БАҚ-тағы сөз мәдениеті

Бүгінгі таңда қазақ тілінің кең таралып, ауқымының ұлғаюына ерекше үлес қосып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары  екені белгілі. Жетістіктерімізді дер кезінде жария етіп, жаңалықтарымыз бен тілге қатысты атқарылған шараларымызды жеткізіп  келеді.  Бұл тұрғыда БАҚ-тың атқарып жүрген қызметін ерекше атаған орынды. Баспасөзге елдің ықыласы айрықша.

Мысалы, қоғамның барлық саласы бойынша қазақ басылымдарының көбейіп отырғандығы, күн санап артуы. Тіпті кейбір жеке басылымдардың жарық көруі: заң, медицина, ауылшар­уашылық, дін, спорт, т.б. салалар бойынша.
Осындай жетістіктерді телеар­на­ларға қатысты да айтуға болады. Әр сала бойын­ша арнайы бағдарламалар көрсетіліп келеді. Оған қоса қазақтілді бағдарламалар көрерменнің жас ерекшелігіне орай дайындалады. Әр жасқа қатысты қойылымдардың берілуі көрерменнің психологиялық танымына сай ұйымдастырылады. Алайда кез келген жетістіктермен бірге кемшіліктердің де қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Айтпағымыз, БАҚ-тың тіл мәдениетіне қосқан үлесімен бірге кейбір кемшіліктері көңілге көлеңке түсіреді. Егер осындай кемшіліктерді дер кезінде айтып, жолға қойып отырмаса, онда тіл мәдениетіне қатысты қателіктер көбейіп, тілді бұрмалаушылар саны арта түсетіні күмәнсіз. Мұндайға жол бермес үшін кез келген дерттің алдын алатыны, олқылықтарды уақытында ескертіп, сөз қолданысымыздағы қате-кемшіліктерімізді түзетіп, тілдік заңдылықтарымыздың сақталуын қадағалауымыз қажет.
Сөз қадірін жақсы білетін тыңдарман мен оқырманға бүгінде БАҚ-тағы тіл мәдениетінде, яғни жазу, сөйлеу тәсілдерінде біршама кемшіліктердің орын алып жүргені байқалады. Тілдік нормаға мән берілмеу тіл мамандарын ғана емес, қарапайым көпшілікті де қатты алаңдатады. Зер салып қараған адамға, тіпті грамматикалық қағидалардың да бұзылуына жол берілетіні аңғарылады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде бірқатар ақпарат қызметкерлері, оның ішінде радио-теледидар жүргізушілері сөздің қолданысына аса мән бермейтіндері байқалады. Өзінің сөз саптауы орыс тілінің не өзге де тілдердің заңдылығына, тіпті қазақ тілінің заңдылығына сай келмейтінін аңғара бермейді. Бүгінде не себепті екені белгісіз, қазақ тіліндегі «керек» сөзіне қосымша жалғайтындар саны артып барады. Яғни «керек» сөзіне «керек-пін», «керек-сің», «керек-піз» деген үлгідегі жіктік жалғаулы сөз қолданысы кең етек алған. Мұның шығуы алғашында орыстілді ортада қалыптасқан болса керек. Өйткені осындай ортаға тән жіктік, септік, тәуелдік жалғауларын орынсыз қолдану жиі көрініс табатын. Қараңыз, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын біз жастар жақсылап дәріптеп, болашақ ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Оны мойнымыздағы парызымыз деп әрқайсымыз түсіну керекпіз. Мұндағы сөйлемнің құрылысы мен стиліне назар аудармастан, сөз қолданысына мән бергеніміз жөн. Дұрысы «Оны мойнымыздағы парызымыз деп әрқайсымыз түсінуіміз керек». Міне, осындай қалыптағы үрдіс бүгінде өзінің ауқымын кеңейткендей ме, қалай? Алғашында орыстілді қазақтардың ортасында қалыптасып, ауызекі сөйлеу дағдысында қалыптасқан мұндай «үлгі» енді БАҚ-тан орын алғандай. Тіпті телеарналардан да естіліп қалатын болып жүр.
«Қазақстан» ҰТА-да аптаның дүй­сенбі мен жұма аралығындағы түскі уақытта көрсетілетін «Бірге таңдаймыз» бағдарламасы бар. Осы бағдарламаның жүргізушісі «керекпін», «керексің», «керекпіз» деген секілді сөздерді жиі қолданады. Бұл жүргізушінің «Әзіл студия» әзіл-қалжың бейне көріністеріне түсіп жүрген кезінде де осылай сөйлейтініне куә болғанбыз. Жүргізушінің актерлік шеберлігіне ешқандай күмән жоқ. Неге, мәселен, бағдарламаның жетекшісі, продюсері, қала берді қоюшы режиссерлері осыны қадағалап, қателікті түзетуге тырыспасқа?
Әлгіндей сөз қолданысы өзге де телеарналарда байқалып жүр. «Хабар», «31 арна», т.б. телеарналардың тілшілері мен шолушылары тарапынан да қателіктер кетіп жататынын айтқымыз келеді.
