Терең өзен ақырын ағады

d0b7d0b5d0bad0b51Қазақта астарында үлкен мән жатқан «Терең өзен ақырын ағады» деген мағыналы сөз бар. Бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, енді бірі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында қызмет ететін филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, ерлі-зайыпты Зинол-Ғабден Бисенғали мен Жамал Манкеева туралы әңгіме қозғалғанда әлгі тіркестің тіл ұшына орала кететіні бар.
Өмір – қызық. Біреулер «Мені неге көрмейсіңдер? Мені неге танымайсыңдар?» дегендей жан-жағын дүрліктіріп, елден ерекше көзге түскенді қалайды. Ал енді біреулер бұған керісінше. Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп келетін ақыл-кеңесін санаға құйып, «айқайламай-ақ», жұртты өзіне қаратпай-ақ ұлтқа пайдалы игілікті істерді тындырып жүреді. Біздің Зекеңнің де, Жамал Айтқалиқызының да тіршіліктегі болмыстары, өздерін ұстаулары осы екінші топтағыларға келетіндей.

Қабдоловты қуантып еді

Зинол-Ғабденнің ғылымға, осы жолға түсуге құштарлығы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін-ақ оянды десе де болғандай. Алайда тағдырдың кей кезде­рі қалаған соқпағына жетелемей, өзге бұрылыстарға түсіріп жіберетіні бар ғой. Соның кейпін бұл да кешті. Алты жыл уақыт Қазақ радиосында қызмет етуіне тура келді. Дегенмен бұл жылдарды да ғұмырының жарқын беттерінен сызып тастай алмайды. «Өрендер» клубын жүргізгендігі, «Естен кетпес ерлік беттері» секілді жұртқа да, өзіне де қызық хабарларды ұйымдастырғаны қалай ұмытылар, қалай естен шығар?
Ақырында студенттік кездері көкейге қонақтаған арман-қиялына қол жетер сәт те туды-ау. Бұл ретте ғұлама ғалым, сөз зергері Зейнолла Қабдоловқа деген ризашылығы шексіз.
Жалпы, әйгілі ұстаздың көзіне университетте оқып жүріп түсті. Қабдолов бұларға «Әдебиет теориясынан» сабақ берді. Қабдолов әдістемесінің бір ерекшелігі, әртүрлі тақырыптарда студенттерге тапсырма беретін. Баяндама жасататын. Сондай тапсырмалардың бірі ретінде М.Горькийдің Жазушылар одағының бірінші съезінде сөйлеген сөзін алды.
Қабдолов бұған қарап, күлді:
– Атың кім сенің?
– Зинол-Ғабден.
– Сен де Зейнолла екенсің ғой.
Ұстаз сәл үнсіздіктен соң:
– Сонда сен баяндама туралы баяндама жасамақпысың? – деді.
– Жасаймын, аға, – деп бұл да жедел жауап берді.
Баяндамасы жақсы шықты. Ұстаз риза болды. «Жарайсың» деп арқасынан қақты.
Осыдан кейін-ақ ұстаз бен шәкірт арасында жылы қатынас орнады. Кездес­кен жерде бас изей салмайды. Сәлемін алған ұстаз бөгеліп: «Халың қалай? Бәрі дұрыс па?» – деп өзімсіне, жақын тартатын болды.
Қабдолов негізгі сабақтармен қатар арнаулы курстар да жүргізеді. Сол курстардың бірі «Қазіргі қазақ лирикасы» деп аталды. Осы тақырыптағы әңгімесін аяқтағаннан кейін шәкірттеріне келесі жолы дәл қазіргі таңда ешкімге ұқсамайтын, өзіндік жаңалығы бар қазақ ақындарының өлеңдерін әкеліп, таныс­тыруды тапсырды.
Жырға құмар, оның үстіне өлеңнің «жүйрігі» мен «шабанын» жақсы ажырата білетін Зинол-Ғабден ұстаздың бұл тапсырмасын орындауда қиналған жоқ. Аудиторияда Жарасқан мен Кеңшіліктің өлеңдерін оқып берді. Студенттер ұйып тыңдады. Ұстаз бұл жолы да дән риза.
