Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңде өмір сүр!

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент-мүшесі

Қазіргі таңда қазақ қоғамында үштілділік мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ұлттың тағдыршешті мәселесіне немқұрайды қарамай жанашырлық танытып, пікір білдіріп, үн қосып жатқан азаматтарымыз аз емес. Айтқан-жазғандарын тыңдап, оқып, бірге тыныстап отырмыз. Жер мәселесі сөз болғанда жерге қарап, тіліміздің тағдыры талқыға түсіп жатқанда тілімізді тістеп отыруға болмайтынын кеудесінде жаны бар әр қазақ сезіне бастағандай. Тіл маманы ретінде үштілділікке қатысты пікірімізді білдіруді біз де өзімізге міндет санаймыз. Үштілділіктің бізге не беретіні жөнінде болжам айтпас бұрын, «Біртілді болғанда қандай едік?», «Қостілді қазақ қандай болып отыр?» деген сұрақтар төңірегінде ой қорытуымызға тура келеді.

Ұрпаққа ана тілінде
тәрбие мен білім беру
не үшін қажет?

Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес. Қарым-қатынасты басқа тілде де, ыммен де жасауға болады. Білімді, ақпаратты өзге тіл арқылы да алуға болады. Әрине, ағылшын, испан, қытай, жапон, француз, неміс тілдерін білген адамның ақпарат алу мүмкіндігі артып, таным көкжиегі кеңейе түсетініне ешкімнің дауы жоқ. Өйткені олар кең тараған, ғылымы мен технологиясы бізге қарағанда жақсы дамыған қуатты мемлекеттердің, іргелі жұрттардың тілдері. Оны әркім түсінеді. Бірақ бұл тілдердің бәрін меңгерсе де, одан ана тілінде тәрбие мен білім алмаған қазақ баласы қазақы, ұлтының бар болмысын сүйетін азамат болып өспейді. Айналасын тануға ұмтылған адам баласы ана тілінде тілі шығып, сөйлеп, ойлау арқылы оның ұлттық мінез-құлқы, таным-түсінігі, ұлттық дүниетанымы, ұлттық санасы, ұлттық болмысы қалыптасады. Бала бір мүшелден асқанша өзінің ана тілінде тәрбие мен білім алса, тіл арқылы халқының бар қасиетін бойына сіңірген сол ұлттың өз баласына айналады. Оның бойына ұлттың бар қасиеті дариды. Ал ұлттық қасиет алдымен ата-баба қанымен, одан соң ұлттық тәрбие мен тілі арқылы дарыған ұл-қыздың жүрегі де ұлтымен бірге соғады. Егер ұрпағымызға халқымыздың қасиеттерін отбасында, балабақшада, мектепте дарыта алмасақ, онда ұлттық қасиеті әлсіз немесе одан мүлде жұрдай, қасиетсіз ұрпақ өсірген болып шығамыз. Қазақ үшін «қасиетсіз», «тексіз», «жүгенсіз» дегеннен ауыр сөз жоқ. Ал халқының қасиеті өз бойында жоқ ұрпақ ұлттық құндылықтарды қастерлемейді, сол себептен де оны қорғап, ұлтқа қызмет етпейді. Халқымыздың арғы-бергі тарихындағы ұлт зиялылары, елдің көшін бастаған көрнекті тұлғалар мен ғалым, ақын-жазушылары мұны жақсы білді. Біліп қана қоймай, ұрпақты ұлт тілінде тәрбиелеуге қызмет етті. Арғысын айтпағанда, кешегі Алаш қайраткерлері де балаға ана тілінде тәрбие мен білім беруге айрықша мән берді.

