Қазбек ТӨЛЕБАЕВ, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті оқу-әдістемелік және әлеуметтік жұмыс бойынша проректоры, медицина ғылымының докторы: «Арнайы гранттар бөлу өте маңызды»

Ұлт денсаулығы. Мұның маңыздылығы әбден белгілі.
Мемлекетіміз денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен де, бұл бағытта атқарар міндеттер елеулі. Әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жайы көбірек көңіл бөлуді қажет етеді. Еліміздің осы бөлігіндегі медициналық қызмет сапасы талаптағыдай деп айта алмаймыз. Ауруханалардың материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Медицина мекемелері қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілмеген. Медициналық білім алған оқу орындарының түлектері ауылға барып, қызмет етуден қашқақтайды. Мұның себебі не? Міне, осы мәселе газеттің үшінші бетінде жарияланып отырған «Арнайы гранттар бөлу өте маңызды» деген мақалада сөз болады.

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Ал халық денсаулығын сақтау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі десек қателесе қоймаспыз.  Бүгінде   білікті де білімді маман даярлау, еліміз бойынша, әсіресе, ауылдық жерлерде осы салада маман тапшылығын болдырмау маңызды мәселе екені белгілі. Осы тақырып төңірегінде  85 жылдық тарихы бар С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық  медицина университеті  оқу-әдістемелік және әлеуметтік жұмыс бойынша проректоры, медицина ғылымының докторы, профессор Қазбек Ағабылұлы ТӨЛЕБАЕВПЕН сұхбаттасуды жөн көрдік. 

