Суреттер сөйлейді

…Музей ішіндегі тыныштықты  сыртқы есіктің ашылған ­дыбысы бұзды. Келген қонақты қарсы алып,  музеймен таныс­тыру  қызметкерлердің негізгі міндеті. Қонақ қаламыздың өнерлі жігіттерінің  бірі Ғарифулла Бақтияров  екен. Музей  саяхаты  сонау ата-бабаларымыздың өмір сүрген кезеңдерінен басталып,  еліміздің мақтаныштары ағайынды Жұбановтарға келіп жетті. «Қайталанбас тұлға» деп аталатын   Құдайберген Жұбанов залындағы  ғалымның  отбасылық көне суретіне ұзақ қарап қалған қонақ  жігіт,  суреттегі жас қыз бейнесін  «Мына кісі менің  апам» деп таңданыс білдірді.

Аққат пен Ырзағұл
Аққат пен Ырзағұл

«Қалай апаң болады, сендер Жұба­нов­тарға туыс боласыңдар ма?» деп сұрағанымда «Жоқ, біз туыс емеспіз, бірақ бұл менің Күләш апам» деді суреттен көзін алмай. Жұбановтарға байланысты көне суреттің сырын ашып, мән-жайды анықтау үшін кейін Күләш Бақтиярова апайға хабарластым. Суреттегі кейіп­керіміз қазіргі таңда Жамбыл облысы Байқадам селосының тұрғыны екен. Ол кісі Мұғалжар ауданына қарасты Борлы ауылында туған. Он жылдық мектепті бітірісімен Құдайберген Жұбановтың апасы Аққаттың қызы Гүлнәрмен бірге Алматы қаласына оқуға барған. Үлкен қалаға алғаш барған Күләш Гүлнардың нағашылары Құдайберген Жұбановтың үйіне түседі. Туған жерден келген жас­тарды Қ.Жұбановтың жары Раушан Оспанқызы құшақ жая қарсы алады. Жас түлектер өздері қалаған оқу орындарына құжаттарын өткізіп, Гүлнар музыка училещесіне, ал Күләш қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне қабылданады. Оқу жайы реттеліп, жатақханаға орналасқан Күләш қолы қалт етсе Раушан апаға барып хал- жағдайын сұрайды екен. Бұл 1974 жыл еді.

Бірәлі
Бірәлі

– Сабырлы да, салмақты, жайлы мінезімен баурап алған Раушан апа маған туыстай болып кетті, арнайы үйіне барып, керекті көмегімді көрсететінмін және жары Құдайбергеннің қиын да қилы тағдыры туралы әңгімелерін тыңдайтынмын. Раушан ана балаларын жақсы тәрбиелей білген, барлығын бірдей оқытып, аяқтарына тұрғызған. Тағдыры кілең де ауыр сый тартқан Раушанға жоғары оқу орнында оқып жүрген ортаншы қызы Қырмызының төтеннен сал ауруына ұшырауы қатты соққы болды.
Бірде маған Раушан апа «Алматының шетінде тұратын танысымның үйіне апарып келші» деп өтінген соң таксимен апарғанмын. Өзі қатарлас жанмен құшақ жая көрісіп, амандасып үйге ендік. Құрбылар бір бөлмеге кіріп, екі сағатқа жуық ұзақ әңгімелесті. Кейін Раушан апаның айтуы бойынша біз барған үй белгілі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың апасының үйі екен. Ол кісінің де күйеуі Құдайберген Жұбанов секілді қуғынға ұшыраған.
«Екеуміздің мұңымыз-сырымыз бір, бірге жылап-күлеміз, балаларымыздың бо­лашағы жайлы армандаймыз, – деп мұңаятын апа.
Күләш апай Жұбановтармен туыстай болып әркез қатысып тұрған. Соның бір дәлелі 1977 жылы Жұбановтардың отбасымен бірге түскен суреті.
– Бұл Раушан ананың 78 жасқа толған туған күні еді. Балалары мен немерелері келіп туған күн кешін атап өткен сәтте түскен суретіміз,- деп Күләш апай Алматыда өткен жастық күндерін еске алды.
Сонымен қатар Күләш апай Ембі қаласында Аққат Жұбанованың келіні Айман әжейдің тұратындығын айтқан. Көп ұзамай Жұбановтардың жиен келіні Айман әжеймен де жолығудың сәті түсті.

Айман мен Төлеумұрат
Айман мен Төлеумұрат

Жасы 78-ге келген әжей Аққаттың туған келіні. Айман әжейдің айтуынша, Қуан кезінде ауыл-аймақ арасында сөзі жүріп тұрған дәулетті кісілердің қатарында болған. Тұңғыш қызы Аққат өмірге келгенде құтты болсын айта келген көрші, ауылдағы араласып жүрген Рахмет атты құрдасы ұлы болмаса да Қуанмен құдаласып, Аққатты айттырып кетеді. Арада екі жыл өткен соң Рахмет «Ұлды болдым, құдалығымыз жалғасатын болды» деп арнайы Қуанға сүйіншілетіп адам жібереді. Қуан көрші ауылдың қуанышына ортақтасып, «Шынымен ықыласы болған болар, қоймады ғой» деп уәдесін бекітеді. Аққат салмақты, көп сөйлемейтін, мінезге бай, биязы болып бойжетеді. ­Ата-анасы қызына мән-жайды түсіндіріп, 17 жасқа келген Аққатты өзінен екі жас кіші Рахметтің ұлы Ырзағұлға береді. Қуанның ауқаттылығының арқасында дүркіреген той болады. Аққатқа алтын, күміс әшекей асыл бұйымдарын тағындырып, сәукелесін кигізіп ұзатады.
«Біздің тұқымымызда егіз бар, анам Ахметті егіз туған, бірақ сыңары кіш­кентайында шетінеген» деген әңгімелерін енемнің өз аузынан естігенмін.
Менің жолдасым осы үйдің кенжесі, ата-енем балалары тұрмаған соң екі кісінің атын біріктіріп, есімін Төлеумұрат деп қойған. Төлеумұрат Борлы совхозының есепшісі болып қызмет жасады. Қазақта «қыз бала тілекші» деген сөз бар ғой Аққат үйдің үлкені болғандықтан барлық бауырларына елеңдеп отыратын. Солардың ішінде жасынан оқу, білім қуып, тіл болашағы үшін аянбай еңбек еткен, тар қапаста қалған інісі Құдайбергенді көп уайымдайтын. 1937 жылы жазықсыз халық жауы атанып, атылып кеткен інісін үміт үзбей, жылдар бойы келеді деп жүрді.
Әйгілі Жұбановтардың жиені Төлеумұраттан Мерей, Гүлнәр атты ұл-қыз бар. Бүгінде немерелерімен бақытты Айман әже осындай толқымай тыңдау мүмкін емес тарихи естеліктерімен қоса музейіміздің қорына ата-енесі Ырзағұл мен Аққаттың және соғыстан оралмаған екінші қайынағасы Бірәлінің фотосуреттерін табыстады. Қартайған шақтарында көкейлеріндегі ескі даналық әңгімелерін бізге жеткізген, бүгінгі әңгімемізге арқау болған ақжаулықты Айман, Күләш әжелерге зор денсаулық тілей отырып, ұрпақтарының қызық- қуанышын көрсін деген игі тілегімізді айтқымыз келеді.

Анархан САМИҒҰЛЛАҚЫЗЫ,
Ағайынды Жұбановтардың
мемориалдық музейінің
қор сақтаушысы
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.