Жүсіпбек Аймауытұлы: «Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды» десе, Жанша Досмұхамедұлы: «Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады» депті. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз тілін білмеген ел – ел болмайды» деген тоқтам жасапты. Сонда қазақ баласын бесіктен белі шықпай жатып, орысша, ағылшынша оқытамыз, тәрбиелейміз дегендердің мақсаты не? Әлде олар аса білімпаз, Алаштың ар-ұяты, бетке ұстар осы зиялыларымыздан мемлекетшіл, ұлтшыл, білімді, көреген, ­саяси қырағы ма? Ұлт мүддесіне адалдық, елдің ертеңін болжауға бүгінгі заман тұрғысынан қарағанда кімдікі дұрыс? Бәлкім, Алаш ардақтыларының осыдан бір ғасырға жуық айтқан пікірлері уақыт көшіне ілесе алмай ескіріп, ғылыми құндылығын жойған болар? Жоқ, мүлде олай емес. Керісінше, үстем мәдениет, үстем тіл бірнеше ұрпағының жаны мен қанына сіңіп қалған қазақтың оянып, есін жиып, енді-енді өзіне келе бастаған шағында олардың пікірлерінің құндылығы арта түсті. Олардың айтқандары алдымыздағы шамшырақтай жарқырап, бағыт-бағдар көрсетіп тұр.
Тіл – бүкіл халыққа ортақ аса құнды мәдени жетістік, рухани қазына. Ана тілінен жеру, өз халқының қасиеттерін жатсыну, ұлттық құндылықтардың қадірін білмеу, төл мәдениетінен безініп басқа мәдениетке бой ұру – нағыз мәдениетсіздік, тексіздік. Тіл – ұлт мәдениетінің өзегі, ұлт руханиятының қоймасы, қазыналы сарайы. Сол себептен де халқының бар асыл қасиеті баланың бойы­на тек ана тілінде тәрбие мен білім алуы арқылы ғана дариды. Анасының тілінен ажырап, өз мәдениетінен нәр алмай қалған ұрпақ тамырсыз қаңбақ сияқты жел қайдан соқса, солай көше береді. Тілінен айыру оны өз жұртынан, тегінен де айырады. Өйткені онда халқының бар қасиетін бойына таратып, сіңіріп отыратын қантамыр сияқты тілтамыр болмайды. Мұны дана халқымыз баяғыда-ақ бірауыз сөзге сыйғызып «Тексіздік – тілсіздіктен» деген мәтелімен түйіндеп қойған. Асан қайғы дананың «Көлде жүрген қоңыр қаз, Қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, Су қадірін не білсін?» дегеніндей ұлт мәдениетінен сусындап, ана тілінің уызына жарымай өзге тілде тәрбие мен білім алғандар қазақ тілін қастерлеп, оның қасиетін қайдан ұқсын? Балаларымызға басқа тілде тәрбие мен білім бергеніміз қасиетімізден айырып, қасіретімізге айналғанын әлі толық сезіне алмай отыруымыз, тағы да өзге тілдер мен өзге мәдениеттер етегіне жармасып жатуымыз – біздің бүгінгі шынайы бет-бейнеміз. Сол бет-бейнемізді бүркемелеген сайын бет-аузымыз қисайған үстіне қисая беретінін ұмытпаған абзал.
Мал екеш мал да, аң-құстар мен түрлі хайуандар да бір-біріне, айналасына өзінше үн қатысады, «өз тілінде сөйлейді». Қой маңырайды. Жылқы кісінейді. Ит үреді. Мысық мияулайды. Қасқыр ұлиды. Бұлбұл сайрайды. Қарға қарқылдайды… Маңыраған жылқыны, кісінеген қойды, қарқылдаған бұлбұлды немесе мияулаған итті көрдіңіз бе? Жоқ, көрмейміз. Егер көрсеңіз оны аномалия, табиғатынан ауытқушылық деп шошына қараған болар едіңіз. Олардың бәрі де бір-бірімен өздерін тапқан енелерінің, оларды дүниеге әкелген еркегі мен ұрғашысының табиғи үнінде үн қатысады. Әрбір түр мен тек өз сипаттарын сақтайды. Ал Алла Т ағала олардың бәрінен артық жаратқан саналы адам баласы ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан өз ұлтының, ата-бабасының, ата-анасының тілін ұмытып, оны оқып үйренбей, менсінбей жүргенін көру қандай трагедия! Ана тілінен мақұрым қалғандар қатарының артып, бір-бірімен орысша сөйлесетін дәрежеге жетуі –қазақтың қасіреті.Біз өкілі болып саналатын егемен елі бар қазақ деген ұлттың арасында әлі күнге дейін өз тілінде сөйлемейтін, ана тілін білмейтін жастардың өсіп жатуы – жағымсыз, теріс құбылыс.
Білімді басқа тілде алуға болғанымен, ұлттық тәрбие мен өз халқының мүддесіне қызмет ететін білімді тек ана тілі арқылы ғана алуға болады. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзі баршаға мәлім. Сол сияқты қазақтың тілінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін бойына сіңіре отырып берілмеген білім де қазақтың хас жауы. Өйткені ұлттың тәрбиесін оның тілінен бөліп қарау мүмкін емес. Қазақтың баласын басқа тілде оқытып, тәрбиелеу – ұлтқа жасалған ең үлкен қастандық. Ұлттан тілді алсаң – нөл қалады. «Ұлт – тіл = нөл» деген формуланы қазақты басқа тілде басқарғанын қоймайтын басшыларға, немересіне ертек айтудан қалған ата-әжеге, баласын орысша, ағылшынша оқытып жүрген ата-анаға, айфон мен айпадтан айырылмайтын баланың санасына сіңірмесек, жетесіне жеткізбесек, олар қалай қазақты көгертіп-көктетпек?