– Әңгімемізді оқу ордасын жылына қанша студент тәмамдайтынынан бастасақ. Университет факультеттері қандай мамандық түрлерін даярлайды?
–С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті бүгінде 10 мың бакалавр, интерндер, резиденттер, магис­транттар мен PhD докторанттар оқитын оқу-клиникалық және ғылыми-зерттеу бағыттарын біріктірген білім ордасы. Еліміздің бұл жетекші медициналық жоғары оқу орны жыл сайын 8 мамандық бойынша бакалавр мамандарды (жалпы медицина 5+2, стоматология 5+1; қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық-профилактикалық іс, менеджмент, фармация, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, мейірбике ісі), 6 дайындық бағыттары бойынша интерндерді (терапия, жалпы практик дәрігер, хирургия, стоматология, педиатрия, акушерлік және гинекология), 13 мамандық бойынша резиденттерді, сонымен қатар магистранттар мен докторанттарды даярлап шығарады.
Соңғы жылдардағы сандық көрсеткіштерге тоқтала кетсек, 2013-2014 оқу жылында университетті 1676 бакалавр, 1061 интерн, 119 резидент, 53 магистрант, 6 докторант тәмамдаса, 2014-2015 оқу жылында 1398 бакалавр, 977 интерн, 89 резидент, 73 магистрант, 11 докторант білім алды. Ал биылғы жылы 1433 бакалавр, 1198 интерн, 114 резидент, 64 магис­трант, 16 докторант оқу ордасын аяқтады.IMG_0516
– Университетті бітіруші түлектер жұмысқа қайда жіберіледі? Олардың жұмысқа орналасу барысына мониторинг жүргізіле ме?
–Университет бітірушілер еліміздің 16 аймағының денсаулық сақтау ұйымдарында (облыстық денсаулық сақтау басқармаларына бағынатын денсаулық сақтау ұйымдары, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаменттерде, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында, фармацевтикалық компанияларда) қызмет етуде.
Бір айта кетерлігі, түлектердің жұмысқа орналасуына қатысты мониторинг жүргізуге баса көңіл бөлінеді. Жас маман ЖОО бітіргеннен кейін үш жыл бойы ҚазҰМУ-дың Кәсіби-бағдар, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту орталығының бақылауында болады. Біздің түлектер еңбек нарығында, яғни ҚР денсаулық сақтау ұйымдарында үлкен сұранысқа ие екенін айта кету керек. Сондықтан 2015 жылы жұмыспен қамтылу көрсеткіші 92% құрады.
– Маман даярлауға байланысты мемлекет тарапынан тапсырыс беріле ме? Жұмыс берушілермен байланыстарыңыз қандай?
–Жыл сайын университет түлектерінің жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында дәстүрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» шарасының алатын орны ерекше. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «ҚазҰМУ Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2016» шарасы өткізіліп, оған еліміздің 12 аймағындағы 180 ұйымнан 276 өкіл қатысты. Университетке 3065 бос жұмыс орындарынан сұраныс түсті. Айрықша сұранысқа ие мамандықтар: участкелік педиатрлар мен терапевттер, акушер-гинекологтар, жалпы практик дәрігерлер, анестезиолог-реаниматологтар, кардиологтар, невропатологтар, нефрологтар, офтальмологтар, жедел жәрдем дәрігерлері, онкологтар.
Жәрмеңке аясында ұйымдастырылған кездесу барысында еліміздің медициналық ұйымдарының көптеген өкілдері баяндама жасап, өздерінің аймақтары туралы, облыстың медициналық ұйымдары туралы, берілетін әлеуметтік көмек туралы ақпарат берді. Денсаулық сақтау басқармалары, Рес­публика тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменттерінің және медициналық ұйымдардың өкілдері арасында бітірушілермен жеке жұмыс жасауына мүмкіндік беріліп, жұмыс берушілер мен бітірушілер арасында жұмысқа орналасу бойынша 3 жақты келісімшарт жасалынды. Бір айта кететін жайт, аталмыш жәрмеңкеге қатысушы ұйымдар мен өкілдер саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2014 жылы 137, 2015 жылы 164 ұйым қатысты. Бұл да ұйымдастырылатын шараның қаншалықты нәтиже беретінін көрсетсе керек.
– Еліміздегі дәрігер мамандардың жетіс­пеушілігі жайында не айтар едіңіз? Қазіргі таңда қандай маман иелеріне зәрулік бар? Мамандар тапшылығы мәселесін қалай шешуіміз қажет? Облыс, аудан, ауыл әкімдіктері тарапынан өздеріне қажетті маманды даярлап оқыту жөнінде арнайы гранттар бөлу мәселесі қарастырылған ба?
– Бұл өте орынды сауал. Дүниежүзінде мамандар жетіспеушілігі мәселесі үш негізгі жағдайда орын алуы мүмкін: бірінші жағдай – мамандар жетіспеушілігі бар; екінші – денсаулық сақтау саласында мамандар дайындығы мамандықтар бойынша дұрыс бөлінбеген; үшінші – мамандар қалалық және ауылдық жерлерде орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарына дұрыс бөлінбеген.
Елімізде дәрігер мамандар жеткілікті. Дегенмен, назар аударарлық мынадай мәселелер бар. Біріншіден, қалалық және ауылдық жерлерде орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарында мамандар санының айырмашылығы, яғни қалаларда мамандар көп, ауылдық жерлерде жағдай керісінше.
Екіншіден, денсаулық сақтау саласында бірінші медициналық-санитарлық көмек (БМСК) мамандары жеткіліксіз, ал салалық мамандар жеткілікті. Салалық мамандар негізінен стационарларда қызмет етуге тырысады, оның мәртебесі жоғары деп санайды. Ал амбулаторлық-емханалық қызмет көрсету ұйымдарында қызмет етуді керісінше, мәртебесі төмендеу деп санайтыны қынжылтады.
Елімізде БМСК жүйесі толығымен енгі­зілуде. Қазіргі уақытта емханаларда терапевттер де, учаскелік педиатрлар да, жалпы практик дәрігерлер де бар. Бүгіндері дүниежүзінде отбасылық дәрігерлер арқылы медициналық қызмет көрсету моделі ең тиімді деп танылған. Республикамызда бұл мәселе де қолға алынуда. 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында осы салада көздеген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық шаралар қарастырылған.