Оқу орнын тәмамдарда жазылар дипломдық жұмысының жетекшісі Зейнолла Қабдолов болды. «Әдебиеттің эстетикалық мәні» деген тақырып алып, жатпай-тұрмай дайындалды. Кітапханадан шықпады. Ұстаз сенімін ақтау керек. Диплом қорғауға шамалы уақыт қалғанда Қабдолов мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретін­де Қарағандыға кететін болды. Осыдан соң көңілде «Апырмай, қалай болар екен» деген қобалжу кептеліп тұрды. Жақсы ұс­таз шәкіртін жарты жолда қалдырмай­ды екен. Шәкіртінің жағдайын түсініп, оның жазғандарын өзіне алдыртып, мұқият оқып шықты. Сөйтіп, көңілді көкке көтерер оң пікірін қалдырды. Нәтижесінде бәрі де ойдағыдай болды. Диплом жұмысын жоғары дәрежеде қорғап шықты. «Қызыл» дипломды қан­жығаға «байлағанмен», аспирантураға түсудің сәті түспеді. Қырсық шалғанда бос орын болмады. Содан жолдамамен Атыраудың педагогикалық институтына жол тартты. Бұл жерде қызмет те, үй-жай да болғанымен, Алматыға көңілі ауды да тұрды. Арада бір ай өтті ме, өтпеді ме, Алматысына оралды. Жұмыстың ыңғайы радиодан табыла кетті де, аяқастынан радио қызметкері болып шыға келді.
…Әңгіме неден шығып еді? Қабдолов­тан басталған екен ғой.
Алдында ұстазы радиоға соққан. «Жалын» шығармасы бойынша радиоинсценировка әзірленген. Эфирге шығар алдында осыны тыңдауға, бағасын беруге келіпті. Барып амандасты. «Мұнда неғып жүрсің?» – деп жатыр. Тұрмыс-жайын, неге хабарсыз кеткенін сұрады. Келген шаруасын бітіргеннен кейін өзінің өтініші бо­йынша үйіне дейін шығарып салды.
Бір күні жұмыста отырғанда қыз­меткерлердің бірі телефонда Зейнолла Қабдоловтың шақырып тұрғанын айтты. «Бүгін түстен кейін «Минвуздың» қасында кездесейік», – деді. Не жағдай екенін айтпады. Барғасын бір-ақ естіртті. «Саған аспирантурадан орын алып келе жатырмын. Сенің аспирантураға түсуің керек», – деді. Ұстаздың айтқаны – заң. Бір жағынан ұстазына сүйсінді. Қаптаған шаруалардың арасынан жас та болса мұның жағдайын ойластырып жүргені, үлкен басымен өзі келіп жақсы хабарды жеткізгеніне, бір жағынан, шаттанды, бір жағынан, таңырқады. Неткен ұлылық! Неткен қарапайымдылық! Неткен адам­гершілік!
Ғылым әлемінің табалдырығын аттағаннан кейін зерттеу жұмыстарын жүргізу – парыз. Болашақ диссертация жұмысының жетекшілігіне Бейсембай Кенжебаевты ұстаздың өзі таңдап берді. «Бейсекеңнен үйренетін нәрсе көп» деді ұстазы. Ұстаз айтса, біліп айтады. Келісті.
Диссертация тақырыбын алдында Қабдоловпен ақылдасқанда Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын алғысы келетінін емеуріннен білдірген. Себебі Мақатаев жырларын ұнататын. Ақынмен болған талай кездесулер де тебіреніске толы әсер қалдырған. «Тақырыпты ғылыми жетекшіңнің өзі айтады. Бейсе­кеңнің айтқанын істегенің дұрыс» деді ұстазы. Бұл сөзге де ден қоймасқа болмады.
Тақырып таңдау қызық болды. Бейсекең жиырмасыншы жылдары өмір сүрген бір ақынның шығармашылығын ұсынған. Өзі ұнатпады. Өлеңдерін оқып еді, өлең сиқы жоқ. Құрғақ сөз, құрғақ ақыл. «Ақын, ойшыл-философ Ғұмар Қарашты алсам қайтеді?» деді. Сөйтсе, оны Салық Зиманов зерттеп жүр екен. Не істеу керек?
Кітапханадан жиі шықпайтын кез. Бір құдірет итермелеген болу керек, қолына ғасырдың алғашқы жылдарында жарық көрген «Айқап» журналының тігінділерін алды. Әсіресе, басылым беттерінде жа­рияланған көркем әңгімелерге ерекше назар аударды. Тақырып табылған секілді: «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы»…
Дереу ойын ғылыми жетекшісіне білдірді. Дана ғалым сәл ойланды да, содан кейін:
– Керемет. Ғажап тақырып екен, айналайын, – деп мәз болды.
Кандидаттық диссертация ойдағыдай қорғалды. Бұл өзі түлен тереңдеп бойлай қоймаған тың тақырып еді. «Қазан революциясына дейін қазақта түк те болған жоқ» дейтін уақыт қой. Алайда білікті де білімді азамат Қазанға дейін де келісті әдебиет, көркем проза болғандығын нақты деректермен дәлелдеп шықты. Бұл өзі бір жағынан ерлікке пара-пар іс еді. Зинол-Ғабден Бисенғали тынбай ізденуінің, білмекке, жаңалыққа ұмтылуының арқасында сол ерлікті жасады.