Құлдық ноқтасын сыпырып ­тастағаны­на ширек ғасыр өтсе де қазақтың құл­мінез­­­діліктен толық арылып, өз бет-бей­несін айқын­дамай келе жатқаны – бірнеше ұрпағын орысша тәрбиелеп, ­орысша оқытып, қазір де орыстың мәдени-ақпа­раттық кеңістігінен шыға алмай, шырмалып отырғандығынан. Мыңдаған қазаққа орыс тәрбиесі, орыс оқуы өтіп кеткен. Азаттығын алған елдің өз ұрпағын өзге мәдениеттен сусындатып, өзге тілде тілін шығарып, ұлттың баласын қалыптастырып алмай тұрып өзгенің тілінде оқыту – ұлтқа жасалған ең үлкен қиянат. Атаның қанында, ананың сүтінде бар қасиеттерді, ұлттық таным-түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сабақтастықты үзбей, ұлттық тұтастықты қамтамасыз ете алатын ең қуатты да құдіретті құрал – ұлттың тілі.
Қазақ тілі, қазақы тәрбие бізге Абай, Ыбырай, Махамбет, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Халел, Қаныш, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлын берді. Бұлар – орысша тілі шығып, бес-алты жасынан ағылшынша үйренбей-ақ білім мен парасат биігіне көтеріліп, қазақтың даналарына, дараларына айналған ұлт мақтаныштары. Керісінше, олар ана тілінде тілі шығып, ұлттық мәдениеттен нәр алмағанда ешқашан осы биікке көтеріле алмаған болар еді.
Шет тілін білгеннің бәрі данышпан, ақылды әрі кәсіби маман болып кетеді деудің өзі адам табиғатын түсінбеу, тіл жөніндегі білімнің таяздығы. Қазіргі орысша сайрап тұрғандар немесе үш-төрт тілді меңгерген деп жүрген ғалым, жазушы, ақын, қайраткерлердің қайсысы осы аталған ұлт тұлғаларының деңгейіне көтеріле алды? Абай орыс тілін өте кеш үйреніп, орысша оқып, түсініп, аударма жасағанмен айналасындағы қауыммен орысша сөйлесіп, орысша жазған жоқ қой. Ал орыс тілін Абайдан он есе жақсы меңгерген қазақтың қай ақыны мен ғалымы ұлы ойшылдың деңгейіне жуықтады? Абай қайда, біз қайда? Абай – дара, Абай – дана қазақта.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының ие­герлері Мұхтарбай Өтелбаев пен Асқар Жұмаділдаев, Уалбай Өмірбаев сынды әйгілі математиктеріміз де қазақ мектебінде оқып-ақ ғылым биігін бағындырды емес пе? Ендеше, қазақ мектебінде, қазақ тілінде білім берсек, аштан өліп, көштен қаламыз, ғылымды игере алмаймыз деудің ешқандай негізі жоқ.
Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайтыны белгілі. Аз қазақты қандай да бір топтарға, жікке бөлуді қаламаймыз. Алайда түрлі мәдениеттер мен діндердің жетегіне еріп, өзге тілде білім алу арқылы ұлтымыздың ішінде ондай топтардың пайда болып жатқанын жоққа шығаруға да болмайды. Қазіргі қазақ тілінде «орысбайлар», «орысқұлдар», «орысмінезділер», «орысқолдар» деген сөздер қолданылып жүр. Тілде жаңа сөздер мен ұғымдар жоқтан пайда болмайды. Бауырларымызды бөліп-жарып, өзімізді өзекке тебуді, ағайынды жіктеп-жіліктеп оларға ат қойып, айдар тағуды ешкім мақсат етпейді. Бірақ осы типтегі қазақтар бар екені рас болса, онда баламызды орысша тәрбиелеп, оқытқаннан ұтқанымыз қайсы? Олар өсіп-өніп әлеуметтік топқа айналып «орысшылдар», «ресейшілдер», «ресейпиғылдылар» қатарын толықтырып, қазақтілді ақпарат кеңістігі мен қазақы ортаны тарылтып, қазақы құндылықтарды құрметтейтін қоғам қалыптастыруға, қазақ тілінің қолданыс аясын шектеп, қазақ үнін тұншықтыруға үлес қосып отыр емес пе? Жауырымызды жаба тоқып, қашанғы бұл дертімізді бүркемелей береміз? Енді осылардың қатарын «ағылшынбай», «ағылшынқұл», «қытайбай», «қытайқұлдармен» толықтырсақ, ертең қазақты қайдан іздейміз? Ана тілі – ұлтты қалыптастыратын, тұтастығы мен ішкі бірлігін қамтамасыз ететін, оның рухы мен өзіндік болмысын сақтайтын ең құнды, баға жетпес қазынасы. Ендеше, ұрпағына ана тілінде тәрбие мен білім беруден артық ұлттың ұлы мұраты болуы мүмкін емес. Әр қазақ баласына ана тілінде тәрбие мен білім беру – әрбір ата-ананың парызы, қазақтың атын иеленіп, қазақ атынан сөйлеп отырған мемлекеттің міндеті болуға тиіс.