Ал жергілікті әкімдіктер тарапынан өздеріне қажетті мамандарды даярлап оқытуға арнайы гранттар бөлу өте маңызды. Қазіргі уақытта университетімізде Алматы мен Жамбыл облыс­тары әкімінің бөлген білім беру гранты бойын­ша студенттер оқуда. Жергілікті атқарушы органдардан қажетті мамандарды дайындауға тапсырыстар түссе, университет мәселені қалай дамытуға болатындығын қарастырып, бірлесіп жүзеге асыруға әзір. Ол үшін үш жақты келісім шарт жасалуы қажет, студенттер 4,5,6 курстан бастап аймақта оқып, оқуын аяқтағаннан кейін сол аймақтағы жұмыс берушілерде қызметке тұрады. Аталған жобалар нәтижелі болуына университет, студент, аймақтағы жұмыс беруші және жергілікті атқарушы органдар белсене қатысуы тиіс.
– Университет түлегі жұмыс таба алмаса университет тарапынан көмек көрсетіле ме?
– Жыл бойы бітіруші түлектермен олардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін тиісті жұмыс жүргізіледі, яғни жұмыс берушілерден бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен таныстыру, жұмыс берушілермен кездесулер мен дөңгелек үстел сияқты шаралар өткізу, бітірушілерге түйіндемені дұрыс дайындау және жұмысқа орналасу кезіндегі сұхбаттан өту дағдысын жетілдіру бойынша кеңестер беріледі.
– Ауылдарға жас мамандардың баруы қалай? Оқу орнын бітірген түлектер ауылдық жерлерге неліктен барғылары келмейді? Жекеменшік медициналық орталықтардың кадрларға деген сұранысы қандай?
– ЖОО-на ауыл жастарына берілетін білім беру тапсырысы (ауыл квотасы) бойынша оқуға түскен және оны бітірген жас мамандар 3 жыл ауылдық жерлерде орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 829 түлегіміз ауылдық жерлерге барып, қызмет етуде.
Ауылдық аймақтарда инфрақұрылым нашар дамыған. Осындай жайттар мен басқа да бірқатар себептер жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтап қалуына әсер етеді. Қалалық жерлердің инфрақұрылымы басқаша. Қалада еңбекақы да жоғары. Бүгінгі жастар қызметін қалада бастауды жөн санап, маман ретінде өсуде көп жағдай жасалады деп ойлайды.
Сонымен бірге біздің түлектеріміз жеке­меншік фармацевтикалық дәріханаларда, стоматологиялық клиникаларда, медициналық орталықтарда да қызмет етеді.
– Университет өкілдері облыстарда болып мектеп түлектерін оқуға шақыру, медициналық мамандықты насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқаруда?
– Өткен жылы бізде ҚазҰМУ-де Кәсіби-бағдар, студенттерді дамыту және бітірушілерді жұмыспен қамту орталығы құрылды. Орталық жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында мамандықты дұрыс таңдауға көмек беру мақсатында кәсіби бағдарлауды, медициналық ЖОО оқудың және «дәрігер» мамандығының ерекшеліктерімен таныстыру жұмысын жүргізеді.
Аталған орталық факультет декандары, профессорлық-оқытушылар құрамы және белсенді студенттермен бірлесіп оқу жылы барысында Алматы қаласы және Алматы облысының жалпы білім беретін мектептерінде кәсіби-бағдар жұмысын жүргізді. Кәсіби бағдар беру жұмысы 2015-2016 оқу жылы барысында Алматы қаласында, Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарында, Талдықорған қаласында белсенді түрде жүзеге асырылды.
Аймақтармен жұмыс онлайн тәртібінде, сонымен қатар электрондық хат алмасу арқылы жүзеге асырылады. ҚазҰМУ-дың электронды сайты бар, бұл сайтқа кез келген ізденуші кіріп, университет өмірімен танысып, өзіне қажетті ақпаратты ала алады.
Университетте 2015-2016 оқу жылы барысында ҚазҰМУ-мен танысуға мүмкіндік беру мақсатында «Ашық есіктер күндері» шарасы үш рет өткізілді. Оған Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің жоғары сынып оқушылары, медициналық колледждерінің студенттері, Талдықорған, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Өскемен, Астана қалаларынан оқушылар қатысып, мамандықтармен және экскурсиялар арқылы университетпен танысты. 01
– Оқу орнында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы қаншалықты жүзеге асырылуда?
– ҚазҰМУ бітірушілері ауылдық аймақтарда, сонымен қатар «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша да қызмет етуде. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жас мамандар үшін тұрғын үй беруге бюджеттен қаражат бөлу, қызметтік тұрғын үймен немесе жатақханамен қамтамасыз ету, тұрғын үйді алу үшін пайызсыз несие беру, коммуналды төлемдерді төлеуге көмек көрсетіледі. Бітірушілердің ауылдық аймақтарда жұмысқа орналасуы туралы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2012-2013 оқу жылында 309 түлек, яғни бітірушілердің 30,5 пайызы, 2013-2014 оқу жылында 267 түлек, яғни 23 пайызы, 2014-2015 оқу жылында 253 түлек, яғни 24,4 пайызды көрсетеді.
– Бүгінде дәрігер мамандар жеті-тоғыз жыл білім алады. Осынша жыл оқыту міндетті ме?
– «Жалпы медицина» мамандығы бойын­ша студенттер 7 жыл оқиды (мамандарды дайындау циклы 5 жыл бакалавриат пен 2 жыл интернатурадан тұрады), «Терапия», «Жалпы практик дәрігер», «Хирургия» дайындық бағыттары бойынша интернатураны тәмамдаған бітірушілер медициналық ұйымдарға жұмысқа орналаса алады. Мем­лекеттік Білім беру стандартына сәйкес педиатрия мен акушерлік және гинекология дайындық бағыттары бойынша интернатура бітірушілері міндетті түрде оқуын резидентурада жалғастыруы тиіс. Стоматолог мамандар 6 жыл оқиды: бакалавриат 5 жыл және интернатура 1 жыл. «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Медициналық-профилактикалық іс», «Фармация» бакалавриат мамандықтары бойынша студенттер 5 жыл, ал «Мейірбике ісі», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», «Менеджмент» мамандықтары бойынша студенттер 4 жыл оқиды. Бакалавриатты тәмамдаған бітірушілер болашақта оқытушы боламын немесе ғылыми жұмыспен айналысамын деушілер оқуын магистратурада, одан кейін PhD-докторантурада жалғастыра алады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Арман