Оның докторлық еңбегі де күрделі тақырып болатын. Зерттеу ХХ ғасыр басындағы қазақ романына арналды. Ол уақыт – әдебиет тарихында ақтаңдақтар мол кезең. Әртүрлі саяси, идеологиялық себептермен сол жылдары жарық көрген талай романдар әдеби айналымнан алынып тасталды. Мұрағаттарда құпия сақталды. Ол шығармалар ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихында сөз етілген жоқ. Алғашқы рет З.Бисенғалидың зерт­теуінде қолға алынды. Ғылыми еңбектің маңыздылығы да осында жатыр.
Қазір Зинол-Ғабден Қабиұлы әң­гімеміздің басында тілге тиек еткен жоғары оқу орнында жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірттері оны жүрегі таза, өз ісінің жүйрігі, талапшыл ұстаз ретінде айрықша құрмет тұтады.
Зекеңде дос та, жолдас та көп. Бұл – оның жақсы Адам, Азамат ретіндегі бір белгісі.

«Әйел нәзіктігімен күшті»

Зинол-Ғабден секілді Жамал да уни­верситетті «қызыл» дипломмен бітірді. Оның Зекеңнен бір артықшылығы – студент кезінде үздік оқып, лениндік стипендиат болғандығы. Осыдан ба, әлде тіл саласында студенттік жұмыстармен көзге түскендіктен бе, оқу орнын бітіру бойына аспирантураға қабылданды.
Еңбек жолын қазіргі қызмет етіп жатқан Тіл білімі институтында бастады. Арада қаншама уақыт өтсе де, осы «орыннан» қозғалған емес. Басқа жерлерге, әсіресе, жоғары оқу орындарына қызмет етуге шақырғандар болды. Алайда олардың ешқайсысына келісімін бермеді. Тіл мекемесіндегі ахуал, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы ұнады. Ғылым осы жерде жасалып жатқан секілді көрінді.
Кандидаттық жұмысының тақырыбы тіл тарихына арналды. «Өлі» түбір мәселесін зерттеп көрді. Жаңғақша шағыла қоймады. Мүмкін кейбіреулерге жай нәрсе болып көрінер. Жоқ, олай емес. Мәселен, «айтты» деген сөзді алайық. Былай қарағанда, осының түбірі «айт» секілді. Ақиқаты – «айт» емес, «ай» екен. Осыны дәлелдеу жеңіл болатын ба еді? Дәлелдеді. «Т»-нің аффикс екенін білді. Келе-келе ол «ай»-ға кірігіп кеткен. «Ай»-дың ескі жазуларда, кейбір түркі тілдерінде сол қалпында қолданылатынына көзі жетті. «Ай»-дың түбір болатынына «айқайла» сөзін мысал етті.
Ғылым докторлығын «Мәдени лек­сиканың ұлттық сипаты» деген та­қырыпта қорғады. Бұл жолы да талай кітаптарды, қолжазбаларды ақтарып шықты. Бір айта кетерлігі, екі ғылыми жұмыстың да жетекшісі белгілі ғалым, академик Әбдуәли Қайдар болды. Негізі, ол Ә.Қайдарды ерекше қадірлейді. Оның түсінігінше, нағыз ғалым сол кісідей болу керек. Қызмет барысында осыған анық көз жеткізді. Академикке тән қасиет: оның қажырлы еңбегі, ізденуден жалықпайтындығы, тіпті қай жерде жүрсе де, ұшақта не поезда бола ма – қолға алған тақырыбының жұмбақ сырларын ашуға ұмтылатындығы.
Өмірде сүйініш ететіні – ұлағатты ұстаздардан, өнегелі адамдардан кенде болмады. Университетте оқығанда Мархабат Томанов, Ибраим Маманов сияқты тіл ғылымының тарлан­дары терең білімдерімен ғана емес, зиялылықтарымен, парасат­ты­лықта­ры­мен, керемет кісіліктерімен де сүйсіндіріп еді. Академик Рәбиға Сыздық, ерен ғалымдығын айтпағанда, әйел ретінде тамаша қасиеттерімен бас идіреді, таңдандырады.
Жамал Айтқалиқызының көп жылғы тәжірибесінен көкейге түйгені: қазіргі тіл ғылымы едәуір өзгерген, жетілген. Тіл ғылымы деген ол зат есім, сын есім не етістік, есімдік… емес. Қазір тілдің ар жағындағы мағынасына, мәніне қарауға тура келеді. Тіл ұлттың тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен байланыстырылады. Тіл ғылымының шапшаң дамып кеткені соншалық, нейролингвистика деген де термин пайда болды. Кезінде тіл ғылымы сөйлеу тіліне аса мән бере қоймайтын. Қазір жан-жақты зерттеле бастады. Бұл – өте құптарлық. Өйткені сөйлеу – тілдің динамикасы. Тілдің сөлі, мән-маңызы сөйлеу кезінде байқалады. Сөйлеу арқылы қазақтық қасиет, мінез қалыптасады.