Қостілділік бізге не берді?

Біз қазір қостілді елміз. Қазақтардың барлығы дерлік орыс тілін түрлі деңгейде меңгерген.Осы орыс-қазақ қостілділігі бізге не берді? Қостілділіктен не ұттық, ұтылғанымыз қайсы? деген сұрақтарға ғылыми тұрғыдан негізделген жауап берілмеген. Өйткені мәселе лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты, кешенді түрде зерттеліп, ғылыми тұжырым жасалмаған. Өкінішке қарай, бұл мәселе кеңестік көзқарас тұрғысынан ғана біршама зерттелді. Ол зерттеулерде «ұлы орыс тілінің игі ықпалы» ғана болды деген біржақты тұжырым жасалды. Шет тілін білгеннен, көп тіл білгеннен зиян жоқ. Орыс тілін білу арқылы басқасын айтпағанда Л.Толстой мен А.Пушкинді, А.Чехов пен И.Тургеневті түпнұсқадан оқу мүмкіндігіне ие болғанымыздың өзі неге тұрады? Алайда біз орыс тілін шет тілі емес, ана тілі, тәрбие мен білім беру тілі ретінде қабылдау арқылы ұлттық болмысымызға өлшеусіз нұқсан келтіріп, бірнеше ұрпақты ана тілінде сөйлеу, ұлт тілінде ойлау бақытынан айырған соры қалың ұлтпыз. Әлі де жетекке еріп үйренген әдетімізбен өзге мәдениет, өзге тілге бас ұрып, өзгенің балағынан жармаспасақ өмір сүре алмайтындай сезіну психологиясынан толық арыла қойған жоқпыз. Бұл – құлдық санадан құтылмағандықтың, құлмінезділіктің қанға әбден сіңгендіктің айқын көрінісі. Өтіміз жарылып кетсе де мұны мойындауымыз керек. Осы дерттен айығып, ұл-қызын өз тілінде тәрбиелеп, өз тілінде ойлайтын халыққа айналмайынша, қазақ жасампаз ұлт бола алмайды.
Адам баласы тумысынан біртілді. Ешкім қостілді, көптілді, полиглот болып тумайды. Қостілділік, көптілділік мәселесі белгілі лингвист, әлеуметтанушы, психолог, нейролог, физиолог және психолингвист ғалымдар тарапынан зерттелді, зерттеліп те жатыр.Өткен ғасырдың отызыншы жылдары белгілі неміс ғалымы Шмидт-Рордың «Тіл – ұлтты қалыптастырушы» («Язык как созидатель народа», 1932) атты монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ неогумбольдттық бағыттағы аса көрнекті неміс ғалымы Й.Л.Вайсгербердің «Ана тілі және рухтың қалыптасуы» (Родной язык и формирование духа) атты әйгілі монографиясының жарық көруі неміс қоғамындағы елеулі оқиға ретінде қабылданып, оған үлкен абырой әкелген еді. Осы екі ғалымда өз еңбектерінде қостілділікті ана тілдің ұғым мен таным әлемін қалыптастыратын қалыпты процесті бұзатын және шынайы таза түрінде болмайтын құбылыс деп танып, жағымсыз сипаттама берді. Бұл ғалымдар тұжырымының дұрыстығын қазіргі қазақ тілінен айқын көруге болады. Орыс-қазақ қостілділігінің нәтижесінде қазақ тілінің ұғым мен таным әлемі көп өзгеріске ұшырады, ұшырап та жатыр. Тіліміздің дыбыстық жүйесі (әліпбиімізге в, ё, ф, ц, щ, ъ, ь, э, ю, я сынды басы артық таңбалар енді), сөз жүйесі (орфо­графия ережелері мен кірме сөздерді өзгеріссіз қабылдау), сөйлем жүйесі (орыс сөйлемінің үлгісімен жасалған сөйлемдер, орыс үлгісімен сөйлеу мәнері) бұзылды. Орыс тілінде тәрбие мен білім беру арқылы ұлттың тұтастығына, ішкі бірлігіне айтарлықтай нұқсан келді. Й.Л.Вайсгербер «Ана тілі – тілдік қауымдастықтың сөз арқылы әлемді тану процесі, адамдар тобындағы тілдің жасампаз күшінің қоғамдық көрінісі» – деген еді. Қазақ халқы әлі біртұтас ұлт, бір тілдік қауымдастықтың мүшесі ретінде өз тілінде сөйлеп, қазақ қоғамы бір тілдің төңірегіне топтасуындағы жасампаздығын паш ете алмай отыр. Сондай-ақ ғалым «Әр адамның ана тілі – оның тілдік қауымдастығының тілі» екендігін айтады. Көптеген қазақтар біздің тілдік қауымдастығымызға кірмей, басқа қауымдастыққа мүше болып жүр. Бүгін де орысша оқып жатқан мыңдаған қазақ баласы өзге тілдік қауымдастық қатарын толықтырып жатыр. Яғни олардың ұлты қазақ болғанымен, ана тілі – қазақ тілі емес деген сөз. Бұл біз үшін қазірге дейін шешімін таппаған лингвистикалық және әлеуметтік мәселе. Алдымен осы мәселені шешіп алмай тұрып, біз қазақ тілін одан да қиын жағдайға итермелеудеміз. Біздің бұл тірлігіміз – «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлайдының» – нақ өзі. Шмидт-Рор «Тілдің этнос қалыптастырушы (жасаушы) күшіне сәйкес неміс тілінде сөйлейтін еврейлер неміс халқының толыққанды мүшелері ретінде мойындалуы тиіс» деген еді. Бұл пікір нацис­терге ұнамағанымен, ғалым тұжырымында үлкен шындық бар еді. Бұл теория бойынша, үш-төрт ұрпағы орысша білім алып, орыстанған қазақтардың үрім-бұтағын әлі орысша тәрбиелеп, оқытуды жалғастырып отыруы – біртұтас қазақ ұлтының нығайтуға жасалып жатқан қарсылық болып шығады.
Қазіргі білім беру саласында жасалғалы жатқан шұғыл өзгерістерді білім реформасы дегеннен гөрі тілдік реформа деген дұрыс. Педагогтар мен ғалымдардың көпшілігі мұны біліп отыр. Ал тілдік реформа сол тілдің иесі болып табылатын халықтың келісімінсіз, батысшыл, қытайшыл, сингапуршыл, орысшыл бірді-екілі атқамінерлердің қалауымен, солардың ұйғаруымен ғана шешіле салатын мәселе емес. Көпшіліктің, мамандардың қазір үштілділікке жаппай қарсылық білдіріп жатуы да сондықтан.
Әрине, қостілділіктен біз тек зиян шектік деген біржақты түсінік туындамауы тиіс. Мәселен, біз орыс тілін білу арқылы орыс тіліндегі ғылыми-техникалық, танымдық мол ақпаратты алумен қатар, орыс халқының озық әдебиетімен де танысу мүмкіндігіне ие болдық. Оны да ұмытпағанымыз жөн. Бар мәселе біздің орыс тілін қалай оқытып, қалай қолданып жүргенімізде болып отыр. Біз қостілділікке жетуде де үлкен қателіктер жіберген жұртпыз. Бұл қателікке біз өз еркімізбен ұрынған жоқпыз. Сыңаржақ, әкімшіл-әміршіл жүйенің, солақай саясаттың, кеңестік идеологияның қысымымен, үстемдік етуінен, ұлттың өз билігінен айырылуынан солай болды. Алдымен қазақ тілінде білім мен тәрбие беріп алып, содан соң орыс тілін үйретудің орнына ұл-қызын орысша оқытып, ана тілінен мақұрым қалдырғанымыз – сол қателігіміздің салдары. Егер кеңестік кезеңде мектептерде орыс тілін де ағылшын, неміс, француз, араб тілдерімен қатар шет тілі ретінде оқытқанда қазақ бүгінгідей бірімен-бірі орысша сөйлесіп, заңдарды, хат-хабарды, ісқағаздарын орыс тілінде жазып, өз үкіметі халқын орысша сөйлеп басқаратын халге жетпес едік. Миллиардтап қаржы бөліп, тіл иесі қазақты өзінің ана тілінде, еліміздің азаматтарын мемлекетінің тілінде сөйлете алмай отырмыз. Міне, бізге қостілділіктің бергені. Ең бір жаныңа бататыны, біз өз билігіміз өзімізге тиіп отырғанда да кешегі қателігімізді қайталап, жас ұрпақты қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей тұрып, орысша, ағылшынша оқытамыз деп жар салып жатқанымыз. Бір басқан кетпен басын тағы да басып, ағылшын тілін бақшадан бастап оқытпақпыз. Тарихтан сабақ алатын түріміз көрінбейді. Осы күйіміз біреуге бодан болып, өзге мәдениеттен сусындап, өзге тілде білім алған ұлттың өзін құрметтеп, өзгелермен тең көретін күнге жетуінің оңай болмайтынын көрсетіп тұр емес пе? Қазақтың жанын ұқпайтын, бүгінін пайымдап, ертеңін ойламайтын жаулық пиғылымыз болмаса, осыны түсінетін күніміз болды ғой.