    Еліміздің ақ халаттылардың еңбегі орасан зор.Болашақ мамандарды дайындау барысында білімін жетілдіріп пысықтау қажет.Сан түрлі аурудың алдын алу жолдарын зерттеп зерделеу үшін уақыт пен еңбек қажет етеді.Өте күрделі және жауапкершілікті талап ететін мамандық саласы.Сондықтан болашақ студенттерге көптеген жіңілдіктер қарастырыу қажет.

  2. Бағлан

    Ауыл ауыл деп айтып жатамыз. Бірақ шын мәнінде келген жас маманға қамқорлық көрсетілмей жатады көп жағдайда. Мәселен, олардың айлығын өсіру, үй беру сынды сұрақтар тез шешілсе, ауылдың да денсаулығы түзелер еді.

  3. Гаухар

    Мен 25 жылдай еңбек өтілім бар дәрігермін. Біз кезінде еңбек жолымызды аудандық ауруханада бір ауданда жалғыз дәрігер болып бастадық. Жас та болса да ауыл бізді шыңдады. Қыс демей, жаз демей дереу жедел-жәрдеммен жүгіріп келетінбіз. Біздің ол кездері басты мақсатымыз маман ретінде қалыптасу, тәжірибе жинау еді. Осылайша ысылдық. Ал расында бүгінгі жастар кабинетте отырып, ауыл тұрмақ қалада ғана отырғысы келеді. Нағыз қызмет жедел-жәрдемде басталады емес пе?! Меніңше, мамандарды бөлген кезде, жедел-жәрдем қызметіне баратындарды да бірдей бөлуді талап ету керек. Сонда маман тапшылығы болмайтын еді.

  4. Алмас

    Меніңше, дәрігерлердің білім алуы тым ұзақ. Бәрінен бұрын соны ойлау қажет сияқты. Қараңыз 11 жылдай оқыған маман, сол уақыттың ішінде отбасын да құрып үлгереді. Ал одан кейін ол осындай әлеуметтік себептерге байланысты қалада жан бағып қалып қояды. Ауылда берілетін ақшаның тым мардымсыз екенін былай да білеміз. Сондықтан мәселенің мәнісі белгілі.

  5. Ермек

    Негізі меніңше, әр облыс, әр аудан қанша маман жетпейтінін ескеріп, сонша мамандыққа тапсырыс беріп, грант бөлсе, кейіннен бітіріп келген маман ауылға қызмет етсе, оған жағдай жасалса мәселе оңынан шешілер еді. Әйтпесе, жұмыс болсын болмасын елдің бәрі Алматыда жүр.

  6. Амантай

    Мәселен дипломмен ауылға бағдарламасы қаншалықты өз септігін тигізіп жатыр?Ауылға кеткендерден хабар бар ма? т.б сұрақттардың жауабын халыққа көрсетіп жеткізе білу керек.Жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында осындай шарларды да қосу керек секілді!

  7. Әйгерім

    Амантай, дұрыс айтасыз. Мәселенің мәнісі де сонда сияқты. Әлі күнге дейін ауылға кеткен мамандардың жағдайы, қаншасы қайтып келгені деген сияқты мәліметтер жоқ.

  8. асылжан

    Қарап отырсақ, мына мақаладан тағы бір мәселе яғни, Солтүстік аймақтардағы ауылдардағы маман тапшылығы шыға келеді екен. Меніңше, мемлекет қай облысқа, қай ауданға қанша маман жетпейтінін алдын ала есептеп, соған байланысты гранттарды да бөлу қажет.

  9. Исатай

    Мен Атырау облысының тумасымын. Махамбет ауданында бір жылы досым ауыр жарақат алып,ал ауданда тиісті маман табылмай, қалаға әзер жеткен едік. Меніңше, жедел-жәрдем қызметін күшейту қажет. Шынын айтсам, ауылда кейбір дәрігерлер жоқ. Олардың орнын медбикелер басып отыр. Ал осындай шұғыл жағдайда сонда ауыл халқы не істеу қажет? Денсаулық министрлігі осындай мәселелерді қолға алса.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.