Созақтағы игі істер

Мемлекеттік бағдарламалар шалғайдағы аудандарда жоспарға сай жүзеге асырылуда. Ауылдағы ағайын үшін тұрақты жұмыстың болуы маңызды. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында шикізаттық емес секторды дамытып, индустриялды-инновациялық экономика құруға басымдық беру жолдары жан-жақты қарастырылып, жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Созақ ауданында да ілкімді істер атқарылып жатыр. Мысалы, жуырда Шолаққорған ауылында орналасқан индустриалды аймақта «UKO-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің екінші зауытының іргетасы қаланып, «Сырлы Созақ» ЖШС-нің «Пластмас қалдықтарынан шикізат өндіру және  полиэтилен құбырын шығару зауыты» ашылды. 

Ауданда 2012 жылдан бастап жаңадан іске қосылатын шағын және орта кәсіпорындарды бір жерге шоғырландыру арқылы олардың инфрақұрылым мәсе­лелерін мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында индустриалды аймақ құру мәселесі қолға алынып, 50 га жер телімі резервке қойылған. Аудан әкімі М.Исаевтың айтуынша, қазіргі күнге дейін инфрақұрылым құрылысына жалпы 239,7 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталған. Қазіргі таңда индустриалды аймақта 3 зауыт – «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС-нің уран өндіруші кәсіпорындарға арналған құрал жабдықтар шығару зауыты, «Дархан-Ас» ӨК-нің йодталған ас тұзын шығаратын зауыты, «UKO-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Ал «UKO-S Star» Металл құрастыру зауыты» екінші жобасының құрылыс жұмыстарын «КazBuildpartner» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Зауыт құрылысы жыл аяғында аяқталып, 2017 жылы іске қосылады. Ол үшін 337 млн теңге инвестиция жұмсалмақ. Зауыт техникалық май тасымалдауға арналған бөшкелер шығаратын болады және іске қосылғанда 25 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ.
Жуырда іске қосылған «Сырлы Созақ» ЖШС-нің пластмас қалдықтарынан шикізат өндіру және полиэтилен құбырын шығару зауыты жобасының құны 222,9 млн теңге. Бұл кәсіпорында бүгінде жергілікті тұрғындардан 50 адам жұмысқа тартылған. Жергілікті тұрғындар, жаңа кәсіпорындармен қатар әлеуметтік нысандарға да жұмысқа алынуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Ербол Қарнақбаев Созақ ауылындағы ескі мектеп ғимаратын қайта күрделі жөндеуден өткізіп, 150 орындық балабақшаны пайдалануға берген болатын. Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған, заман талабына сай жасақталған «Ербол» балабақшасында балаларға қажеттінің барлығы бар. Демалыс бөлмесі, медицина кабинеті, асхана, балалардың өнер көрсететін кең бөлмесі, тіпті бейнебақылау камералары да орнатылған. Бұл балабақшада 46 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ Қыземшек кентінде жеке кәсіпкер Қарлығаш Нұрмаханованың ұйытқы болуымен 100 орындық «Сымбат» балабақшасы ашылды. Аталған балабақшада 8 адам жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта қызметкерлер саны көбейеді деп күтілуде. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Созақ ауданында «Балапан» бағдарламасының орындалуы бүгінде 87,0 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін тағы 8 балабақша ашу жоспарда бар. Оның біреуі мемлекеттік, қалған жетеуі жекеменшік болады деп күтілуде. Созақ өңірі табиғи байлығымен қатар, ерекше табиғатымен де танымал. Аудан аумағындағы Қызылкөлдің қасиетін демалушылар жақсы біледі. Алайда, қараусыз қалған көл бойын балдыр басып, көпшіліктің суға түсуіне қолайсыздық тудыратын. Құмкент ауы­лына қарасты Қызылкөлдің суы тартылып, сәні кете бастаған-ды. Биыл жауын-шашын мол түсіп, көл суы 80 пайыздан болды. Емдік қасиеті мол Қызылкөл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасына қарайды. Дегенмен, ауылдағылар көлді тазалауды қолға алып отыр. Демалыс күндері Шолаққорған, Құмкент ауылдары мен Қызылкөл елді мекеніндегі мекеме қызметкерлері, сонымен қатар еріктілерден жиналған 200-ге тарта адам көл бойын тазалады. Қамқорлыққа алынса Қызылкөлдің тамаша демалыс аймағына айналары анық.

Еркін ДОСЫМБАЙ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.