Үштілділік не береді, ол қалай жүзеге асуы керек?

Қазақстанның білім беру жүйесі мен ақпараттық, тілдік кеңістігінде үш тілге орын беріл­гелі отыр. Бұған дейін бұл кеңістік орыс және қазақ тілдеріне берілгенмен, орыс тілі мығым жайғасып, қазақ тілі мемлекеттің тілі ретінде нық орныға алмай келген еді. Енді не болмақ? Дәл осы реформаға жол ашсақ, онда үш тіл бәсекеге түседі. Ең алдымен, жақын болашақта әлемде онсыз да дәурені жүріп тұрған ағылшын тілі ұтады. Қазақ мектебінде информатика, физика, биология, химия пәндерін ағылшын тілінде оқыту онсыз да нақты ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдары саласындағы қолданысы көңіл көншітпей отырған қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі дамуын барынша шектеп тастайды. Қазіргі ғылым мен технология дәуірінде тілдің бұл салалардағы қолданысын шектеу – ұлт тілінің ең маңызды танымдық функ­ция­сын атқаруына жол бермей, оны ғылым­нан аластауға апаратын жол. Түптеп келгенде, озық білім мен жаңа технологияны, физика мен математиканы, химия мен биология негіздерін меңгеруге жарамайтын тіл ешкімге қажет емес. Ғылым тілі бола алмаған тіл мемлекеттік тіл қызметін де толық атқара алмайды. Ағылшын тілінен кейінгі Қазақстандағы басымдығын, үстемдігін сақтап қалып отырған орыс тілі өз позиция­сын жоғалтпауға бар күшін салады. Біздің елде оған әлеуметтік-лингвистикалық негіз жеткілікті. Тілдік шекарасын тарылтқысы келмейтін көршіміздің ықпалымен қатар, ішіміздегі орыстілді қауым да соған қызмет етеді. Бұл ащы да болса – факт. Дүниежүзі тарихын орысша оқыту арқылы оған тағы да қосымша мүмкіндік туғызып береміз. Ал осыған дейін тілдік бәсекеде бір тілден ұтылып келген қазақ тілі дәл қазір орыс тілінен әлдеқайда кең тараған ағылшын тілімен бәсекеге төтеп беретін халде емес. Халықаралық қатынас туралы айтпағанда, мемлекет ішіндегі қолданыста әлі аяғынан нық тұрып үлгермеген ана тілімізді екі бірдей әлемдік тілмен бәсекеге салғалы отырмыз. Бұл құбылысты бейнелеп айтар болсақ, әлі қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген жас жеткіншекті өзінен салмағы әлдеқайда ауыр, тәжірибелі, тісқаққан түйе палуандармен, әлем чемпиондарымен күрестірумен пара-пар тірлік. Кім ұтатыны алдын ала көрініп тұр емес пе? Ұтқанды былай қойып, жеткіншегіміздің желкесін қиып, белін үзетін тірлікке оны өз қолымызбен итермелейтіндей басымызға не күн туды? Мұндай бәсекеге халықтың демографиялық ахуалы бізден он есе жақсы елдер де барып отырған жоқ. Басқа отандас­тарымызды қойып, қазақтың өзі тілін толық игеріп, бір-бірімен қазақша сөйлесетін күнге жете алмай отырып, үш тілде сайрап кетеміз деген болжам орындалуы нақты бағдарламадан гөрі қиял-ғажайып ертегісіне көбірек ұқсайды. Қазір бірнәрсеге таңғалу қиын заманда осыған біреуді сендірем деп жүргендердің тірлігі еріксіз таңғалдырады. Не олар тіл мәселесінде еш нәрсе түсінбейді немесе олардың санасында бұл қазаққа не ұсынсаң да көзін жұмып қылғыта береді деген көзқарас әбден орныққан. Осыған дейін бір тілмен қосақталып, тұсаулы аттай адымын жаза алмай келе жатқан қазақ тілі енді шідерленгендей бұрынғыдан бетер кібіртіктеп қалады. Яғни қазақ тілін бұлай дамытамыз деу тұсауды шідерге алмастырғанмен бірдей.
Бізге тілдік құқық жақсы сақталған дамыған ел деп саналатын Швейцарияның тілдік дамуынан да сабақ алатын тұстар бар. Бұл елдің бізден басты айырмашылығы біз секілді унитарлы ел емес, конфедеративтік мемлекет. Қазақстанда мемлекеттік тіл бір ғана – қазақ тілі. Оларда ресми қолданыстағы француз, неміс, итальян, ретороман тілдерінің әрқайсының қолданылу аймағы бар. Ел төрт тілдік аймаққа жіктелген. Бұл жағынан бізге мүлде үлгі бола алмайды. Алайда үштілділіктің болашағы туралы ойланғанда олардағы азшылық қолданатын ретороман тілінің қазіргі күйі көп жайдан хабар береді. Граубюнден аумағында