– «Қазақша сөйле, сөйлеме, онда тұрған не бар?» деп жатады кейбіреулер. Осыны айтатындар – сөйлеуде үлкен мән барын сезінбейтіндер. Қазақша сөйлеген адамда қазақы рух болады. Ал қазақша сөйлемесе, қазақтық қасиетінен айырылады. Сол өзі сөйлеп жүрген тілдің иесіне айналады, – дейді тілші-ғалым.
Жөнімен айтылған бұл сөзге бірдеңе қосу да қиын. Қолдамасқа шараңыз жоқ.
Жамал апаның мына ойы да еріксіз құлақ түргізеді: «Қазір әлеуметтік проблемалар шаш-етектен. Ажырасу көп. Баланың әке-шешеге, бауырларына ра­қымсыздығы… қынжылтпай қоймайды. Мұндай келеңсіздіктердің орын алуына тілдің де қатысы бар. Қазақ бұрын астарлап сөйлейтін. Бала отырғанда, келін отырғанда сөйленетін сөздің де өз реті бар еді. Қазіргілер төбеден түскендей тарс еткізіп айта салады. Бұл енді – орысқа тән мінез, психология».
Жамал Айтқалиқызымен әңгіме-дүкен құрып отырғанда оның көп оқы­ғандығы, көп нәрсені санаға түйгендігі байқалар еді. Мұндай адам төңіректегі көріністерге де бей-жай қарай алмасы анық. Оны көбірек толғандыратыны – қыз баланың тәрбиесі, әйелдің жүріс-тұрысы. Сән қуған қыздарда талғам, өлшем болғанын құптайды. Көзі қара қазақ қызының шашын сары түске бояғанын қабылдай алмайтынын айтады. «Сән адамның кескін-келбетімен, ішкі жан дүниесімен, мінез-құлқымен үйлесіп тұрса, қандай жарасымды болар еді» дейді.
«Әйел мен еркек бірдей» деген қағида да оны ойландырмай қоймайды:
– Табиғат екеуін бір-бірінен бөлек етіп жайдан-жай жаратпаған. Адам ретінде тең болар. Алайда атқаратын қызметтеріне қарай ерекшеліктері бар. Ер адам – азамат, онда жауапкершілік мол. Қазір ер адамдар жауапкершілікті мойындарына алғылары келмейді. Екеуі де тең құқылы дегенге әйел еркекпен бірдеймін деп ойлайды. Бірдей емес. Әйелде ерлерге қарағанда нәзіктік басым болу керек. Сол нәзіктігімен ол күшті, әдемі, сұлу.
Жамал апаның ұлттық құндылықтар жөнінде әңгіме еткені де назар аудартады: «Заман қанша өзгергенімен, өзгермейтін құндылықтар болады. Жетілдіруге болар, олардан ат-тонымызды ала қа­шудың қажеті жоқ. Өзгелер бізді сол құндылықтарымыз арқылы ғана сыйлайды».
Жамал апа қашан көрсең де сабырлы. Баяғы ұстамды қалпында. Жаны нұрлы. Жүрегі «Елде болса екен» деп соғады. Ал ол тәрбиелеген жастарға келсек, саусақ жетпес. Қосағы Зекең секілді білім, ғылым қуған ізбасарлардан кенде емес. Ұстаз бақыты, адам бақыты деген осы болар.

***
Көпке танымал қос ғалымның отбасылық тірліктері де сырт жұрт қызығарлық. Татулық, түсіністік – шаңырақ шырайы. Балалары да көңілге сай өсіп келеді. Ақмарал мен Кенесары атты екі перзенті де ата-ана жолын қуды. Бірі – түрік тілінің, екіншісі – жапон тілінің маманы. Әзірге төрт немере – ата-әженің айрықша қуанышы.
Ғұмырдың талтүс дейтін белесіне жеткен ерлі-зайыптылардың жарасымды өмірі сонау соңда қалған студенттік өмірден басталып еді. Сол сүйіспеншілік әлі күнге сол қалпында. Сызат түскен жоқ. Зекеңнің жұмыс кабинетіндегі кітап сөрелерінің қасынан Жамал апаның бойжеткен шағындағы көркем суреті бірден көзге түсер еді. Осының өзі де көп жайттан хабар берсе керек. Демек, сол жылдардан бергі ыстық сезім әлі жалғасып келе жатыр деген сөз.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.