. Мұғалім баламен мынадай-мынадай бағытта кеңесуі керек. Бала өз әсерін сыртқа шығарып сөйлеп, жазсын, т.б.
Мағжан Жұмабаевтың ұлт мектебінде ана тілін оқыту мәселесін ғылыми-әдістемелік негізде күн тәртібіне қойып, білік­тілікпен, ыждаһатпен пысықтауы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы жаппай сауат­­тандыру, өркениетті елдікке ұмтылыс бағытындағы Алаш қайраткерлерінің оқу-тәрбие ісіндегі түпкілікті ұстанымдарымен мұраттас, өзектес мүддеден туды.
Ұлт мектептерінің шаруашылық жұмыс­тары да, оқу-әдістемесі де , оқу құралдары­мен, мұғалім кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі де ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерін сонау бір түп-түгел, тұңғиық заманда Ыбырай Алтынсарыұлы қалай алаңдатқан болса, одан да гөрі нақтылы әрекеттерге жұмылдырған еді.
Оксфорд университетінің Орта Азия проблемаларын зерттеу орталығы Алаш қайраткерлерінің тарихи еңбегіне «Олар мәдени ренессанс» жасады деп баға берген. Шыны да солай болды.

Қанипаш МӘДІБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
профессоры,
филология ғылымының докторы
Гүлмария ОСПАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. ҚАЗАҚ АНА ТІЛІ ДЕП ҚАНДАРЫ ҚАЙНАҒАН, ЖҮРЕКТЕРІ ҚАЗАҚ ДЕП ДҮРКІЛДЕГЕН ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ!!!!

    ОЯН ҚАЗАҚ!!!!!!! Италиялық кәсіпкер-жиһан­кез Реналью Гаспирин«141 мемлекетті араладым. Өз мем­ле­к­етінде өзінің ана тілінде сөй­ле­мейтін бір бейшара халықты көр­дім. Ол – қазақ» деп жазған. ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢ ҚАНЫҢ БҰЛ, НАМЫСЫҢ БОЛЫП ТҰР ЖҮРЕГІҢДЕ!!!!! ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢ АРЫҢ БҰЛ ҰЯТЫҢ БОЛЫП ТҰР БЕТТЕ!!!!!! ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢДІ СІҢДІР ҚАНЫҢА, СІҢДІР ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ҚАНЫНА!!! МІНДЕТІҢ БОЛЫП ТҰР ӘР ҚАЗАҚ!!!!!!!!
    ОЯН ҚАЗАҚ!!! ОЯН!!!!!!! КӨКІРЕГІҢДЕГІ НАМЫСЫҢДЫ ОЯТ!!!!!!!!!!! ҚАЗАҚ АТА — БАБАЛАРЫМЫЗҒА ПАРЫЗЫҢ, МІНДЕТІҢ СЕНІҢ ӘРБІР ҚАЗАҚ!!!!!!!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.