итальян-неміс-ретороман үштілдігі дамып келеді. Ретороман тілінің өрісі жыл санап тарылып, ол тілді тұтынушылар неміс және итальянтілділер қатарына өтіп жатыр. Бұл аймақта неміс тіліне ресми мәртебе беру мәселесі көтеріле бастады. Халқы сөйлегісі келмейтін тілді қолдаудың тиімсіздігі жиі айтыла бастады. Яғни заң жүзінде бірнеше тілге мәртебе беріліп, ол тілдерді федералды билік қолдап отырғанымен, кең тараған тілдердің тілдік бәсекеде ұтатынын көрсетіп отыр. Біздегі қостілділік жағдайында заңдық мәртебе қазақ тілінде болғанмен ісқағаздары мен заң шығармашылығы, мемлекеттік басқару тілі ретінде іс жүзінде орыс тілі басымдық танытып отыр. Болашақта үш тілде білім алып, үштілді елге айналар болсақ, қазақтардың да елеулі бөлігі ең әлеуеті күшті ағылшын тіліне бет бұрып, ағылшынтілділер қатарына өту ықтималдығы өте жоғары. Айналдырған 60-70 жыл ішінде қазақтардың елеулі бөлігі ана тілінен айырылып, орыстілді қауымға айналды. Олардың өздері мен ұрпақтарының орыс тілдік қауымдастығынан шыққысы келмейтінін бүгінгі қазақ қоғамынан анық көруге болады. Шындап келгенде, олардың елеулі бөлігі қазақ тілінің ел басқару, заң шығару, ғылым мен білім тілі ретінде орнығуына мүдделі емес. Ашық қарсы шықпағанмен іштей қолдамайды. Қазақ тілдік қауымдастығына кіруге барынша ұмтылып, өз ұлтының, мемлекетінің тілінде сөйлеп-жазып, оны үйренуге, оның тұғырын нығайтуға күш-жігері мен білім-қабілетін жұмсап отырған жоқ. Қайта, қазақ арасында өз тілін үйренгенше, өзге бір шет тілін үйренуге уақыты мен қаржысын жұмсап жүрген орыстілділер әлі аз емес. Ал әлемге ең кең тараған ағылшын тіліне де қазақтардың жылдам бет бұруының уәжі өте күшті. Соған бастайтын, бір ғана мысал келтірейін. Кенже ұлым қазақ балабақшасына барады. Қазақ балабақшасы дегенің болмаса, балалар бір-бірімен орысша сөйлесетінін көріп, күнде ескерту жасасақ та өзгеріс байқалмады. Ол аз болғандай, бірде баламды бақшадан алуға сәл ертерек барсам, тәрбиеші – «Ағылшын тілі сабағы болып жатыр, күте тұрыңыз» дейді. Таңданысымда шек болмады. Бізден сұраған ешкім жоқ. Жасы жаңа ғана төртке толған, әлі ана тілінде де ойын толық жеткізе алмайтын балаға ағылшынша үйрету кімге керек болды. Осыны балабақша меңгерушісінен сұрасам, ол «бұл ата-аналардың тілегі, сізден басқа бірде-бір ата-ана бұған қарсы емес. Қайта балаларын алуға келгенде ең алдымен, «бүгін ағылшын тілі болды ма?» деп сұрайды» деді. Міне, біздің ағылшын тілін білуге деген құлшынысымыз. Балаларының орысша-қазақша араластырып сөйлеп, ана тілін шала біліп жүргеніне алаңдаған бір ата-ана көрмедік. Өзгенікінің бәрін зор, өзінікі қор санау психологиясынан арылмай, осы қарқынмен кете берсек, енді бір он-он бес жылдан кейін бүгінгі күнімізбен жылап көрісетін боламыз. Сондықтан балабақша мен мектепті мықтап қолға алмасақ, қапы қаларымыз айдан анық.
Бізде өз құндылықтарын бағалау кемшін де, өзгенікінің бәрін артық санау басым. Сондықтан да өз болмысымызды сақтаудан гөрі өзгеге бейімделгіш, еліктегішпіз. Кеше ұл-қызымызды қаршадайынан «Орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың, адам болмайсың, өспейсің» деп қорқыттық, орысша оқыттық. Олардың нансыз, портфельсіз қалудан қорыққаны сондай, орысша сайрап шығып, өз тілін ұмытып қалды. «Қазақы бала – бала емес» деп өзіміз оларға орыстақы тәрбиені үлгі еттік. «Қазақбай» болма, «қазақбайшылығыңды қой» деп, қазаққа тән нәрсенің бәрін кемсітіп, менсінбеу мінезі пайда болды. Бүгін де дәл кешегідей балаларымыздың «Ағылшынша білмесең, болашағың жоқ» деп есін шығарып жатырмыз. Қазақстан – біздің өз үйіміз. Жарайды, әлемдік масштаб, халықаралық деңгей туралы айтпай-ақ қоялық. Өз үйіңде, өз халқыңның ортасында, өз еліңде отырып тіліңе қажеттілік туғыза алмасаң, өз тіліңмен нан тауып жей алмасаң, одан асқан қандай бейшаралық болуы мүмкін? Осыны неге ойламаймыз?
