«Шілдем, шілдем, шілде айым…»

ШІЛДЕ – қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесіндегі азаматтық жылдың 31 күндік бесінші айы, яғни григориан күнтізбесі бойын­ша жетінші ай. Бұл – күн барынша ұзарып, ыстық көтерілген уақыт.
Шілде – нағыз шаруа айы: жайқалып өскен егінді, балбырап піскен жеміс-жидекті жинап алатын, мыңғырған малға қыстық жем-шөп дайындайтын қажырлы еңбектің нағыз қайнайтын кезі де осы айда болады.

Қазақ халқы «Өсімдік, жәндік — бәрі де, Шілде қызуымен балбырап» деп бекер айтпаса керек. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров «Жазғы шілде» туралы былайша толғайды:
Ой, балалар, балалар,
Шілдем, шілдем, шілде айым,
Шырылдап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер.
Жапырақтар жалпайды,
Жас қозылар марқайды.
Ұшты көкек қуалай,
Сайда пісті таңқурай.
Құрт, ірімшік қайналды,
Құлындар да байланды.
Шілде сөзінің түбірі парсы тіліндегi «чиһал, чиһил» (ﭽﮭﻞ) сөзінен шыққан. Чиһил парсыша «қырық» деген сөзді білдіреді. Араб-парсы тілдеріндегі «ه» (һә) дыбысы қазақ тілінде айтылмайтыны белгілі. Мәселен, араб тіліндегі Аллаһ (الله), Һава (هوا) сөздері тілімізде «ه» (һә) дыбысының түсуі арқылы Алла, ауа түрінде айтылады. Сол сияқты «чиһил ~ чиил ~ шіл» ретінде тілдік өзгеріске ұшыраған. «лә ~ ле ~ де» қосымшасы арқылы тілімізде шілде сөзі қалыптасқан деп тұжырымдаймыз. Ол әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен.
Қазақ есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Халық астрономиясында «қырық күн шілде» деген ұғым бар. Оны қазақ «жазғы шілде» және «қысқы шілде» деп екіге бөледі. Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болады да, оны халық тағы да «Ұлы шілде» деп атайды. Ал қысқы шілдеде 25 желтоқсанмен 5 ақпан арасындағы қыстың ең суық қырық күнін қамтып, бұл кезеңді «Kiшi шілде» деп атап кеткен.
Бұл табиғат құбылыстары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар келеді. Бірақ шілде атауы қыстың емес, жаздың екінші айын атауға негіз болып отыр. Еліміздің оңтүстік өңірінде тұратындар үшін қыстың ызғарынан гөрі, жаздың қапырық ыстығына төзу халық санасында ерекше орын алса керек. «Жаздың қырық күн шілдесі», «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамау» сияқты тіркестердің қолданысы жазғы шілдені меңзейді.
Сондай-ақ шілде айы байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз (зодиак) айлары бойынша әсет деп аталған. Кейбір деректерде асад деп қолданылады. Асад (أسَد) сөзі араб тілінде «арыстан» сөзін білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының (برج ال اسَد)» атауы болып табылады. Тіліміздегі Әсет, Есет деген кісі аттары осы арабшадағы асад, яғни арыстан мағынасын береді. Шілде айы туралы жырланған мына өлең жолдарынан әсет атауының да қолданылғанын көре аламыз:
Құстар жасап қарекет,
Балапанын ұшырған.
Мезгіл аты бар – әсет –
Жаз ортасы құлпырған.
Жарық айлы қысқа түн.
Ұзақ кезіп даламды.
Тас балқытар ыстық күн
Тек шілдеде болады.
Шілдеде шөп маялап,
Егін басы толады.
Көкөніс пен миуа бақ
Көздің жауын алады.

Әдебиет
1. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат. ІІІ том. – Алматы, 2013.
2. Persian-English Dictionary. F. Steingass. Beyrut. First Edition 1892. New Reprint 1998. – 1523 s.; s. 410.
3. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет.
4. Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филол. ғыл. канд… авторефераты. – Алматы, 2008. – 26 б.
5. Баранов Х.К. Большой арабско-русский словарь: в 2-х томах. – 10-е изд. – Т. 1. – М.: Рус. Яз., 2002. – с 33.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.