Негізінде, сөз еткен қолданыстағы «керек» сөзі орыс тілінде модальное слово – надо деп беріледі. Орыстілді ортаға сабақ беру барысында оның екі түрі ұсынылады. Біріншісі, простое – Маған жазу керек. Екіншісі, притяжательное – Менің жазуым керек. Мұның үшіншісі жоқ. Егер ол болып, оның үлгісі – Мен жазу керекпін болғанда, онда ешкім уәж айтпас еді. Алайда ондай ереже жоқ. Қараңыз: «в таких простых предложениях либо не указывается лицо (Ыдыс-аяқтарды жуу керек – посуду надо помыть), либо местоимение (или существительное) употребляется в дательно-направительном падеже (Асанға кету керек – Асану надо идти) деп беріледі.
Ал екіншісі мынадай: «в притяжательных предложениях к глаголам в неопределённой форме (с суффиксом у), добавляются притяжательные окончания. Во множественном числе перед притяжательным окончанием ставится окончание множественного числа. Существительные или местоимения употребляются в родительном падеже. Местоимение может опус­каться: «Мен диетаны сақтауым «керек» – Мне надо соблюдать диету».
Көріп тұрғанымыздай, керек сөзі ешқандай қосымшаны қажет етпейді. Бұл келтірілген анықтамалар жоғарыда ұсынылған мысалдардың грамматикалық ережелері ретінде берілді. Демек, орыс тіліндегі мұндай сөйлемдердің де аудармасы нақты. Мысалы: Мне надо с ним поговорить – Мен онымен сөйлесу керекпін емес – Маған онымен сөйлесу керек. Нам надо уроки учить – Сабағымызды оқу керекпіз емес, Сабағымызды оқуымыз керек.
Мұндай тілдік қолданыстағы жүйесіз­діктің орын алуына көпшілік куә. Көп жиындарда айтылып та жүр. Бірақ әлі түзеліп кетеді деп өзімізді жұбатқандай боламыз. Біздіңше, мұнын басты кемшілігі тележүргізушілер, тілшілер қажетті деген әдебиеттермен, сөздіктермен жүйелі танысып отырмайды. Сол себепті сөзді айтуда не жазуда оның жазылуы мен айтылу заңдылығына мән бермейді. Басқасын былай қойғанда, терминкомның бекіткен ережелерін де сақтамайтындар табылады. Бүгінде көп жазылып, баспа беттерінде жиі қолданылып жүрген: әр түрлі – әртүрлі, кез-келген – кез келген, мекен-жай – мекенжай, іс-шара – ісшара, т.б. сөздер.
Мұндай кемшіліктердің тағы бір себебі сөздерді жазуда орфографиялық сөздіктерге жүгінбегендіктен орын алады.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда қазақ тілінің сонау көнеден жалғасын ­тауып келе жатқан тілдің мәйегі, тазалығы көпшілікті ойландырмай қоймайды. Себебі қазіргі технологиялар дамыған заманда ғаламтордың дамуымен сөз қолданысына деген жауапкершілік те арта түсуі тиіс. Бірақ осыны түсіне бермейміз. Ғаламтор сайттарындағы материалдарды оқығанда қате-кемшіліктерден көзің сүрінеді. Ал теле-радиодан берілетін хабарлардағы сөздерді тыңдағаныңызда «Мұның айтылуы солай ма еді?» дегендей ойға қаласыз. Мүмкін солай жазылып, айтылатын шығар деген оймен қабылдайсыз. Сол сөздерді кейін басқа бір жиындарда естіп те жүресіз. Сол айтылғандар сіздің де солай қолдануыңызға себепші болатынын аңғармай қаласыз. Көптеген мақал-мәтелдер, сөз тіркестері, нақыл сөздер, т.б. бұрмаланып жүр. Бір таңғаларлығы «мынау былай айтылады», «мынаны сен неге мынадай жағдайда қолдандың?» деген жанның табылмайтындығы. Сонда сол басылымның, телеарналардың басшылары қайда қарап отыр? Осындайда көкейде сұрақ тұрады.
Әрине, барлық тілшілер мен тележүр­гізу­шілер сауатсыз екен деп көпке топы­рақ шаша алмаймыз. Ол орынсыз да болар. Десе де, бұл мәселеге ерекше мән берілуі қажет. Бұл ретте еліміздің жоғары оқу орындарындағы журналистика факуль­тетіне көп міндет жүктеледі. Оларда жазу және сөйлеу мәдениеті, қазақ әдеби тілінің ерекшеліктері, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді жүйелеу жайлы айтылып отырса нұр үстіне нұр.
Қазақ әдеби тілі, оның нормалары талаптағыдай сақталуы тиіс. Сөйлеу мәдениеті сала таңдамайды, ол барлық мамандық иесіне қатысты. Қай сала жайлы сөз қозғасақ та осындай мәселелер алдымыздан көлденең шығады. Білікті тілдік саясатты жүргізу тілдің бұрмалануын болдырмаудың бірден-бір жолы. Оған қоса тіл мәдениетін жетілдіру, тілді дұрыс әрі тиімді, барынша шебер де тартымды қолдану тіл мамандарының ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Олай болса, аталған мәселеге тек қана тілшілер мен журналистер емес, қай-қайсымыз да бейтарап қарамағанымыз дұрыс.
Жоғарыда сөз болғандай, біз көтерген мәселенің телеарналар мен мерзімді басылымдарға тікелей қатысы бар. Себебі БАҚ сөз мәдениетін насихаттап қана қоймай, оны қалыптастырып, дамытуға ықпал ететін бірден-бір құрал. Сондықтан БАҚ-тағы сөз қолданысын қадағалап, ондағы қате-кемшіліктерді түзетіп отыру ортақ міндетіміз деп ұғынған жөн.