Ең алдымен қазақтың біртұтас ұлт ретінде бір тілдік қауымдастықты құрап, тілдік біртектілікке қол жеткізуі – тұтас елдің ішкі бірлігінің нығаюына, мемлекеттік тілдің шын мәніндегі қазақстандықтардың басын біріктіруші факторға айналуына негіз қалайтынын түсінетін уақыт жетті. Міне, сондықтан қазақтар да, өзге этнос өкілдері де осы елдің көркеюін шынымен ойласа, ең алдымен қазақ тілін оқып, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуы керек. Басқа жолдың ешқайсысы біздің мүддемізге сай келмейді. Қазақ тілінің өрісін тарылтуға, оның ғылым мен білім беру саласындағы қолданысын шектеуге бағытталған жолдың бәрі қазақ ұлтының үлкен наразылығына, тілдік қақтығысқа апарып соғады. Әсіресе, қазіргідей қазақтың ұлттық санасы оянып, табиғи өсім негізінде тілдік ахуал қазақ тілінің пайдасына шешіле бастаған кезеңде мұндай жағдаймен санаспау қатерлі қадам.
Бізде барлық қазақстандықтардың білуге міндетті тілі – тек қазақ тілі ғана болуға тиіс. Өйткені ол еліміздің ең басты заңы Конституция­мыз арқылы арнайы мәртебе берілген – бір ғана мемлекеттік тіл. Сонымен қатар ол ел халқының жетпіс пайызға жуық басым бөлігін құрайтын, байырғы қазақ жерінің иесі саналатын жергілікті халық қазақтардың ана тілі. Ал қалған тілдердің барлығын біз шет тілі ретінде мақсат-мүддемізге, қажеттілігімізге және қабілет-қарымымызға қарай ерікті түрде оқып, меңгеруге тиіспіз. Ағылшын, қытай, неміс, испан, орыс және басқа тілдердің барлығы да біздің балаларымызға шет тілі ретінде оқытылуы керек. Олардың ешқайсысы мемлекеттік тілдің алдына түспеуге және білім беру тіліне айналмауға тиіс. Бұл тілдердің ішінде қайсысын көбірек оқытып, қай тілді меңгеруді ел мүддесіне сай өзіміз белгілеп, әр маман өзіне қажет тілді үйренуге тиіс. Мәселен, ағылшын тілін пән ретінде бастауыш сыныптан кейін орта мектепте жаппай оқытқан дұрыс. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілден кейінгі меңгеруі тиіс тілі ағылшын тілі болуы керек. Бұл тіл бізге әлемдік қауымдастықтан шет қалмай, ғылым мен технологияны меңгеру үшін қажет. Ал орыс тілін ұлты орыстар ана тілі ретінде, өзгелер шет тілі есебінде қалауына, қажеттілігіне қарай оқуы керек еді, біз оны міндетті тіл қатарына қосып отырмыз. Бұл орайда Әзербайжан, Грузия, Балтық жағалауы елдері о бастан дұрыс жолды таңдады. Нәтижесінде оларда бүгін ана тілінде сөйлейтін шет тілі ретінде ағылшын тілін жақсы білетін жас қауым қалыптасып үлгерді. Қазақ баласына орыс тілін оқытып, оны білуді міндеттеудің қандай қажеттілігі бар? Егер қуатты көршінің тілін оқыту қажет болса, халқының саны одан он есе артық, экономикасы да озық қытай тілін де қосуымыз керек еді ғой. «Өзіміз орыс ықпалынан шыққымыз келмей отырған жұртпыз-ау» дегеннен өзге мардымды уәж ойымызға оралмай тұр. Жалпы үштілділік деген баршаға бірдей қойылатын талап болмауға тиіс. Ондай талап қойылғанның өзінде орындалуы қиын. Тіл үйрену де адамның қабілетіне байланыс­ты. Сондықтан жаппай үш тілді міндеттеу де, үш тілмен шектеу де қажет деп санамаймыз. Жұрттың бәрі үш тілде сөйлеп-жазып кете алмайды. Қабілеті жеткендер төрт, бес немесе одан да көп тілді меңгерсін. Бізге испан, неміс, француз, итальян, португал, қытай, жапон, корей, хинди, араб, түрік және басқа да шет тілдерін білетін мамандар қажет. Сондықтан ағылшын тілінен өзге шет тілдерін оқып-үйренуге де бірдей мүмкіндік пен таңдау құқығын қалдырайық. Әркім өзінің қажетіне, мамандығының ерекшелігіне, болашақ жоспарларына қарай таңдау жасасын. Мәселен, медиктерге латын, музыкантқа итальян мен латын, шығысқа баратын дипломатқа сол елдің тілін, түркітанушы ғалымға көне және қазіргі түркі тілдерін оқығаны тиімді емес пе? Сол себепті тілдерді үйрену қажеттілікке, нақты мақсатқа сай болса, ел де, сол елдің әр азаматы да ұтары сөзсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

