Қонаев құрмет тұтқан

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев 95 жасқа толып отыр.
Сұлтан Сүлейменұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол майданға өз еркімен аттанды. 1941 жылдың қысында Алматыда жасақталған 100-дербес атқыштар бригадасының құрамында жаумен шайқасты. Шайқас барысында бірнеше рет ауыр жараланды. Осының салдарынан 1944 жылы елге оралды.

Елге келген соң Түркістан – Сібір теміржолының жұмысшыларды жабдықтау басқармасында еңбек етті. Ол қарапайым тексерушіден бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары деңгейіне дейін өсті.
1950 жылы КСРО Сауда ми­нис­трлігінің Жоғарғы сауда мек­тебіне оқуға жіберіліп, оны бітір­геннен кейін Қазақ КСР сауда министрлігінің өндірістік тауарлар басқармасының бастығы қызметіне бекітілді. Мұнан соң КСРО Бас универмагының Алматы орталық универмагына директор болды. Бұдан кейінгі қызметі партия саласында жалғасты. Арада көп уақыт өтпей Алматы қаласындағы Фрунзе аупарткомының бірінші хат­шылығына сайланды. Ал 1962 жылы еліміздің Сауда министрі болды. Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де абыройлы атқара білді.
Сұлтекеңнің халқымыздың ардақты перзенті Дінмұхамед Қонаевпен таныстығы Фрунзе аупарткомында қызмет істеп жүргенде басталды. Қалалық партия конференциясына Д.Қонаев та қатысып отырған. Сөз алған Сұлтан Сүлейменұлы қалада және өзі басқаратын ауданда жүйесіз жүріп жатқан құрылыс үшін қаланың бас сәулетшісі И.Белеселковскийді қатты сынға алды. Бұл орынды сын еді.
Сірә, Сұлтекеңнің алқалы жиын­да сөйлеген сөзі Димекеңнің көңілінен шыққан болу керек, бір айдан кейін қабуылдауына шақырды. Жаңа қызмет ұсынды. Орталық Коми­теттің жоспарлау, қаржы бөлі­міне басшылыққа бекітетінін айтты. Бұл болса жастығын әрі қызметтің жауапкершілігі мол екенін алға тартып, қашқақтаған болып еді, Димекең: «Үркетін ешнәрсе жоқ. Сіздің жасыңызда Үкімет төрағасының орынбасары қызметін атқарғанмын» деді. Содан амалсыз келіскен.
Сұлтекең Сауда министрі бол­ған кезеңде сауда орындарының материалдық базасын нығайтуға баса көңіл бөлді. Жаңа сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары пайда болды. Олардың қатарында «Алматы мейрамханасы», «Рахат», «Юбилейный» гастрономдары, «Универсам», «Балалар әлемі» әмбебап дүкені, «Океан» дүкендері бар. Жаңадан санаторийлер салынды. Олар әлі күнге дейін халыққа қызмет етуде.
Сұлтекең зейнеткерлікке шық­қан­нан кейін де бос отыра алмады. Димекеңнің ұсынысымен елдегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамын басқарды. Оның басшылығымен көп ескерткіштер жаңартылды, ескерткіштердің есебі жолға қойылды.
Жалпы Димекең мен Сұлтекеңнің арасында жақсы қарым-қатынас болды. Екі шаңырақ бір-бірімен көр­ші тұрды. Алғашқыда Димекең Сұлтанды пәтеріне шақырып, зайыбы Зухра Шәріпқызымен таныстырды. Сол кезде Димекеңнің үйінде ата-анасы қонаққа келген. Олар кешегі уақыттары Сұлтанның әке-шешесімен көрші болған екен. Өткен жылдарды еске алып, қауқылдасып қалады.
Кейін Сұлтан Димекеңді зайыбы­мен үйіне шақырып, қонақ етеді. Зухра Шәріпқызы жас кезінде ата-анасымен Петропавлда тұрған екен. Сұлтанның жұбайы Нұраниа да негізінен сол қаладан. Осылай аралас-құраластық жалғаса береді.
Бастамашыл топ Қонаевтың Қазақстан экономикасын, ғылымы мен мәдениетін дамытудағы, сондай-ақ оның халықаралық көлемдегі жоғары беделін ескере отырып, ардақты азаматтың атында қор құруға ұйытқы болған еді. Д.Қонаевтың өтініші бойынша қорға Сұлтан Сүлейменұлы басшылық етті. Қордың тұсаукесеріне Д.Қонаевтың өзі қатысты. Кейінірек қор бөлімшелері еліміздің өзге де өңірлерінде ашылды. Сөйтіп, ол халықаралық мәртебеге ие болды.
Сұлтекең әділдікті, адалдықты сүйетін азамат. Ел алдындағы қызметін абыроймен атқарды. Біз ел ағасымен отбасылық қарым-қатынастамыз. Сұлтекең және ол кісінің зайыбы Нұраниа Перейқызы біздің отбасымызды, әсіресе Нағима Смағұлқызын айрықша құрмет тұтады.
Ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан Сұлтан Сүлейменұлына және оның отбасына жақсылықтар тілейміз. Туған елінің игілігі үшін қызмет етуден бақыт тапқан Сұлтекеңдей жандар арамызда көп болғай!

Сағындық Кенжебаев

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.