Нұрлан МАНСҰРОВ,
Еуразия ұлттық университетінің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Сәтқали

    Керектің қолданысы туралы талай айтылған. Автор соны қайталапты. Талдау, нақты материалдар жоқтың қасы. Құрғақ уағыз басым. Осындай жайдақ мақала авторының «Бір таңғаларлығы «мынау былай айтылады», «мынаны сен неге мынадай жағдайда қолдандың?» деген жанның табылмайтындығы» деген сөзі оның бұл салаға жол-жөнекей, дайындықсыз соға салғанын көрсетеді. БАҚ тілінің мәселесі қаншама конференция, семинар, тренингтер өтті. Тілші ғалымдар арнайы зеттеді. Р.Сыздық, М.Серғалиев, Ш.Құрманбайұлы сынды белгілі ғалымдар еңбектерін қараңыз. Журналистер тарапынан да, бұл мәселеге мән беріп отыратындар аз емес. Бір ғана М.Кенжебайдың қанша мақаласы жарияланды. Дерек, дәйегі өте аз бір кішкентай мақала жазып, өзінен басқа жан таппай бос таңғалған автордың ғылыми әдепті сақтағаны жөн еді.

  2. Сәтқали

    «Керектің» қолданысы туралы талай айтылған. Автор соны қайталапты. Талдау, нақты материалдар жоқтың қасы. Құрғақ уағыз басым. Осындай жайдақ мақала авторының «Бір таңғаларлығы «мынау былай айтылады», «мынаны сен неге мынадай жағдайда қолдандың?» деген жанның табылмайтындығы» деген сөзі оның бұл салаға жол-жөнекей, дайындықсыз соға салғанын көрсетеді. БАҚ тілінің мәселесі жайлы қаншама конференция, семинар, тренингтер өтті. Тілші ғалымдар арнайы зерттеді. монография, жинақтар шықты. Р.Сыздық, М.Серғалиев, Ш.Құрманбайұлы сынды белгілі ғалымдар еңбектерін қараңыз. Журналистер тарапынан да, бұл мәселеге мән беріп отыратындар аз емес. Бір ғана М.Кенжебайдың өзі қанша мақаласы жарияланды. Соның бәрін жоққа шығару ұят емес пе? Дерек, дәйегі өте аз бір кішкентай мақала жазып, өзінен басқа жан таппай бос таңғалған автордың ғылыми әдепті сақтағаны жөн еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.