8 Пікір

  1. Мәке

    Өте жақсы мақала. Көбейтіп мектептерге тарату керек. Қсы мақаланы пайдала отырып, кездесулер ұйымдастырамыз.

  2. Серік

    Үштілділік мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Әртүрлі деңгейде айтылып, жазылып жатыр, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары осы реформамен бірге қазақ ұлтына төнетін қауіпті сезіп, дабыл қағуда. Бұл мақалада Ш.Құрманбайұлы тіл маманы ретінде мәселенің ғылыми жағына үңіліп, қазаққа қостілдік не берді, енді үштілділіктен не күтуге болады деген сұрақтарға негізді, уәжді жауаптарын беріпті. Үштұғырлы тіл моделі жасалып, жүзеге асырылып жатқанына біраз уақыт болды. Қазір балабақшаларда, ал мектептерде бастауыш сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылып жатыр.Танымы мен ой-өрісі әлі толық қалыптасып бітпеген, тіпті ана тілінде тілі жөндеп шықпаған бүлдіршіндерге шетел тілін тықпалау қаншалықты қажет?! Әлемдегі ең озық елдердің бірі — Жапонияның тілдерді оқыту тәжірибесіне көз жүгіртейікші. Жапондықтардың балалары алты жасынан мектепке барып, алты жылға созылатын бастауыш сыныпта тек жапон тілінде білім алады. Шет тілі ретінде ағылшын тілі бала орта мектепке өткен кезде, яғни он екі жастан бастап қана оқытылады. Шет тілін он екі жастан бастап үйренуі олардың ұлы экономикалық державаға айналуына еш кедергі келтірген жоқ, қазір жапон рухын бойына сіңіріп өскен аса білімді, асқан патриот ұлт ретінде әлемге танылып отыр. Үштұғырлы тілдің тағы бір тармағы – орыс тілі. Осы орайда орыс тілін арнайы тұғырға айналдырудың өзі дұрыс па деген сұрақ туындайды. Орыс тілінің елімізде ұлтаралық келісім тілі деген «мәртебесі» бар. Ал Елбасының Жарлығымен бекітілген 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін негізгі фактор ретінде көрсетілген. Сонда бұл дегеніміз нағыз «двойной стандарт» қой. Сонда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ұлтаралық келісім тілі бола алмай ма?! Тағы бір мәселе, әлі күнге дейін қазақ тілінде білім алатын оқушыларға бастауыш сыныптан бастап орыс тілі мен орыс әдебиеті міндетті пәндер ретінде оқытылып келеді. Бұл пәндер ЖОО-дағы қазақ тобындағы студенттерге де оқытылады. Өз басым шет тілін оқытуға қарсы емеспін, ағылшын тілін меңгеру — заман талабы, тек оны бастауыш сыныптан кейін енгізген жөн. Ал орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндері тек орыс сыныптарында ғана оқытылуы тиіс, оларды қазақ мектептерінде міндетті пәндер ретінде оқытудың еш қажеті жоқ. Орыспен іргеміз карта мен глобустарда ғана ажыраған сияқты, ал ой-санамыз, болмысымыз әлі де сол баяғы кеңес дәуіріндегі кезеңде «өмір сүруде».

  3. ALAC

    Ote jaqsy jazylgan maqala,koz-qarasy ote durys!

  4. Бек

    Шерубай ағамыз өз ойын ашық айтқан екен. Кәсіби тіл маманы ретінде қозғаған мәселесі толық құптауға тұрарлық. Басқа да ғалым ағаларымыз өз ойларын оқырман қауымға осылай ашық айтып, жеткізе беруі қажет.

  5. ұлт жанашыры

    Өте орынды айтылған ой, ғылыми тұжырым. Шерубай аға осы мақалаңызды орыс тіліне аударып, «орыс тілді реформа» жасаушыларға жеткізілсе құба-құп болар еді.Себебі, олар қазақтың қаймақты тілімен жазылған мақаланы оқымайды да, түсінбейді де.

  6. Ерсайын

    Бұл айтылған мәселелер 1986 жылдан бері зарлап келе жатқан, халық үшін қазақ ұлты үшін үлкен ауырулардың бірі. Тіл ол адамның жаны. егер жанынан айырсаң өлгенің. Шерубайдай ағалар барда, Қазақстанда бір тіл болу керек. ол әрине қазақ тілі.Қаптаған диаспаралар өз мақсаттарына жетуде.елді алаңдататын осы әрі айдаһардай үш тілділік. Қазақтың рухын өлтіруге күш салған мына заманда бірігіп,ағаларымызды қолдап дем бермесек, заман, ақыр заман жұтып қоюы мүмкін. Қалғып, айтар ойлары жоқ сенат,депудаттардың орнына осындай ел сыйлаған танымал, Ахмет, Әлихан аталарымыздың идеясын жалғастырған ағалар депутат болу керек. мақаланы үлкен жиын,отырыстарда жоғары оқу орындарында талқылау керек.

  7. Нариман

    Мақала ұлт жанашыры ретінде және ғылыми тұрғыдан да дәйекті жазылыпты. Осы айтылған, жазылған жайлардан қорытынды шығаратын жауапты азаматтарға бұл атан түйенің жүгіндей ауыр аманат.

  8. Назерке

    Халыктын миын ашыттындар 3 тылды былсын деп ,казак тылды былудын Манызы жок шынымды айтсам

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.